• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

06 Мамыр, 15:38:30
Алматы
+35°

25 Ақпан, 2013 NEWS

Санаға тұсау салынғаннан кейін басқаша ойлау мүмкін емес!

азіргі заман әрі уақыт талабы Мемлекет, дін, ұлт туралы

Қазіргі заман әрі уақыт талабы Мемлекет, дін, ұлт туралы түсінік-танымдарға жаңаша көзқараспен қарауды талап етуде. Оларға заманауи жаңа талаптар қою,  нарық кезеңіне, жаһандық  үдерістерге   сай іс-әрекеттерді күту − бүгінгі күннің елеулі мәселесі.

Шынында да, діннің мемлекет пен ұлт қалыптастырудағы рөлі қандай? Олар бір-бірімен қарым-қатынасты қай дәрежеде, қандай бағыт-бағдарда құрулары керек? Осыған орай, біз кезекті келелі кеңесімізге Халықаралық педагогикалық білім беру, еларалық Ш.Айтматов академияларының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақтияр Смановты, Нұр-мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің PhD докторы, дінтану кафедрасының меңгерушісі Алау Әділбаевты, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы, мәдениеттанушы Мұртаза Бұлұтайды, филология ғылымдарының докторы, дінтанушы, Сүлейман Демирел университетінің профессоры Ислам Жеменейді, журналист, дінтанушы, «Жалын» журналы редакторының орынбасары Құдияр Біләлді шақырған едік. Енді, назарларыңызға сол келелі кеңестен туған пікір-тұжырымдарды, ой-түйіндерді ұсынамыз. 

– Хұжрат сүресінде: «Ей, адам баласы сендерді бір ер, бір әйелден Адам Хауа анадан жараттық. Сондай-ақ, сендер бір-бірлерінді тану үшін ұлттар, рулар қылдық» деген аят бар. Міне, бұдан біз дінге ұлттың жат емес екенін байқаймыз. Ал, ұлт бар жерде мем­лекет болады. Осыған орай, «қазіргі мемлекет, дін және ұлт арасындағы қарым-қатынаста Сіздердің байқағандарыңыз не? Кемшілік неде? Қай тұстарда нені игере алмай жатырмыз? Нені игердік?» деген сауалдар туады. Сондықтан, діннің мемлекетті, ұлтты қалыптастырудағы рөлі жайлы әңгіме қозғасақ. Ислам Жеменей: –Исламның басқа діндерден мемлекетті басқаруда өзгешелегі бар. Себебі, Ислам адамзат тағдырына, мемлекет тағдырына тек саяси тұрғыдан қарамайды. Оның артықшылығы, адамға баға беруінде. Пәк, тақуа, таза, иманды, әділетті Адам арқылы, қоғамның, ұлттың, мемлекеттің қалыптасуына ықпал жасайды. Менің ұсынысым, осы жерде отырған дінтанушы бауырларымыз өз ойларын діннің мемлекетті құрудағы қандай ықпалы барын тарихи деректермен нақтылауға атсалысса игі. Одан кейін, Ислам діні басталған кезеңнен бастап діннің саяси рөлі өзгешелеу көрінуінің себептері неде деген мәселелерді қарастырсақ. Бақтияр Сманов: – Әңгіме дін, ұлт туралы болғаннан кейін, мен басымнан өткен тә­жірибемді айтқым келіп отыр. Біз тәуелсіздік ал­ғаннан кейін, алғаш Ата Заңымыз қабылданды. Са­лалық заңдар түзелді. Со­ның бірі «Діни сенім бос­тандағы және діни бірлестіктер туралы» заң еді. Заң өзіне тиісті қызметін атқарды. Өзгертулар мен толықтырулар да енгізілді. Ол 20 жылдай бізге қызмет етті. Сол 1992 жылы қабылданған заңның кемшіліктері болды. Оны да байқадық. Соның артынша, бұрынғы кемшіліктерімізді ескере отырып, мемлекет пен діннің арақатынасын реттейтін жаңа заң қабылдадық. Ол «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» деп жаңаша аталды. Бұрынғы заңда кемшіліктер мемлекет тарапынан да, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан да, діндарлар тарапынан да бір түйінді мәселеде алшақтықтары байқалатын. Мәселен, бұрынғы Ата заңымызда мемлекеттің діннен бөлінгендігі туралы бап болатын. Сол бап діндарларға да, басқаларға да үлкен әсерін тигізді. Діни бірлестіктердің басшылары, діндарлар дін мемлекеттен бөлінген, мемлекеттің дінге араласуына хақысы жоқ дегенді негізге ала отырып, өздерінің бірлестіктерінің ішкі мәселелеріне ешкімді араластырмады. Былай айтқанда, білгенін істеді. Одан кейін, керісінше, кейбір әкімдер, басшылар дін мемлекеттен бөлек дегенді ұстанып, дінге мемлекет ішіндегі жеке мемлекет ретінде қарап, бойын аулақ ұстауға тырысты. Міне, осының барлығы заңсыздықтарға жол ашты. Байқағаным, біз бұрынғы Кеңестік кезеңдегі ізбен жүріп келдік те, заңымыз да сол ізге түсті. Қазіргі заң, менің байқауымша, бұрынғы заңға қарағанда, әрине, жетістіктері көбірек. Ал, енді, Ата заңымызда мемлекет діннен бөлінген жоқ деген жолдар алыныпты. Керісінше, бұл жәйт жаңа заңда беріліпті. Бұл дұрыс та шығар. Өйткені, Түркия, Малайзия сияқты зайыр­лы мемлекеттерде де мемлекет діннен бөлінген деген сөз жоқ. Қазір осы заңымыздың күніне енгеніне жылға жақындады. Дегенмен, бұл заңда әлі де болса олқылықтар бар деп ойлаймын.

Алау Әділбаев: – Бүгінгі тақы­ры­­­бымыз күрделі та­қы­рып­тардың бірі. Бү­­­кіл адамзатты тол­ған­дырған, философтардан бастап, адамзат ойлана бастағаннан бе­рі, өркениет, мәдениет болған жерлерде де, бол­маған жерлерде де әр­қашан дін, діни сенім болған. Дін мәселесі адам­заттың ең ежелгі және адамзаттың негізгі қажеттілігін өтейтін құндылық. Негізінен, дін мемлекеттен бөлек деген мәселе бізге Еуропадан жұққан індет. Әйтпесе, Ислам дінінде дін мемлекеттен бөлек деген ұстаным жоқ. Діннің келген мақсаты Иллаһи Мұсылман анықтамасына қарасақ, дін –– саналы адам баласы (санасыз адамдарға дін міндет емес) үшін өз еркімен, ешқандай мәжбүрлеусіз, біреудің зорлығымен емес, адамның өз еркімен екі дүние бақытына жеткізетін Иллаһи жоғарғы құдіреттер тарапынан жіберілген Иллаһи заңдар жиынтығы. Яғни, ақыл-ой иелеріне бүкіл екі дүниесін реттейтін жүйе. Сондықтан, дінді мемлекеттен бөліп, мемлекетті діннен бөліп, екеуін қақтығысқа қойып қою Батыстың індеті. Өйткені, Ислам діні адамзат өмірін реттеуге келеді. Діннің қоғам өмірінде қаншалықты керек екенін көру үшін, біз Исламның басқа тұстарын да байқау керекпіз. Құдияр Біләл: –Шынтуайтына келгенде, мемлекеттен тысқары ешнәрсе болмау керек. Біріншіден, мемлекеттен тысқары нәрсе, ол мемлекетке қауіп туғызады. Бұл бақылаудан тыс дегенді білдіретін түсінік. Екіншіден, ауырғанын жасырған өледі деген тұрғыда сөз қозғағым келеді. Жастарымыздың мешіттерде көбейе бастауы –– қауіпті құбылыс. Неге? Себебі, біріншіден, дінге биғат деген ұғым бар. Аптасына бір рет намаз оқу үрдісі қалыптасты. Шындықты айтсақ, бір парызды орындасаң, қалғанының қатысы жоқ деген қате түсінік. Жұма намазға аптасына бір барсаң, 5 уақыт намазды оқудың қажеті жоқ деген түсініктер пайда болды. Мені алаңдатқан жәйт, олар неге жұма намазға барады деген сауал. Мешітке барушылардың бірде-біреуі оған діни наным-сенімін дамытып, діндар боламын деген оймен бармайды. Барлықтары тірліктерінің оңға басып, тілеу үшін барады. Міне, осы ниетпен жұма күні барша жастар қауымы мешітке жиналып, сол намазға жығылып, тілек тілеген сәтте бүкіл ниет-тілектері қабыл болады деп ойлайды. Яғни, ойлаған мақсат-тілектерін Құдайдан сұрайды. Құдайдан басқа сұрайтын жолдары қалмаған деген сөз. Сұраған тілектері тілеген уақыттарында бірден қабыл бола қоймайды. Келесі апта тағы барып, сұрайды. Одан кейін Қадыр түнін күтеді. Сол түнде де ниет-тілектері қабыл болмаса, тағы күтеді. Ойлаған жұмысына тұрмайды, тілеген байлықтары бола қоймайды.  Осыны аңдып отырған, басқа діни ұйымдар, сол жастарды өздеріне тарта бастайды. Тіпті, олардың ниет-тілектерінің орындалмауының себебін өздерінше түсіндіреді. Бұл жердегі кінә, діннің дұрыс еместігінде деп түсіндіреді. Әке-шешелерің намаз оқымаса, ондайда да ниетің қабыл болмайтынын айтады. Тағы бір екінші топ, асты дәретсіз ішкенің дұрыс емес деп те шығады. Міне, жастарды аңдып отырған түрлі ағымдар өздерінің ұсыныстарымен жастар санасын, дін туралы пікірлерін өзгертіп өздеріне тартудың амалын табады. Осының барлығы, діннің бірлігін жояды. Мемлекет бұған мән бермейді. Егер, сол жастардың тілегін мемлекет шешіп берсе, жастар мешітке шын ниет, шынайы мұсылмандық жолымен барады. Ал, бүгінгі жағдай қауіпті. Мемлекет пен дін, ұлт тұтастығы осындайда керек. Ал, жастар ұлт, мемлекет, дін болашағының негізі. Мұртаза Бұлұтай: – Мына мәселелер 22 жыл бойы айта-айта әбден жауыр болған мәселелер. Қиналып отырмын. Себебі, қа­лың тұманның ішін­де келе жатырмыз. Ағымдар бізге тәуелсіздікпен келді. Тәуелсіздікке дейін халық өзінің ұлттық сипатын, тілін, тегін, дінін сақтап қалуға тырысты. Бірақ, тәуелсіз болғаннан кейін, біз сол тұтастығымыздан айырылып қалдық. Яғни, қазіргі біздің қоғамымызда дін деструктивті рөл атқарып жатыр. Ол пәк дініміздің өзі емес, айналасындағылардың және қанаушы топтардың бойындағы деструктивті қасиет.

Мәселен,  Ресей өзінің діни тұтастығын сақтап қалу үшін түрлі механизмдерді қолданып, заңдарын шығарып, оқулықтарын беріп жатса, неге олардан үлгі алмасқа?! Біз барлық мәселеде Ресейді негізге аламыз. Тек дін мәселесіне келгенде, американшыл болып, не Батыс саясатына еліктеп кетеміз. Егер, біз сондай Ресейшіл болсақ, олардың механизмінен үйреніп, келген кірме ағымдарды жоймаймыз ба?! Қазіргі қоғам мүлде өзгерген. Күнде 10-15 адамды өлтіріп жатыр, жарылыстар болып жатыр дегенді естиміз. Бұл ешкімді де таң қалдырмайтын болып қалды. Мұқан Исахан: –Мемлекеттің діні бір болса, тілі бір болса, қоғамдық идеологиясы бір болса ғана оның тұтастығы ұзақ уақытқа сақталады. Ғылымда бұны этатистік мемлекет деп атайды. Біз мемлекет құрғанда Қоқан, Хиуа, Бұхар хандықтары болды. Бірақ, бір ұлттың атымен аталған мемлекетті алдымен біз құрдық. Зайырлы мемлекетте тылсым дүниенің мәселесі қарастырылмайды. Жеке адам ретінде, зиялы адам ретінде халықтың ақіреттегі бақыты үшін күресуге болады. Ал, мемлекетті бұған жұмылдыруды деген қоғам көтермейді. Меніңше, біз зайырлылық пен теократиялық жүйені қабылдамай, оның орнына осы клерикалық жүйені қабылдағанымыз дұрыс. Бұл бір күнде болатын дүние емес. Алдағы 20-30 жылда халық бұл жүйенің қажеттілігін түсініп, қабылдағанымыз жөн. Құдияр ағамыздың айтқан мәселесі өте орынды. Жастардың жаппай дінге ұрынуы қауіпті құбылыс екені рас. Дегенмен, оның сүйсінетін жері де бар. Бірақ, жастарымыз қазір саналы тұрғыда емес, еліктеу тұрғысынан ғана дінге бет бұруда. Теология ғылымында тахлиди ұғымы бар. Бұл еліктеу деген сөз. Ал, дінге саналы түрде келу керек. Исламда бұл яхини деп аталады. Жоғарыда айтылған мәселелер және осы түйткілдер шешімін тапса, тәуелсіздігіміз берік болары анық. Мұқан Исахан: – Сырттан келген жамағат қаншалықты заманауи тұрғыда жетілген болса да, ішінара қазақтарды бөлінушілікке ұрындырары анық. Біз қазақпыз деген ортақ ой болмаған кезде, ақыр аяғы немен бітері белгілі. Өкінішке орай, ең қынжылатын жағы, осы дертті көре тұра, біле тұра кейбір ағаларымыз бұны басқа бір діни ағыммен емдегісі келеді. Бұл да бір үлкен қателік. Ұлттық, тарихи ұстанымдарымыздан ауытқысақ, бұл бізге ешқашан ем болмайды. – Әлемдік қауымдастықта зайырлы­лықтың үш түрлі үлгісі қалыптасқан. Бірін­шісі – зайырлылықтың атеистік үлгісі. Оның мысалы халқымыз бастан өткерген кеңестік режимді орнықтырған КСРО болып табылады. ҚХР да бүгінге дейін осы үлгіні пайдалануда. Оның екінші үлгісі – сепаратистік үлгі. Бұл үлгі діни қауымдастықтардың мем­лекеттен бөлінгенін және заңнамада қандай да бір діннің немесе конфессияның ерекше құқыққа ие болмайтынын негізге алады. Ал, енді үшінші үлгісіне келсек, ол – таңдамалы негіздегі үл­гі. Бұл үлгі қоғам үшін ерекше құнды болып табылатын, конституциялық деңгейде анықталатын діни басымдықтарды басты тірек етеді. Осы тұста Сіздердің пікірлеріңізше, Қазақстан үшін осы үлгілердің қайсысын ұстанған жөн? Мұқан Исахан: – Бұл анықтамалардың да қате тұстары бар. Зайырлылықтың бірінші классификациясы ретінде, атеистік үлгіні алсақ болады. Қытай, бұрынғы КСРО, Солтүстік Корея сияқты мемлекеттер зайырлылықтың атеистік бағытын ұстанды, ұстанады. Бірақ, зайырлылықтың одан басқа, клерикалды жаһандық үлгісін ұстанатындар да бар. Мәселен, Мысыр мемлекеті зайырлы мемлекет. Бірақ, билікке келген «Ихуан Муслим» діни сипаттағы партия. Одан кейінгі орынды иеленген «Хизбнур» партиясы уақаптардың партиясы. Түркия Республикасы өзінің зайырлы екенін Конституциясында нақтылай айқындаған. Бірақ, Түркияда Дін істері Министрлігі бар. Бүкіл имамдар мемлекеттік қызметкер ретінде жалақы алады. Менің айтайын дегенім, біз зайырлылықтың клирикалды сипатына жақындауымыз керек. Түптің түбінде соған барамыз. Бірақ, оған бірден емес, кезең-кезеңнен өтуіміз қажет. Ислам Жеменей: – Меніңше, шеттен келген бірде-бір ұғым бізге қайыр бермейді. Біз әр түрлі ұғымды, зайырлы ма, басқа ма өз мүддемізге қарай, өзіміз қалыптастыруымыз керек. Шындап келсек, қазір зиялыларымыз қорқақ әрі жалтақ. Өз қоғамымызға батыл көзбен қарап өзіне тән терминді қалыптастыра ала алмай келеді. Не үшін? Белгілі себептері бар, ұзақ әңгіме. Бұл жерде дін туралы әңгімеде екі мәселе бар. Бірінші, дін мемлекетті қалыптастыра ала ма? Екінші мәселе, дін мемлекетті қалыптастырса, дінді кім қалыптастырады? Мәселе, дінді Алла Тағала бізге адамзаттың бақытты болуы үшін құрал ретінде жіберіп отыруында. Біз дінді өзімізден жоғарыға қойып дінге табынбаймыз ғой. Дін бізге жол көрсететін бақыт құралымыз, қараңғыда жол көрсететін шамшырағымыз болу керек.

Ал ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ымырасыз күресіп, халқымыздың ынтымағын сақтап қалу үшін бір дінде болуларына еңбек етті. Үлкен нәтижелерге қол жеткізгендігінің белгісі ұрпақтары Ислам діні, сұнни-ханафи бағытында қалыптасты. Аталарымыздың діни мирасын кеңестік режим әбден талқандады, соның кесірінен бүгінгі ұрпақ зардап шегіп келеді. Ендігі міндет, оны қалпына келтіру болып табылады. Егерде, биліктегілердің жан-дүниесінде төңкеріс жасалып, ар-ожданы оянып, иманына келе қойса, олар барлық материалдық және рухани күш-қуатын халық үшін жұмсай бастар еді. Бұл Ислам тарихының бастапқы кезе­ңінде ұлық сахабалар тарапынан іске асып, адамзат тәжірибесіне енді. Құдияр Біләл: – Мемлекеттің өзі әуелі, дінге жағдай жасау керек. Біздің ана тіліміз, ата дініміз, мемлекет үшеуі ұлттық мүддеге қызмет ету керек. Бақтияр Сманов: – Біз мемлекет қалыптастыруда діннің үлкен рөлі бар екеніне тоқталғым келеді. Бүгін мәселен, Орталық Азия деп отырған мемлекеттер, республикалар: Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан – бес мемлекет. Бесеуі де сунниттік бағыттағы елдер. Бұл кездейсоқ емес. Қараханидтер болсын, сол кездегі басқа түркілер болсын мемлекетті қалыптастырды. Яғни, дін мемлекетті қалыптастыруға ықпал етті. Біз дінімізді сол Әбу-Ханифа мазхабында сақтап қалдық. Басқаларды кіргізуге мүмкіндік берілмеді. Оның себептері жайлы бұрында бір мақаламда жазған болатынмын. Екі себебі бар. Бірінші, түркілердің ішінде қазақтар көшпенді болды, басқалары отырықшы болды. Оларға парсы тілі, басқа діни ағымдар да ерекше әсер етті. Бұл жәйттар қазақ тіліне, дініне ықпал жасай алмады. Жалпы, қалай болған күнде де, дін, тіл, ұлттық тәрбие бәрі де мемлекетті қалыптастыруға, нығайтуға қызмет етуі қажет. Құдияр Біләл: – Егер, мемлекеттің, Діни агенттіктің ұстанатын идеологиясының негізі, темірқазығы ұлттық мүдде болса ғана бәрі дұрыс болады. Жамағат жайлы айтып жатырмыз. Осы мәселені шешу үшін, діни элитаны қалыптастыру керек деп дұрыс пікірлер айтылып жатыр. Діни элита жамағаттан биік тұру керек. Алау Әділбаев: – Қараңыз, қазір зиялы дегендер кімдер? Баяғы Совет үкіметінің тәрбиесін алғандар, біздің зиялылар. Олардың дінге деген көзқарасы қандай екені айтпаса да белгілі. Міне, осыдан дін мемлекетті қалыптастырады деген сана орнамайды. Қазір айталық, ұлт зиялысының біреуі Тәңіршілдікті көтеріп жүр, біреуі тағы басқасын көтеріп жатыр. Ұлт зиялыларының көбісі біздің мұсылман екенімізді мойындамайды. Біреу қазақтарда шаман болған, не зороастризм болған деп тағысын тағы жазып кетіпті. Сондықтан, әуелі зиялының дінге деген көзқарасы өзгеру керек. Сосын ғана, зиялының, халықтың дінге деген көзқарасын қалыптастыруына болады. Шетелдің әр жағынан оқып келгендер бар. Жан-жақтан оқымай, өзімізде жағдай жасалуы керек. Жергілікті зиялы бірден қалыптаспайды. Ол үшін, жергілікті, діни түсінікті қалыптастыратын мектеп,медреселеріміз болуы шарт. Діни сананы діни зиялы ғалымдар қалыптастырады. Діни ғалымдар түгілі, діннің қажет екенін мемлекет енді-енді ұғынып жатыр. Біз исламтану деген жеке ғылым екенін Білім және Ғылым министрлігіне сендіре алмай келдік. Ал, Ислам ғылым, білім ретінде қалыптаспаса, сіз қоғамда Исламды қалай дамытпақшысыз? Мұқан Исахан: – Тәуелсіздік алғалы, оның зайырлылық терминін енгіздік. Зайырлылықтың бағытын айқындағанмен құрылысында түрлі элементтер бар. Біз соған дұрыс қарауымыз керек. Ол – діни сауаттандыру. Қазір дінтану пәні бағдарламаға енгенімен, одан да үлкен әсер көріп отырған жоқпыз. Менің ұсынысым, біз діндер тарихын, соның ішіндегі Қазақстандағы діндер тарихын оқытсақ қателеспейміз. Міне, сонда жастарымыз өзіміздің ұлттық дінімізді анықтай алар еді. Мектеп бағдарламасына екі оқулық жазылды. Екеуіне де көңілім толмады. Авторлар бізге ренжіген кездер де болды. Бұндағы мақсат, оқушыға Қазақстандағы Исламның қандай болу керек екенін, қандай болғанын жеткізу.

Ислам Жеменей: – Мен өзім, мына берілген зайырлылықтың формасының біреуінде қабылдамас едім. Жаңа айтылып кеткендей, Алаш азаматтары зайырлылықты қабылдады дедік. Олар өздерінің ұлттық мүдделері негізінде мемлекет құрайын деп қабылдады. Ал, біздің зайырлы ел болу ұғымында билік кей тұстары қауқарсыздық танытып отыр. Зайырлылық, емін-еркін болу мағынада, дәстүрді дінді, киімді, тілді жоюға бағытталған. Зайырлылықты қабылдамайтыным сол. Зайырлылық дегенде ұлт қорғалмайды. Қанша оны әдемі көрсетем десеңіздер де, бұл мүмкін емес. Тағы бір мәселе, діни элита дейміз. Бағанағы ойымды жалғастырсам, діні, тілі бір қазақты Кеңес одағы бұзып кетті. Жастар дұрыс тарихты білу керек. Кеңестік билік рухымызды, жанымызды қиратты. Сондықтан, сопылық әдебиет, діни әдебиет дегенге бәрі қорқып қарайды. Шынында да, егер сіздің саяси-мемлекеттік санаңыз биік болмаса, адасып кетесіз. Ал, егер саяси-мемлекеттік сана­ңыз қалыптасса сергек те, белсенді түрде дін­ді адами һәм мемлекеттік мүддеге сай жұмсай аласыз. Біз діни элитаны қалыптастыру үшін, ақырындап тәрбие жұмыстарынан бастауымыз керек.

Мұртаза Бұлұтай: – Біздің қазақ басқа халықтармен салыс­тырғанда дін мәселесінде кенжелеу дамыған. Қазақтың тағдырымен ойнап отырған өзіміздің ішкі күштеріміз. Сыртқы күштер осыны өте тиімді пайдалануда. Мысалы, Францияда Кельвиндер шыққан кезде католиктер протестанттар болып бөлінді. Еуропаның қай елін алсаңыз, олар қаншама жылдар бойы елінің ішіндегі ішкі жанжалдан, даудан өткен. Түркияны алыңыз, Осман империясы кезінде, оның алдында, бір-бірімен қырылысты. Ал, бізде ондай болмаған. Ондай сыннан біз өткен жоқпыз. Ондай сыннан өтпеген соң, біз бөлінушілікке қазір дайын емеспіз, оған иммунитетіміз жоқ! Біздің біртұтас ұйып тұрған халқымызды саяси жағынан да, экономикалық кландармен де, тіл және діни ағыммен тағы бөліп жатыр. Ал, іштегі талай тартыстар мен соғыстарды көрген халықтарда иммунитет бар, механизмдер бар. Бізді енді, бірімен-бірі қырылысатын ішкі жанжалға дайындап жатыр. Қазір, келіп жатқан қай ағымды алсаңыз да оларды іштен қолдаушылар бар. Егер, Қазақстан әуел бас­тан дұрыс жолды таңдауды ойласа, мына, ағымдарды кіргізбей, унитарлы, зайырлы, біртұтас, демократиялық құндылықтарды дәріп­теген керемет мықты мемлекет болса болады.  Біздің ерекше геосаяси, геоэкономикалық орнымыз бар, тәуелсіз ел болуға ұмтылып келе жатқан халықпыз. Жойылып кете жаздап, әншейін, сол асылдың сынығы секілді ана жақтан, мына жақтан жинап әкеп аман қалған халықпыз. Енді, аман болдық, ел болдық деген кезде халықты дінге бөліп, адастырып, ең бір кертартпа, адастырушы ағымдарды елге кіргізіп алғанымызға қатты қапаланамын. Осындай келелі әңгімелерден нақты нәтиже шығып, нақты іс-әрекет жасалса екен деп тілеймін.

Дайындаған  Ақбота  ИСЛӘМБЕК

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір