• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Мамыр, 10:58:06
Алматы
+35°

22 Маусым, 2017 Әлеумет

Замануи махаббат анайылыққа, шариғаттағы махаббат шынайылыққа негізделген

Махаббат деген ұлы сезім қай заманда болсын жыр қылып айтылып та, хикая болып жазылып та келеді. Сезімнің сергелдеңі мен шынайылығы қатар баяндалған махаббат...

Махаббат деген ұлы сезім қай заманда болсын жыр қылып айтылып та, хикая болып жазылып та келеді. Сезімнің сергелдеңі мен шынайылығы қатар баяндалған махаббат хикаяларында  екі ғашықтың әрекеті де түрліше өрбіп, ұқсас жағдайда аяқталған. Алайда біз естіген махаббат дастандарындағы оқиға мен күнделікті көріп жүрген сезім мен романтикаға толы фильмдер жай ғана махаббаттан жолы болмаған немесе шынайы сезімді сезінгісі келіп жүрген адамның қиялы ғана. Өмірде бәрі басқаша... Қазіргі кездегі жастардың махаббатын екіге бөліп қарастырсақ. Жо-жоқ. Сіз ойлағандай ақша мен адалдыққа қатысты емес. Ол жағын да ашып айып, көсіліп сөйлеп, қаламның сиясын тауысып жазуға да болады. Алайда мен қазір мүлдем бөлек дүниені айтқалы отырмын. Алғашқы махаббат нәпсінің етегін ұстап, дін мен ділге қарама-қарсы болған сезім.

Бұл сезім күнделікті өмірде көбінесе былай басталады. Жігіт пен қыз клубта немесе белгілі бір кеште танысады, ұялы телефон нөмірімен алмасады. Жігіттің «күйдім, сүйдім» дегеніне қыз сеніп, келісім береді. Ал енді қол ұстасқан, құшақтасқан  күндер басталды. Қос ғашықтың көшеде жүргендегі басқа тірліктерін айтпай-ақ қояйын. Түсінбей жатсаңыз көшеге шығып, өз көзіңізбен көруіңізге болады. Жігіттің қызға берген керемет сыйлықтары, анда-санда бірнеше сағаттық өтірік қызғаныш сезімі, ұрыс-керіс те орын алады. Алайда ол бірнеше сағатқа ғана созылуы мүмкін. Бірнеше ай қыздың қолынан ұстап жүрген жігіт оның еттегін ашып, керегін алады. Сонымен жігіт қызды тастап кетіп, романтикаға толы махаббат хикаясы аяқталады. Ары қарай не болатыны бесенеден белгілі. Әжетханаға немесе қоқысқа тасталған сәби мен болашағы бұлыңғыр әйел...

Қазіргі кезде 15 – 16 жастағы қыздардың ана атанғанын естісек таңқалмайтын болдық. Ол біздің қоғам үшін қалыпты жағдайға айналып барады. Оның барлығы осы бір заманауи махаббаттың «жемісі» мен нәтижесі. Қызға қырық үйден тыю жасаған қазақ халқының қыздары осыншалықты намыссыз, ұятсыз болып бара жатқан қоғамда махаббаттың қасиетінен гөрі қасіреті жиі айтылатыны сөзсіз. Қазақ халқында тіпті әкесі қызын көп құшақтай бермеген, сүйіспеншілігін маңдайынан сүйіп қана білдірген. Себебі, қыздың қытығы кетіп қалмасын дегені. Ал қазір әкесінің құшағына енбеген қыз өзге жігіттің құшағында, анасына айтпаған кереметтей сезімін бөтен ер адамға білдіріп жүргенін күнделікті көз көріп, құлақ естіп жүргені белгілі. Егер қызымызға тыйым жасап, ұлымызға тоқтау салмасақ заманауи махаббаттың кесапатын әлі татарымыз анық.

Келесі нәпсіге қатал болып, ата дінімізге Ислам қағидаларына сай шынайы сезім. Жігіт қызды клубтан немесе кафеден таба қоймас. Себебі жігіт ешқашан түнгі клубта жүретін қызға үйленбейді. Армандаған сұлуын көшеден немесе дүкеннен кездестіруі мүмкін. Жігіт болғасын бірінші сұлулығына ғашық болады. Кейін қыздың бірнеше қарсылығынан кейін онымен сөйлесу бақыты бұйырып, қылығы мен тәрбиелігіне сүйсіне қарайды. Шынайы ғашық жігіт оның әкесінің немесе ағасының алдына барып, олардан рұқсат сұрайтыны белгілі. Өзге жігіттер секілді ағасы мен әкесінен қашқақтап, қорқып жүрмейді.  Біраз уақыттан кейін қызбен дұрыстап танысу мақсатында кездесе бастайды. Қыз кездесуге жалғыз емес құрбысымен немесе жеңгесімен келеді. Себебі екі жас оңаша кездесетін болса, үшіншісі шайтан болады деген сөз бар. Олар оңаша кездессе де артық қадамға бармау үшін кездесу уақытын күндізгі мерзімге белгілейді. Қызды өзінің болашақ жары ретінде көретін жігіт оны түнде кездесуге шақырмауға тырысады. Ғашықтар бір-біріне жақындау былай тұрсын қолдарынан да ұстамай алмайды. Себебі діндегі қағида осындай. Бірнеше айдан кейін олар некесін қиып, ерлі-зайыпты атанады. Екі ғашық үшін ең дұрыс шешім неке болып саналатыны айдан анық дүние. Иә, жастар  бірнеше ай кездесуде ештеңеге үлгермейтін шығар. Олар тіпті ұрысып та үлгермейді. Неке қиғаннан кейін олар үшін ұрысу да бір ерекшелік, өзгешелік болуы мүмкін. Ары қарай діндегі отбасыға арналған қағидаға сай өмір сүреді.

Мен ертегі айтып отырған жоқпын. Шариғатқа сай сезімнің көбісі осындай болады. Оны біраз таныстан та, достан да естігенмін. Шариғаттағы махаббаттың негізі қағидасы тездетіп неке қию. Неке қию арқылы жастар ұрпақ санын көбейтеді және де түрлі азғырулардан сақтанады.  Некеден кейін ғана нағыз, шынайы махаббат басталады.

Айтылған екі жағдайдың қайсысын басыңыздан кешіріп жүрсіз, қайсысын таңдайсыз өзіңіз шешесіз. Алайда дүниеге дені сау ұрпақ әкеліп, бақытты отбасын құру сол шешіміңізге байланысты.  Сезімнің сергелдеңіне түсіп тастанды бала санын арттырудан гөрі тезірек неке қиып салиқалы ұрпақ тәрбиелеу артығырақ екенін сізде іштей білетін шығарсыз. 

Авторы: Әсел Өтешова

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір