• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 03:17:29
+12°

Бір кем дүние... Бүгін Алматы күңіреніп тұр. Себебі оңтүстік астана халық адамы, ғасыр адамы, жазушы Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салды. Қоштасу рәсімі Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Қоштасу рәсіміне жазушының жақын туыстары мен әріптес-достары жиналды. Шерағамен араласқан әріптес достары, шәкірттері бастап, билік өкілдеріне дейін бой көрсетті. Егіліп жылап тұрған Ұлықбек Есдәулетті көрдім, ұстазынан айырылғанына күңіренген Нұрлан Оразалинді көрдім, басын бір көтермей, тек төмен қарап Шерағаны шығарып салған Асанәлі Әшімов те бар.

Шерағамен қоштасу

Жасы Шерхан Мұртазадан үлкен болса да, халық жазушысын тік тұрып шығарып салған Әбдіжәміл Нұрпейісовті атап өтпеске болмас. Қолындағы таяғы, дір-дір етіп тұрған аяғына қарамастан кішіге деген ізеттілігін, ұлы тұлғаға деген құрметін, марқұмға деген сыйластығын көрсетіп, бос тұрған орындыққа рәсімнің соңына дейін отырмады.

Тірісінде қарайласпаған билік өкілдері де қазаға жиналды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахмановтар бар. Ал мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шерағамен қоштасуға келе алмады, тек қоштасу хаты оқылды.

Шерағамен қоштасу

Шерхан Мұртазамен әріптес болып араласқан ақын-жазушыларымыз марқұммен естеліктерімен бөліссе, жас буын қазақ әдебиеті мен журналистикасында өшпес із қалдырған жазушыға зор алғыстарын жаудырды.

«Бүгін біз ғасыр адамы – Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салу үшін жиналдық. Ол қазақстандық журналистикада өшпес ізін қалдырды. Тіпті қазақстандық басылымдардың бәрін дерлік басқарды. Парламент депутаты болды, мемлекеттің қоғамдық өміріне араласты, халық үшін жұмыс істеді. Біз өр тұлғаны ұмытпаймыз», - деді Бауыржан Байбек.

Академик Оразалы Сәбден халықтың қамы үшін тер төгіп, шындық үшін күрескен Шерағасын айтып тебіренді. Әрі соңғы күндерінде жазушының жағдайын жасап, қамқор болған ұлы мен қызына алғыс білдірді.

«Шерхан Мұртаза туралы көп айтылады, айтамыз да. Ол ұлы Абайда кейін қазақтың үнін үндеп, жоғын жоқтаған адам. Ол тірісінде не айтпады, не жазбады? Мұның бәрі халыққа мәлім. Жоғарғы кеңестің депутаты тіл мәселесіне орай «Жылан да ғана қос тіл болады» деген. Жер мәселесіне келгенде «Жер ананы сатпаймыз, ешкімге бермейміз» деп кесіп айтқан. Бойындағы тектілігін жоғалтпаған алып тұлға еді. Сонысы бізге үлгі болу керек», - деді Оразалы Сәбден.

Ақын, драматург Нұрлан Оразалин Шерхан Мұртазаны «қазақты оятқан алаштың арыстаны» деп бағалады. Әлихан, Ахметтерден кейінгі қарапайым халықтың мүддесіне жұмыс істеген Шерағаны айтқанда, көңілі толқып сала берді.

«Адам баласы мына өмірге белгілі бір міндетті атқару үшін келеді. Дәл осы тұрғыда Шерағам ұлттың алдындағы міндетті атқару үшін иығына түскен жүкті көтерген алаштың арыстаны», - деді Нұрлан Оразалин.

Иә, бүгін аза тұтқан қазақ елі ардақтысын, аяулысын, ұлы перзентін қимай қара жерге тапсырды. Күңіренген Алматы... Бір кем дүние...

Шерағамен қоштасу

Шерағамен қоштасу

Айта кетейік, жазушы Шерхан Мұртаза қазанның 9-ы күні 86 жасында дүниеден өтті. Ол 1932 жылы Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданында дүниеге келген. 1955 жылы Мәскеудегі Ломоносов университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. "Лениншіл жас", "Социалистік Қазақстан" газеттерінің редакторы, Қазақстан мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақстанның жоғарғы кеңесінде, кейін парламент мәжілісінде депутат болған. Жазушы "Қызыл жебе", "Тамұқ", "Ай мен Айша", "Қара маржан", "Белгісіз солдаттың баласв", "Мылтықсыз майдан", "Сталинге хат", "Бесеудің хаты" тәрізді бірнеше роман-повесть жазған. Одан бөлек аудармалары бар.

Мәселен, Шерхан Мұртаза шығармашылық жолын студент кезінде Лагиннің “Хоттабыч қарт”, Кәрімнің “Біздің үйдің қуанышы” шығармаларын қазақ тіліне аударумен бастады. Сонымен қатар Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың “Ботагөз”, “Қош бол, Гүлсары”, “Теңіз жағалап жүгірген тарғыл төбет” повестерін, “Боранды бекет”, “Жанпида” романдарын қазақ тіліне аударды. Екі томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Шыңғыс Айтматовтың туындыларын қазақ тіліне аударды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір