13 Желтоқсан, 2018 Экономика
Дина Имамбай – 500 000 теңгелік мақаланың авторы
"Журфак" бітіргендер менен мықты жазады деп күттім. Сөйтсем, мен жеңдім.
13 желтоқсан күні Алматыда қасқайып тұрған «Қазақстан» қонақүйінің «Grand Palace» залында «Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қорының 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні мен 15 қараша – Қаржыгерлер күніне орай бұқаралық ақпарат құралдары арасында өткізген «Еркін сөз» шығармашылық байқауы жеңімпаздарын марапаттау кеші өтті. Жүзден асып жығылатын журналисттің басын қосып, экономикалық тақырыпта материал жазатын әріптестер рухын, әл-қуатын көтеруді ниет еткен Нәзия Жоямергенқызына алғыс білдіріп жатқандардың қарасы залда көп болды. Сертификат, ақ конверт, қызыл гүл және әр түрлі сыйлық/сертификат алып, мәз-мейрам болған журналистер де аз болмады.
«Ғылыми жаңалықты неге жатырқаймыз?» деген материалымен байқаудың Бас жүлдесі мен 500 000 теңгесін қанжығасына байлаған Дина Имамбаймен "Қамшы" тілшісі кішігірім сұхбат құрған болатын. "Қамшы" оқырмандарын алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап өткен Дина Имамбай қуана-қуана құпиясымен бөлісті.
– Дина ханым, әлеуметтанушысыз ба? Журналистсіз бе?
–Журналист емеспін. Әлеуметтану ғылымының магистрімін. Қоғамдағы түрлі мәселелерді зерттейтін әлеуметтануды ғылыми журналистика дер едім. Сол себепті өз сферамда жүрмін деп айта аламын. «Ана тілі» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқардым. Бүгінгі таңда «Ақиқат» журналының бөлім редакторымын.
–Журналистикаға бет бұрғаныңызға қанша жыл?
–2-3 жылдың көлемі.
–«Еркін сөзде» бірінші рет бақ сынадыңыз ба? Бұл байқау несімен ерекше?
–Иә, бірінші рет қатысып, бірінші атандым. Жалпы, байқауларға осыған дейін қатысқан емеспін. «Еркін сөздің» негізгі тақырыбы – экономика, қаржы мәселелері ғой. Бұл біздің тұрмыс-тіршілігіміз, әл-ауқатымыз, күнкөріс күніміз, былайша айтқанда. Осындай байқауды өткізген ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді.
–Байқау болатындығын қайдан естіп білдіңіз?
–Журналистердің ватсаптағы чатынан.
–500 000 теңгелік мақаланың атауы қандай? Оқырман онымен қалай таныса алады?
–«Ғылыми жаңалықты неге жатырқаймыз?» деп аталады. Бұл мақала «Ана тілінде» 2018 жылдың 18 қаңтарында жарияланған болатын. «Қамшының» оқырмандары үшін сайттарыңызда жариялауға дайынмын.
♦Ғылыми жаңалықты неге жатырқаймыз?
Жалпы, бұл менің магистрлік диссертациямның тақырыбымның мазмұнына, идеясына сәйкес келеді. Әрі қарай дамытып, мақалаға айналдырғаным. Кез келген дүниені зерттеп, зерделемесем, қолыма қалам алмайтын жанмын. Бұл мақаланы ойланып, толғанып, сарапшылардан пікір алып, 2-3 ай жаздым. Бір айта кетерлігі, ғалымдардың идеясын өндіріске енгізу біздің елде тым баяу жүргізіледі.
–Арнайы «Еркін сөз» үшін жаздыңыз ба?
–Жоқ, қыс кезінде мақалам газет бетінде шығып қойған болатын. Байқау туралы естігенде жай ғана жібере салдым.
–500 000 теңгені қалай жұмсамақшысыз?
–Аса бір үлкен сома емес жоспар құратындай, Жалпы, отбасыма жұмсаймын. Негізі жеңіске жетемін деген ой болмады. Біріншіден, байқаудың әділқазысы әдетте тележұргізушілер болады. Мен олардан деңгей күтпеймін. Екіншіден, "журфак" бітіргендер менен мықты жазады деп күттім. Сөйтсем, мен жеңдім.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір