• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 05:07:57
Алматы
+12°

25 Сәуір, 2018

Қабатов қағытқан ұландықтардың ұнжырғасы неге түсіп жүр?

Тұрсынбек Қабатовтың халық алдында көзбе-көз айтқанын сөзбе-сөз келтірсек, былай:

Былтырғы мамыр айында «Әзіл әлемі» театрының кезекті шығарылымында Тұрсынбек Қабатов ел әскері туралы ащы шындықты жайып салды. Әдеттегідей монолог жанрындағы әсерлі әзілімен және соған сай қимыл-әрекетімен көрерменнің көңілінен шыға отырып, қазіргі сарбаздарды кекесін күлкіге жықты. Таяуда көңілімізге өз-өзінен «Қабатов қате сынаған жоқ па екен?» деген күдік ұялай кетіп, ғаламтордан әлгі сықақты тағы бір тыңдап көрдік.

Өңкей жігіттерден құралған ұжымның жетекшісі әуелі 80-90 жылдары әскер қатарында болған азаматтарды мақтан етті. Олардың Отан алдындағы борышын абыроймен атқарғанын дәлелдейтін үлкен альбомдарын ашып көрсең, содан кәдімгідей рух алатыныңды, сол арқылы өзіңнің де әскер қатарында болғың келетінін айтты. Бала кезімізде көшедегі әскери киім киген, «тепсе, темір үзетін» қарулы жігіттерге қарап тамсанып, соларға еліктеп өскенімізді еске салды. Осы орайда, әзілкештің бұрынғы жігіттермен салыстырмалы түрде айтпағы – қазір қала көшелерінен жасөспірімдер еліктейтіндей сарбаз көрінбейді. Тек Ұлттық ұланның патрульдік полиция қатарындағы үш-үштен бөлініп жүретін жігіттері ғана бар. Міне, сықаққа себеп болған бар гәп – осы жерде! Тұрсынбек Қабатовтың халық алдында көзбе-көз айтқанын сөзбе-сөз келтірсек, былай:

ұлан

«Баяғыда сарбаздар адымдағанда кәдімгідей жерді қопарып келе жататын. Ал анау үшеуін қарасаң, көшеде, коттедждердің, қораның артында бірінің артынан бірі, өз аяқтарына өздері сүрініп кетіп бара жатады. Үшеуінің не істеп жүргендерін білмейсің. Үстеріндегі киімдері өздерінен он есе үлкен. Қыста киетін дубленкаларын көрсең... Ол дубленка ішінде сарбаздың өзі айналып тұрса да қозғалмайды ғой. Үшеуін мазақтап қашып кетсең, өз киімін өзі әзер арқалап жүрген олар сені қуып жете алмайды да. Әй, соларға неғып бір размермен киім беріп қоймайды?! Мен соны түсінбеймін».

Расында да былтыр бізге қаланың қулары ішімдік ішіп, өзара жанжалдасып қалғандарын айтып берген. Сол кезде олар қыста ұзын қара киіммен жүрген сондай үш сарбаздан оңай қашып құтылыпты. Бұл – бір. Енді астарлап әуре болмай, Тұрсынбек тура жеткізген екінші мәселеге келсек, ол – әлгі «үштіктің» бойында ұлттық рухтың жоқтығы. Тәлімгерлері тарапынан олардың жүрегіне «Мен өзімнің туған елімді, жерімді қорғап жүрген хас батырмын!» деген асқақ патриотизм ұшқыны құйылған шығар, бірақ, сіңбеген! Бұл ретте, тағы да сахнада айтылған сынға жүгініп көрейік...

«Аналарға қарап, қазір ешкім сарбаз боламын деп айтпайды. Түрлеріне қарасаң, солардың өздері де сарбаз болғысы келіп тұрған жоқ-ау деймін. Мысалы, шетелдің сарбазын, полицейін көрсең, солармен суретке түскің келіп тұрады. Шынын айтсам, біздегі анау үшеуімен ешкім суретке түскісі келмейді. Шетелден келген қонақтар оларды көрсе, «Сарбаздарының түрі осы ма?», – дейді ғой. Оларды көрген ата-ана іштерінен: «Құрығыр, балам әскерге барып, осылай тұрмаса екен», – деп тілеп бара жататын шығар», – дейді «Әзіл әлемі» театрының жетекшісі.

Ал, сыннан нәтиже шығару керек шығар енді?! Бұл жазбамызға арқау болған әзілкеш әңгімесін көрмеген ұландықтарға youtube әлеуметтік желісінен мына сілтемені ұсынамыз: Әзіл әлемі (08.05.2017). Тіпті, бұдан былай көшеде еңселерін тік ұстап, өздерінен кейінгі інілерге жігер беретіндей кейіпте көрінгілері келсе, осы мақаланы да оқып шықсын.

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Erkegali Bolatuly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір