18 Қаңтар, 2018 Саясат
Мирзияев келгелі қазақ-өзбек қатынасы оңалды ма?
Әзірге Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жуықтады.
Өзбекстанды 25 жыл билеген Ислам Кәрімов дүниеден озған соң 2016 жылы қыркүйек айында Шавкат Мирзияев президент болып сайланды.
Шавкат Мирзияев мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы шетел сапарын былтырғы Наурыз мерекесінде Астанадан бастады. Кездесуден бұрын да екі ел басшылары телефонмен сөйлесіп, қазақ-өзбек қатынасын нығайту мәселесін талқылаған.
Бауырлас халықтардың төл мейрамында Өзбекстан президентінің Қазақстанға сапарлап келуі екі ел арасында орнайтын достық байланыстың игі нышанындай болды.
«Рейтинг» газетіне шыққан мақаласында Б. Ерназар деген автор «Орталық Азияда жетекші мемлекеттер есептелгенімен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алыс-беріс осы уақытқа дейін өз деңгейінде болмағаны рас», - деп жазған еді.
Мұның себебін сарапшылар Ислам Кәрімовтің көзі тірісінде көршілес қазақ мемлекетіне оң қабақ танытпауынан көреді. Ал Мирзияев, керісінше, алғашқы сапарын «тарихи сәт» деп бағалады. Оның Ресейді емес, Қырғызстанды емес, Қазақстанды таңдауы кездейсоқтық болмаса керек.
Өзінен 17 жас кіші Мирзияевты қабылдаған сәтінде Назарбаев:
- Өзбекстан – біздің стратегиялық әріптес, бауырлас мемлекет. Біздің тұрғындар көрші елдің гүлденуін, амандығын қалайды, - деген болатын.
Назарбаев-Мирзияев кездесуінің саяси маңызын «Эксклюзив» журналының бас редакторы Расул Жұмалы да атап өтті. Каримовтың жабық саясатынан кейін бір өзгеріс болады деген үмітпен Ташкентке өзі бірінші болып барған Путиннің «аузы күйді», - дейді ол. Себебі мемлекет басшысы алғашқы сапарын қай елге жасаса, сол елге саяси басымдылық береді, «аймақтағы ықпал иесінің» кім екенін меңзейді.
Негізі Путин Кремль қарамағындағы Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) Өзбекстанды да енгізбек болған сияқты. Ташкент пен Самарқанға барған сапарында өзбек әріптестеріне тығыз ынтымақтастық туралы уәдесін үйіп-төккені де сол.
Бірақ оның діттегені болмай шықты, керісінше, Мирзияев былтыр Бішкекте болған ТМД саммитін елемей қойды. Өзбекстан басшысы тұңғыш ресми сапарын Қазақстан мен Түркменстаннан бастап, сыртқы саясатта Орталық Азиядағы бауырлас елдерге бүйрегі бұратынын аңғартты.
Шавкат Мирзияев президент болып сайланған бетте Нұрсұлтан Назарбаев онымен ақылдасып, 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылын өткізуге уағдаласты. Ал 2019 жыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы болмақ. Назарбаевтың айтуынша, «осы бастамалар аясында өтетін іс-шаралар бауырлас халықтарымыздың жақындастығын одан әрі тереңдетуге септігін тигізеді».
Кәрімовтің бейітіне топырақ салуға барған сапарында Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзияевпен түрлі саладағы 100 келісімге қол қойды. Соның ең негізгілері – Мәңгілік достық туралы шарт пен Стратегиялық әріптестік туралы шарт.
Тараптар 2018 жылы демаркация бойынша далалық жұмыстарды жүргізуге, ортақ автомобиль өндірісін, теміржол және авиация салаларын бірлесе дамытып, шекара мәселесін шешуге келісті. Өзбекстанға Қазақстан арқылы Еуроодаққа жол ашылатынын ескерген Мирзияев екі ел арасындағы логистикалық байланысты жақсарту керегін кәміл түсінді.
«Қазақстан мен Өзбекстан – стратегиялық әріптес қана емес, ең бастысы, сенімді серіктес. Қазақстан Орталық Азияда тұрақтылықты сақтаудың өзіндік үлгісін қалыптастырды деп ойламын», - деді Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев. Ал елшінің сөзі қай заманда да оның артындағы елдің мүддесін білдірген.
Әзірге Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жуықтады. Күрмеуі қиын күрделі мәселе әлі көп-ақ. Біз алдағы уақытта да қазақ-өзбек қатынасын мұқият бақылап отырамыз.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір