25 Мамыр, 2018 Саясат
Қытайға қайтарылады деген қазақ әйелі жайлы сауалға ҰҚК жауап берді (видео)
Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР ҰҚК Шекара қызметіне ресми сауал жолдаған еді.
Жуырда Сайрагүл Сауытбай атты қандасымызды Қытайға күштеп қайтарғалы жатыр деген ақпарат тарады. Өзін Сайрагүлдің қайнысымын деп таныстырған ер адам видеоүндеу жасап, ел-жұрттан көмек сұрады.
Бұл оқиғаға бүкіл қазақ алаңдады. Әлеуметтік желіде Сайрагүл Сауытбайға араша сұрағандар көп болды. Осыған байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР ҰҚК Шекара қызметіне ресми сауал жолдаған еді. Құзырлы мекемеден төмендегідей жауап келді.
"Қытайдың құқық қорғау орындары 1976 жылы туған ҚХР азаматы Сайрагүл Сауытбайға іздеу салған еді. Ол "Қорғас" ШЫХО-ның қытайлық бөлігіне ҚХР жақтан жеке куәлік пен бір реттік рұқсатнама арқылы кіріп, Қытайға қайтып оралмаған.
Сайрагүл Сауытбайдың ҚР аумағына кіретін заңды құқығы болмаған. Себебі оның ҚКП мүшелеріне шетелге шығуға мүмкіндік беретін төлқұжаты тартып алынған (балабақша меңгерушісі болып жұмыс істеген).
Сәуір айында Қытайдың шекара қызметіндегі жемқор шенеуніктердің көмегімен "Қорғас" ШЫХО-ға кіретін жалған рұқсатнама жасап алып, шекараны заңсыз кесіп өткен.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері оның күйеуімен бірге Бәйдібек би ауылында тұрып жатқанын анықтады. ҚХР-дан ҚР-ға мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды".
Әрине, қаны бір қазақ азаматының атажұртында тұрақтай алмай, отбасынан жыраққа кетіп бара жатқаны бәрімізді қынжылтады. Алайда Қазақстан Республикасының заңы бар, Қытаймен екі арадағы келісім бар. Бала-шағасына асығып, аналық жүрегінің әмірімен заң бұзған Сайрагүлдің жағдайы жанымызға батады. Еліміздің құзырлы орындары шекараның екі жағында қалған қазақтардың жанайқайына құлақ асып, халықаралық нормаларға жүгіне отырып, күрмеуі қиын күрделі мәселені сәтімен шешеді деп сенеміз.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір