• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Мамыр, 14:08:02
Алматы
+35°

22 Маусым, 2017 Әлеумет

Жаз мезгілінде өршитін аурулардың алдын алу жолдары

Барша адамзат баласын теңдей көріп, барша табиғат иелеріне жылуын аямай төгіп тұрған шуақты жаз мезгілінде өзіңізді бақытты сезінуге дайынсыз ба? Бақытты...

Барша адамзат баласын теңдей көріп, барша табиғат иелеріне жылуын аямай төгіп тұрған шуақты жаз мезгілінде өзіңізді бақытты сезінуге дайынсыз ба? Бақытты болудың сыры – тек арман мен мақсатта ғана емес, сонымен қатар өзіңді жайлы әрі қауіпсіз сезінуіңде. Ал өзіңді жайлы әрі қауіпсіз сезінудің бір сыры – денсаулық күтімінде.

«Дені саудың жаны сау» демекші, жаз мезгілінде жаңа істерге жол ашып, белсене кірісу үшін және жаздың тамашасын сезініп, жағалауда уайымсыз демалып жату үшін дәл осы жаз мезгілінде өршитін және пайда болатын аурулардың алдын алған жөн. Жаз мезгілінің өзіне ғана тән ерекшеліктері, сақ болмасаңыз, өзіне ғана тән келеңсіздіктерін тудыруы мүмкін. Яғни, күннің көзі, ыстық топырақ, жәндіктер мен ыстықтан қатты қиналатын үй жануарлары, өсімдіктер, тағы да басқалары әртүрлі ауруларға себепші болады.

Шаң-тозаңнан болатын аурулар:

Жаз мезгілдерінде шаң-тозаңнан пайда болатын аллергиялық аурулар жиі ұшырасады. Жаз айларында өршитін себебі де бар, осы мезгілде қаулап өсетін түрлі шөптермен байланыстыруға болады. Медицинада аллергияның бұл түрі көктемнен күзге дейін ғана созылатын болғандықтан, «маусымдық поллиноз» деп атайды. Аллергияға тап болған науқастың көзі, мұрны және денесі дуылдап қышып, қып-қызыл болып қызарады. Мұрнынан су ағып, көп түшкіреді. Аяқ асты жөтел пайда болып, терісі бөртеді. Тіпті науқастың тыныс алуы нашарлап, өкпесі тарылады немесе денесі ісініп, тамағы тітіркенеді, тіпті аллергиялық естен тану болуы да мүмкін.

Аллергиядан зардап шегетін адамға негізінен көкөністер мен цитрусты жемістерге шектеу қояды. Сонымен қатар шоколад, кофе, какао, қант, тұздалған қытырлақ нандар (чипсы, кириешки) және теңіз өнімдері де сырқатты қоздырады. Есесіне, су, сүт өнімдерін, қырыққабатты күнделікті ас мәзірге қосып қойған дұрыс. Балалардың ас-суына айрықша көңіл бөлу керек. Аллергиядан зардап шегіп жүрген адамдар күнделікті тұтынатын тағамдардың тізімін жазып, өздеріне не жақпайтынын да аңғаруларына болады. Мәселен, күніне бір грамм С дәруменін қабылдау; тағам құрамында ақуыз, май, көмірсутегі жеткілікті болуы шарт; бөлмені желдетіп, ауасын жиі тазартып тұрған дұрыс; науқас жататын бөлмеде кілем, палас, жұмсақ ойыншықтар мен ортақ заттардың болмағаны жөн.

Күн көзінен, күнге қыздырынудан пайда болатын аурулар:

 

Күнге күйгенде бастапқы кезде 10–15 минут, кейін қыздырыну уақытын ұзарту қажет. Бірден ұзақ қыздырынса, күн сәулесі өтіп, адамның дене қызуы көтеріледі. 


Кейбіреулер күнге қыздырынудың жөні осы екен деп тал түсте, ыстық күн астында, ыстық құм үстінде жатады. Олай етсеңіз, өз денсаулығыңызға өзіңіз қастандық жасағанмен бірдей боласыз. Негізінен «загар» қабылдауға қолайлы кезең таңертеңгілік сағат 9-12 арасы және кешкі 17-ден кейінгі уақыт.

Бұл ереже сақталмаса күннің зиянды әсері дерматит, есекжем, терінің қатерлі ісігі ауруларына соқтыруы мүмкін.

Үй жануарларынан, жәндіктерден пайда болатын аурулар:

Сібір жарасы (қойда - топалаң, жылқыда - жамандат, ірі қарада - караталак, түйеде - ақшелек, қарабез) мал және жабайы жануарлардың бациллус антрацис микробы коздыратын, жіті түрде өтетін аса қауіпті жұқпалы ауруы. Онымен адам да (түйнеме, күйдіргі) ауырады. Сібір жарасы кең тараған ауру.

Сібір жарасы малға оларды ауру коздырғышымен ластанған жайылымдарға жайып баққанда, шөп, су арқылы тарайды. Індет негізінен жаз айларында өршиді. Малдың ауыз, жұтқыншақ, кілегей қабықшаларындағы жарақаттар немесе ас қорыту жүйесіндегі ақаулар аурудың тарауына негізгі себеп болады. Малдың жалпы күйі төмендегенде (ашығу, витамин жетіспеуі, дене қызуының көтерілуі т.б.) олар ауруға шалдыққыш келеді. Індеттің ауа арқылы таралуы да мүмкін. Сонымен қатар қансорғыш жәндіктердің (маса, шіркей) де ауру таратуы ықтимал.

Топырақтан пайда болатын аурулар:

Топырақ гельминтоздардың таралуында ерекше роль атқарады. Ауру адам мен жануарлардың нәжісімен бірге топыраққа гельминттердің жетілмеген жұмыртқалары – аскаридалар, қылбастар, тағы басқалардың орасан зор мөлшері түседі. Олар топырақта инвазиялық қасиеттерге ие болуына мүмкіндік беретін өздерінің даму циклын аяқтайды, осыған байланысты бұндай гельминттер геогельминттер деп аталады. Топырақ бетіндегі гельминттердің жұмыртқалары инсоляция мен кебуден өледі, ал 2-10 см тереңдікте жатқандар өз тіршілігін 7-10 жылға дейін сақтап қалады (Е.И.Гончарук, 2006). Гельминттер нәжіс-оралды жолмен, ал анкилостомалар – жараланбаған тері арқылы жұғады. Аскариданың жұмыртқалары алуан түрлі объектілерде, әсіресе климаты орташа ылғалды және ылғалды климатты аймақтарда кездеседі. Аскаридоз бен трихоцефалезді көбінесе, жеке бас гигиенасының ережелерімен жеткілікті дәрежеде дағдыланбаған балалар жұқтырады. Адам ит аскаридасын да жұқтыруы мүмкін. Қалаларда иттердің көптігі және оларды ұстау ережелерін сақтамау топырақтың гельминт жұмыртқаларымен ластануына әкеп соғады. Токсокароз – иттер аскаридасының личинкалары тудыратын ауру, ол анық аллергиялық белгілермен (есекжем, тұншығу және тағы басқа) және қарқынды өтуімен сипатталады.

Тері аурулары:    

Терінің тершеңдігі де – неврологиялық аурулардың бір симптомы. Аяқтың терлеуі, жағымсыз иістің шығуы – көбіне саңырауқұлақ ауруларынан және  вегетативті жүйкенің бұзылыстарының нәтижесінде пайда болады.  

Терінің саңырауқұлақты аурулары жиі кездеседі. Өйткені дене терлейді, күннің ыстығынан тершеңдікке бой алдырамыз. Ал саңырау­құлақ ылғалды, сулы жерді жақсы көреді. Сонымен қатар қайызғақтар  да саңырауқұлақтар ауруының нәтижесі де болуы мүмкін. Оған саңырауқұлаққа қарсы дәрілерді қолдану керек. Оны әрине, қандай ауру дан екенін алдымен анықтау қажет. Ол үшін лабораториялық диагностикадан өтесің.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаса керек. Өйткені, жоғарыдағы көрсетілген аурулар пайда болған жағдайда сіздің өміріңізге үлкен қиындықтар алып келуі мүмкін. Сақ болыңыз!                

                                                                                                                                                                Шолушы Оразхан Ақтолқын

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір