08 Тамыз, 2018 NEWS
Ресей азаматы Шушанников өзін Өскеменнің құдайы санайды
Qamshy.kz ақпарат агенттігі осы мәселені өз назарында ұстайды. ҚР Бас прокуратураға, Жоғары сотқа, ҰҚК-ге ресми хат жолдаймыз.
Өскемен қаласында орналасқан «Восточник-3» серіктестігінің мүшесі, саяжай кооперативінің тұрғыны Қасембаева Айым Нұрланқызы өзінің Facebook парақшасында тұрғылықты жерінде «Восточник-3» атты баубақша қоғамдастығының басшысы Шушанников Г.П есімді Ресей азаматынан қысым көріп отырғанын жазды.
«Тәуелсіз елде тұрып, неге басқа елдің азаматына тәуелдіміз?
«Восточник-3» атты баубақша қоғамдастығының басшысы Шушанников Г.П РЕСЕЙ ЕЛІНІҢ АЗАМАТЫ. Азаматтығы ресейлік болса да, Қазақстанда тұрып, қаракөз қазақтарға иелік етуде! Жасы жетпістің айналасында болса да, оған ешкімнің әмірі жүрмейді. Ол да өзін бұл жердің құдайы сезінеді-ау. Қазақтарды менсінбейтініне өзім талай рет куә болдым. Талай рет әкімдікке, прокуратураға арыз жаздык. Бірақ... Баубақша қоғамдастығы кімге қарайтыны белгісіз! Сондықтан билік те шарасыз...
Баубақша қоғамдастығының электр энергиясы да сол бір төрағаның иелігінде. Егер оның қалауы болса, ол кез келген тұрғынды жарықтан ажырата алады. Ол сол құзыретін асыра пайдаланып, қандай да бір құжатқа келісім жинау барысында, қарсылық білдіргендерге электр энергиясын қиямын деп те келістіреді. Қиылған қуатты қайта қостырудың өзі 8 мың теңге тұрады ғой... Ал қиса, оны оңайлықпен қоса қоймайды!
Тұрғындардың атынан арыз жазып, баубақша қоғамдастығының басшысын ауыстырайық десек, тұрғындардың басым бөлігі орыс ұлтының азаматтары. Қоғамдастықтың проблемаларын бірлесе шешу үшін құрылған алқа да бар, бірақ ол алқаның өзіне өз қазағымызды таңдап тұрып қоссақ та, шығып қалады! Бұл бассыздықты қалай тоқтатуға болады? Ақылдарыңыз керек ағайын!» деп жазды Айым Қасембаева.
Мән-жайды толығырақ білу үшін бірден жазба авторына хабарластық.
Саяжай тұрғыны Айым Қасембаеваның айтуынша, «Восточник-3» атты баубақша қоғамдастығы басшысы Шушанников Г.П өзі тәртіп орнатып, оған көндікпегендерді «жарықты қиып тастаймыз» деп қыспаққа алады.
- Кеше үйге келсем, кешке үйдің жарығын қиып кетіпті. «Алдын-ала неге ескертпейсіздер?» деп электрикке хабарластым. Ол бұған дейін талай тұрғынға алдын-ала ескертемін деп басшылықтан ұрыс естігенін айтады. (аудио жазбасы бар). Электрик Шушанниковке көбінде кішкентай балалары бар екенін алға тартып, жарықты кешке емес, таң ертең өшіруді ұсынған. Алайда қоғамдастық басшысы кешке ешкімге ескертпестен жарықты қию керек екенін айтып, өз дегенінде тұрып алған. Мен әкімдікке шағым түсірдім. Олар "өз араларыңдағы келіспеушілік, біз кірісе алмаймыз" деді. - дейді Айым Қасембаева.
Айымның саяжайда тұрып жатқанына 6 жылдан астам уақыт болған. Шушанников сол жылдан бері саяжайды басқарып келеді. Айымның айтуынша, оның жасы 70-ке келген. Зейнеткерлік жастан асып кетсе де, тұрғындардың қызметіне көңілі толмаса да жұмысын тоқтатпаған. Тұрғындар «Қайдан кетсін, май тамып отырған орыннан кім кеткісі келеді?» дейді.
Айым Қасембаеваның айтуынша, Өскемен қаласында «Восточник-3» атты баубақша қоғамдастығы аумағында 200-дей үй бар. Әр үйден жылда түрлі себеппен ақша жинайды.
- Жыл сайын біз 5 мың теңге мүшелік кіріс пен әр сотық жер телімі үшін 2 мың теңге ақша жинаймыз, дейді.
Бұл тұрғындар мен қоғамдастық арасындағы келісімде көрсетілген сомма екен. Сондықтан халық оны төлеуден бас тартпайды.
Бұдан бөлек қауымдастық басшысы жарыққа ақша төлемегендерден үстемақы талап етеді екен. Онымен қоймай, халыққа тіл тигізіп, намысына да тиетінін айтады Айым.
- «Восточник-3» атты баубақша қоғамдастығының басшысы Шушанников Г.П бізді адам санамайды. Кеше «Вы пришли с улицы» дегенде бәріміз шу ете түстік. Қоғамдастық өкілі «өздері бекіткен ереже бойынша жүргілеріңіз келмесе басқа жерге көшіп кетіңдер» деді деп ашынды тұрғын.
Айым Қасембаева барлық жиналыс орыс тілінде жүргізілетінін, хабарландырулар тек орыс тілінде жазылатыны айтады.
-Біз «неге қазақ тіліне аудармайсыңдар, жиналысты неге қазақ тілінде жүргізбейсіңдер?» десек, "Мен сендерге қазақша жазуға міндетті емеспін. Біз мемлекеттік мекеме емеспіз. Керек болса өздерің аударып алыңдар" дейді. Ойына келгенін істейді. Уақытында төлемесең әр адамға үстемақы төлеткізеді. «Сіз үстемақы төлететіндеймсот емессіз» деп тағы ұрысқанмын.
Орыс тілін білмейтіндер, «Не айтты. Не шешті? деп бір-бірінен сұрайды. Бұл мәселені көтеріп прокуратураның да, әкімдіктің де табалдырығын тоздырдық. Алайда олар қоғамдастықтың мемлекеттік орган емес екенін айтып, шарасыз екенін жеткізді. Бұл қоғамдастық кімге қарайды белгісіз? Бұған заң, сот деген жоқ па сонда?, - дейді Айым Қасембаева.
Бұл мәселенің дендеп, шешімін таба алмай жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Бұған дейін Qamshy.kz ақпарат агенттігі саяжай тұрғынының шағымына қатысты мәселені көтеріп, материал жариялаған еді. Ол кезде әкімдік аталмыш іске қызығушылық танытқандай болып еді, алайда ештеңе өзгермеген. Дәл бұрынғыдай жиналыстар орыс тілінде жүргізілген, хабарламалар орыс тілінде жазылған. Әлі де солай. «Баубақша» қоғамдастығының тұрғындардың тілегіне құлақ асар ойында да жоқ.
Осыдан бір жыл бұрын аталмыш қауымдастыққа хабарласқанымызда да, саяжай тұрғындарына да қоғамдастық өкілі Татьяна Юрьевна Муродяк өздерінің мемлекеттік орган болғандықтан құжаттар мен жиналыстарды екі тілде жүргізуге міндетті емес екенін айтқан еді.
Құрметті, «Восточник-3» атты баубақша қоғамдастығы! ҚР Заңына сәйкес, тіл туралы заң барлық Қазақстан территориясындағы мекемеге тиесілі екенін еске саламыз.
Іс қағаздарды қазақ тілінде жүргізу, халыққа екі тілде де ақпаратты жеткізу секілді заң барлығына ортақ! Әрбір Қазақстан азаматы мен Қазақстан территориясында тұрып жатқан, еңбек етіп жүрген, кәсібін жүргізіп отырған азаматтар Қазақстанның бекіткен заңына мойынсынуға, ҚР Ата-заңында көрсетілген ереже бойынша жүріп-тұруға міндетті.
Qamshy.kz ақпарат агенттігі осы мәселені өз назарында ұстайды. ҚР Бас прокуратураға, Жоғары сотқа, ҰҚК-ге ресми хат жолдаймыз.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір