• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

08 Мамыр, 10:58:48
Алматы
+35°

29 Ақпан, 2024 Әлеумет

Биыл қыс қатты. Жұттан жылқы қырылып жатыр

Ақмола облысының төрт ауданында мал аштан қырылып жатыр.

видеодан кадр

Ақмола облысының Біржан сал ауданында жылқы қырылып жатыр. Қыстақтағы малды ауылға жеткізуге жол жоқ. Белуардан келетін қалың қар қыста жауған жаңбырдан сіресіп қатып қалған. Сол себепті тебіндегі жылқы азық таппай аштан өліп жатыр, деп хабалады КТК телеарнасы.

Малынан айырылған шарасыз шаруалар әкім-қараларға жалынып, көмек сұрап отыр.

– Сіздерден көмек сұраймыз. Облыс аппараты, неге төтенше жағдай жарияламасқа, мына жаққа техника жіберуге болмайды, тым болмағанда жолдарды ашып бергенде. Ақша, азық сұрап жатқан жоқпыз. Өзіміз сатып аламыз. Қаншама халықтың малы бар. Биыл қыс сондай қатты болып жатыр. Жалғыз менде емес, көрші ауылдардың бәрінде мал қырылып жатыр, – дейді шаруа Қайрат Бегалин.

Тұяғымен тарпып жерден азығын табатын жұмыр тұяқтылардың биыл қар қарпығаннан басқа амалы болмапты. Қар қалың түскенімен қоймай, жаңбырдан соң үскірік аяз айналаны көк мұзға айналдырған.

Мәселен, Аңғал батыр ауылынан 20 шақырым жерде ғана жайылған жылқыны ауылға жеткізуге жол жоқ. Әбден ашыққан мал көтерем болып құлап, қар астында қалған. Биелер құлын тастап, төл басы кеми түскен.

Ал Біржан сал ауданының әкімі бір емес, екі рет жол аштық деп отыр.

Қырылған жылқы аурудан емес, аштан өліп жатқанын мал дәрігерлері де растайды:

– Мал шығыны бар екені рас. Ол біздің 4 ауданда тіркеліп отыр. Біздің мәліметіміз бойынша, мал шығыны 200 бастан асып кетті. Ешқандай аурудың белгісі жоқ. Мал аштан қырылып жатыр. Оны сараптама жүзінде дәлелдеп бере аламыз. Мал аштан қырылып жатыр. Сойғанда қарындарында қардан басқа ештеңе жоқ, – дейді Ақмола облысы ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов.
"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: жылқы қырылды жұт

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір