• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 15:04:51
Алматы
+12°

23 Маусым, 2018 Аймақтар

Алматыда онкогематологиялық қызметтің 25 жылдығына орай конференция өтті

Конференцияның басты мақсаты — балалар онкологиясы және гематологиясы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау

Осыдан 25 жыл бұрын 10 мамыр күні  сол кездері орталық басшысы болған белгілі академик Камал Саруарұлы Ормантаев пен профессор Күлән Омарқызы Омарованың басшылығымен, «КЭР-Германия» қайырымдылық ұйымымен ынтымақтастық аясында «Бөбек» балалар қорының төрайымы Сара Алпысқызы Назарбаеваның қолдауымен Педиатрия және  балалар хирургиясы  ғылыми орталығы базасында тұңғыш  рет 60 төсек-орынға арналған балалар онкологиясы бөлімшесі ашылған еді.

Айтулы дата аясында Алматыда 21-22 маусым күндері ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Педиатрлар Одағы, Педиатрия және балалар хирургиясы  ғылыми орталығының ұйымдастыруымен Алматыда  онкогематологиялық қызметтің 25 жылдығына орай  «Балалар онкогематологиялық қызметінің дамуына 25 жыл: жетістіктері мен келешегі» деген тақырыппен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Халықаралық деңгейде өткен жиынға Ресей, Түркия,  Швейцария, Беларусь, Украина, Қырғыстан, Тәжікстан және т.б. 12 елден әлемнің ең мықты деген онколог-дәрігерлері мен онкология және гематология саласының жетекші мамандары қатысты. Шараға сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың,  ТМД елдері практикалық денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, ата-аналар қауымдастығы, қоғамдық ұйымдар, еліміздің барлық аймағынан медициналық ұйымдардың өкілдері мен онколог-дәрігерлері қатысты. 

Конференцияның басты мақсаты — балалар онкологиясы және гематологиясы саласындағы өзекті мәселелерді  талқылау, халықаралық және аймақаралық байланысты дамыту, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу, қоғамға бұл аурулардың көптеген түрінің емделетінін жеткізу, ерте қаралып, анықталып тұру қажет екендінін ескерту.

Конференцияда онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балалар мен жасөспірімдерге мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық  қызмет көрсетуді ұйымдастыру аспектілері,  балалар жасындағы  онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің бүгінгі инновациялық технологиялары,  онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балалар мен олардың отбасыларына психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері және ерте анықтау мен емдеудің өзекті мәселелері талқыланып, шетелдік ғалымдар өз тәжірибелерімен бөлісті. 

Елімізде балалар онкологиясын емдейтін екі республикалық орталық бар. Оның бірі Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы болса, екіншісі Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы. Балаларға диагностикалық және емдік көмек көрсететін онкологиялық және гематологиялық бейіндегі Педиатрия орталығындағы бөлім 115 төсек-орынға арналған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі  онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың мәселесіне ерекше назар аударады. Педиатрия орталығындағы балалар тегін емделеді. Мемлекет қажетті құрал-жабдықтармен,  дәрі-дәрмектермен  толық қамтамасыз етіп отыр.

Жиында Балалар онкогематологиялық қызметінің жетістіктері мен келешегі туралы арнайы баяндама жасаған Педиатрия орталығының директоры Риза Боранбаева:

- «Қазіргі кезде Педиатрия орталығында балалардағы барлық қатерлі ісіктерге емдеу жүргізіледі. Соңғы 25 жыл ішінде балаларға онкогематологиялық көмек беру жетістігі әлемдік емдеу деңгейіне дейін жетті. Қазақстанда балалар онкогематологиялық қызметінің ашылуымен, соңғы 25 жылдағы дамуы жіті лейкозға шалдыққан науқастардың өміршеңдігін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Ақ қан ауруына шалдыққандардың  82 пайыздан астамы, ал қан ауруының ең қауіптісі саналатын миелойдты түрінің 62 пайызы жазылды. Балалар онкогематологиялық орталығының 25 жылдық тарихында көптеген жоғары білікті мамандар даярланды. Жіті лейкоздар мен тығыз ісіктерді диагностикалау мен емдеудің заманауи бағдарламалары енгізілді. Балалар жасындағы күрделі қан ауруларын диагностикалау мен емдеудің жаңа технологиялары сәтті меңгерілуде. Оның ішінде атап өте кетейік, орталықта 2012 жылдан балалардағы гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау енгізілді. 2012 жылдан бастап сүйек кемігінің ішіндегі аллотрансплантация және аутотрансплантация отасы 70-тен аса балаға жасалды. Көрсетілетін медициналық қызметтерге қолжетімділік пен сапасы жақсаруда. Балалардың оңалту жайы да қарастырылған. 4 жылдан бері онкологиялық ауруларға шалдыққан балалар «Алатау» республикалық клиникалық шипажайында демалады.  Республикамызда «2016-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында балалар онкологиялық және гематологиялық қызметін жетілдіру» Жол картасы іске асырылуда. Орталық мамандары алыс және жақын шетелдерде тағылымдамалардан өткен.  Қазір диагностикалау, ерте анықтау әлдеқайда жақсарды. Балалар онкологиялық және гематологиялық қызметінің біздің елімізде дамуы көптеген кішкентай балалардың сауығып кетуіне мүмкіндік беріп отыр», деп атап өтті. 

1993 жылға дейін, яғни балалар онкогематологиялық орталығы ашылғанға дейін бұл ауру айықпайтын және қатерлі деп саналды. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы — лейкозды емдеудің халықаралық хаттамасын енгізу болды. Сонау қиын кездері ТМД елдері мен Орталық Азияда ғане емес, елімізде тұңғыш  рет онкогематологиялық орталығы ашылып, алғаш рет Австрия мен Германияның халықаралық BFM бағдарламалық емі енгізіліп, қолданыла бастады.  «BFM» хаттамасы дегеніміз - Берлин, Франкфурт, Мюнстер. Осы үш қаланың ғалымдары балалардың  онкологиялық ауруын емдеу мақсатында арнайы бағдарлама құрған.  Бұл әдіс әлі күнге дейін елімізде қолданылып келеді.

Халықаралық конференцияның ашылуында       Педиатрия орталығы ұжымын Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының өкілі Ж.Кенжебаева, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері,  алыс-жақын шет елдерден келген қонақтар мен орталықтың әріптестері мен достары  балалар онкогематологиялық қызметінің 25 жылдығымен құттықтады. Шараның ең әсерлі сәті «жаман ауруды» жеңген пациенттердің құттықтауы болды. Дертінен айыққан, бүгінде отбасылы болып отырған пациенттер  ақ халатты абзал жандарға өз алғыстарын білдірді.

 -   «Мен үшін бүгін үлкен мереке. Біздің ортақ жеңісіміздің мерекесі. Мен лейкоз ауруымен 15 жасымда ауырдым. Ол кездері бұл кеселді жеңу мүмкіндігіне сену қиын еді. Дегенмен, дәрігерлердің біліктілігі мен BFM бағдарламасының арқасында көптеген балалар жазылып, ауыр детті жеңіп, қалыпты өмірге оралды. Сіздер мыңдаған балаға жаңа өмір сыйладыңыздар! Мен қазір толыққанды өмір сүрудемін. Басшылық қызмет атқарамын. Барлық онкологиялық, гематологиялық қызметтігі дәрігерлерге шексіз алғысымды білдіргім келеді», деді ауыр дертті жеңген Бақытжан Ташенов.

Конференция барысында Қазақстандағы балалар онкогематологиялық қызметінің ашылуы мен дамуына өлшеусіз  үлес қосқан дәрігерлер Алғыс хаттармен марапатталды. Шарада сонымен бірге, балалар  онкогематологиясы мектебінің негізін қалаушы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Омарова Күлән Омарқызына бала өмірін сақтау мен құтқаруға қосқан үлесі мен баға жетпес ерен еңбегі үшін құрмет көрсетілді.

Онкогематологиялық қызметтің қалыптасу жылдарында Педиатрия орталығы көптеген алыс және жақын шетелдік орталықтармен ынтымақтастық байланыста қызмет жасап, соның нәтижесінде ісіктер мен қан ауруларының күрделі түрлеріне шалдыққан науқастарды диагностикалау мен емдеуде консультациялық-практикалық көмектер көрсетілді, жас мамандарды шетелдік  орталықтарда  біліктіліктерін арттырды. Сондай-ақ, шеберлік сыныптарға қатысуға мүмкіндік алды. Конференция барысында 25 жылдан бері клиникаға қолдау білдірген шетелдік әріптестердің еңбектері де атап өтіліп, оның бірқатарына Алғыс хаттар табысталды. Атап айтқанда, марапатқа  Д.Рогачев атындағы иммунология, онкология және гематология орталығының директоры, Ресей ғылым академиясының академигі Александр Румянцев, Беларусь республикалық балалар онкологиясы және  гематологиясы ғылыми-практикалық орталығының басшысы Ольга Алейникова, Екатеринбург қаласындағы №1 облыстық клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің  онкологиясы және  гематология жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Лариса Фечина ие болды.

Конференцияда сонымен қатар, орталықпен көп жылдық ынтымақтастығы,  көрсеткен әлеуметтік қолдауы мен атқарған көп қайырымды істері үшін «Добровольное общество «Милосердие» қайырымдылық қоры, «Здоровая Азия»,  «Help Today», «Амила» қоғамдық қорлары мен «Asyl Bala» қауымдастығының басшылары да марапатталды.

Конференцияның ашылу салтанаты онкогематологиялық ауруларға шалдыққан балалардың сән көрсетілімімен аяқталды.

Бұрындары қанның қатерлі аурулары емделмейтін ауруға жататын және бұл қатерлі дертке шалдыққан балалар 1 жасқа дейін ғана өмір сүрді. Қазіргі таңда елімізде онкологиялық дертке шалдыққан бүлдіршіндерді аман алып қалу үшін барлық амалдар қарастырылуда. Жыл өткен сайын бұл ауруға да тойтарыс беріле бастады. Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы  ғылыми орталығының «Онкогематология» бөлімі ашылған уақыттан бері осы қауіпті кеселдің алдын-алу, науқасты емдеумен айналысып келеді. Құрылғанына 25 жыл толған бұл бөлім   ғасыр індетіне айналған онкологиялық ауруды емдеп, талай бүлдіршіндердің ата-аналарына қуаныш сыйлап, үміт отын жағуда.

«Қазақстанда бала обырын емдеудің әрі қарайғы жетістігі дер кезінде ерте анықтауға, біздің мамандардың бірлескен халықаралық білім беру және ғылыми жобалар мен емдік технологияларды жетілдіруге, оның ішінде гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялауға белсенді қатысуына байланысты», дейді мамандар.

Қазақстанда 2017 жылы алғаш анықталған қатерлі ісіктер саны 610 баланы құрады, оның 39%-ы жіті лейкозға және 61%-ы тығыз ісіке шалдыққандар. Жылына орта есеппен алғанда республикалық орталықтарда қатерлі ісікке шалдыққан 5000-ға жуық бала емделеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір