• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 00:44:33
Алматы
+12°

04 Ақпан, 2018 Сұхбат

Руза Бейсенбайтегі: Павлодар облысының әкімі мені соттату үшін барын салды

Мемлекеттік тіліммен өмір сүру үрдісіне 2005 жылы аяқ бастым, енді кері шегінерге жол жоқ.

Руза Бейсенбайтегі – орыстанған солтүстікте мыңмен жалғыз алысқан тіл жанашыры. Керекудің басшыларынан бастап қарапайым тұрғындарға дейін оның аяғынан шалуға талай әрекеттенген. Алайда Руза Бейсенбайтегі құлаған жоқ, еңсесін тік көтеріп, мемлекеттік тілді менсінбейтіндермен күресіп келеді. Қоғам белсендісінде, тіпті, денсаулығын күтіп, өз-өзіне қарайтын уақыт жоқ. Оның себебін Руза ханым Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Тіл мәртебесін көтеру жолында талай жыл талмай еңбектеніп келесіз. Меніңше, сіз тіл жанашыры ғана емес, нағыз күрескерсіз. Бұл майданда жеңіске жететінімізге шүбә жоқ. Бірақ қашан?

– Аузыңа май! Жеңіске жету үшін бізде екі жол бар. Жеңіл жолы – билікке мемлекет тірегін ұстап тұратын, ұлтының өшпеуін, керісінше, өсіп өнуін тілейтін жан келуі керек. Ал ауыры – халық санасы жаппай оянып, ұлттық санамыз өсуі керек. Ол үшін талай жыл қажет. Белсенділер халықтың санасын ояту мақсатында насихат жұмыстарын жүргізгені абзал. Бірақ бұл процестерге биліктің кедергі келтіретіні сөзсіз.

– Не себепті тәуелсіз мемлекетте тіл мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай жатыр? Бұған кім кінәлі?

– Менің ойымша, советтік ұлт синдромынан арыла алмай жүрген, өзін, ұлтын кем көретін, әлі күнге көршіге жалтақтап отырған шенеуніктер кінәлі.

Былтыр мамырда президентіміз: «Орысша сұраққа қазақша жауап беретіндер жауапқа тартылады», - деді. Сол сөзден кейін тілдік ахуал ушығып кетті. Орыстар: «Вы видите, что я русская. Не смейте говорить на своем языке. Сам президент Назарбаев сказал», - десе, үндей алмайтын болдық.

Мемлекеттік тілін қай ел басындырып қоюшы еді? Керісінше, «мемлекеттік тілде сөйле, сенің тілің – сол», - деп әр азаматтың құлағына құю керек. Сонда ғана мұндай масқаралықтан арылар едік. Ал қазір досқа таба, дұшпанға күлкі болып отырған жайымыз бар. Конституция бойынша, орысша тіліндегі сұраққа қазақ тілінде жауап беру заң бұзушылыққа жатпайды. Қалыптасқан жағдайға көне берсек, құлдан не айырмамыз қалады? Солтүстік өңірге әбден ұлтсызданған, өз тілін түсінбейтін, соған өршелене қарсы тұратын мәңгүрттер жиналған.

– Тіл үшін шарқ ұрып шайқасудан жалыққан кезіңіз болды ма?

– Жоқ, шынайы берілген ісінен адам жалықпайды, нәтижесінің жемісті болуы үшін күресе береді. Мемлекеттік тіліммен өмір сүру үрдісіне 2005 жылы аяқ бастым, енді кері шегінерге жол жоқ. Өзбекстан тұрғындары өздерін өзбек, эстониялықтар эстон ретінде сезіне алады. Әрине, елімізде 100 пайыз қазақша қоғам құру мүмкін емес. Сондықтан түсінгенге иіліп, түсінбегендерді жөнге салып келе жатқан арпалыс өмір менікі.

Белсенді қызметімнің кесірі отбасыма тиеді деп уайымдамайсыз ба? «Турасын айтсаң, туғаныңа да жақпайсың» дейді. Бұл ісіңізді жақындарыңыз қалай қабылдайды?

– Дана бабамның айтқан сөздері рас. Кез келген жиында орысша сайраған қазақты көрсем болғаны, «қашан өз-өзімізді ұлт ретінде сыйлап, өз тілімізде өмір сүреміз?», - деп сұраудан жалықпаймын.  Өз жерімдегі жиын-тойларда қазақша әндерді сұраймын деп бәлеге қалған кезім де көп.

Ал отбасыма келсек, басқа аналарға тән сезім менде де бар. Бірақ отбасыма кесірі тиеді екен деп қол қусырып отыру ойымда жоқ. Бұл жолдан бас тартқаным «болашақта ұрпағымыз мемлекетсіз, әркімнің есігіне қарап өмір сүрсін» дегеніммен тең ғой. Бәрі өз уақытымен.

Павлодар облысының әкімі Боқауовты сотқа беремін деп едіңіз. Бұл процесс қалай өрбіп жатыр?

– Бұл – мені әбден күйдірген мәселе. Қайда барсаң, Қорқыттың көрі. Кереку деген атауды әкім-қаралар маңына да жолатпайды. Құлдық сана басып қалған, өз тілінен жиренетін, әлі күнге дейін жалтақтап жүретін жергілікті биліктің қоластындағы мекеннің тілдік жағдайы белгілі. Қанша арызданғаныммен, нәтижесіз болып отыр. Әрине, Руза Бейсенбайтегінің мәселесінен де өзге қиындықтар жетіп артылады емес пе?! 12 жыл бойы 6,5 келі хат жаздым, түк шықпады.

Айтпақшы, сот туралы сөзімнен кейін Б. Боқауов мені соттату үшін барын салды. Мемлекеттік тілдің аяққа тапталғаны үшін трамвай жолын бөгегенім бар еді бір кездері. Сол жағдайдан кейін телефонымның ар жағынан бөтен дыбыстар еститін болдым. Менің кіммен сөйлескенімнің бәрі тыңдалып жүріпті. Республикалық биліктің текті бөлігіне, ұлттық сана-сезімі қалған тілшілер қауымына, әлеуметтік желідегі танымал, танымал емес, өздерін толыққанды ұлт өкілі деп санайтын рухты адамдарға, соттан мені құтқарып шыққан адвокатыма көп рақмет!

Біз жақта көпшілік қазақша сөйлеген адамды террорист ретінде қабылдайды, жергілікті биліктің қазақ тілін білмегені былай тұрсын, халқынан оны құрметтеуін де сұрамайды. Павлодар облысының бұрынғы әкімінің орынбасары Рысты Жұмабекованың кезінде «қазақ тілі деп ауыздарыңды ашушы болмаңдар», - деген саясат қалыптасқан. Содан бері халық арасында да, билік арасында да орыс тілінің мерейі үстем. Мұндай қалыптасқан жүйеде облыс әкімін сотқа беріп, жеңіп шығу мүмкін емес.

Дәл қазір немен айналысып жүрсіз?

– Әйтеуір нәпақамды табатын жұмыс істеп жүрмін. Тіл үшін күресу – мен үшін жұмысым емес, өмірім. Шамам жеткенше жерім, елім, тілім деп жүрген жастарға көмектесуге тырысамын. Сырттан келген, тіркеуде қиындық көріп жүрген қандастарыма қол ұшын созуға қашан да дайынмын.

Денсаулығыңыз сыр беріп жүрген көрінеді...

– Денсаулықты қадағалауға уақыт жетпей жүр. Өзіме көп көңіл бөлетін болсам, дәл қазіргі белсенді қалпымнан айырылып қалатындаймын.

Босағадағы халықтың жанайқайы төрдегі төрелерге жетпей жатады. Халық пен билік арасын қалай жақындатамыз?

– Қазіргі билікте қалыптасқан жүйені өзгерту үшін халық бірігуі керек. Бірақ соған дайын халықты көріп тұрғаным жоқ. Көретінім – халықтың наразылық хаттары ғана. Әрине, олар да артық кетудің зардабын біледі, аяқтарын тартып жүреді. Робот емес, адам ғой бәрі.

Біздің қоғамда тілден басқа да өзекті мәселе жеткілікті дегендерге не айтасыз?

– Бүгінде ушығып тұрған мәселе – жер дауы. Қазақ қашан да жер дауынан қалыс қалмаған. Жерді шетелдіктерге және бөтен елдің азаматымен некеде тұрғандарға бермеу керек деген заң қабылданбаса, үш жылдан кейін мораторий біткенде, қазақ жері талан-таражға түсіп, ұлттық санасы қалыптасып үлгермеген мемлекет бөлшектеніп кетуі бек мүмкін.

Былтыр Алашорданың құрылғанына 100 жыл толды. Бір ғасырда қазақ қалай өзгерді?

– Алаш арыстарының үміті ақталды деп айта алмаймын.

Алаш арыстарының мерейтойын дүркіретіп тойлай алдық па?

– Дүркіретіп тойлаған тек «Қамшы» порталы болды.

– «Қамшы» порталының халық арасында жүргізген сауалнамасы бойынша «Алаш ізбасары» медалімен марапатталдыңыз. Медаль алатыныңызды естігенде қандай сезімде болдыңыз?

– Керемет сезімде болдым. Алғашында қатты мән беріп қарамадым, тіл жанашыры деп бір тізімге қоса салған болар дедім. Кейін дұрыстап қарасам, марапатталғандар тізімінде 83-орында тұр екенмін. Оның үстіне, анау-мынау емес, «Алаш ізбасары» деген атақ. Өзімді лайықпын деп айтуға аузым бармайды. Бірақ азаматтардың риясыз пейілдеріне қатты риза болдым. Қаржыны тиын-тебеніне дейін осындай ауқымды деңгейдегі шараға жұмсаған «Қамшы» порталына халық дән риза. Қорытынды іс-шараға бармай қалғаныма әлі күнге дейін өкінемін. Ұлттың қаймақтарының, небір марқасқалардың, өзім ерекше құрметтейтін азаматтардың арасында болып, олардың сөзін тыңдау мүмкіндігінен құр қалдым. Халқыма алғыс айтып, бас иемін. Тізімде нағыз лайықты жандардың есімі болды. Әрине. Лайықты азаматтардың саны жүзден де көп. Бірақ 100 жылдыққа 100 ізбасар таңдалғаны өте қисынды. Рухты жастардың еріп келе жатқаны көңіл қуантады. Бет алған бағыттарыңыз ылғи оңынан болсын!

– Әңгімеңізге рақмет!

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір