27 Тамыз, 2018 Айтты-ей, бауырың!
"Германиядан кейін Қазақстанның жиіркенішті жүйесіне жұмыс істемеймін деп шештім"
Жап-жас қыздың аяғын быт-шытын шығарып тігіп тастапты, енді жазда етік киіп жүрем деп жылап жатыр.
Ich bin wieder da. Аманшылық па, ағайын. Бір жарым жылға созылған оқуынан, Неміс елінен жанұялық жəне жеке басымның мəселесімен елге келдім. Неміс елінен үйренгенім де көргенім көп болды. Ең бірінші көзіме жарқ етіп көрінгені көшеде, аулада ойнап жүрген бала көрмейсін. Барған жерімде іздейтінім ойнап жүрген балалар. Ит жетектеп жүрген кемпір-шалдар бар да ойнап жүрген бала жоқ. Өзіме ең көрінгені осы болды. Екінші ауруханада адам таңдамау. Бізде дəрігерлер тек ақша бергендерге не туыстарына жымиып күліп өзінің жұмысын істейді де, басқаларға «Неге келдің?» деген көзқараспен қарайды ғой. Германияда ол жоқ , бəріне бірдей қарайсың. Науқастан ақша алу ойына да кіріп шықпайды. Бəріне бірдей шамаң келгенше жұмыс істейсің (ол жақта аурулардын түсуі өте көп). Менің түсінгенім бізде адам денсаулығын қара базарға айналдырып жіберген. Дəрігерлер аштықтан ұят, намыс, әр дегенді ұмытқан. Қайда барсаң да дəрігерлер науқастарға қойға қараған аш қасқырдай қарап тұрады. Білмеймін, Германиядан кейін ол маған жабайылық сияқты көрінеді. Дəрігерлерге айтарым науқастан ақша, пара алу ол – қылмыс. Егер бұл дүниеде ешкім ұстап алып жазаламаса, онда о дүниеге барғанда пара алған үшін Алла алдында жауап беріледі. Астанадағы барлық ауруханалар, əсіресе, Ұлттық деген атауы бар Ұлттық кардиохирургия орталығы, нейрохирургия т.б орталықтар адам емдеумен емес, бизнес жасаумен айналысады. Менің түсінігімше “Ұлттық” деген атаулар ұлт үшін жұмыс істеу керек яғни ұлттың саулығы үшін басқа жерлерде емделе алмайтын ауруларды емдеу керек, бұлар Республиканың тек ақшасы бар бай байшыкештерді жиып алып емдеумен айналысады. Бұлар "Ұлттық" дегенді брендке айналдырып "ұлттық" болғанымыз үшін бізде емделу қымбат дейді. Бір танысым миында ісік табылып, Ұлттық нейрохирургия орталығына барса, дəрігер 1 миллион ақша сұрапты. Күйеуге шықпаған жас қызда ондай ақша қайдан болсын. Қарағандыда барып операция жасатып, қуанғаннан 75 мың теңге бердім дейді. Енді есептеңіз, бір күнде бір операция бір миллион тұрса, бір айда қанша ақша боларын. Жатқандардын жартысы республиканың ақшасы бар байлары. Бəрі стенд қоюға не аорта коронарлық шунт қоюға келгендер. Оны барлық облыста жасайды, бірақ бұлар тек ақшасы болғаны үшін кардиохирургияда жасайды. Естуімше, Шымкенттен келген Ақтаудан келгендерге бөлімше меңгерушілері таласып қалады екен. Ал "Ұлттық" "Ғылыми зерттеу " деген аттар тек бренд үшін. Ешқайсысы біліммен-ғылыммен айналысып жатқан жоқ (Айына-жылына протокол үшін конференцияларды есептемегенде). Олар ұлттың проблемасымен айналысып, ел ішіндегі көбейген ауруларды табу, шетте емдей алмайтын ауруларды емдеу керек. Олар тек мемлекет ақшасына, халық ақшасына тұрғызылған ауруханаларда бизнес жасап жүргендер. Президенттік ауруханаға қарапайым тұрғындар ешқашан жата алмайды. Немістерге айтып көрші бізде байлар бір бөлек емделеді, кедейлер бір бөлек емделеді деп. Ал шенеуктердің өз алдына ауруханасы бар деп, ана аурухананың быт-шытын шығарды. Олар шенеуктің жаны жай адамның жанынан бөлек болады дегенді түсінбейді.
Бір танысым Астанада травматологияда аяғын операция жасатты. Жап-жас қыздың аяғын быт-шытын шығарып тігіп тастапты, енді жазда етік киіп жүрем деп жылап жатыр. Мен айтамын «ақша бермейсің бе?» деп. «Бердім ғой”,-дейді. Операция жасайтын бөлімше меңгерушісіне беріпті. Оған бөлек бересін, теріні тігетін дәрігерге бөлек бересін деп айттым. Себебі бір-бірімен бөліспейді, хирургқа сенің тері тігісің бір тиын, ол өзінің жұмысына ақшасын алды, теріге тігетінге бөлек бересін, жақсы наркоз алғың келеді ме оған да бөлек бересің. Ана жасаған хирургтың қарындасы болсан саған əдемілеп тігіс салатын еді, болмаса сен оған адам емессің. Хирургияда косметикалық тігіс деген бар, ол операция аймағынын тек ізін қалдырып өте кішкене инемен өте жіңішке жіппен тігу. Оны бізде тек ақша бергендерге не туыс-таныстарына салады. Егер хирург косметикалық тігіс сала бастаса оның не ақша алғанын, не танысы екенің білеміз. Ол бұрын маған норма болып көрінетін. Мен болған ауруханада бəріне косметикалық тігіс салып жатады, ұзақ қой ол, 70-80-дегі кемпірлерге. Содан сұраймын неге бұлардың бəрінде жеке сақтандыру ма деп. Хирург айтады бұлар əйел ғой деп, оларда бəріне, əсіресе, əйелдерге косметика салады екен. Есіме біздегі іштері операциядан кейін іштері тыртық-тыртық болып мал тіккендей қылып тігілген жап-жас əйелдер түседі.
Немістерде ол қылмыс. Германияда барлық уколдарды, анализдерді, катетерлерді науқасқа кіретін нəрсенің бəрін дəрігерлер жасайды. "Жабайы" мемлекеттен келген, мейірбике жұмсап үйреніп қалған бізге ол біріншіде «фу» болып көрінді, қалай дəрігер капельница қойып, анализ алады деп. Кейін қарап тұрсақ, ол науқасқа деген құрмет екен. Дəрігер "дəрігермін" деп шіреніп тұрмайды, барып анализ алып, капельница қояды. Біздегі дəрігерлердің айтатын жақсы мысалы бар. Сталин бе, Ленин бе айлық берерде дəрігерлерге қанша ақша береміз десе, "Оларға айлық бермейміз, жақсы дəрігерді халық асырайды " деген түсінік бар. Ол жалған. Ешқандай халық сені асырауға міндетті емес. Мемлекетке жұмыс істейсің бе, сені мемлекет асырау міндетті. Ақша жетпейді ме, мемлекеттен сұра. Халықтан ақша алу жиіркенішті, қылмыс, күнə.
Мен Германиядан кейін мемлекетке олардың жиіркенішті жүйесіне жұмыс істемеуді шештім. Өз алдыма жеке кабинет ашып келген адамдарды қабылдаймын. Хиджама жасаймын, ине қоям, əйтеуір күн көрермін. Тіпті қиын болып бара жатса жеке басымның мəселесін реттеп алған соң, қайта Германияға кете салармын. Германия есігі маған əрдайым ашық. Ең болмаса қылмыс жасап жүрген жоқ екенімді біліп жүрем.
Ғабит Нұрханұлының фейсбук парақшасынан
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір