• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Сәуір, 18:20:45
Алматы
+35°

28 Қаңтар, 2013 NEWS

Қазақтың атымтай жомарты туралы фильмді Қытай түсіреді

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде, тіпті бүкіл Тарбағатай өңірінде Басбай атын білмейтін адам кемде кем. Ол ­- Басбай десе бас бай болатын. Малының санын бір сайға...

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде, тіпті бүкіл Тарбағатай өңірінде Басбай атын білмейтін адам кемде кем. Ол ­- Басбай десе бас бай болатын. Малының санын бір сайға толтырып өлшейтін.  Кейбір мал төлдері жабайы аңдармен будандасып, алты мүйізді, төрт мүйізді «Басбай қойы» қатарға қосылған. Қолында өкімет бар Қытай билігінің өтінішіне орай оларға ұшақ сыйлаған. Ал қалың елі қазақ жұртына жасаған жомарттығы санап тауысқысыз. Сондықтан болса керек ел арасында ол кісі туралы аңызға бергісіз әңгімелер шаш-етектен. Басекең расында «Алаштың атымтайы» еді.

«Басбай» туралы көркем фильм түсіру жұмысына Қытайдағы белгілі кинорежиссер Мақсат Кәдірханұлы дендеп кірісіпті. Ол баршамызға белгілі «Көрікті мекен», «Гүлбике», «Бөрі соқпақты боз дала» сынды әйгілі фильмдердің режиссері. Мақаңнан білуімізше аталмыш фильм 2014 жылдың көктемінде көрерменге жол тартпақ. Осылайша қазақ киносының қоржынына тағы бір олжа қосылады.

Шын мәнінде «Басбай» кім? Оқырманға түсініктірек болуы үшін біз қолда бар материалдарға сүйене отырып, Басбай туралы аз-кем мәлімет бере кетуді жөн көрдік.

 

Басбай Шолақұлы – 1889 жылы ҚХР Шағантоғай ауданы, Барлық тауы бөктеріндегі жиек ауылында дүниеге келген. Басбай ат жалын тартып, азамат болған соң әкесі еншіге 150 қой, бір айғыр үйір жылқы береді. Есті азамат бір малын екеу қылудың жолын қарастырып, алғашқы қадамын етті мол беретін күрең қасқа қой тұқымын жетілдіруден бастайды. Тынымсыз еңбектің арқасында байлығы лықсыған Басекең кейін келе елінің қорғаны, жұртының басшысы болады. Басекеңнің бүкіл Қытайға аты мәшһүр болуындағы бір әңгіме мынау болатын. Ол кез Қытай мен Жапонның соғысып жатқан кезеңі еді. Алақан жайып келген Үкімет өкілдеріне 500 атты ер-тұрманымен жетектетіп жіберген қазақ байына бәрі таңғалған. Тіпті бүкіл Қытайлық «Амеркиаға қарсы тұрып, Кореяға көмек беру» науқанында, бір ұшақты жылуға атай салған Басекеңның жомарттығы бүкіл Қытайды дүр сілкінткен. Өйткені ол кезде бір ұшақтың құны мөлшермен 100 ат, 100 сиыр, 4 мың қой, 100 сәрі алтынға тең көрінеді. Басбай ٴөзі мектеп табалдырығын аттап, тәрбие алмағанымен, оқу– ағарту ісіне көп көңіл бөлген екен. 1936 жылы ол атамекенінің оқу-ағарту ісін дамыту үшін Шағантоғай Ұрши (орталау) мектебін салуға 500 қой атап, қара сирақ балалардың мал соңында емес, білім қуып, ел тірегі болуына жағдай жасаған. Басекеңінң жұрт қамы үшін істеген жұмыстарының тағы бірі – 1941жылы 5500 юан (сол кездегі ақша құнымен он мың қойға тең) қаржы шығарып, Шәуешек, Шағантоғай тас жолындағы Еміл өзеніне көпір салғызуы еді. Көпір салынған соң Тарбағатай әкімшілік мекемесінің уәлиі бұл көпірге "Басбай көпірі" деген ат беріпті. Атымтай бабамыз ұлт азаттығы үшін де қолындағысын аянбаған екен. Іле, Алтай, Тарбағатай қазақтарының "үш аймақ" төңкерісіне 1000 қой, 100 сиыр, 250 ат тарту еткенін бүгінгі ұрпақ ұмытқан жоқ. Басбай Шолақұлы – "үш аймақ" төңкерісі кезінде және жаңа Қытай құрылғаннан кейін 1952 жылға дейін Тарбағатай аймағының уалиі болды. «Басбай қойы» аталған төрт мүйізді шопан ата тұқымы да осы Басекең еңбегінің жемісі еді. Жалпы, Басбай атамыздың жомарттығы жайында айтылар әңгіме көп. Белгілі этнограф Зейнолла Сәніктің «Басбай» атты зерттеу еңбегінің де берері мол. Бұл турасында алдағы күндерде кеңінен тоқталатын боламыз.

Суретте: Басбай Шолақұлының ескерткіші

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір