25 Қазан, 2017 Әлеумет
Ерте қартайған Нұржанның ажырасқаннан кейінгі өмірі: Тағдырыма мойынұсындым
Бет-әлпеті ерте қартайған жас жігіт. Есіңізге түсті ме?
Нұржан Өркешбаев... Бұл есім сізге таңсық болмас. Бет-әлпеті ерте қартайған жас жігіт. Есіңізге түсті ме? Бірнеше жыл бұрын көпшілікке танылған, тіпті шетелдік бағдарламаларға шақырту алған Нұржан Өркешбаевтың есімін бүгінде бірі білсе, бірі білмес. 5-6 жыл бұрын аты дүркіреп тұрған Өркешбаевтың тағдырына, өміріне алаңдаған, көңіл бөлген, жанашырлық танытып, тілеулес болған халықтың қарасы көп еді. Ал бүгінгі таңда есімі көк жәшікте де, әлеуметтік желіде де аталмай, көзден ғайып болған жігіттің тағдырына алаңдап жатқан кім бар? Көзден кетсе, көңілден де кетеді демекші, жай ғана ұмыт болған кейіпкерге айналды...
Атырау облысы Мұқыр ауылында тұратын жас баланың ерте қартайып бара жатқаны туралы жаңалық бір кездері бүкіл елге тараған. Алайда жергілікті билік Нұржанды ресейлік танымал «Пусть говорят» шоу-бағдарламасына шақырылған соң ғана есіне алады. Сол сәттерге бір көз жүгіртіп шықсақ...
Нұржанның ауруы жайлы алғаш айтыла бастаған 2000 жылдары ол небәрі 10 жастағы бала еді. 2001 жылы Ресей, Германия клиникаларына барғанымен, ерте қартаю ауруы туралы ДНК сараптамаларынан басқа көрсетілген ем-дом болған жоқ. Қазақстандық мамандар да бұл жігіттің денсаулығына етене мән бере қоймады. Себебі облыс орталығынан 250 шақырымға алшақ орналасқан ауылдың қарапайым тұрғынын елеген ешкім болмады. Тек 2011 жылы танымал бағдарламадан кейін Нұржанның жағдайына алаңдап, көмек қолын созғысы келгендер көбейген. Сол жылдың желтоқсанында Нұржан Өркешбаевқа операция жасалып, отандық хирургтар ерте қартайған адамды 30 жылға жасарттық деп қуанышты жаңалықтарын бүкіл әлемге жар салып, сүйіншісін сұрады.
Ауруы бала күнінде белгі бере бастағанымен, Нұржанды ресейлік шоу арқылы таныған отандық бағдарламалар жігітті шықырып, сұхбаттасып үлгерді. Алайда, Нұржанның бұған реніші қара қазандай еді. Себебі оларды жігіттің денсаулығы емес, қартайып кеткен түр-әлпеті қызықтырды. Ал операция жасалғаннан кейін көк жәшік те, Өркешбаевтың өзі де үнсіз қалды.
Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі көзден ғайып болған кейіпкерді халықпен қайта қауыштыруды мақсат етті. Бүгінгі қал жағдайы қандай, соңғы жылдардағы өмірі қалай өзгерді, осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу үшін журналист Нұржан Өркешбаевтың өзімен сұхбаттасты.
Ешкімнен көмек сұрамаймын...
– Өміріңіз соңғы жылдары қалай өзгерді? Қазақты немен қуантасыз, қазаққа қандай сыр айтасыз?
Қазіргі таңда алып бара жатқан өзгеріс жоқ. Өзімнің туып өскен ауылымда жүрмін. Сол баяғы тіршілік...
– Денсаулығыңыз қалай? Ем алуды әлі де жалғастырып келесіз бе?
Иә, бірақ кезінде емделген Алматы жаққа көп барып жатқан жоқпын. Ауылда ем қабылдап жүрмін. Тексерістен өтіп тұрамын. Алайда денсаулығым жақсы, алаңдататын ешнәрсе жоқ. Өзімді жақсы сезінемін.
– Халықтан немесе жергілікті биліктен көмек көрсетіліп жатыр ма?
Жоқ, көмек көрсетіп жатқан ешкім жоқ, өзім де ешкімнен көмек сұрап жүрген жоқпын. Бәріне өз күшіммен жетіп жатырмын.
– «Көмек керек пе?» деп хабарласып, жағдайыңызды сұрасатындар әлі де бар ма?
Елдің ағалары хабарласып, жағдайымды сұрап тұрады. Кез келген көмегін ұсынуға дайын. Бірақ, қазіргі уақытта алып бара жатқан көмек керек емес.
Ауылға, ата-анама керекпін...
– Атырау билігі сізге пәтер ұсынғаны жайлы ақпар тараған, алайда сіз қабыл алмапсыз, бұл қаншалықты рас?
2012-де пәтерімді алдым. Бірақ өзім ауылда тұрып жатырмын. Ауылда болған соң демалыс күндері қалаға барып жатсам, сол пәтеріме барамын.
–Мұқыр ауылының бүгінгі жағдайы қандай?
Ауылдың жағдайы жақсарды. Бұрынғыдай су тасымаймыз, пеш жақпаймыз. Газ да, су да, жарық та орнатылды. Қалаға барам десең, пойыз да жүріп тұр, техникасы да дамыған, бәрі жақсы. Ең бастысы таза ауада өмір сүріп жатырмыз.
–Қазіргі уақытта немен айналысып жүрсіз?
Музыка саласында жүрмін, тойға шығамын. Музыка аппаратын басқарамын.
–Тек тойда жүрген көрінесіз. Тойлардан тауып жатқан қаражатыңыз өзіңізге жеткілікті ме?
Аптасына кемінде 2-3 рет тойға шығамын. Одан тапқан қаражат өзімді асырауға толықтай жетеді.
Тағдырыма мойынұсындым...
–Бір сұхбатыңызда шоу-бизнесті бағындырғым келеді деген едіңіз. Сол қарқыныңыз қалай жүріп жатыр?
Иә, бұрындары бастамасын бастап едік, бірақ жалғаспады. Өзімнің жеке жағдайларыма, шаруаларыма байланысты бұл жоспарды кейінге қалдыруға тура келді. Ауылға, ата-анама көмек керек болғандықтан, осында қайтып келдім. Бірақ әлі де ойымда тұрған жоспар екенін айтқым келеді.
– Бірнеше ай бұрын сіздің ажырасқаныңыз жайлы ақпар естідік. Нұржан үйленді дегенді естігенде халық қатты қуанған болатын. Қуаныштарыңыз неге ұзаққа созылмады?
Ашып айтпай-ақ қояйын. Арада біраз келіспеушіліктер болды. Жай ғана, жараспадық... Мен ештеңеге өкінбеймін.
– Қиындыққа шыдамай пенде өмірден күдерін үзіп, депрессияға салынып кетеді. Ал сізді алға жетелеп, рух беретін не нәрсе? Немесе кім?
Алдымен өзіме рух беретін менің әке-шешем, бауырларым, ағаларым мен інілерім. Достарым да жанымда. «Ешқашан мұңайма, басыңды тік ұста!» деп мені қашан да қолдап жүретін жақындарым бар.
– Болашаққа жоспарыңыз қандай? Қандай арманыңыз бар?
Негізі, көп армандамаймын, болашаққа да жоспар құра бермеймін. Күнделікті тіршілікпен жүрген адаммын. Армандап, мақсат құрып жатқаным жоқ. Өмірді қалай бар, солай қабылдаймын. Тағдырдың жазғанына көнемін, одан басқа амалым жоқ.
Сұхбаттасқан: Гүлім ЖАҚАН
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір