• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 03:04:51
Алматы
+12°

16 Қазан, 2017 Ұлт болмысы

Байрағымыз  — бөрі. Ұранымыз -— Алаш

Қазақ ұлтының атауы орта ғасырлардағы Ұлы Даланың төскейінде орын алған салттан орныққан

Бөрілі менің байрағым,

Бөрілі байрақ көтерілсе,

Қозып кетер қайдағым  

                         Сүйінбай ақын. ХІХ ғ.

 

І БӨЛІМ. «ҚАЗ»-дан  ҚАЗАҚҚА

Қазақ ұлтының атауы орта ғасырлардағы Ұлы Даланың төскейінде орын алған салттан орныққан. Ол салттың түркі тілдес халықтардың арасына тараған атауы – қазақылық. Қазақылық – орта ғасырлардағы түркі халықтарында пайда болған әлеуметтік институт. Бұл институттың көне негізі ертедегі ру-тайпалық қоғамдағы ер кісілердің алғашқы әскери қосын құру, әскери демократия кезеңінен бастау алатыны кәміл. «Қазақылық» -  қимыл-әрекеттер жиынтығы. Оның қысқарған формасы – қазақ.

ТАРИХҚА ШЕГІНІС. «Қазақ» ұғымы, «қазақылық» салт туралы деректер орта ғасырлық жазбаларда молынан кезігеді. Сол дәуірдің жазбаларында елден бөлініп, жырақ кеткен кісінің немесе жұрттың ұстанған өмір салтын «қазықылық» деп атаған және ол көбіне далалық өлкені мекендеген ел-жұртқа берілген баға. Айталық, ХІІІ ғасырда жазылған араб-қыпшақ сөздігінде «қазақ» атауы «ел-жұртынан айырылған, жалғыз қалған кісі» деген мағына ие болса, ХІҮ ғасырда жазылған жазба деректерде «қазақ» атауы ел-жұртынан өз еркімен немесе еріксізден шеттеліп жекелеген кісілермен қатар, белгілі бір әлеуметтік топқа (қосынға), қауымға қатысты атау ретінде қолданылған. Сонымен қатар шығыстық тарихи еңбектерде Шағатай, Жошы ұлыстарынан әскери қосын (топ) құрып, «қазақ» шығып кеткендер туралы айтылатын жазба деректер бар. Мысалы, Шарафаддин Әли Йәздидің Әмір Темір туралы жазған «Зафарнаме» атты тарихи еңбегінде Әндіжанды билеген әмірдің баласы Омар Шейхтен қазақ жасақтарының бөлініп, қарсыласы Моғолстан билеушісі Қамараддинге қосылады. Сондай-ақ Әмір Темірдің баласы Шахрухтың қызметінде болған Абд ар-Раззак ибн Исхак Самарқанидің тарихи еңбегінде 1440-1441 жылдары Өзбек әскерінен «қазақ шығып» кеткен топ Темір иелігінің шеткері аймағы Мазандаранға шабуыл жасағаны жазылады. Ол өлкені «қазақ шығып» кеткен топтан қорғау үшін Шахрух жыл сайын түмен басқарған әмірлерді ұстап, сол жақта қыстап шығып отыруға мәжбүр болған. Ал ХҮ-ХҮІ ғасыр жазбаларында қазақылық – жекелеген Шыңғыс тұқымдарының да басынан кешкен күйі. Мысалы, көшпелі Өзбек ұлысының негізін қалаған Шайбан Әбілқайыр хан тағына көтерілгенге шейін өзін қолдаған бір топ әмір-билермен қазақылық өмір кешеді. Сол сияқты Орыс ханнан қашып, Әмір Темірдің қолына келген Тоқтамыс жаңа қорғаушысынан бір топ кісі алып, қарсыласының жылқыларына барымта жасап, қазақылық күй кешеді.  Қазақ хандарына қамқорлық көрсеткен Моғолстан ханы Есенбұға алғашқыда әкесі Уәйіс ханның тағына отырған өзінің немере ағасы Шир Мұхаммедпен бақталас болып, кәмелетке толған соң ағасының жанынан кетіп қазақылық құрады. Оның жанына өздерін батыр (баһадүр) санаған моғол ұлысының жастары қосылып, ақыр түбінде Есенбұға атадан қалған хандық билікті өзіне қайтарып алады. ХҮІ ғасырда өмір сүрген Әмір Темірдің ұрпағы атақты Бабыр да біршама уақыт қазақылық етеді.

ХҮ ғасырда жеке орда болып құрылған Қазақ хандығының да осы салтқа қатысы бар. «Тарих-и Рашидидің»  авторы М.Х.Дулати былай деп жазады: «Әбілқайыр хан Дешті Қыпшаққа түгелдей билігін орнатқан кезде Жошы әулетінен шыққан кейбір тіміскішіл сұлтандар одан келер пәленің иісін сезіп қалып, оны орнынан тайдырмақ болды. Керей хан, Жәнібек сұлтан сияқты кейбір сұлтандар мен басқалар аз ғана топпен Әбілқайыр ханнан қашып, Моғолстанға келді. Сол уақытта Моғолстан хандығын билеу кезегі Есенбұға ханға жеткен еді. Есенбұға оларды құрметтеп, оларға Моғолстанның бір шетін бөліп берді. Олар осы жерде қауіпсіз жайлы қоныс тапты. Сөйтіп тыныш өмір сүріп жатты. Әбілқайыр хан дүние салғаннан кейін өзбектердің ұлысында алауыздық пайда болды. Әркім мүмкіндіктеріне қарай қауіпсіз һәм дұрыс өмір сүру үшін Керей мен Жәнібек ханды паналады, олар осылай күшін нығайтты. Басында өстіп елден қашып, олардан бөлініп жырылып қалып, біраз уақыт тарығып әрі сергелдеңде болғандықтан оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап ат қазақтарға осылай таңылды».

Барақ балалары Керей мен Жәнібек ханның соңына еріп, Дешті Қыпшақтан, яғни мұсылмандық жазба деректерде Өзбекия деп аталатын ұлыстан бөлініп кеткен Керей мен Жәнібектің соңына ерген жұрт осылайша «қазақ» деген лақапқа ие болады. Бұл атау бізге сырттан таңылған. Өз ішімізде ру-тайпалардың бірлестігін қалай атағынмыз белгісіз.  Бәлкім, «Алаш» деп атаған шығармыз. Себебі «Алаш» дегенде елеңдемейтін қазақ жоқ.

ӘЛҚИССА. Бүгінгі таңда «қазақ» этнонимінің этимологиясы туралы ғылымда сан алуан пікірлер бар. Оның бәрін тізіп шығу көп уақыт алады. Біздің пайымызша, қазақ атауы «қаз» түбір етістігінен туындайды. Бұл пайымды алғаш ғылыми айналымға енгізген ғалым – Құлмат Өмірәлиев. Ол «қазақ» атауын көне түркілік «қаз» етістігінен шығарып, оның мағынасын «өз бетінше күн көру» деген ұғымға сай келетінін жазған болатын. Ғалым көне түркі жазбаларында кездесетін «қадақ будун» тіркесіндегі «қадақты» бүгінгі «қазақ» сөзінің көне түбірі деп санайды. Онда «д» дыбысы «з»-ның баламасы. Қазақ тілінде «д, з» дыбыстарының өзара ауысуы түбір сөздерде жеке дара сақталған. Мысалы, «қада қағу» мен «қазық қағу» немесе  «қадалып сұрау мен қазбалап сұрау» деген тіркестердің мағыналары қазақ үшін бір-бірінен алыс емес.

«Қаз» түбірінде «бөлек кету, бөлек шығу» деген ұғымдарды беретін халықтың көне дүниетанымының іздері бүгінгі күнге әлсіз болса да сақталып жетті. Салыстыруға дәйек ретінде талай ғасырлар асуынан  асып жеткен, өзгеріске өте баяу бой беретін халықтың көне наным-сенімдері, түсініктері жинақталған отбасының ғұрыптық құбылыстарынан паралель іздеуге болады. Мысалы, халқымыз дүниеден озған кісіні «қаз+а болды» деп санайды. Мұнда «қаз+а» сөзі марқұмның бұл дүниеден о дүниеге (басқа, бөлек дүниеге) кетіп бөлінгенін білдіріп тұр. Бұл қазақ халқының дүниетанымына ғана қатысты ұғым емес. Дүние жүзі халықтарының көне мифологиялық дүниетанымын салыстыра қарастырған ғалымдар жер жүзінің әр тарапынан табылған мысалдар арқылы ертедегі адамдар дүниені, соның ішінде өлімнің өзін де мәңгілік өмірдің өзгеше түрленген жалғасы деп танығанын жазып жүр. Дәстүрлі дүниетаным бойынша, өлім – бір түрден екінші түрге ауысудың немесе бір дүниеден екінші бір бөлек дүниеге көшкен керуен. Жалпы, ертедегі адамдар дүниені тұтас, бөлінбес космос деп қабылдап, дүниедегі жан иелерін (адам, мақұлық) бір дүниеден екінші бір дүниеге басқа формалармен ауысып жүре береді деп есептеген.

Мұндай мифтік түсінікті халқымызда ежелден келе жатқан  тұсаукесер ғұрпынан да көруге болады. Жаңа туған бала дүниеден қайтқан ата-бабаларының рухы арқылы келеді немесе өлген адам жаны басқа түрге еніп қайтып оралады деген түсінік көптеген халықтардың дүниетанымында бертінге дейін сақталып келді. Мәселен, Ш.Уәлиханов жазып алған  «Өлі мен тірінің достығы» атты қазақ ертегісінде: «Аспанда да адамдар өмір сүреді. Олар белдікті тамағына тағынады, жерде, ортада өмір сүретіндер біздер белімізді буынамыз, өздерінің біздегідей күн мен айы, жұлдызы бар жер астындағылар белдікті аяқтарына байлайды», - деген түсінік бар. Қайтқан кісінің жаңа жалғасы жас нәрестенің аяғын апыл-тапыл басып, өз бетінше тұрып-жүруге ұмтылғанын ырымдайтын рәсім – тұсаукесер ғұрпы. Сол ғұрып үстінде орындалатын жырда тұрақты қайталанатын «Қаз, қаз, қаз балам// Қадамыңа мәз болам» деген жолдардағы ақ тілекте өз бетімен жүруге талпынған сәбидің талабына қуану сезімі «қаз» етістігімен берілген. (Бізде тұсаукесердегі «қаз» етістігін қазақ арасына кейін ауысқан асыранды құстың бір түрі қаздың жүрісіне балау орын алған. Қазақтар қазды асыранды құс етіп бақпаған. Біз үшін қаз «аспанда әуелеп ұшқан» жыл құсы). Жас сәбидің алғашқы ұмтылысына  риза болған бұл қуаныш сезімінде «қаз» етістігінің орын алуы тегінен-тегін емес, өйткені бұл дүниеге тылсым күштердің қолдауымен келіп, алғашқы қадамын тәй-тәй басқан сәби халық танымында бөтен дүниеден бергі дүниеге (бұл дүниеге) өтті деген қуанышты білдіреді. Осындай түсініктің негізінде халқымыз қаза болған ата-бабасы жаңа туған нәресте арқылы қайтып оралады деп санап, қайтқан кісінің артында атқарылатын рәсімдер (қырқы, жылы) жаңа туған баланың өсу жолында (қырқынан шығару, тұсаукесер) қайталанып отырған. Ал сол бала ержетіп, балиғатқа толған уақытта «азамат» болды деп, үйлендіріп, бөлек шығарады. Біздіңше, бұл сөздің алғашқы дыбысталу үлгісі «қаз» етістігінен тараса керек. «А» дауысты дыбысының ықпалынан дауыссыз «қ»  әлсіреп, түсіп қалғандай көрінеді. Өйткені мұндай тілдік құбылыс тілімізде жиі кездеседі. Мысалы, Хасан-Асан, Хакім-Әкім, Хайша-Айша, хайуан-айуан, хақы-ақы, хал-әл т.б. «Х» дыбысталу жағынан «қ»-ға жақын дыбыс).

Аталмыш мысалдар ғұрыптық салттарды «қаз» етістігін қазақ этнониміндегі «бөліну, өз бетінше күн көру, еркін жүру» сынды мағынаны сақтап қалған көне  сауыт немесе құты деп тануға болатындығын ұғындырады.

Бөлектік мағына беретін «қаз» етістігі Қазақбай, Қазыбек, Қазыбай, Қазымбек, Қаз+туған деп келетін кісі есімдерінде орын алып отырады. Бұл есімдерді ата-ана баласына «еркін, азат болып өссін» деген ниетпен қойған. «Қазақбай, Қазыбек, Қазтуғандардың» қазіргі күндегі баламасы - «Еркін, Ерік, Азат» деп келетін есімдер.

Есім демекші, Ноғай-қазақтың ортақ тарихында  өз есімімен еркіндік символындай болған тұлға – ноғайлы-қазақ жырау Қазтуған. ХҮІ ғасырдан бастап отырықшы Ресей патшалығы басып алып, жаппай қала, бекініс салып орналаса бастаған Еділ бойындағы қоныстардан:

Мен салмадым, сен салдың,

Қайырлы болсын сіздерге

Менен қалған мынау Еділ жұрт, - деп, өзге өлкеге қоныс аударып,  еркін, азат өмір сүруді қалаған атақты жырау Қарғалыбойлық («Қарғалы» -Ақтөбе өлкесіндегі өзен атауы. Қарғалы+бойлық сөзі біріккенде «лы» қосымшасы түсіп қалып, жырау «Қарғабойлық» деп атанып кеткен. Салыстырыңыз: Сырбойлық, Жембойлылық т.б.).

ХҮІІІ ғасырдағы қазақ пен қалмақтың арасында орын алған жаугершілікте азаттық пен еркіндіктің үніндей болған тұлға – Қаздауысты Қазыбек. Орта жүз Қазыбек бидің «Қаздауысты» деген лақабында «ерлік, өжет, азат сөзді Қазыбек»  деген мағына орныққан. Себебің аңыз бойынша, Қазыбек би Жоңғар қонтайшысының алдында ешбір қаймықпай жыр толғап, қазақтың азаттық пен ерлікті, батырлықты дәріптеген мінез-тұрпатын жырға қосады.

Демек, орта ғасырлық көшпелілердің арасында еркін, азат, тәуелсіз тірлік баламасына бағаланаған қазақылық өмір сүру салтының орны ерекше болған. Сол салтқа құрмет пен сүйіспеншілікті ХІХ ғасырға дейін үзбей сақтаған бірден-бір халық – қазақ. Мұны кезінде ғалым Ш. Уәлиханов ерекше атап өткен болатын. «Кочевой степняк, для отличия от своих городских родовичей-соседей, узбеков и ногайцев, гордился именем казака – свбодного степняка, кочевого человека», - деп жазады ол.

«Қазақ» атауында «еркін жүрген, тәуелсіз ел деген» мағына барлығын оқымысты ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы да атап өткен:

Құралған әр рудан қазақ басы,

Анда боп қан қосылған қарындасы.

«Ел болып, өз еркімен еркін жүрген»

Деген сөз қазақтықтың мағынасы,- деп жазады шежіреші ақын.

Қазақылыққа деген құрмет туысқан ноғай халқында да сақталған. Оларда «қазақылық» бақытты сырт өлкеден іздеу, қысастыққа кек алу деген ұғымды береді. Тіпті, ноғайлардың ауыз әдебиетінде арнайы сала болып қалыптасқан  «қазақ жырлары» деген жыр шоғыры (циклі) бар. Онда адам бойындағы тәкаппарлық, қорқақтық, сараңдықтар  сыналып, әділетті, еркін өмір, бір сөзділік сынды қасиеттер айрықша дәріптеледі.

АЛҒАШҚЫ ТҮЙІН. Халқымыздың да жеке ұлт болып қалыптасуына ата-бабаларымыздың кең даланы меридиан бойынша жаз жайлау (солтүстік), қыс қыстау (оңтүстік) арасында еркін көшіп-қонып, азат ел болуға ұмтылған қазақылық салт-сана ерекше әсер еткен.

Қазақтың ау баста жұрттан бөлек кетіп, жеке ел болғандығын  халықтың ауызша айтылған көркем тарихына бағаланатын аңыздар да жеткізеді. Аңыздар мазмұнында азғана топпен (отыз, қырық, жүз) елден жырақ кетіп, көрші елдерге жорық жасау істермен айналысқан ержүрек, өжет кісілердің іс-әрекеттері көркем суреттеліп,  дәріптеледі. Түрлі себептермен ел-жұрттан (бірде Қырым, бірде Бұқара хандықтарынан, енді бірде Түркістаннан) бөлініп шыққан шағын топ (қырық жігіт, отыз үш, жүз жігіт) «ұйқыны бұзып жылқы, күйме бұзып қыз алып», «көш елді көш жөнекей шауып, еру елді отырған жерінде шауып», мал-жанды болып, өз алдына ел болады. Еркіндік пен азаттықты қалаған бір топ жігіттердің қалай ел болып қалыптасуын халық шығармашылығы заңдылығымен бейнелейтін бұл мазмұндар - орта ғасырлардағы «қазақылық құру» салтының көркем шығармашылығындағы жаңғырығы екені сөзсіз.

Олай болса, жазба тарихи жазба дерек көздері мен аңыздар мазмұнының тоғысатын жері деп қазақ халқының жеке ұлт болып қалыптасуына азат, тәуелсіз, еркін тірлікті қалаған «қазақылық салт» тікелей әсер еткен деген уәжді ауыз толтыра айтуға болады. Еркіндік, азаттық – қазақ этнонимінің синонимі. Біз – табиғатымыздан еркіндікті қалап өскен жұртпыз. Мұны ұлт рухының басты діңгегі деп санауға болады. Ал қазақылық салт негізінде басы құралған жұрттан жеке мемлекет құра білген  Шыңғыс хан тұқымдарының (Керей-Жәнібек, Қасым-Есім, Тәуке, Әбілқайыр, Абылай хандардың) саяси қызметтерінің орны өзінше бөлек бір әңгіме. Ата-бабаларымыз қазақылық салт ғұрпымен өмір сүргендіктен қазіргі ұлан-ғайыр жерді қазаққа мұра етіп қалдыра білді.

Шыңғыс Алаша

Жалғасы бар...

"Ұлт болмысы" байқауына арналған шығарма

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір