08 Қаңтар, 2018 Әлеумет
Әйелді ұру: Құран не дейді?
Сонымен әйелінің бағынбау, қарсы шығу әрекеттеріне куә болған еркек Құран Кәрім көрсеткен төмендегі төрт шараны қолдана алады...
Құран Кәрім – мұсылманның өмірлік нұсқаулығы. Онда жеке бас ұстанымдары, отбасылық мәселелер, қоғамдық мораль, тіпті мемлекетаралық қарым-қатынастар да айтылған. Сондай-ақ Құранда міндетті болып табылатын талап-тыйымдармен қатар, сан алуан ақыл-кеңестер де қамтылған. Құранның әлеуметтік-отбасылық мәселелердің ішіндегі ең көп қозғайтыны - ерлі-зайыптылардың өзара қарым-қатынас этикасы мен ереже-қағидалары.
Осы орайда, соңғы кездері желі қолданушылары арасында жиі әрі қызу талқыланып, қоғамдық резонанс тудырып жатқан «Әйелді ұру» мәселесіне тоқталғым келіп отыр. Бұл да Құраннан тыс қалған мәселе емес...
Алла Тағала «Ниса» сүресінің 34-ші аятынада «Әйелдеріңнің қыңырлыққа басып, бағынбай кетуінен қорықсаңдар, оларға алдымен насихат айтыңдар. (Айтылған насихаттан нәтиже шықпаса,) олардан бөлек жатыңдар. (Сонда да қыңырлығын қоймаса, бір жеріне зақым келтіріп алмай ақырындап) ұрыңдар. Егер түзеліп мойынсұнса, оларға жамандық жасаудың жолын іздемеңдер (әрі не болса соны желеу етіп оларды ренжітпеңдер). Біліп қойыңдар, Алла – Али (бәрінен биік), Кәбир (асқақ һәм ұлы)» (Анарбаев, Әкімханов аудармасы) деп айтқан.
Енді осы аятты тәпсір (Құран түсіндірмесі) кітаптарына жүгіне отырып түсінуге тырысалық. Аятта екі мәселе қозғалған. Бірінші, әйелдің еріне бағынуы керектігі меңзелген. Біз оған ұзақ тоқталмай, ол жердегі ең бастысы ері шариғат белгілеген құқықтарының шеңберінде бірдеңе талап етсе, әйелі оған бағынуы керектігін айтумен ғана шектелеміз. Толығырақ М. Исаұлының «Отбасы ғылымхалы», Ш. Әділбаеваның «Исламдағы жанұя» кітаптарынан қараңыз. Екінші, еріне бағынбай, қарсы шығатын әйелге қатысты қолдануға болатын шаралардың түрлері айтылған. Соның ішінде «Ұру» шарасы да бар. Бірақ ондағы ең басты мақсат тәрбие екенін және оны қолдануда шариғат шеңберінен шықпау керектігін ескеру керек!
Сонымен әйелінің бағынбау, қарсы шығу әрекеттеріне куә болған еркек Құран Кәрім көрсеткен төмендегі төрт шараны қолдана алады: (Бірақ ол бұл шараларды қолдануға міндетті емес, бұл Құран Кәрімнің айтылмыш жағдайға қатысты еркектерге берген кеңесі десек те болады)
- Үгіт-насихат айту. Бұл оның әйеліне «Құдайдан қорық!» деген сөзден бастап, істеп жатқан әрекетінің шариғат тұрғысынан да, адамгершілік жағынан да дұрыс емес екенін жеткізуі, түсіндіруі арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ уағызын зекіп, дөрекілікпен емес, Құран бұйырғандай (16:125), көркем түрде айтуы керек! Егер бұдан нәтиже шықпаса, онда отағасылық тәрбиенің келесі тәсіліне көшеді.
- Төсектен бас тарту. Яғни, әйелінің бағынбау әрекетіне наразылығын ісімен таныту және, сол арқылы, оны ойландырып, сабасыну түсіру мақсатында әйелінен бөлек жатады, онымен төсек қатынасына түспейді. Имам әл-Матруди «Бір төсекте жатып, одан теріс бұрылып жатуына болады» деген. (Тафсируль Матуриди, 3/164) Бірақ онымен үш күннен артық сөйлеспей қоюына шариғат рұқсат бермейді. Сондай-ақ сахаба Ибн Аббас «Егер төсекті тәрк еткенінен кейін әйелі оған бағынса, яғни тәубесіне келсе, онда ерінің оны ұруға қақысы жоқ» деген. Егер бұл да нәтиже бермесе, онда ол Құранда айтылған үшінші шараны қолдана алады.
- Аздап ұру. Яғни, айтылған шараларды толықтай шариғат талаптарына сәйкес қолданған еркекке, ендігі кезекте, әйелін аздап ұруға рұқсат беріледі. Бұл Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінің негізінде бекітілген үкім. Бірақ бұны толық және дұрыс түсініп алмай тұрып, іске көшуге болмайды.
Бұған қатысты пайғамбарымыз (с.а.у.) «Әйелдерге келгенде, Алладан қорқыңдар! Расында сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар. Сондай-ақ Алланың сөзімен арларын өздеріңе адал еттіңдер. Олар үйлеріңе өздерің жақтырмайтын адамдарды кіргізбеуге міндетті. Егер бұл міндетін орындамаса, оларды аздап қана ұрыңдар. Ал сендер олардың нәпақаларын, киім-кешектерін тауып беруге міндеттісіңдер» деген. Ибн Журайж Ата ибн Әбу Рабахтың хадистегі ұруды «Аздап ұру мисуак (мисуак – көлемі қарындаштай болатын, тіс тазалауға арналған талдың тамырынан жасалатын құрал) және соған ұқсас нәрселермен жүзеге асады» деп түсіндіргенін жеткізген. (Әл-Жассас. Ахкамуль Қуранда, 2/189)
Профессор У. Әз-Зухайли өзінің «Әт-Тафсируль Мунир» атты ауқымды, заманауи тәпсір кітабында: «Ұру әйелінің иығынан үш рет алақанымен аздап соғу немесе мисуакпен, шыбықпен жай ғана сабау арқылы жүзеге асады. Ондағысы – әйелді тәрбиелеу ғана... Сондай-ақ бір жерден екі рет қатарынан ұруға болмайды. Сосын бетінен ұруға болмайды. Себебі ол – оның ажары, сұлулығының жиналған жері! Сосын қамшымен, таяқпен ұруға болмайды. Жалпы аз, жеңіл болуын қадағалау керек. Себебі ондағы мақсат, кейбір надандар істеп жүргендей, ауырту, зақым келтіру емес ескерту, тәрбиелеу» деп ердің әйелін ұрудағы шариғаттың талаптарын түсіндірген. (3/60)
Шынында да бұл әйел адамның ар-ұятын ояту мақсатында ғана қолданылатын шара. Бұл жерде ешқандай да ауырту, зақым келтіру болмау керек. Тек әйел «Отымның иесі, шаңырағымның киесі болған ер азаматымды осындайға дейін апарғаным ба?» деп ойлансын, кінәсін түсініп, тәубесіне келсін деген мақсатта ғана жасалады. Ол түгіл шариғат бекіткен «Дүре соғу» қылмыстық жазаларының өзінде де ауырту болмайды. Тек көптің алдында маскүнемді немесе басқа «Дүре соғу» жазасына кесілген қылмыскерді ұялту әрі оны басқаларға сабақ қылу ғана.
Сондай-ақ әз-Зухайли (3/60-61) әйелді ұрудың шариғаттағы орны – мубах (рұқсат) болғанымен, ұрмай, оның орнына басқа шара қолданудың абзал екеніне ғалымдар бірауыздан келіскенін айтады. Оған имам әл-Байхақидің Әбу Бәкір қызы Умму Күлсімнен жеткізген мына риуаяты дәлел болады: «Бастапқыда пайғамбар (с.а.у.) еркектерге әйелдерін ұруға тыйым салған болатын. Сосын олар (кейбіреулері) пайғамбарға (с.а.у.) келіп әйелдерінің үстінен шағым айтты. Сосын ол (с.а.у.) оларға бөгет болуын доғарды. Бірақ «Сендердің жақсыларың ешқашан әйелін ұрмайды» деп айтты». Сахаба Омардың да «Шынында да олардың (әйелдерін ұратындардың) іштеріңдегі жақсыларың емес екеніне көздерің жететін болады!» деген. Осыған сүйеніп әз-Зухайли (3/61) «Айтылған хадис пен сахабаның сөзі бұл мәселеде ең дұрысы ұрмау екенін білдіреді» деп тұжырымдаған. Оның айтуынша, бұны Алла Тағала да құп көреді. Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінде «Оны не жақсылықпен өзіне жар етіп алып қалады, не болмаса көңілін тауып, жақсылықпен қоя береді» (2:229) деп айтқан. Тағы бір сөзінде пайғамбар (с.а.у.) «Сендерден біреу әйелін құл сабағандай сабап, сосын түнде онымен төсектес бола ма?! (Мұнысы қалай?)» деп оның ерсі әрекет екенін айтқан.
Содан соң Алла Тағала аяттың жалғасында «Егер түзеліп мойынсұнса, оларға жамандық жасаудың жолын іздемеңдер (әрі не болса соны желеу етіп оларды ренжітпеңдер). Біліп қойыңдар, Алла – Али (бәрінен биік), Кәбир (асқақ һәм ұлы)» деген. Бұл, имам әл-Матрудидің айтуынша (3/167), еркектердің әйелдеріне зұлымдық жасауға болмайтындығын білдіреді. Әрі Өзінің ұлы сипаттарын айтып, Алла Тағала жәбір көрген әйелдің ақысын Қиямет күні Өзі алып беретінін аңғартады. Сондай-ақ Алла Тағала Өзінің көптеген күнәкер құлдарына деген кешірімділігін үлгі етіп, еркектерді де әйелдерінің кейбір кемшіліктеріне кешіріммен қарауға шақырады. (Әт-Тафсируль мунир, 3/61)
Енді осы айтылған шараларды қолдануда аяттағы реттілікті сақтау міндет пе, жоқ па деген сұраққа қатысты ғалымдардың көзқарастары бірдей болмаған. Бірақ Әли сахабаның айтуынша, аятта тәрбие тәсілдері айтылғанда жеңлінен басталып, ауырымен аяқталғандықтан, реттілікті сақтау міндет болады. Демек, алдыңғы шараларды қолданбаған еркекке әйелін ұруға болмайды.
Сондай-ақ имам әт-Тирмизи Әнас ибн Мәликтің «Алланың елшісі (с.а.у.) ешқашан қолымен ештеңені ұрған емес. Ол (с.а.у.) қызметшіні де, әйелді де ұрған жоқ» деген сөзін келтірген.
- Төрелік. Жоғарыда айтылған үш шараның үшеуі де оң нәтиже бермеген жағдайда, екі жақтың әулеттері, жақындары келесі тәсілге көшулері керек. Ол – төрелік тәсілі. Себебі келесі, 35-ші аятта Алла Тағала «Ал егер ерлі-зайыптыларлың ажырасып кетуінен қорықсаңдар, ер адамның өз жұртынан бір әділ төреші, сондай-ақ әйелдің төркінінен де бір әділ төреші тағайындаңдар. Бұл екеуінің ниеті оларды жарастыру болса, сөзсіз Алла Тағала оларды қайта табыстырады. Шүбәсіз, Алла – Алим (бәрін білетін шексіз ілім иесі), Хабир (барлық нәрседен толық хабардар болушы)» (4:35) деп айтқан.
Имам әш-Шәфиғи, егер төрешілер әділ, ниеттері түзу болса, екі жақтың әулеттерінен емес бөтен адамдардан тағайындалуларына рұқсат етіледі деген. Сондай-ақ имам Мәлик, әш-Шағбилер «Төрешілердің миссиялары – ерлі-зайыптыларды жарастыру» деген. (Әт-Тафсируль мунир, 3/61) Сонда барып Алла Тағала олардың ізгі ниеттері мен игі істеріне береке дарытып, екеуін жарастырады. Олар бар болғаны қол қусырып алыстан тамашалап отырмастан, жанашырлық танытып, жарастыруға тырысса болды, арғы жағын Алла Тағала Өзі реттейді. Өйткені Алла Тағала мұсылмандардың арасындағы бауырмалдықты Өзі жарататынын айтып пайғамбарымызға (с.а.у.) «Сен жер бетіндегі байлықтың бәрін осы жолда жұмсасаң да, олардың жүректерін дәл бұлай жарастыра алмас едің. Алайда Алла оларды жарастырды» (2:63) деген.
Қорыта айтқанда Құрандағы «Ұрыңдар» сөзі шариғатта әйелді сабауға рұқсат екенін білдіргенімен, Құранды түсіндіру үшін жіберілген елші, пайғамбар Мұхаммед (с.а.у.) текті азаматтың әйелін ұрмайтынын айтқан. Сондай-ақ ғалымдар да сабаудың орнына басқа шара қолданудың абзал екеніне бірауыздан келіскенін жоғарыда айтқан болатынбыз. Тіпті ұрғанда да, жоғарыда айтылған сабауға қатысты шариғат талаптарын ескерсек, оның ұрудан көрі кеюге жақын екенін байқаймыз. Оған қоса мұсылманның үлгі тұтар ең бірінші адамы да ешқашан әйел сабамағаны белгілі. Оны пайғамбарымыз өзгелерге де (с.а.у.) «Қамшыңды іліп қой, я болмаса әйелің көретін жерге таста. Бірақ әйеліңді онымен ұрма!» (Әт-Табарани) деп ескерткен.
Дастан Құрманбаев, дінтанушы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір