• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 17:00:27
Алматы
+35°
 
Ұлттық кітапханада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен «Ұлттық баспасөз: бүгіні мен болашағы» тақырыбында қазақтілді БАҚ өкілдерінің басын қосқан қызу пікірталасқа толы дөңгелек үстел өтті.

Жақында ғана Атырау төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліне деген сұраныстың жыл өткен сайын артып келе жатқанын және де осы орайда Рауан Кенжеханұлы бастаған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы туралы ерекше атап өтіп, қоғамның «Qazaq tili» эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қолдағанын мәлімдеген еді. Алматыдағы басқосу қазақ тілі қолданысының аясын кеңейту және ұлттық баспасөздің бүгінгі ахуалына арналды.

Жиынға журналист, "Assyl Tas" қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Оқас модератор болды.  

«Қазіргі таңда қазақ тілі, соның ішінде қазақ баспасөзінің  жағдайы, бұлыңғыр секілді болып көрінетін болашағы бәрімізді, соның ішінде қазақтың ұлы ретінде мені де толғандырады. Бұл мәселе Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы үшін де өзекті. Кейінгі кезде қазақтілді газет-журналдардың тиражы түсіп, оқылымы азайып бара жатқаны хақ. Ал баспасөз мемлекеттің идеологиясын тікелей жүргізетін негізгі құрал десек, бүгін біз сіздерді ұлттық баспасөздің жай-күйін кеңінен талқылауға шақырамыз», - деді «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Дулат Тәстекей жиын басында.

«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары - Алматы қаласы басылымдарының басшысы Думан Анаш басқосуда бүгінгі басылымдарға қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. 

«Серіктестігімізге қарасты «Ана тілі» ұлт басылымы осыдан 34 жыл бұрын жарық көре бастаған кезде «Қазақ тілі» қоғамының органы ретінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында жұмысын бастаған еді. Әлі күнге дейін сол қалпынан танбай еңбек етіп келеді», - деген Думан Нұрланұлы басылымның таралым мәселесін де назардан тыс қалдырмады.

Еліміздегі халық саны аз диаспоралардың газет тиражымен салыстырғанда, 20 миллионнан астам халқы бар мемлекет үшін «Ана тілі» газетінің бүгінгі таралым саны ұлт оқырмандарының намысына тиетін дүние болу керек деген ойдамын. Президентіміз Ұлттық құрылтайда «оқитын ұлт қалыптастырайық» дегенді айтты. Оқитын ұлт жүйелі қалыптасуы үшін мерзімді басылымға жазылу үрдісін дәстүрге айналдыру керек. Мысалы, былтыр Алматыда Шаньдун провинциясынан келген медиакорпорация өкілдерін қабылдадық. 100 миллионнанип халқы бар адам капиталы көп ел.  Оның да әсері бар шығар. Дегенмен, Қытай қазір жоғары технологияларды көптеп шығарып жатқанын білесіздер. Соған қарамастан, оларда қағаз жүзіндегі мерзімді басылымдары күнделікті 30  миллиондай тиражбен шығады екен. Олар оқитын ұлт болған соң, дамыған қуатты мемлекетке айналып отыр. Бұған дейін әлемде үстемдік жүргізіп келген елдермен иық тірестіріп, оларды өзімен санасуға мәжбүр етті. Біз де есемізді жібермес үшін оқитын саналы ұлтқа айналуымыз керек», - деді.

Сондай-ақ, Думан Нұрланұлы балалар басылымдарының таралым мәслесін да  тілге тиек етті. Еліміздегі 8 мыңнан астам орта мектептің кітапханалары ең құрығанда бір данадан жазылғанның өзінде бұл балаларға арналған газет-журналдар үшін үлкен қолдау болатынын айтып өтті.

Сондай-ақ, жиында сөз алған "Жас қазақ" газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл қазақтілді контенттің мазмұндық сапасына тоталды.

«1913-1918 жылдар арасында шыққан «Қазақ» газеті нағыз классикалық үлгідегі басылым болған. Оны мемлекет қаржыландырмаған, көзі ашық қалталы азаматтардың қаражатымен шыққан. Негізгі миссиясы қазақ тілі, ағартушылық сипаттағы басылым болған. Сол жылдардың өзінде газетте халықтың қаржылай сауатына арналған мақалалар шығып тұрған. Мәселен,  газеттегі бір мақалада микрокредитті уақ қарыз деп жазу арқылы терминді түсінікті мағынада оқырманға жеткізіп отырған. Сауатты қазақ тіліндегі контент жасау үшін бізге терминдер сөздігі керек. «Қазақ тілі» қоғамы мен журналистер бірігіп осыны қолға алсақ»», - деді Срайыл Смайыл.

Qaz365.kz порталының бас редакторы Бауыржан Карипов жиында мерімді басылым халықтың сенімді дереккөзі ретінде бренд болып қалыптасуы керек деген ойын жеткізді.

"Жеті жылдай түрік ағайындармен бірге «Қазақстан–Zаман» газетінде жұмыс істедім, сол кезде газетке жазылу мәселесі бойынша тәжірибе жинақтадық. Бізде коммерциялық директор деген болды, ол тек жарнамамен айналысатын еді. Сол кезде шыққан «Қазақстан–Zаман» және «Заман» газеттерін түрік кәсіпкерлері тираждан бөлек жарнамамен қаржыландырып тұрды. Қазір Еуропада бір айға газетке жазылу 10000 теңге тұрады екен және оған кез келгеннің қолы жете бермейді. Мәжбүрлеп жазылу емес, газетке деген аристократиялық көзқарас қалыптасқан. Әлемдік кез келген үлкен газеттер жылдар бойы жабылмай сақталып келеді. Ол бренд болып тек газет күйінде ғана емес, таблоид ретінде, интернет портал, әлеуметтік желі ретінде жан-жақты дамып жатыр. Біз бір зерттеу жүргізіп көрдік. Бізде әлеуметтік желіде дау болып жатcа, тек газетте шыққан үлкен сұхбат, материал ғана соған тоқтам бола алады екен. Газет сол рөлінен ажырамауы керек», - деді ол.

Дөңгелек үстел басындағы талқылауға қатысқан мамандар басылымдардың мемлекеттік тендерге қаржылай тәуелді екенін, сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс, тендер үлестіру мәселесінде жүйеліліктің жоқтығын сөз етті.

«Былтыр жаңадан 495 БАҚ тіркеліпті, оның 132-сі мерзімді баспасөз, 8 телеарна, 3 радио, 340 ақпарат агенттігі. Басылымдар көбейген сайын оның артында кім тұр екен деп қорқатын болдым. Шыны керек, қазір мемлекеттік тапсырыс кім көрінгенге еш жоспарсыз, жүйесіз беріліп жатыр. Мысалы, кеше ғана бір бас редактор «бізге балалар әдебиеті бойынша тапсырыс түсті» дейді. Ол құқық саласындағы басылым болғандықтан, оны ешбір бала оқымайды. Тапсырысты қалай берген? Мемлекеттік тапсырысқа бөлінген қаржы да өте көп, бірақ ол қалай және кімдерге бөлініп жатқаны белгісіз. Осы мәселе бір жүйеге түссе екен»,- деген ұсыныс айтты журналист Ерлік Кебекбай.

Басқосу барысында қазақ баспасөзіне қатысты кезек күттірмейтін басқа да өзекті мәселелер ортаға салынды. «Қазақ әдебиеті» газетінің өкілі Еркін Жаппасұлы баспасөздегі сауаттылық мектептегі оқулықтан басталатынын айта келіп, газет-журнал таралымының өсуіне мемлекет ықпал етуі керек деді. «Түркістан» газетінің бұрынғы қызметкері Таңсұлу Алдабергенқызы қазір баспасөзде сауатты жаза алатын кадрлардың тапшылығы байқалатынын айтып өтті.

«Alatay Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы әрбір балабақшада басылымдарға арналған бұрыш болуы керектігін айта келіп, «газет оқитын күн» деген секілді іс-шаралар өткізілсе деген ниетін білдірді. Сондай-ақ, мерзімі басылымдардан қосымша құн салығын алып тастау, субсидия беру және жеңілдіктер жасау керектігін де жеткізді.

«Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы қазіргі мектеп бағдарламасында  балаларға жүктеменің көп екенін айта келіп, олардың сабақтан бөлек кітап оқитын артық уақыты қалмайтынын, «оқитын ұрпақ» қалыптастыру барысында осы мәселені ескерсек деген назын білдірді. Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай қоғамдағы сауаттылық айнасы, тіл тазалығын сақтайтын негізгі құрал газеттің ғұмыры жалғасын табуы керек деген пікірін ортаға салды. Сондай-ақ, «Қамшы» порталындағы әріптесіміз қазақ тіліндегі терминдерді цифровизациялау мәселесін көтерді. Мерзімді басылымдарда жылдар бойы табанды түрде еңбек етіп келе жатқан журналистер қауымының жалақы, қаламақы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Гауһар Түстікбаева,

"Қазақ газеттері" сайты

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір