• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 12:08:33
Алматы
+35°

Отандық кәсіпкерлердің бірі өз сұқбатында: "Қытайдан елімізге толассыз ағылып келіп жатқан арзан тауарларға шектеу қою қажет" депті. Кәсіпкердің осы пікірі желіде қызу талқыланып, кейбір адамдардың кәдімгідей наразылығын туғызған. Қамшы тілшісі халықаралық экономика сарапшысы Алғатбек Балғабекұлын осы мәселе талқысына тартып көрді. 

Сарапшы кәсіпкердің сөзі дұрыс екенін, оған қосылатынын айтады. Алайда ол біздің кеден қызметі осындай іспен шұғыланатын басты функциясына мүлде көңіл бөлмейтініне наразы. 

"Кеден қызметінің мақсаты - жергілікті тауар өндірушіні баға бойынша бәсекеден қорғау. Олар сырттан келген тауарға, әрине барлығына бірдей емес, тек бізде өндірілетіндеріне кедендік салық салып, бағаны біріздендіріп отыруы керек. Бірақ, неге екенін, біздегілер осы функциясын атқармайды. Былай қарасаңыз, кеденде, әдетте әскери қызметтегі адамдар отырады. Олар экономиканы, экономикалық заңдылықты қайдан білсін? Содан кейін өзі білетін шаруалары – шекарадағы заңсыздықтарды анықтаумен ғана шұғылданады", дейді ол.

Экономика сарапшысы білдей саланың мұнша тоқырауына елдегі сыбайлас жемқорлық түрткі болуы мүмкін деп санайды.

"30 жыл теріс тәрбиеленді. Салдарынан бүгіндері мемлекеттік қызметкер мемлекет мүддесіне жұмыс істемейтін болған. Мысалы, диқаншылар қанша еңбекпен бидай өсіреді, қамбасын толтырып енді пайдаға кеңелеміз бе деп отырғанда, біздің жоғарыдағылар, мәселен солтүстік көршімен арадағы шекараны аша салады. Ресейдің арзан астығы "гүмп" ете түседі де біздің отандық тауар өндірушілерді банкрот қылады. Өзбекстаннан келген арзан тауарлар кесірінен қаншама бақша өсірушілер банкрот болып жатады. Ал экономика бұлай жұмыс істемейді. Экономика жұмыс істеу үшін отандық тауар өндірушілерді мемлекет қорғауы керек. Бірақ біздің шенеуніктер оған бас қатырмайды, яғни мемлекеттік немесе отандық тауар өндіруші емес, қатардағы тұтынушы тұрғысынан ойлап, пайым жасағанды жөн көреді", дейді ол.

Маман өзімізде өндірілмейтін тауарлар кедендік салықтан босатылғаны дұрыс деп есептейді.

"Мысалы, бізге беларусьтың үсіген сиыр еті келеді. Оның не керегі бар? Салсын кедендік салықты оған да. Оның орнына сауда сөрелерінде біздегі шаруа қожалықтарының еті тұрсын. Ал бананға салық салып қажеті қанша? Ол Қазақстанда өспейді. Сол секілді...", дейді маман.  

Қыдырбек Балғабекұлы кеден қызметкері алдындағы компьютерде, негізі мәліметтер базасы болуы керектігін еске салады.

"Шекарадан өтіп бара жатқан тауардың құны бізде қанша екенін кеден қызметкері білуі тиіс. Сондықтан оның қолында сондай база болуы керек. Жалпы, Қазақстанда өндірілетін тауарлар тізімі болуы тиіс. Біздегілерде ондай да жоқ-ау деймін осы", дейді маман ашына.

Кәмшат Тілеуханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір