• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Мамыр, 03:29:36
+35°

 Қандас бауырға хат

 Ұлттың ұйыған ортасын бетке алып, асқақ арманды тұлпар етіп, үкілі үмітті шырақ қып келгенбіз. Уыз көңілмен қадам бастық Қазақияға. Елдің басы болмасақ та, сайының тасы боп жүрген жайымыз бар. Жаратқанға шүкір айтамыз. Арғы беттегі, Ташкенттегі ініме жазған хатымды ұсынып отырмын.

 Ассалаумағаликум, Еламан! Халің қалай, бауырым? Мал-жан аман ба? «Айшылық алыс жерлерден, көзді ашып жұмғанша, жылдам хабар алғызған» ғаламтордың ғаламатын осындайда бір сезініп қалады екенсің-ау. Поштама жазған хатыңды оқыдым, рахмет. «Қазақстанға кетуге, болашағымның қаңқа-бітімін сол жақта құруға бел буып отырмын», - депсің. Сәрсенбінің сәтінде жолға шығады екенсің. Ойың дұрыс, қолдаймын. Аға деп кеңес сұрапсың, өтінішіңді жерде қалдырмай, өзімнің көрген-түйгенім мен көзқарас-пікірімді жазуды жөн көрдім.

         Ең алдымен басты мақсат-мұратыңды айқындап алшы, інім. Өзің айтып отырған «болашағың қаңқасының» көркем де көрікті ғимарат боп шығуы да, ұсқынсыз һәм ұнамсыз жұлым үйдей болуы да сол түпкі мұрат-ойға барып тіреледі. Адамның сөзі – оның ойынан, ойы – дүниетанымынан хабар береді ғой. Қазақстанды болашағымның бесігіне айналдырсам деген ұмтылысың құптарлық, қуанарлық қадам. Шығайбайшыл оймен күн кешіп, күйкі тірліктің қақ-соғында жүрген жандар аз емес екен. Сен сырқат оймен емес, игі де ізгі оймен келгейсің. Үсті бейіш, асты кеніш елің бар. Еліңнің ертеңі мен еңсесін ойласаң, ақылы кемел, ақ-адал азамат болуың керек. «Болмасаң да ұқсап бақ». Сонда ғана халқыңа сан ғана емес, сапа боп қосыларсың. Кейбіреулердің көкіп жүргеніндей, Қазақстан – тек географиялық атау ғана емес, ұлттық мемлекеттің атауы. Оның иесі де, киесі де – қазақ. Қарға тамырлы, «мың өліп, мың тірілген» қазақ...

Бұл жақта ада қазақты да, шала қазақты да, таза қазақты да көрерсің әлі. Көңілің күңгірттенбесін ондайда. Ол – кешегі зымиян, сайқал да сорақы отарлау саясатының «жемісі». Сапа туралы сөз қозғағанда, мен таза қазақ бол деймін саған.

Өзбекстанда өзбек халқының тарихын оқыдың, Қазақстан тарихынан бейхабарсың. Ауыл қарияларынан тыңдаған аңыз-хикаяттар өз алдына, «Қазақстан тарихы» оқулығын оқып, көңіліңе тоқып ал, бауырым. Өйткені, ол – тұлпар ғылым. Қазақстанға қоныс аударғандар туған жерге қыдырып барғанда, қазақ тарихы жайлы жазылған дүниелерді апаратыны бар. Азды-көпті жеріндегі егінін суарып жүріп-ақ я болмаса бау-бақшасына күтім жасап жүріп-ақ сол кітаптарды тауысып тастайды. Әбдірахман көкемнен сұрашы, көп оқиды ғой ол кісі. Сен «көгалды қуып гөлайттап жүру» үшін келмейсің, әрине. Ыбырай атамыз 1864 жылдың 8 қаңтарында қазақ оқушыларының сауатын ашу үшін «аш қасқырдай ұмтылған» еді ғой? Қазақ Еліне табан тірегесін сондай ықылас-ынтамен кіріс сен де. Әйтпесе, көштен қалып, қараңғылыққа қамалу қаупі бар. Таным көкжиегіңді кеңейтпесең, уақыт шіркін:«мынау қазақтың қара домалақ баласы еді ғой», - деп аяп отырмайды екен.

Жүрегің аттай тулап, балаша мәз болып асыға-аптыға келерсің. «Бес саусақ бірдей емес». «Келімсек» деген кемсітуге де, «қандасым» деген қамқорлыққа да кезігесің. Оралман десе – оталма, қандасым десе – мейірлен. «Келімсек, оралман» деп, азын-аулақ ақша алғаның үшін қаралайтындар да табылар. «Байдың асын байғұс қызғаныпты». Алайда миллиардттаған долларды әкетіп жатқандарға ләм-мим демейтініне таңданасың еріксіз... Ата-бабамызды қынадай қырып тастағандардың тілін тәуір көретіндер де бар. Ада қазақтардың арсыз ісі бұл. Іріген ауыздан шыққан шіріген сөздерді тек бейпіл біреулер ғана айтады. Ондай сөз-ұғымды таза да тұнық сана-сезіміңе қондырып, былғамай-ақ қой. Баба тарихты білмегеннің кесір-кесепатын өздері тартар. Олар Ташкент маңындағы Күлтөбеде әз-Тәуке ханның басшылығымен "Жетi жарғы" заң жоралғысының жазылғанын, Тәшкенде Төле бидің, Науаи облысындағы Нұратада Әйтеке бидің, Самарқан маңында Жалаңтөс Баһадүрдің,  Нүкiсте Адай Ер Қосай батырдың, Хорезмде Сырым батырдың жатқанын білмейтіндер ғой. Сен оралман болсаң, Төле би бабамыз да оралман болғаны ма?! Құдай сақтасын!

Өткен ғасырда тұңғыш қазақ иснтитуты Ташкентте ашылғанын, тұңғыш қазақ баспасөзі сол шаһарда жарыққа шыққанын білмейтін бейбақтардың сөзін көңіліңе алмайтын бол! Кешегі Алаш арыстары да сен дүниеге келген жерде қызмет етіп, тер төкті. Баба тарихты түгендеп танымаған, ұлттық рух пен адами қасиетке жарымаған шалағайлар қай дәуірде де, қай қоғамда да болады.  1931-32 жылдарда болған ашаршылықта құрбан болғандардың – 2 млн. 300 мың, 1930-34 жылдардағы ұжымдастыру мен отырықшыландыру кезінде қызылтабан қуғынға тап болғандардың – 620 мың, сталиндік репрессияға ұшырап атылғандардың – 25 мың, айдалғандардың – 75 мың, ІІ дүниежүзілік соғыста (Ұлы Отан соғысы емес) оралмағандардың – 350 мың, радиациядан өлгендердің – 25 мың... екенін түйсінбейтіндер, санасында саңлауы жоқтар осы қызыл қырғынның бәрі әдейі жасалғанын білсе де, орысша шүлдірлеп, оны зор санап, қазақты қор санайды. Олар Абай айтқан «толық адамдар» емес, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекке» ауадай зәру рухани мүгедектер. Ондай опасыздар қазақжүректі кез келген азаматқа ұнамайды. Құдайға шүкір, ел мен жердің қасиетін сезініп, ұлттық рухқа қанып өскен бауырларың көп. Қуан осыған! Қазақы қалпы мен салтын сақтаған көптеген бауырларымыздың ықыласы ерекше.

Ауылға барғанда, Қазақстан туралы айтқандарымды қызыға да құлшына тыңдайтындардың бірі сен едің. Жүрегің төріндегі ұшқын жалын атып, ақыры біржола келуге шешім қабылдапсың. Жарайсың, жарқыным!

«Теңіз тамшысынан білінеді» дейтін сөзді көп айтамыз. Сен бейне бір тамшыдайынсың. Мен де. Қоғамның өзі тамшылардан құралғандай. Осыны тереңірек зерделеші. Ол Өзбекстандағы 1,5 миллион қазақтың қандай екендігін саған қарап-ақ пайымдай береді деген сөз. Қазір заман солай болса да, жағдай бөлек. Мекембай атаның айқай-сүреңі де, Жанайдар көкенің мылтығы да үстем емес. Ол туып өскен ауылымызда ғана шамалы күш-құдіретке ие шығар, сірә. Қазір – ақпараттың үстем болған кезі. Айтпағым, сен туралы жиренішті өсек-ақпарат шықса, оның өзі арғы беттегі ағайындар туралы көзқарастың қисынсыз болуына әкеп соғады. Сен бір қарын майды шірітетін құмалақ болмауың керек. Жақсы болуға, ата-ана,дос-жаранның үмітін ақтап жүруге тырыс қашанда. Кейде ойлаймын, егер адамдар өз есімдеріне лайық болса, мына әлем гүл-гүл жайнап кетер ме еді кім білсін!?. Ұлт үшін еңбектенсең, ұлт абыройын қорғаштап жүрсең, өзіңнің бедел-биігіңді соның ішінен тауып аласың.

Қазақ – қасіретті көп көрген халық. Сен сол халықтың перзентісің, оған налыма, тек шүкір айтуға тиіспіз! Судың да сұрауы бар. Алла бізге бақ сыйлапты, осы нығмет-бақыттың қадір-қасиетін біліп жүруді жазсын. Ол үшін арлы болу керек... «Арсыз болмай - атақ жоқ» , -деп ұлы Абайдың сынайтыны бар. Қызық,ә? Қызық болғанда, қиын тіпті. Егер сен де сол жолға түссең, Абай аманатына қиянат жасап, ұлт алдында масқара күй кешкенің. «Ар жазасы - бар жазадан ауыр жаза» (М.Әуезов) екенін жете түсінбегендігің. Қайта сол Абайша айтсақ: «Пайда ойлама - ар ойла» дәйім!

Біз қандай халық едік? «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» дейтін халық емес пе едік?! Алайда бүгінгі жаһандану үдерісі «арым – жанымның, жаным – малымның садағасы» дейтін халге жетелеп жатқандай. Ақша табу үшін өмір сүре ме, өмір сүру үшін ақша таба ма – белгісіз. Сен жолы жіңішке болса да, ауыр, азапты болса да, ар соқпағын таңдағайсың. Өйткені, құлқынның құлына айналғандар мен ұлт мүддесін ұмытқандар бүгін болмаса, ертең судың бетіне қалқып шығады. Әділ тарих соттайды... Нарықтық заманда қарық боп жатқандар шамалы. Капитализмнің қамшысы сенің де арқаңа тиіп кетпес үшін жалқаулық деген жауыңа қарсы тұра білгін! Еңбекті серігің ет те, кедергілерді жеңбектің амалын тап.

         Біз туған жерде проблемалардың бар болғаны сияқты, Қазақ Елінде де мәселе көп. Сондықтан, мазасызданбай-ақ қой. Оны айтасың, Ұлы Британия мен АҚШ-ың да проблема батпағына батып отыр. Азды-көпті кездескен мәселеге көз жұма қарамай, түйінін шешуге атсалыс. Мақта егілген алқаптың басында отырып алып, қарттар әңгімесін тыңдайтынбыз. Ыбырай пайғамбарды отқа салғанда, аузымен су тасыған құмырсқаны есіңе алшы. Сол хикаяны жақсы көретін едің ғой. Құмырсқадай бол, ендеше.

         «Бодандық қазақтың мойнынан түссе де, миынан түскен жоқ» деді бірде жазушы ағамыз. Смағұл Елубайдың осы сөзінде көп мән жатыр. Құлдық санадан арыламыз, құлан-таза айығамыз біз. Ол үшін әрқайсымыз «кірпіш боп қаланып», отымен кіріп, күлімен шығуымыз керек болады. Күл болмасаң, бүл бол дейтін заман емес екен қазір. Әсіресе қазақ үшін. Осыны ұқшы, Еламан!

Тәуелсіздік алғалы 1 миллионнан астам қандастар ат басын бұрыпты. Әрбір оныншы азамат өзің секілді, өзіміз секілді тағдырлас ағайындар. Арман-аңсары мен қам-қайғысы да ұқсас. Жоғарыда айтқан басты мақсат-мұратың елге қызмет ету болсын. Көрші ауылдан шыққан Бақыт (Сәрсекбаев) ағаң секілді бол. Қайтсең де, қай салада жүрсең де қызмет ет. Шеттен келіп, үлес қосып жатқандарды санамаламай-ақ қояйын. Көп екен. Олар өздерінің асыл міндет-борышын атқарып жатыр. Өзің есті бала едің ғой. Түсін де түйсін сөзімді.

РУХ, НАМЫС, АР – міне осы үшеуін бір бойыңа сыйдыра білсең, ТІЛ, ДІН, ДІЛ – үшеуіне жанашыр жігіт болатыныңа бек сенемін. Идеологиялық иммунитет дегеннің көкесі осыларда жатыр ғой... Менің байқағаным, қазақ қоғамында қазір осы қасиеттер туралы түсінік-өлшем өзгерген секілді. Мысалы, намысты алайық. Қарапайым қазақ үшін ашық-шашық киіну, өз тілінде сөйлемеу  - намыс. Ал кейбір «заманауи» замандастар үшін қазақша сөйлеу, діні мен ділін қастерлеу – намыс, «пазор», «мамбеттерше күн кешу», ескілікке салыну... Кереғар құбылыс. Екі топ та біріне-бірі жақтыртпай қарайды. Олардың түбі бір, тілі басқа. Тілі басқа адамның діні мен ділі де жарымжан, ал ондай адамның құны жоқ. Диаспорадан емес, бүгінгі ұлтыңның ұйысқан ортасына тарихи мекеніңнен келмексің сен. Осындай бір бұлыңғыр түсінік бар. Қытай мен Моңғолиядағы, анау Ресейдегі қандастардың көбі қазақтың тарихи жерінде отыр.

Мен  өз ойымды қағаз бетіне түсірдім. Ұзын-ырғасы осылай, бауырым. Сосын тағы да хабарласармыз. Ата-анаңа, ауылдастарға дұғай-дұғай сәлем айтарсың.

Ыстық ықыласпен, ағаң Нұрбол Жұмағалиұлы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір