• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Мамыр, 22:53:35
Алматы
+35°

01 Қазан, 2012 NEWS

"Алматы" телеарнасы бұрынғы журналистерінің Ашық хаты

Алматы қаласының әкімі  Ахметжан Есімов мырзаға, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мырзаға және ҚР Парламент Мәжілісінің...

Алматы қаласының әкімі  Ахметжан Есімов мырзаға, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мырзаға және ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарына

«Алматы» телеарнасының жұмыстан кеткен журналистерінен                                                 Ашық хат 1 қазаннан бастап «Алматы» арнасының қазақ бөлімі тұтастай,  жаңалықтардың орыс редакциясының бір бөлігі қызметтен кеттік.   Негізгі себеп Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы С.Л. Куяновпен тіл табыспауымыз.  Нақтырақ айтқанда, Куяновтың тұтас журналистің  қожасына айналып алғанына наразылық білдірдік. Бұл оқиғаның барысы ақпарат құралдары арқылы тұтас Қазақстанға тарап жатыр. Сондықтан бүге-шігесіне дейін жаза берудің реті жоқ.  Біздің хат жазудағы басты себебіміз осы оқиғадан түйген ойымызды паш ету. Бір арнаның  журналистік тобының  60-70 пайызы жұмыстан кетіп жатыр екен деп елең еткен басшыны байқамадық.  Куянов пен Бас директор Е. Грюнберг әуелі орыс редакциясында жік шыққанын, қазақ бөлімі соларды қолдағанын жасырып қойып,  жағдайды ұлттық бағытқа бұруға барын салуда.  Грюнберг Tengrinews.kz сайтына  «С. Сарыбаев (қазақ бөліміне жауапты орынбасар) кетіп жатыр сонымен бірге қызметкерлері де жұмыстан шығуға шешім қабылдады» дейді де мәселені екі жарым апта бұрын өтінішін беріп қойған орынбасарына тірейді,  орыс бөліміне жауапты орынбасары Қайрат Балтабайдың да сол кезде  жұмыстан кетуге ниет еткенін бүркемелеп қалады.  Куянов болса  Ұлт.кз сайтына «бұл әдейі ұйымдастырылған шара деп ойлаймын, орыс редакциясынан арыз жазған ешкімді көріп отырған жоқпын»  депті ( Балтабайдан бөлек  орыс редакциясы журналистері  Ильзат Акчурин қызметінен кетіп үлгерді, Айерке Ермек арыз берді).

Ұжымның өзімен кездесуге талпынғаны, мәмліге келудің жолын іздегені жөнінде, оларды елемей жағдайды ушықтырғаны жөнінде бір ауыз сөз жоқ. Қазірде ойын ашық айтуға талпынғандарға ҰЛТШЫЛ, ОППОЗИЦИОНЕР деген сынды айдар тағып, өзін  Қазақстанның тұтастығы үшін күрескер  есебінде көрсетіп, «екі жеп биге шығу»    сәнге айналған. Сонда келісім-шартты бұзу туралы бұйрықпен танысып, қолын  қойып үлгерген 37 адам  37-жылдан қалып қойған «халық жаулары» ма? Куянов пен   Грюнбергтің  ойы осыдан алыстамапты.  Әлде бәрін өз ұстанымдарының  тар шеңберінде топшылай салды!?  Десе де олардың пиғылы нәтижесін берді.  «Шулап жатқан кіл қазақ» деген хабар тарасымен орыс тілді ақпарат құралдарының  оқиғаға деген қызығушылығы күрт төмендеді.  «Өздеріне де обал жоқ» деушілер көбейді.   Тек қазақ тілді БАҚ аясындағы тақырыпқа айналды лезде.  Бұндай саяси «ептілікке» қайран қалмасқа амалымыз жоқ. Тек 31-арна, 7-арна  осы жағдай туралы екі тілде ақпарат берген. Абай.кз , Ұлт кз  сайттары жанайқайымызды жариялауда. Енді  түпкі ойға келсек... Біз бұл хатты аяныш сезімін тудыру үшін, біреу басымыздан сипасын деген мақсатпен жазып отырған жоқпыз. Деніміз сау, қол-аяғымыз бүтін,  тұмсығын жылытар қолтық тапқанына  ісініп,  Құдайға айналған екенмін деп ойлайтын   Куяновтарға кіріптар  болмай-ақ  қай салада болса қызмет ете береміз.  Жапқан есікті қайта ашсақ деген ниет жоқ. Орнымыз ойсырап қалмайды. Тұрмыстық жағдайы қысқан, немесе,  Куяновпен тіл табыса алатын мамандар табылатынына, табылып жатқанына да шүбә жоқ.   Тек қазіргі журналистердің, журналистиканың  қандай  күйге түскенін  білсеңіздер болғаны.  Осы оқиғаны мысал етіп   сөз бостандығына салынған ауыздықтың  сәл босауына ықпал етсеңіздер. Қолдарыңыздан келсе «поштабайлардың» қиқуын азайтып, «қамшы үйіруін» шектеңіздер.... Нәтиже боларына шүбәміз көп  екеніне қарамастан жүгінгенді, мән-жайды түсіндіргенді  жөн санадық.  Ал біз... жақсылар санатында жүрген   біреулерге  ұқсап артынып-тартынып, шетелге тайып тұратындай дүниеміз де,    пиғылымыз да, бөтен атамекеніміз де жоқ.   Еліміз аман  болсын...

Осы елде тудық, осы елде, осы ел үшін өмір сүреміз...

Хат мәтіні әлеуметтік желіден алынды. 

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір