• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Мамыр, 00:17:42
Алматы
+35°

19 Наурыз, 2015 NEWS

Амангелді Еренғайыпұлы: Интернет конференция жауаптары

Белгілі қажылық сапарын ұйымдастырушы, «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті, философия ғылымдарының кандидаты, доцент, көптеген ғылыми еңбектердің...

Белгілі қажылық сапарын ұйымдастырушы, «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті, философия ғылымдарының кандидаты, доцент, көптеген ғылыми еңбектердің авторы Амангелді Еренғайыпұлы Интернет-конференция  сұрақтарына  жауап берді. 

– Қағбаға кіру бақыты кез келген адамға бұйырмаған ғой. Сол туралы айтып берсеңіз.

– Бисмиллаһир-Рахманир-Рахим. Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауаттар болсын! Қағба жер бетіндегі «Алланың үйі» деп есептелінеді. Құранда Алла тағала Қағбаны «Бәйтулла» яғни, «Алланың (өзімнің) үйі» деп атады. Қағбаның географиялық орналасқан жерінің өзі адамды таңқалдырады.

«Не үшін мұсылмандар бұл жерге бара береді?» деген сұрақтың жетегінде Қағбаның орналасуын зерттеген Батыс ғалымдары Қағба жердің қақ ортасында орналасқанын анықтаған. Сонымен қатар, Батыстың мұсылман емес ғалымдары Қағбаның бұрышындағы «қара тасты» зерттейді. Жаңағы «қара тастың» бір бөлігі Англияда сақталған. Соны зерттеп қарағанда тастың құрамындағы минералдар жер бетінде мүлдем кездеспеген, мүлдем жоқ минералдар болып шыққан. Тіпті, Айдан да іздеп таппайды. Сонда олар «Бұл қайдан келген» деп таң қалады. Ал, оның жауабын Пайғамбарымыз хадисінде айтып кеткен. «Қара тас Жәннәттан келген».

Қажылыққа барушылар Қағбаны сағат тіліне қарама-қарсы айналады. Мұны «Тауап» деп атайды. Тауап еткенде Қағбаны жеті рет айналады. Сол кезде адамның бойындағы барлық кері энрергия шығып кетеді екен. Мұны зерттеген, Батыс ғалымдары кімде-кім Қағбаны көп айналатын болса, соның өмір жасы ұзақ болады деген қорытындыға келеді. Өйткені, бұл шын мәнінде қасиетті орын.

Құран мәліметтері бойынш, кезінде Ибраһим Пайғамбар баласы Исмайл Пайғамбар екеуі осы Қағбаны салып болғанда Алла Тағала «Барлық адамдарды осы жерге шақыр» деп бұйырған. Алла Тағала Ибраһим Пайғамбардың бұл шақыруын қияметке дейінгі барлық адамдарға естіртті. Шақыртуды қабыл алған барлық адамға осы қасиетті Қағбаны көру нәсіп болды. Оны бір көрген адам шынымен де таң қалады. Мен 1996 жылы бірінші рет қажылыққа барғанда бір сиқыр әлеміне кіріп кеткендей болғам. Одан бері қанша мәрте қажылыққа барсам да сол ерекше сезімде болатыным рас. Оның сыртын көрген кездің өзінде сөзбен сипаттай алмайтын ерекше әсерде боласың. Ал, енді, оның ішін тілмен айтып жеткізу мумкін емес.

– Сонда қара тас Қағбаның ішінде тұр ғой...

– Қара тас Қағбаның сыртында солтүстік-шығыс жақ бұрышында тұр. Тауап сол қара тастан басталып қара таспен аяқталады. Күші жеткен адам барып сол қара тасты сүйіп жатады.

– Қағбаның ішінде не бар?

– Алла Тағала маған Қағбаның ішіне кіруді екі мәрте нәсіп етті. Аллаға шүкір. Бірінші рет кіргенде есім шала-шарпы болды. Шын мәнінде, Алла Тағаланың қалауымен болған. Ал, екінші рет арнайы шақыртумен барғанда кірдім. Қағбаның ішіне кіргенде ерекше бір құдыретті сезесің. Қағбаның есігінен оң аяқпен аттаған кездің өзінде оның ауасының өзі біздің ауаға ұқсамайды. Атмосферасы бөлек. Күш денеңді аспанға бірден көтеріп алып кетеді. Намаз оқыған кезде оны тіпті одан да көбірек сезінесің Елбасымыз Қағбаға кіргенде «Аяғым жерге тимеді. Мен бір құдыретті сезіндім» дегені содан. Пайғамбарымыздың бір хадисінде; «Намаз – мұсылманның миғражы»,-дейді. Яғни, намаз мұсылманды көкке алып шығады деген сөз. «Бұл қалай? Біз намаз оқып жатқанда жердің бетінде тұрамыз ғой. Әлде, біз намазды дұрыс оқымай жатырмыз ба?» деп, Египетте оқып жүрген кезімде, осы хадисті ұстаздардан сұрайтынмын. Алла Тағаланың қалауымен мен сол сұраққа жауапты Қағбаның ішіне кіргенде сезіндім. Шын мәнінде, намаз оқығанда бірінші қабат аспан, екінші намаз одан сайын биіктейсің. Тағы бір басқа әлемге кіріп бара жатқаныңды сезінесің.

Мен екінші рет кіргенде Алланың қалауымен екі жарым сағат жүрдім. Негізі 5 минутқа ғана рұқсат береді екен. Маған қалағаныңша бол деп рұқсат берілген. Бірақ, менің күшім екі жарым сағатқа ғана жетті. Әрі қарай жүрегім аузыма келгенде күшім жетпейтінін түсіндім. Бірге кірген адамдардың кейбіреуі 5 минуттың өзіне шыдамай жатады. Есінен танып, кіре салып шығып жатқандарды да көрдік. Өйткені, ол – қасиетті жер. Оның бар қасиетін тілмен жеткізу мүмкін емес.

Қағбаның көлемі 12 м де 12 м. Мен бұрын Қағбаның ішіне кірген соң төмен түсіп, қара тастын арт жағынан барып сүюге мүмкін болар деп ойлайтынмын. Сүйтсем, Қағбаның есігінің өзі екі метр биіктікте екен. Содан, ішіне кіргенде биікте жүресің де, қара тас төмен жақта қалып қояды. Кірген кездегі 240 кг алтыннан жасалған есіктен аттағанда алдыңызды үш діңгек тұрады. Кірген соң, оң жақ бұрышында қоршап қойған және бір есік бар. Ол «Тәубе есігі» деп аталады. Ол да алтыннан жасалған беріқ, кішкене ғана. Сол ескітен кірсек, ары қарай төбеге алып шығатын баспалдағы бар. Ал, жаңағы үш діңгектің ортасында өте ескі заманғы аспалы шам ілініп тұрады. Едені мрамордан жасалған. Қабырғалары да екі метрге дейін мраморланған. Ары қарай толық жасыл матамен қапталған. Оны «Қағбаның ішкі кисуасы» деп атайды.

Бар болғаны осы ғана, ал енді, әсерге келетін болсақ тіл жеткізе алмайтын сезім билейтіні рас.

– Осы қажылардың көбісі Қажылық сапардан оралған соң ұлан-асыр той жасап, ел-жұрт алдында «қажы болдым» деп жатады. Сол жайында не айтасыз? Қажылықтан келген соң той жасау шарт па?

– Қажылыққа барып келген соң той жасау шарт емес. Білесіздер, алты алашқа аты мәлім Құнанбай сұлтан қажылыққа кеткенде жұртты жинап, қоштасып, ел-жұрттан кешірім сұрайды. «Мен қажылыққа кетіп барамын, қайтып ораламын ба, жоқ па білмеймін. Сондықтан мені кешіріңіздер. Егер қажылықтан оралмасам, мені сол жақта қайтыс болды деп есептеңіздер» деп, қоштасадды. Заманында қажылыққа аттанған барлық кісілер солай істейтін болған. Ол кездерде қажылыққа кез-келген адам бара алмайды. Өйткені, біріншіден; қаражаты болу керек. Екіншіден; қажылықтың жолына шыдайтын болуы тиіс. Үшіншіден; жүректе шынайы иман болуы керек. Ал, сондай машақатпен барып келгенде ел-жұрты топ-тобымен келіп амандасып, мән-жай сұрасып, «қажы» деп құрметтейтін болған.

Бүгінде ондай қиындықтар артта қалған. Жол машақаты жоқ. Бұрын аталарымыз 5-6 ай жүріп жеткен жерге бүгінде 6-7 сағатта ұшып барып, қажылығын өтеп қайтып жатады. Енді, қажылықтан кейін міндетті түрде той жасау шарт емес. Бірақ, бүгінгі қажылар да сондай қасиетті жерді көріп, үлкен әсермен, сезіммен келген соң соны өзінің туыс-туғандарымен бөліскісі келеді. Ол әркімнің үйіне барып айта бермейді ғой. Сондықтан бәрін жинап, той жасап, бөлісіп жатады. Қазір «қажы той» деп аталып кеткен ғой. Шариғатта бұндай нәрсе істеме деген де үкім жоқ. Алла ризалығы үшін істеп жатса, әрине, сауапты іс болып саналады. Ол әр адамның өз еркіндегі іс.

– Не үшін осы қызметті таңдадыңыз? Білікті дін маманы көрінесіз, имам болу ойыңызда болған жоқ па?

– Мен өзі бұрынғы Торғай облысының азаматымын. Әкеміз журналист болды. Аудандық газетте редактор қызметін атқарды. Қазір о дүниелік боп кетті. Әкем мені әу бастан-ақ дінге даярлаған болатын. Ол кісі «Ертең егеменді ел боламыз. Біздің аталарымыз дінді тарқату үшін келген. Біз қожа руынан боламыз. Сондықтан біз осы жолды жалғауымыз керек. Менің заманымда дінді үйренуге мүмкіндік болмай қалды. Бірақ сенің заманыңда дін үйренуге үлкен жолдар ашылады» деп жиі айтатын. Бұқарадағы медресеге жіберем дегенде мен «Медресеге қашан барамыз? Қашан барамыз Бұқараға?» деп әкемнің мазасын алатынмын. Сол арманы орындалып, мен әскерден соң Меркі медресесіне түсірді. Медреседен имамдық оқуды бітіріп шықтым. Одан кейін де оқу керектігін түсіндім. Араб тілінің грамматикасын үйреніп, Алланың қалауымен Египеттегі Каир қаласына оқуға қабылдандым. Сөйтіп, елге келгеннен бері, Исламдағы бес парыздың бірі Қажылықты ұйымдастыру бойынша қызмет етіп жүрміз.

Мен имам болып қызмет еткен жоқпын. Бірақ, қазіргі қызметімнің жауапкершілігі имамнан да жоғары деп білем.

Аманкелді мырза, қажылыққа қарапайым ауыл адамы бару үшін қанша қаражат кетеді?

Қажылыққа баратын адамдар үшін баға бір. Ауыл, қала болып бөлінбейді. Қаражаты бар адамға ғана қажылыққа бару парыз.

Ал, бағаға келсек, жылдан-жылға қамбаттап келеді. Өткен жылғы қажылық 4200 долларға шыққан. Енді биыл 100-200 долларға қымбаттауы мүмкін. Себебі, әр жылғы қажылықтың бағасы Сауд Арабиясындағы қонақ үйлердің қымбаттауына байланысты. Сонымен қатар ұшақтың бағасы да тұрақты емес, сондықтан қажылық бағасы да өсіп келеді.

– Қазақстаннан қажылыққа барушылардың легі жылдан-жылға артып келеді. Қажылыққа бару үшін алдын-ала қандай шарттарды орындау қажет?

– Қажылыққа бару үшін әрбір мұсылманға талап етілген 5 шартты орындау керек. Сол шарттарды орындаған жағдайда ғана ол кісіге қажылыққа баруға болады. Бірінші шарт – мұсылман болу. Екінші шарт – балиғат жасына (12-15 жас аралығы) жеткен болу. Үшінші шарт – ақыл-есі дұрыс болу. Төртінші шарт – еркіндікте болу. Бесінші шарт – қаражаты болуы. Яғни, артында қалған жанұясы қиналып қалмайтын болуы керек.

– ТМД елдерінде бірінші болып «Сала көшбасшысы» атану үлкен мәртебе. Тәжиірбиелеріңізбен бөлісе отырсаңыз.

– Өз басым 1996 жылы студент кезімде бірінші рет қажылық жасағам. Ол кезде көп адамдар бара алмайтын кез еді. Дін жағында оқып жатқан студент болсам да мен қажылыққа қатты дайындалдым. Ол кезде қажылықтан соң Мәдина қаласындағы өзбек ағайындардың қонақ үйіне студенттер тегін жатады. Ал, өзбек ағайындардың қажылары өздерінің тәкие жайларында жатады. Кезіндегі Құнанбай салдырған тәкие жайлары қалмады ғой. Ал, өзбектердің Мекке мен Мәдина қаласындағы тәкие жайлары әлі күнге шейін жұмыс істеп тұр.

Сол кезде Өзбекстаннан 500 қажы келді. Ертесіне оларды зияратқа автобуспен апару керек еді. Сол кезде қонақ үйдің қожайыны бізге; «Мына жердің тарихын білетін адамдар бар ма? Түсіндіріп беретін кісі керек еді» деді. Мен өте тыңғылықты дайындалып барғам. Содан менің қолыма дыбыс ұлғайтқышты беріп, Автобустың алдыңға орындығына жайғастырды. Ұхұд шәйіттері жерленген қабірлерге келдік. Оның тарихын айтып бердім. Қажылар тебіренгеннен көздеріне жас алды... Сосын, Құба мешіті, Қос құбылалы мешіт. Ол жерлерде де аталмыш орындардың тарихын айтып бергеніде қажылар ризашылығын білдіріп, баталарын беріп жатты.

– Сол кезде маған мынадай ой келді. Неге қазақстандық қажылар осылай келмеске, неге біздің қажыларымызға осылай қызмет қылмасқа..?

– Сол ниетімізді Алла тағала қабыл етіп, 1998 жылы елге келгеннен бастап, Алла Тағаланың қалауымен осы жұмысқа кірістік.

Сонымен, 2002-2006 ж.ж. шейін қажылықты ұйымдастыруды ҚМДБ «Спутник» туристік компанияға жүктеген. Ол туристік компания болған соң жәй-жапсарын біле бермейді. Мені сол компанияға жұмысқа жіберді. Ал, 2006 жылы мен «Нұр-Қазақстан» компаниясын ашып, 2007 жылдан бастап осы бағытта жұмыстар істеудеміз. Біз бірінші кезекте Қазақстаннан барған қажылардың қиналып қалмауына, қажылықтан ренжіп қайтпауына басты назар аударамыз.

Қазір Аллаға шүкір, осы күнге дейін ондай фактілер тіркелген жоқ. Осы ниетіміздің қабыл болғаны деп түсінем, 2014 жылы бүкіл ТМД елдерінде қажылық компаниялар арасында рейтинг жүргізілген екен. Сол рейтінгіде біз бірінші орынға шығып, «Сала көшбасшысы» сертификатын иемдендік. Ал маған «Даңқ жұлдызы» орденін тақты. Аллаға шүкір.

– Қажылықтан келген соң жалпақ жұртқа жар салушыларға тоқтату немесе түсіндіру секілді жұмыстарды сол қажылық барысында түсіндіру керек деп ойлаймын. Сіз не дейсіз? Тоқтатуды қажылық барысында түсндіруден бастау керек пе?

– Қажылықта жүргенде уағызға көп көңіл бөлеміз. Өткені, ол кісілер елде жүргенде көп уағыз ести бермеуі мүмкін. Қасиетті жерге келіп, өз көзімен көріп тұрғасын қажылықтағы уағыз адамға өте қатты әсер етеді.

Ол жерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ұрпақтары бар, шейхтар бар. Біз олармен арнайы кездесулер ұйымдастырамыз. Қажыларымыз Пайғамбар (с.ғ.с) ұрпақтарын көргенде құдды Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көзін көргендей қатты әсерленіп, көздеріне жас алып қайтады. Сонда шейхтар бізден барған қажыларға «Сіздер ертең елге оралғанда «Мен – қажымын» деп кеуделеріңізді ұрмаңыздар. Онда Алла Тағала алдында сендердің жиған сауаптарың түбі тесік шелек секілді болып қалады» деген мазмұндардағы уағыз-насихаттарды көп айтады. Әрине, мұндай түсіндіру жұмыстары жасалады. Түсінген адамға қажы болу атақ емес. Бар болғаны Алланың парыз еткен құлшылығын орындау ғана.

– Қажылыққа барудың қаншалықты пайдасы бар? Көрінген ұшып бара салады?

– Қажылық, ол – көрінген ұшып бара салатын нәрсе емес. Көрінген ұшып бара салмайды. Қаншама қалтасында ақшасы бар байларымыз бар. Солар бара алмай жүр қазір. Қажылыққа Алла нәсіп еткендер ғана барады. Алла шақырды ма, ақшасы жоқ адамның өзін Алла Тағала басқа біреулер арқылы апарады. Сондықтан кім-көрінген емес, Алла шақырған адам ғана барады.

Қажылыққа барудың ең үлкен пайдасы – Исламдағы бес парыздың бірін орындаған болып саналады. Пайғамбарымыз өзінің хадисінде «Кім қажылық парызын өтемесе, онда оның өлімі басқа діндегі адамның өлімімен тең»,-дейді. Сондықтан, мүмкіншілігі бар адам ғұмырында бір мәрте қажылыққа барса, оның қажылық парызы мойнынан түседі.

Кезінде бір сахаба Пайғамбарымызға (с.ғ.с); «Алланың елшісі, мен биыл қажылыққа бармай-ақ қояйын»,-дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с); «Неге биыл барғың келмейді. Жағдайың келмей ме?»,-деп сұрайды. Сонда сахаба «Жағдайым келеді. Тек үйде реттелуі тиіс шаруаларымды реттеп алсам, келер жылы барам ғой»,-дейді. Алла Елші (с.ғ.с) тұрып; «Қажылыққа асық»,-деп насихат береді.

Ал, қажылықты Алла разылығы үшін орындағанымыздың пайдасы орасан. Барлық күнәларымыз кешіріледі және Пайғамбарымыздың «Қажылық өтеген адамның сауабы – Жәннат» деген хадисі бар. Яғни, Алла тағала осыншама жеңілдік жасап берген. Күнәмізді кешіреді, Жәннатты нәсіп етеді. Бірақ, адам мойнындағы қажылық парызды түсіру үшін барады.

– Жастарды арнайы ұйымдастырумен қажылыққа апару дұрыс па?

– Жастар біздің болашағымыз ғой. Әрине, жүрегі иманға бет бұрған жастарды үлкен қажылыққа, ұмра қажылыққа апарып жатса, бұл үлкен сауап.

– Қажылыққа тегін апару дұрыс па?

– Қажылыққа тегін апару деген қазір жоқ. Бірақ, 1998 жылдары Сауд Арабиясы біздің Қазақстанға арнайы көзі түсіп, өз қаражаттарына 250 адамды, 1999 жылы 250 адамды қажылыққа шақыртқан. Сол кезде паспорт алу, ішкі виза жасату біраз қиындықтар туғызатындықтан, дайындары барып келді. Ал, үнемі мешіттерден қалмай жүрген кісілер аяқ-астынан құжаттарын жасата алмай бара алмай қалды. Одан кейін тегін қажылық болған жоқ. Бірақ, біздің өзіміздің қалталы азаматтар бар, қажы боп келген. Біз соларға жыл сайын айтамыз. Осылайша, жомарттық жасаған азаматтардың есебінен 5-10 кісіні жіберіп тұрамыз.

Шет елдегі қазақтар немесе оралмандығын әлі азаматтық алмағандар Қазақстанның қажылық компаниялары арқылы қажылыққа баруға бола ма? Болса қандай талаптар қойылады? Азаматтығы бар қазақтардан не айырмашылығы бар?

2007 жылға дейін шет ел азаматтарына Қазақстанның компаниялары арқылы қажылаққа баруға рұқсат болып келді. Бұл 2008 жылдан бастап тоқтатылды. Енді тек Қазақстанның паспорты бар кісілер ғана бара алады. Ал, ықтияр хаты бар азаматтарға ұмра қажылыққа ғана баруға рұқсат беріледі.

– Қазақ қандай мұсылман. Біз аруаққа табындық па?

– Біз қазақ шынайы мұсылманбыз. Әруаққа табынбағанбыз. Дұғада «аруақ қолдасын» дейді ғой. Ол жерде аруаққа табынушылық емес. Аллаға сенген, әруақтарымызды құрметтейтін мұсылманбыз. Осыны білген жөн. Әруақты құрметтемейтін қазақ жоқ. Біз қалай құрметтейміз? Біз намаздарымыздан соң соларға дұға жасаймыз. Жандарын жәннатта ете гөр деп Аллаға жалбарынамыз. Мыласы, өзіміз жиі баратын Арабияда әруақтар үшін дұға жасалынбайды. Мен бірде бір ай бойы Құран хатым түсірдім. Мешіттен шықпай Құран оқып жатсам, бір араб бауырым келіп не үшін жиі құран оқитынымды сұрады. Мен «Осыны аяқтап болған соң, әруақтарға бағыштап дұға жасаймын»,-десем, маған; «Оларға неге жасайсың, сауабын өзіңе қалдырмайсың ба?»,-дейді. Мен «Сен әкеңе бағыштап Құран оқымайсың ба»,-десем,- «Жоқ, менің әкем өзінің Құранын өзі оқып кеткен. Мен өзім үшін оқимын. Менің балам да мен үшін оқымай-ақ, қойсын»,-дейді. Біз олай айта алмаймыз ғой. Біздің әке-шешелеріміз Кеңес өкіметі тұсында өмір сүрді. Біз олардың жағдайы қалай болып жатқанын білмейміз ғой. Сондықтан, біз Алладан жалбарынып, дұға жасаймыз. Ал, олардың әке-шешелері 14 ғасыр бойы шариғатпен жүріп келеді ғой.

– Кіші қажылыққа жылына неше рет апарып тұрасыздар? Үлкен қажылықпен баға айырмашылығы қандай?

– Екі қажылық уақыт жағынан да, баға жағынан да парықты. Мәселен; Осы оразаға дейін ұмра қажылақ уақыты болса, ораза уақытында тоқтатылып, екі ай үлкен қажылыққа дайындық жүргізіледі. Кіші қажылықтың бағасы үлкен қажылықпен салыстырғанда екі есе төмен. Өйткені, үлкен қажылық кезінде қонақ үйлердің, ұшақтың бағалары өсіп, Мина жазығында шатырдың астында жатады, оған бөлек төленеді.

– Тәңіршілдік Ислам дінінің бір бөлшегі ме? Әлде бөлек пе? Меніңше, Тәңір деген Алланың бір аты. Осы туралы сіздің көзқарасыңыз.

– Тәңіршілдікті бөлек дін деп айта алмаймыз. Өйткені, дін Алла тарапынан келеді, адам тарапынан ойлап шығарылмайды. Мысалы; Пайғамбарлар кімге келеді? Пайғамбарлар азғындаған қауымға келген. Ал, шектен шықпаған қауымға Алла Тағала елші жібермеген. Біз қазақ осындай шектен шықпаған халық болғанбыз. Сол кезде біздің бабаларымыз бір Құдайдың барына сеніп келді. Парсыша-Құдай, арабша-Алла, қазақша, ол-Тәңір. Сол кезде біз бір Тәңірдің барына сенді. Бірақ, оны қайдан іздерін білмеді. Ислам қазақ даласына келгенде қазақ бірден қабылдады. Себебі, қазақтың айтып жүргені осы болатын.

– Ауарайына немесе басқа да ерекшеліктеріне байланысты қажылыққа баруға жас шектеу қойыла ма? Қаусаған қария мен жасы жетпеген балалардың қажылыққа баруы қаншалықты дұрыс?

Қажылық парыз болған соң жасқа ешқандай шектеу жоқ. Бірақ, құс тұмауы шыққан кезде Саудия билігі 65 жастан асқан қарияларға қиын екенін ескерткен еді. Бірақ, ол келмеуі керек деген сөз емес. Сол кездері біздің біраз азаматарымыз, 65 жастан асқан қарияларға қажылыққа баруға болмайды екен деп ойлап қалған еді.

– Әсіре діншілдік қазақтың кей дәстүрінен тозық іздеп, кей дәстүрлерімізді Аллаға серік қосуға дейін апарып тастайды. Философиялық тұжырым мен Ислам қағидаларына сүйене отырып, қазақтың салт-дәстүрі мен Исламның арасындағы байланысты кеңірек айтып берсеңіз. Менің ойымша қазақ халқының салт-дәстүрі Исламның ең асыл элементтері секілді. Ал, сіз қалай ойлайсыз?

– Біздің салт-дәстүріміздің барлығы Исламға қайшы келмейді. Мысалы; ҚМДБ-ның өткен жылды «Дін мен дәстүр жылы» деп атағанын білесіздер. Шариғаттың бір құндылылығы әр халықтың салт-дәстүрлеріне дейін мән беріледі, қаралады, ескеріледі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Муғаз ибн Жәбәл деген сахабаны (р.а) Иеменге жібереді. Иеменге шығарып салып тұрып; «Ей, Муғаз! Сен Иеменге кетіп барасың. Ол жақтағылардың көбісі христиан дінінде. Сен оларға қалай уағыз жүргізесің»,-дейді. Сонда Муғаз ибн Жәбәл; «Иә, Расулалла (с.ғ.с)! Сен қалай бұйырған болсаң солай жүргізем»,-деп жауап қатады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Муғазға;

Бірінші сен оларды Алланың дініне шақыр, намаз зекетті үйрет және сен олардың дәстүрлерін зертте. Егер, Алланың дініне қайшы келмейтін болса, сен олардың дәстүрін қабыл ет,-деп бұйырады. Қазір енді әсіре діншілдер шыққаны да рас. Мысалы, келіннің сәлем салуын намаздағы рукуғпен шатыстырады. Рукуғ, ол – дәретпен құбылаға бұрылу. Ал, сәлем салу ол -құрмет. Қазақ халқының да үлкендерге қеудесіне қолын қойып сәлем беруі, кезінде, хандардың алдына бір тізерлеп, оң қолын кеудесіне қойып, екейіп сәлем беруі – үлкен ізеттің белгісі болған. Өзбек ағайындар күні бүгін үлкенге сәлем бергенде еңкейіп, қос қолдарын кеудесіне қойып сәлем береді. Егер, сәлем салу күнә болса, өзбек ағайындардың барлығы бірден мүшірік болып, діннен шығып кетпей ме?

– Қазақстанда қажылыққа ең көп баратындар кімдер? Жасы, байлығы, қоғамдық дәрежесі секілді жіктеулер бойынша?

– Біздің компания арқылы баратындардың басым көпшілігі бұрыннан бері барып жүрген адамдар. 20-30 пайызы ғана жаңадан келіп жатады. 2000 жылға дейін бізде жастар мүлдем бармайтын. Ал, қазір, керісінше, жастар көп. Сосын, ер азаматтарға қарағанда әйелдер көбірек барады.

– БҰҰ Адам құқығын қорғау ұйымы атынан ерлігі үшін берілетін «Алтын Қыран» төсбелгісімен марапатталыпсыз, құтты болсын!

– Бұл да бір Алланың үлкен сыйы. 2004 жылғы қажылықта біз шайтанға тас лақтыратын жерде үлкен қысымнын ортасында қалып қойдық. Ол кезде 9 миллионға жуық қажылар келген болатын. Біз Саудиялық шейхтармен байланысып тұрамыз. Менің бір шейх досым хабарласып, «Биыл шайтанға тас лақтыратын жер өте қауіпті. Сен қажыларыңа айт, үлкен кісілерді жақындатпай-ақ қой»,-деді. Біз сол кезде шайтанға тас лақтыруға дайындалып жатқан болатынбыз. Содан біз жасы үлкен кісілерді көндіріп, 500 қажыдан 100 жас қажыға қысқартып, дорба-дорба тасты алып дайындалдық. Ал, шайтанға тас лақтыру өте қиын еді. Ортадағы жалғыз діңгекке тиюі керек тас арғы беттегі адамдарға өтіп кетіп жататын. Сөйтіп, 300 метрдей жер бар, кептеліп тұрмыз. Артымызда бәленбай шақырымға созылған адам. Біз тұрған жерімізде тұрмыз. Жарты сағат тұрған соң, мен екі қажының иығына қолымды қойып не болғанын білмекке көтерілдім. Қараған кезде не болғанын түсінбей қалдым. Аамдардың үстінен адамдар жүгіріп кетіп барады. Сосын түк түсінбей тұрып қалдым. Шайтанға тас лақтыратын жер адамның көптігінен кептеліп қалыпты. Сондай мен әлгі қажыларды ертіп, басқа жерге шығаруым керек.

– Сосын қажыларға айттым «Мына жерден шығу керек. Ақырын оң жақпен жылжи беріңіздер, ешкім қалмасын мына жерде» деп, ақырындап жылжытып барлық қажыларды шығарып жатыр едім, барлық қажы шығып болды-ау деген кезде, жаңағы кептеліп жатқан адамдардың бірінші қатары, артанан екінші қатар, сосын үшінші қатар бір жел үрлегендей бірыңғай құлап жатыр. Жаңағы жерде құлап жатқан адамдар тау болып үйіліп қалды. Енді біреуді құтқаруға адам дәрменсіз ана жерде. Тек Алла деп жылағаннан басқа амал жоқ. Айналдырған 5-10 минуттың ішінде 251 адам өлді. Егер біз сол жерден шығып үлгермегенімізде жан тапсырар ма едік?

– Сол жолғы менің жедел әрекетім ерлікке бағаланып, арада он жыл өткенде 2014 жылы осы төсбелгімен марапатталдым. Аллаға сансыз шүкірлік айтам. Міне, сол оқиғадан кейін шайтанға тас лақтыратын жерді жөндеп, басқаша етіп, жасады. Бұрын екі қабат болса, қазір алты қабат. Бұрынғыдай діңгек жоқ. Қазір үлкен қабырға.

– Қағбаға кіргенде не тіледіңіз?

Қағба ол Алланың үйі. Сен Алланың қонағы болып отырған соң, ол жердегі барлық тілек қабыл болады. Мен Қағбаға кіргенде еліміз үшін, жеріміз үшін, тіліміз үшін, дініміз үшіні, Елбасы үшін тілек тіледім. Халықтың имани әл-ауқаты жоғарылағанын тіледім. Мен ол жерде бір дүние сұраған жоқпын.

– ҚМДБ өз міндетін қаншалықты орындап отыр?

Ержан қажы Маямеров – Қазақстанның Тәуелсіз тарихындағы үшінші мүфти. Жолдас жігіт, Египетте бірге оқыдық. Қазақта жас келсе іске деген бар ғой. Ол кісі келгелі бері Діни басқармада көптеген өзгерістер болып жатыр. Атқарып отырған жұмыстары көңілімізден шығады, әрине. Дін мен дәстүр сабақтастығын жаңғыртып, оқу-ағарту, уағыз-насихат жұмыстары мен медреселер жұмысы, имамдардың біліктілігі, қайырымдылық шараларын көптеп ұйымдастыру, жат ағымдармен күрес мәселелерінде белсенді жұмыс жасауда.

– Қажылық сапарға барғанда әлемнің түкпір-түкпірінен келген мұсылмандармен пікірлестіңіз бе? Қазақты, Қазақстанды қаншалықты таниды? Көзқарастары қалай?

– Алғашында барып жүрген кезде, қажыларға киім тіктіру деген болмаған. Оны мен мына «Нұр-Қазақстан» ашылғанда алғаш болып тіктірттім. Туымыз түстес көк кеудешенің алдына да, артына да «Қазақстан» деген жазуды ағылшынша, қазақша, арабша жаздырттым. Сол киіммен жүргенде кез-келгені танып жатады. Бұрын онша танып-білмей жатса, қазіргі күнде біреу тарихымызды біледі, біреу Елбасымыз арқылы таниды, кейбірелер Бейбарыс сұлтан тектес ұлы тұлғаларымыз арқылы біледі. Енді біреулер әлемдік бастамаларымыз арқылы біледі.... Жеріміздің үлкендігі жөнінен мүсылман елдері арасында 1-орындамыз, Аллаға шүкір. Кейбіреулер осы жағынан біледі дегендей. Қазір Аллаға шүкір, көп жұрт таниды.

– Қазақстаннан барған қажыларды Құнанбай қажының мешітіне апарып тұрасыз ба?

– Қазір Меккеде Құнанбай қажының тәкиесі жоқ. Жалпы, біз бұны да зерттеп қарадық.

1872-74 жылдар аралығында Құнанбай қажының барғаны, ол кезде қазақтың 4 тәкие жайы болғанын.Өзбектерде, ұйғырларда бар, ал қазақ келеді, бар ақшасын қонақ үйлерге шашады. Неге біз осында тәкиежай салмаймыз деп Мекке әкімінен рұқсат алып, 4 тәкие жай салынған. Ол тарихта бар. Кейін 1917 революциядан кейін қажылардың саны азайып, келу тоқтап қалған болатын. 1956 жылы Халифа Алтай атамыздың айтуы бойынша, Түркиядан барған қазақтар сол әл-Харам мешітінің жанындағы Құнанбай қажының тәкие жайында жаттық деген. Сол тәкие жайдың ішінде бұрындары осы елге келген қажылардың суреттері болған дейді. Қазір ол тәкие жайды Арабтың суити деген тайпасының өкілдері басқарып отырғанын жеткізген. Ал, тарихқа үңілетін болсақ, 1960 жылы әл-Харам мешітін үлкейту, кеңейту туралы шешім шығады. Сол жоба бойынша маңайдағы барлық базарлар, қонақ үйлер сатылып алынады. Сол кезеде Құнанбай қажының да тәкие жайы кетеді. Менің осы айтқаныма Арабтың бір тәкие жайларға қараушы шейхы «Біздің қарамағымызда 100-ден астам иесіз тәкие жайлар бар. Солардың ішінде сіздердіңде тәкие жайларыңыз бар екенін білемін. Тек сол тәкие жайларды қайта талап ету үшін құжаттар болуы керек. Егер құжаттар болмаса ештеңе өнбейді»,-деп жауап қайырды. Ал, негізгі құжат Ақтөбедегі Досжан хазіретінің атында болған дейді. Ал, Досжан хазіреті қайтыс боларында баласына тапсырады. Ал, оның балалары Мәскеуден КГБ қызметкерлері сұрастырып келгенде арабша жазылған құжатын, мөрін, т.б. суға лақтырып жіберген дейді. Сол жоғалған құжаттар табылмады. Енді біз ол жерлерге иелік ете алмаймыз.

(Жалғасы бар)

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір