08 Қазан, 2017 Саясат
Ас атқанға тас атқан Атамбаев!
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев мемлекеттік сыйлықты тапсыру рәсімінде Қырғызстанға "қазақстандық билік таңып отырған" жетекшілер жайлы пікір айтқан
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев мемлекеттік сыйлықты тапсыру рәсімінде Қырғызстанға "қазақстандық билік таңып отырған" жетекшілер жайлы пікір айтқан. Бұған қатысты ҚР СІМ мәлімдеме жасады. Qamshy.kz ақпарат агенттігі де ҚР Президенті Алмазбек Атамбаевтың сөзіне қатысты өз наразылығын білдіреді.
«Қырғыз қазақ бір туған» деген сөз бар. Қазақстан мен Қырғызстан ежелден бауырлас әрі көршілес ел. Көршісіне қамқор болып үйренген қазақ халқы Қырғызстанға талай көмек көрсетті. «Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін» деген де сөз бар. Алайда бұл тұста үнсіз қалу мүмкін емес. Себебі ас бергенге таспен ату адамшылыққа жат.
Осыдан бір жыл бұрын-ақ Қазақстан Қырғызстанға техникалық көмек ретінде 100 млн. доллар берді. Бұл қаржы бақылау-өткізу бекеттеріндегі жағдайды жақсарту және ЕАЭО талаптарына сай зертхана орналастыру үшін бөлінген.
Мұнымен көрші Қырғыз еліне көрсетілген көмек бітпек емес. Бұған дейін «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданған. Осы ретте өтеусіз әскери-техникалық көмекті баса атап өткен абзал. Бұл келісімді ратификациялау арқылы екі мемлекеттің әскери-техникалық ынтымақтастығын дамытуға, сондай-ақ өңірлік және ұжымдық қауіпсіздікті одан әрі нығайту көзделді.
Бауырымыз деп жүрген Қырғыз халқына Қазақстан тарапынан тек достық, ынтымақтастық, әріптестік қарым-қатынасты көздейтінін біле тұра және оны іс жүзінде көріп мұндай мәлімдеме жасағаны Қазақстан үшін түсініксіз.
Қазақстанға қатысты ауыр сөздерді айтпас бұрын Атамбаев өткенге көз жүгіртіп өтсе игі еді. Қырғызстан бастан қандай қиын күндерді өткізсе де көрші әрі бауырлас ел ретінде Қазақстан Қырғызстанға көмек көрсетуге дайын еді. Қазір де солай. Оны ҚР СІМ-нің бүгінгі мәлімдемесінен анық аңғаруға болады.
2010 жылы Қырғызстанда жағдай тұрақсыз болып, саяси жағдай шиеленісе түскенде, экономикасына сызат түскенде ең бірінші болып Қазақстан қол ұшын берген еді. Қазақстан билігі сол уақытта да аянып қалмай, Қырғызстанға гуманитарлық көмек жіберді.
Қырғыз бауырларымыздың Қазақстанда емін-еркін жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүргені бөлек әңгіме. Өз елінде жоқ жұмысты Қазақстаннан тауып жүргенін Атамбаев ұмыт қалдырған секілді. Қанша қырғыз жастары Қазақстанда білім алып жатыр. Қырғыз студенттер жатын орын, шәкірт ақы секілді көмектерден де кенде қалып жатқан жоқ.
Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оның ішінде техникалық көмек көрсету, теміржол тарифтерін сәйкестендіру, азаматтарға қойылатын көші-қон талаптарын жеңілдету туралы бастамаларды көтеріп, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуды ғана көздеген Қазақстанға қатысты Атамбаевтың мұндай сөздері Қырғызстан Президентінің сайлау алдындағы арандатушылық мәнді сөз деп түсінуге болады. Себебі Қазақстаннан тек жақсылық көре отыра сыртынан шындыққа жанаспайтын сөздерді айтуын басқалай қалай түсінуге болады?!
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір