• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 18:14:22
Алматы
+35°

01 Ақпан, 2013 NEWS

“Қазақ” газетіне −100 жыл: Үкімет неге үнсіз?

Қазақ  баспасөзінің  қарлығаштарының бірі,  ХХ ғасыр  басындағы  қоғамдық  сананың   көтерілуіне

Қазақ  баспасөзінің  қарлығаштарының бірі,  ХХ ғасыр  басындағы  қоғамдық  сананың   көтерілуіне қызмет еткен,  «Алаш»  һәм барша   қазақ  зиялыларының бастамасымен  жарыққа шыққан  “Қазақ” газетінің  жариялана   бастағанына  биыл  100 жыл  толып  отыр.   Осыған байланысты  әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ-де   «Қазақ  журналистикасының  тарихын  зерттеу мен  даму  үдерісінің  өзекті мәселелері»  атты  конференция өтті.

Жиынға  қазіргі  зиялы қауым  өкілдері мен белгілі  публицистер,  журналистер мен студенттер  қатысты.  Қазақ  журналистикасының  көрнекті  ардагері  Файзулла  Оразаев, түркітанушы  Аманқос  Мектептегі, Қазақстан   Журналистер  одағының  төрағасы  Сейтқазы  Матаев, журналистика  факультетінің  деканы Өмірхан  Әбдиманов, Журналистер  академиясының  төрағасы    Сағымбай  Қозыбаев, белгілі   басылым  редакторлары   қатысып,  «Қазақ»  газеті  мен Ахмет  Байтұрсынұлының  тарихымыздағы және  журналистикамыздағы   рөлі  дараланды.   Факультет деканы Өмірхан  Әбдиманов: «Бүгінге  дейін «Қазақ»  газеті зерттелмеді  деп  айтуға  болмайды. Көп  зерттелді. Ал бүгінгі  конференцияның  басты  мақсаты  -  осы  күнге  дейін «Қазақ»  газеті  мен  Ахмет  Байтұрсынұлының  өмір  жолы  қалай  зерттелгенін  айту  емес, ары қарай қалай  зерттелуі  тиіс,  қай  қырынан  келуіміз кереки  деген  секілді  мәселелерге арналады», – деп конференцияның  басты  мақсатын айқындап  берді.

 Бүгін  отандық  журналистиканың үлкен  мерекесі,  тойы  деп  бастаған  көсемсөзші ағалар ғылымилықты  ысырып  қойып,  конференцияны  құттықтау мен    марапат  тапсырудан   басталды. Журналистер  академиясының «Алтын жұлдыз»  марапаты  «Егемен Қазақстан» газетінің  журналисі  Қайсар  Әлімге  табысталса,   «Президент және халық»  газетінің  бас редакторы  Марат  Тоқашбай шыға  бастағанына  жүз  жыл толуына  орай  бүгінгі  «Қазақ» газетіне  «Жылдың ең  үздік  басымы» деген  атақ берді.

  Конференция  барысында  публицистер мен бас  редакторлар  баяндама  жасап,   «Қазақ»  газетінің  негізгі ерекшеліктерін,  тарихи мәнін айтып,  басылымның  құндылығы туралы  өз ойларын  ортаға  салды:

 Сейтқазы  Матаев, Қазақстан  журналистер   одағының  төрағасы  :  «Қазақ»  газеті     ұлтымыздың  атын  нақтылауға   ықпал етті. Себебі  бізді сол кезге дейін  бірде  қазақ,  бірде  қайсақ,  қырғыз   деп  әртүрлі    атады.  Ал  «Қазақ»  газетінің  шығуымен  қазақ атауы ресмилене түсті.   Газеттің  ең  үлкен  мән-маңызы  осында  деп ойлаймын.  Екіншіден, «Қазақ» газетінің редакторы  Қоғабай  Сәрсекеевке  алғыс  айтуымыз  қажет.  Газетті шығаруда бастамашы  болып,    шырылдап,  жалғыз шығарып,    қазақ  руханиятына  үлес қосып  жүргенін айтуымыз керек.

Аманхан  Әлім,  «Ақиқат»  журналының бас  редакторы  : Мен  «Қазақ»  газетін  неге  жақсы  көремін?    Егер  «қазақ»  деген  атына  бола  жақсы  көрсем,  қатты  кателескенім. Жақсы  көретінім – газет бетінде  жүз  жылдықта  бояуы  кетпейтін,  өлмейтін,  өшпейтін  мәселелер  көтерілді: тіл мәселесі,  жер мәселесі,  саясат пен  ғылым,  тағысы  сол сияқты.  Бұл  тақырыптарды біз әлі  күнге  дейін көтеріп,  өз заманымызға  сәйкестендіріп  айтып   келеміз.  Газетті басынан  бақайшығына дейін  жақсы  көрем!

  Қамбар Атабаев,  т.ғ.д.,  профессор :  «Қазақ»  газеті      тарихымыздың дереккөзі  Қазақтың  сол  замандағы  бар  бітім-болмысы   осы  газет бетінде  бейнеленді.  «Қазақ»  газеті төрт аяғынан  тік  тұрған  газет. Бірінші  нөмерінен   бастап  ұлтым,   халқым  деп  шықты.  Сондықтан  оның  ұлттық сипаты  ұттық  мүдде  тұрғыдан келгенде  деңгейі  өте  жоғары  еді.

 Қазақ  халқының  бет-бейнесін  нақтылап  берген  дүние – екеу,  бірі  Абайдың  мұрасы болса,  екіншісі  - осы  «Қазақ»  газеті.  Абайдан  кейін  қазақтың  сипатын  шынайылықпен   жасап шыққан  «Қазақ» газеті  болды.   Себебі,  газеттің  авторлары     мықты,  нағыз ұлтым,  елім,  жерім  дейтін  азаматтар  еді.  Оларда  ұлттық мүддеден  басқа  мүдде  болған  жоқ.  Бәрінен  ұлттық  қамын,  бүгіні  мен   болашағын  биік  қойды»,-деді.

 Сонымен  қатар,  шетелдік маманның  баяндамасы  тыңдалды.  Ғаламтор арқылы Башқұртстан  ғылым  академиясының  профессоры,  түркітанушы Л.Е. Ялаевамен  байланыс  орнатылып,   профессор ХХ ғасыр  басындағы  біртұтас түрік  идеясының  қалыптасуы және сол  заманғы  қазақ-татар арасындағы   рухани  қарым-қатынасы  туралы  айтып берді.

 Басы  тәп-тәуір  басталғанымен,  конференция  соңына  қарай  ырду-дырду  әңгіме, қонақтардың  өзара  реніші мен  бірінің  сөзін  бірі  жоққа  шығаратын  жиынға  ұласты.  Мақалалары  басылмай  қалған  ағаларымыз келіп отырған  газет  редакторларын  жағасынан  ала  кетті. Сөгіс  жағы  да  қамтылып, мақаланың  мазмұны  талқыланып  кетті.  

Әсіресе  бәрінің  бас  қатырғаны  - қазіргі «Қазақтың» жайы, бұрынғы  «Қазақтың» мұрагері деген  дәрежеге  лайық болу-болмауы. Тарихшы  Қамбар  Атабаев  қазіргі «Қазақ»  газетін  сонау ХХ ғасыр басындағы  «Қазақ»  газетімен  салыстыруға болмайды.  Себебі, ол «Қазақ» -қайталанбайтын  құбылыс,  оның  қайта  жалғастыру  үшін  Ахмет пен  Әлихандарды  қайта  тірілту  керек  десе,  қазіргі  «Қазақтың»  бас  редакторы  Қоғабай  Сәрсекеев  өз пікірінен  таңбай,  халқымыздың  өшкенін  қайта  жаңғыртып,  солар салған  сара  жолмен  жүріп  келе  жатқандығын айтты:  «Бізді  «Қазақ»  газетінің  мұрагері  емес  деп  жоққа  шығару  керек  емес. Қаражат  пен  басқа да  кедергілерге  қарамастан,  «Қазақ»  газетін  шығарып  отырмыз. Ниетіміз   түзу!    Заңды  жалғасы емес  деп  жүргендер,   ол кездегі  басылымда  не  жазылып, не  айтылғанын    біле  бермейді. Себебі, төте  жазуды  танымайды.    Сондықтан   айта  береді.  Біліп сөйлейік,  қисаймайық, құламайық!» – деп айтқанынан  қайтпады.

 Сөйтіп,  қалай  болғанда  да  ХХ ғасырдағы  қазақтың  «көзі,  құлағы, һәм тілі»  болған  «Қазақ» газетінің  шыға бастағанына  100 жыл  толуы  аталып  өтті.  Алайда, газеттің  бүгінгі  ізбасарлары  әншейінде  құттықтауын  жібере  қоятын    біздің  үкімет  әлі  үнсіз  қалғанына  өкпелі екендігін  айтты.

Түйін:  «Қазақ»  газетінің  бас  редакторы   Қоғабай Сәрсекеев ағамыз газетті   алғаш  қолға  алған   2006 жылдары    тіркетейін  деп  арнайы  орындарға  барса,  алдыңғы    редакторыңыздан  «справка»   әкеліп  беріңіз  деп  айтыпты. Күлкілі  жайт.  Демек,  басы  асау  ғасырдағы  «Қазақты»  бүгінгі  ұрпақ  біле  бермейді  деген сөз.  Үкімет білмесе, жастар  білмесе,  «Қазақ»  газеті кімге  керек?

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір