• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Мамыр, 19:06:05
Алматы
+35°

05 Қазан, 2012 NEWS

«Нұрлы көштің» бұйдасын жау кесті ғой

«Қайда барсаң қазанның құлағы төртеу» деген қазақтың мақалы бар. Қазақтың басына төнген

 

«Қайда барсаң қазанның құлағы төртеу» деген қазақтың мақалы бар. Қазақтың басына төнген  мәселелердің де себебі дәл сол  қазанның құлағын кімдердің ұстағанында боп тұр. «Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығы» құрылғанына 20 жыл толды. Осы 20 жылда қанша жұмыс істеп, қанша тірілікке жол ашты? Бұл туралы айтар ой көп. Біреу мақтаса, біреу даттайды. 20 жылда  1 миллионға жуық қара көздеріміз елге оралып, етек-жеңін жиа бастағанын ойласақ бұлда үлкен жетістік.  Тек «қазанның құлағын ұстағандардың» қаскүнемдігінен  «Нұрлы көштің» бұйдасын осы жылы қиып кеткені болмаса. Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының төралқа төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы да өзі себепші болған көшке араша бола алмады. Бұл жерде сол «қазанның құлағын ұстағандар» қазақ пен Елбасымыздың арасына от салып, бомба жарды. 

           Шындығында, «Нұрлы көштің» бұйдасын жалғап, көшті жетелейтін бір құзырлы органның болмауы - көп жұмыстарға кедергі келтіруде.  Міне осы мәселені сол «Қазанның құлағын ұстағандармен» дипломатиалық байланысқа келіп, шешіп алуға болатын сыяқты. Меніңше, бұның бір жолы ретінде «Қазақша рух, Еврейше тәсілді(ход)» пайдалануға болады. Бұл деген сөз саясаттан саңылау тауып, «солай жасауға кіріптар ету керек" деген сөз. Әрине жоғары билікте жүрген  рухы өр жігіттер бар ғой.  Міне мұны ұйымдастыруға бірер депутат немесе Талғат Мамашев сынды  осы салаға қатысы бар батыл адам керек болып тұр. Ол кісілер бастап, бүкіл 43 елдегі қазақ қоғамдары  мен мәдени ұйымдары, депутатар мен ұлт зиялылары атсалысса  «қара нардың бұйдасын бері бұруға» болады деп есептеймін.  Кім білсін, «аузын күйдірген» ағаларымыз  әліптің аяғын бағып, бұл жағына баспай қоюы да мүмкін.

Деседе, оралған Қандастарымызға «Рахметіміз шексіз». Аллаға шүкір, босап қалған ауылдарымызды толтырып, «жабысып қалған жаман кеңестік идеялогиядан» азда болса алыс жүруімізге ықпал етті, таза қазақы сананы әкеліп, үлгі көрсетті.  Еңбекқорлығы мен қазақылығымен санымызды арттырып, сапамызды жетілдірді ... Соның барлығын «астындағы бір күндік тағы мен аузындағы нанын ойлаудан аспайтын» «әлгі  қазақтар» көре алмады. Қазақ жерінің байлығы мен жерін жеке мүлкіндей қайдағы зұлымдарға жеке сатып, талан-таржыға салғандар, милиондаған долларды даңғойлық пен жағымпаздыққа аямай шашатын, саммитқұмарлар өз туыстарына көк тиын  қиа алмады.  Қиғанды қойып «мемлекетке ауыр қиындық әкеп, көтеріліс жасады» деген жаласын ауыздары қисаймай Лондонда жарялады. Мұны жариялаған Президент кеңесшісі Ертісбаев мырза болатын. Бұл сөзді кейін Құлыбаев пен Шөкеев мырза қайталады. Ал мұртты уәзір оны үкіметте қарап, көшті ресми тоқтатты.  Міне бұл шыңғырған шындық.

Ал анау алыстағы, жыланның ауызында шырылдаған иесіз, бейуаз қазақ үмітін үзе алмастан бізге қарап, жандарына араша тілейді.

Алыстағы қандастардың көрген күндері құрсын

            Жетім елдің күйін кешкен қазақтың бір бөлегі Түркілердің ат тұяғы таптаған қасиетті мекені Алтай мен Іле, Тарбағатай мен Еренқабырғада (Қытайда)  жатыр.  Ондағы қытайлар жерді де, байлықты да табандарына басты. Себебі ол жерде қазанның құлағын қытайлар ұстайды ғой.  Аузын арандай ашқан жыландар ирелеңдей келіп жатты, 40 жыл арбап, халықтың  тамырын ұстап, балаларын улады да жұта бастады. Тіпті «аяғын серпуге шамасын келтірмей» тірідей жұтып бара жатпай ма! Ал оған арашашы болады деген Қазақ елінің де жағдайы белгілі болды.  Қытайдағы 1.5 миллионнан асатын қазақтың басындағы зобалаңды төмендегі өлең дәл көрсетіп береді.


«Қытайлар

Арағын беріп айраныңды алды,

Көк шөбін беріп қаймағыңды алды,

Саяхат ашып байытамын деп,

Қанас пен Нарат, Сайрамыңды алды,

Тау мен көліңді, сайларыңды алды.

Қоржасын беріп жайлауыңды алды,

Орман мен тоғай қойнауыңды алды.

Қуырмаш беріп еттеріңді алды,

Шен беремін деп шекпеніңді алды,

Отырақтастырып отырғызды да,

Қырдағы қыстау, көктеуіңді алды.

Дауалын соғып далаңды алды,

Қара нөпір келіп қалаңды алды.

Қос тілде оқытып қарық қыламын деп,

Тіл ұқпас қылып балаңды алды.

Етек жеңің жиналмай жатыр,

 Аңқау қазағым енді нең қалды?!!  » деп ашына жазады.

            Мұңғұл еліндегі ағайындарымыздың жағдай қытай мен ТМД-ғы елдерге қарағанда көш ілгері.  Тіпті қазақстандағы қазақтардан да жақсырақ тұрады деуге негіз бар. Себебі  олардың тілі мен діні бүтін, жері мен елі қолында, рухы баяғыдай өр, иман мен ұждандарын жоғалтпай отырған халық. Қысқартып айтқанда мәйегі бұзылмаған, қазан-ошағы шағылмай отырған бақытты ел. Онсызда саны онша өсе қоймаған мұңғұл жұрты тісін батыра қоймасы анық, оның үстіне «киіз туырлықты» халықтардың яғни дала көшпенділерінің «жауына да, қасына да ер мінез көрсететіні» тағы бар. Орталық Ұлы құралда  2 депутаты бар, елдің әр саласында айтарлықтай қызмет етіп жатқан қазақ зиалыларының тірілігі адамды қуантады.

            Ал Өзбек елі мен Ресейдегі қандастарымыз әкімшілік жұмыстар мен майлы орындарға жайғасуы екіталай. Онсызда Ресейде жалғыз қазақ мектебі бар болса, Өзбекстанда қазақ мектептері күн санап кеміп барады.  Себебі онда «қазанның құлағын Орыстар мен Өзбектер ұстап отыр».

            Ал Түркия мен Европадағы қазақ жастарының да «мәйегінен ажырап, ұлттық болмысы өзгеріп» бара жатқаннын білеміз. «Ұрпағым, ұрпағым деп» шапқылап жүрген бір топ шалдан айырылған соң олардың күні не болары белгісіз. Орта азияның мына сұмдығына жирене қарап, «Бойын көріп, қалжасынан түңілген»  40 мыңдай қазақ қазақстанға «шекесінен қарауы» кәдік емес.

Өзіне өзі опа жасамаған «қазақтар» немесе  Қазақстандағы мәңгүрттер

            Ал біздің тәуелсіз Қазақстанымызда «Қазанның құлағы қазақтар ұстағанмен», оның ішінде тілі мен дінін тәрік еткен, рухы таяз, Масондардың майлығына айналған, мәңгүрттенген қазақтардың  басым екенін айтпасақ Ақиқатқа кунә болар.

Тәуелсіз еліміз бар деп еңіреген ерлерге пана болар жер табылмай бара жатыр ма деп қорқамын. Себебі «қайда барсаң бірінің аяғынан бірі шалған қазақ», ата жауларындай өштескен «мәлім топ» қазақтардың «сорын қайнатып, сорпасын ішіп жатыр». Әне ол «мәлім топ» – мәңгүрттер.  Атап айтқанда «сионистік режимнің» қамытын киіп, құр атақ пен ақшаға, арам нәпсіге бола «өз қағынан өзі жеріген», опасыздық пен намыссыздықты ерлік деп санайтын «ұлтының уызы тоймаған» сорлылар.

Ең сорақысы қазақ билігінің Масондық белгісін Астанаға орнатып, Масондарға бірден құлдануға өте бастауы жан шошырлық трагедия болуы ықтимал. Жаман айтпай жақсы жоқ. Өз билігімізді өзіміз алмай «ақыр заманды» өз қолымызбен жасап алуымыз мүмкін.

Енді «елім-ай» әуенімен мына шерді айтатындар да шықты.


«Тәрбиесі жоқ, білім бар

Мәңгүрттенген інің бар,

Министр басқан табанға

Бағын байлаған тілің бар.

Салт-санамен ісі жоқ

Намысы өлген ұлың бар.

Шешесі ұят демейтін

Ар-ұждан кеткен қызың бар.

Жалаңаш жалдап билеткен

Мағнасыз шуың бар,

Нан тауып жеуге күні жоқ

Қаңған қалың құлың бар,

Ауылда жер жоқ, жұмыс жоқ

қалада қайдан күйің бар,

тапқанды қағып алатын

жалдаған пәтер үйің бар.

Ата-анасы тастаған

Бейкунә өскен құлын бар.

Тонап ап шетке қашатын,

Күйеу балаң мен күңің бар

Аруақты қорлап, атысқан

Уаххабис деген дінің бар.

Жер менен елін сататын

Парақор бастық, биің бар.

Дүбәрә, даңғой  топтасқан

Парламент деген жиын бар.

Жағымпаздарды жинаған

Масонға бәрін сыйлаған

Қазаққа түгін қимаған

Мақтаншақ бастық зұлым бар!

Ау, қазақ сенде не күн бар?»


            Ендеше «Нұрлы көштің» бұйдасын кескен жаудың кімдер екенін түсінген боларсыз. Олар – тағы «Сол қазақтар», әлгі «Қазанның құлағын ұстаған қазақтар». Олар енді күллі қазақ жұртының жалғызы «Тәуелсіз Қазақстан» елінің бұйдасын біреулерге ұстата салмасына кім кепіл! Алла сақтасын!

Бұқарбай Бейсен. Астана

 Сәрсенбек Қызайбекұлы фотосы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір