• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 15:52:32
Алматы
+12°

09 Сәуір, 2018

Тоналған 200 мың доллар Алатаудың қай жерінде тығулы жатыр? (фото)

Бір қызығы, бандалық топ қолға түскенімен сол ақшаның бір бөлігін бәрібір қайтарған жоқ.

Осыдан 17 жыл бұрын «ТұранӘлемБанкі» инкассаторларына қарулы шабуыл жасалды. Қарақшылар 17,5 миллион теңге мен 196 мың АҚШ долларын олжалады. Бұл сол кезде адамның өңі түгілі түсіне де кірмейтін сұмдық ақша болатын. Бір қызығы, бандалық топ қолға түскенімен сол ақшаның бір бөлігін бәрібір қайтарған жоқ. Қомақты қаржы Алатаудың қай жерінде тығулы жатқаны да әлі күнге дейін белгісіз.

Атыстан кейінгі инкасатор көлігі

Талтүстегі атыс

Алматының қылмыстық оқиғалар тарихында бұған дейін дәл мұншама сомадағы қаржы тонау дерегі тіркелмеген. Әрі қарақшылық шабуылдың қараңғыда емес, күндіз жасалуы жұрттың жағасын ұстатты.

2001 жылдың 18-інші мамыры. Таңертеңгі сағат 8-ден 10 минут кеткен кез. ТұранӘлем банкінің орталық кеңсесінен  шыққан инкассатор көлігі 7 минуттан соң Фурманов көшесіндегі (Гоголь көшесінен сәл төмен) аркаға қарай бұрылған. Бірақ таяқ тастам жерден өте алмады. Өйткені олардың жолын көлік бөгеген. Әккі қарақшылар әдейі тар өткелге осылай қақпан құрыпты. Көліктен түскен қарақшылар бірден оқ жаудырады. Атыс кезінде инкассаторлардың екеуі ауыр жараланып, бірі оқиға орнында көз жұмды.  

Бірер миуттан соң оқиға орнында бұршақтай жауған оқтан шұрқ-тесік болған инкассатор көлігі мен Газ апатынан құтқару қызметінің «Газель» көлігі ғана қалды. Ал қарақшылар із суытқан «Grand Cherokee»  автокөлігі 10 минут өткен соң Бөгенбай батыр көшесінде отқа оранып жатқан жерінен табылды. Қолды болған қаржының жалпы сомасы – 17 миллион 665 мың теңге және 196 мың АҚШ доллары.

Қылмыскерлер іздерін жасыру үшін өртеген көлік

Алматы қалалық ІІБ-мен ҰҚК-нің бірлесіп жүргізген шұғыл іздестіру шарасы нәтиже берген жоқ. Қатігез қарақшылар Алматы көшелеріне судай сіңіп жоғалды. Алайда бұл сырт көзге ғана солай көрінетін. Кәнігі із кесушілер оқиға орнына келгенде-ақ алғашқы дәйектердің сынамасын ала бастаған. Соның ең бастысы, өртенген көліктің ішінен табылған қан дақтары. Бұл – қылмыскерлердің бірі жараланған болуы мүмкін деген болжамды күшейтті. Бұдан өзге де бірқатар деректер анықталды. Мәселен қылмыскерлер қажетіне жаратқан «Газель» мен «Grand Cherokee» автокөліктерінің шынайы иелері белгілі болды. Оның бірін қылмыскерлер иесінен бір ай бұрын тартып алса, екіншісін қылмыс болардан екі күн бұрын қожайынымен қоса ұрлап әкеткен.

Алайда тергеу-тексеру ісіне залалын тигізбес үшін мұндай мәліметтердің ешбірі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбады. Ақпараттың құпия сақталуы қылмыскерлердің тайраңдай тұруына, өздерін емін-еркін сезінуіне септігін тигізді.

Мәселен қарақшылар ұсталмайтындарына сеніп, өздерін еркін сезінгендері соншалық, атыс кезінде жараланып, сол күні ажал құшқан серіктерін Кеңсай зиратына жасырын жерлеген. Дерек көздерінен осы ақпарды алысымен жедел уәкілдер мәйітті қазып алып, сараптамаға жөнелтті. Іле-шала оның Константин Корниенко екені мәлім болды. Қанды-көйлек серіктерінің мойнына галстук тағып, костюм-шалбармен жерлеген қарақшылардың кімдер екені бұл кезде анықталып болған. Бірақ оларды ұстауға ыңғайлы жер ретінде халқы көп қала емес, өлілер мекені – Кеңсай таңдалды. Қылмыскерлер көп күттірген жоқ. Достарының жетісінде бейіт басына тобымен келіп, торға топ ете түсті.

 «Суки» деп айғайлады да, оқ атты...»

Модан Мухлисовтың бандалық  тобын неліктен полицейлер қылмыс әлеміндегі ең әккі топтардың бірі ретінде атайды? Олар шынымен де аса айлакер болса, құрықтан неге құтылып кете алмады? Бұл сауалға жауап беру үшін бандалық топтың мүшелерімен таныстыра кеткенді орынды санап отырмыз: Эдуард Давлетбакиев 1976 жылы Өзбекстанда туған. Бұрын заңсыз қару сақтағаны үшін істі болған. Кәсіби кикбоксшы. Юрий Поликарпов 1969 жылы туған. Бұрын сотталмаған. Модан Мухлисов 1961 жылы туған. Қарулы шабуыл жасағаны үшін Ресейде 6 жылға сотталып, жазасын өтеген. Қарақшылық топтың көсемі. Бұдан бөлек, атыс кезінде көз жұмған Константин Корниенко және  В.Якунин мен Б.Мұқтаров бар. Алғашқысы, негізінен автокөлік ұрлығымен айналысқан. Қарулы шабуылдан бірнеше ай бұрын Тәжікстанда автокөліктерді героинге айырбастау барысында ажал құшқан. Бірақ ол қандай да бір қастандықтан емес, героинді аса көп мөлшерде тұтынудан көз жұмғанға ұқсайды. Ал Б.Мұқтаровты еліміздегі аса беделді бір адамның ұлы дейтіндер бар. Бірақ оның нақты кімнің баласы екені тергеу деректерінде көрсетілмеген. Осы уақытқа дейін құпия сақталғанына қарағанда, Мұқтаров шынымен де ірі бір дөкейдің ұлы болған секілді.

Ю. Сиваков ерлікпен қаза тапты

Енді қанды оқиғаға қайта оралайық. «Дайындалыңдар! Бір, екі үш, бастаңдар!». Рация арқылы Модан Мухлисов серіктеріне бұйрықты дәл осылай берген. Бұл кезде арканың арғы бетінде, тротуарда тұрған «Газель» артқа шегініп, инкассатор көлігінің жолын бөгейді. Кейін шегінбек болғанда, екінші көлік артынан тұмсық тірей тоқтаған. Газельде Поликарпов пен Давлетбакиев, ал джип көлігінде Мухлисов пен Корниенко болған. Қарақшылардың жоспары бойынша олар қылмыс орнынан адам шығынынсыз кетуі тиіс еді. Өйткені тонау мен кісі өлтіруге тағайындалар жазаның айырмасын олар өте жақсы білген. Сондай-ақ, Мухлисов сызып берген жоспарда өздерінің қауіпсіздігі ерекше нақтыланған. Мысалы инкассатор көлігі ортада қалғаннан кейін бұлар дереу көліктерінен түсіп, арканың төрт бұрышынан қару кезенуі тиіс болған. «Қолдарыңды көтеріп, көліктен түсіңдер!» деген бұйрықты инкассаторлар орындайды деп сенген. Себебі сол кезде ТұранӘлемБанкіндегі жалғыз бронсыз көлік осы еді. Алайда оқиға мүлде бұлар күтпеген жағдайда өрбіді. Біріншіден, инкассаторлар қарақшыларға қасқайып қарсы тұра білді. Екіншіден, қылмыскерлердің бірі қауіпсіздік шарасын естен шығарып алған.

  • Жастығы шығар, Корниенко ортақ ережені сақтамады. Біз құсап алыста тұруы керек еді. Ол бірден инкассатор көлігінің жүргізуші жақ есігіне жүгіріп барып, қару кезенді де, көліктен түсуді талап етті. Осы кезде іштен «Суки» деп айғайлаған дауыс естілді де, оқ атылды. Корниенко құлап түсті, – дейді Поликарпов тергеу деректерінде сақталған түсініктемесінде.

Осыдан кейін екі жақтан да оқ атылған. Инкассаторлар тіпті көліктен түсіп үлгермеген. Юрий Сиваков оқиға орнында қаза тапса, Андрей Тыцкий мен Қайрат Мұқанғалиев ауыр жараланған. Ал қылмыстық топтың Корниенкодан өзге мүшелері қанқұйлы атыстан дін аман кетті. Мұның да өзіндік себебі бар болатын. Қарақшылық шабуылды бір минутта жүзеге асырған бандалық топ бұл операцияға 40 күн бойы дайындалған. Тауда жүріп қарудан көздеп атуға машықтанған. Иесінен өздері тартып әкеткен «Газелдің» мемлекеттік нөмірін айырбастап, Газ апатынан құтқару қызметінің белгілерін жапсырған. Артқы бөлігіне оққағар қалқан жасау үшін қалың темірді Тастақ базарынан арнайы барып, сатып алған. «Газельдегі» Поликарпов пен Давлетбакиевтың жанын алып қалған да осы темір. Бұл темір көліктің артқы есігінің ішінде орналасқан. Ал қарақшылар жоғарыдағы алақандай терезеден оқ атқан. Әрине, инкассаторлар мұны білген жоқ. Олардың жандәрмен атқан оқтары қалың темірге «қадалып» жатты.

 Көрден қазып алынған Корниенко

Айтылмай жүрген деректер

Қап-қап ақшаны бөктере қашқан қылмыскерлер «Grand Cherokee» көлігін Бөгенбай батыр көшесінде жарып жібереді де, сол жерге алдын ала әзірлеп қойған келесі көлікпен із суытады. Қанды қылмысқа ерекше еңбек сіңірген екі адам бар. Оның бірі Давлетбакиев болса, екіншісі, Мұқтаров. Мұқтаров автокөліктің жалған нөмірлері мен жалған құжаттар жасаумен айналысқан. Мәселен инкассаторларды күткенде күдік тудырмас үшін «Grand Cherokee» көлігіне прокуратураның нөмірін әзірлеген. Топ мүшелерінің әрқайсысында салық комитетінің, полицияның тіпті ҰҚК-нің жалған куәліктері болған. Оның бәрін осы Мұқтаров жасаған. Ал Давлетбакиевтің негізгі мамандығы – байланысшы. Ол байланыс құралдарының тілін жетік білген. Соның арқасында бандалық топ полицияның рация толқынын «ұстай» алған. Яғни, полицияның не істеп, не қойып жатқанынан үнемі хабардар болып отырған.

Дегенмен К.Корниенко сол күні-ақ өліп кеткен еді. Мухлисов серіктеріне тапсырма беріп, базардан жасыл түсті кілем алдырады. Сосын өлген серіктерін жуып-шайып, жақсылап киіндіреді де, кілемге орап, түнді күтеді. Түн ортасында Алматыдағы мықтылар «жататын» зират – Кеңсайға беттейді.

Қылмыстық топ неге Корниенконы мұсылмандар зиратына жерледі?  Атышулы істі қараған Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы Адайбек Бейімбетов былай дейді: «Бұл топ сан түрлі ұлт өкілдерінен құралған. Мәселен, Мухлисов – ұйғыр болса, Поликарпов – орыс, Корниенко деген бар, ол – украин, Давлетбакиев  – татар, Мұқтаров – қазақ. Соған қарамастан, бәрі бір дінде болды, мұсылман дінінде. Мен мұның сырын Мухлисовпен байланысты-ау деп шамалаймын. Өйткені қылмыскерлер өз көсемдерін ерекше құрмет тұтқан. Оған құдайындай табынбаса да, соған жетеқабыл бағалаған. Оны ең әділ адам деп сенген».

Корниенконы тақ бір тойға апаратындай галстук тағып, жасыл кілемге орап, Кеңсайға жерлеуі және жетісінде серіктерін түгел ертіп алып, құран оқуға баруы Мухлисовтың сол «әділдігінен» сыр аңдатса керек. Осы жолдардың авторы атышулы іске материал іздеп, бірнеше адаммен сөйлескен еді. Олардың арасында отставкадағы полиция қызметкерлері де, атышулы іске қатысқан адокаттар да бар. Әңгіме арасында айтылған, бірақ ресми мәлімет ретінде келтіруге жарамайтын бірқатар қызықты деректер де жинақталды. Соның бірі мынау: Алматыдағы ЖОО-лардың бірі студенттерді Шарын шатқалына апару үшін шағын автобус іздеп, жарнама береді. Бұл жарнаманы көрген көлігі бар адамдар қызмет көрсетуге дайын екенін білдіріп, телефондарын жіберген. Міне, қанды қылмысқа пайдаланылған «Газельді» қарақшылар осылай тапқан. Өздерін ЖОО-ның өкілі ретінде таныстырғандар көлігін көру үшін «Газель» иесін кездесуге шақырған. Сосын оған: «сенің көлігіңді мемлекеттің қажеттілігі үшін уақытша пайдаланамыз» дейді де, қолын кісендеп,  гаражға қамап кетеді. Өздері құқық қорғау қызметінің киім үлгісінде болған. Инкассаторларға шабуылдап, олжалы оралған түні мұның басына қап кигізіп, қаланың сыртына алып шығады да: «біз кеткен соң 5 минуттан кейін қапты шеш те, жөніңе кете бер» дейді. Міне, осы адамның кейін тергеушімен әңгімесінде мынадай сөздер айтылса керек.

  • Сіз көлігіңізді алып кеткен кісілердің полиция қызметкерлері емес екенін білдіңіз бе?
  • Әрине, білдім.
  • Қалай білдіңіз?
  • Енді олар мені ұрып-соққан жоқ қой, тіпті боғауыз сөз де айтқан жоқ.

 Қылмыскерлердің жасырын қоймасынан табылған қару-жарақ пен ақша

200 мың доллар Алатаудың қай жерінде тығулы жатыр?

Тағы бір қызықты деректі бізге атын атамауды өтінген полиция полковнигі айтты. Оның сөзінше, Мухлисовтың бандалық тобы бұған дейін де көптеген қарулы шабуылдар жасаған. Бірақ кісі өлтірмеген. Алматы ІІД күдікті ретінде осы топты да бақылауға алған. Алайда бірден ұстауға жеткілікті дәлел болмаған. Ал соңдарынан аңду түскенін білген Мухлисов ІІД басшыларының біріне телефон шалып, «Бала-шағаңнан айрылғың келіп жүр ме?!» деп қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытқан көрінеді. Бұл болса, «Сенен келген бәлені көріп алдым, жер астына түсіп кетсең де, мен сені түрмеге тығамын» десе керек. Егер полковниктің осы сөзі рас болса, дандайсыған Мухлисовпен анадай тәжікеге барған адам бұрынғы Алматы ІІД басшысы Құрманбек Артықбаев (бұл кісі кейін Қорғас ісі бойынша сотталып кетті – ред),  не сол кездегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің басшысы Олег Махров болуы бек мүмкін. «Қазір ондай мықты мамандар жоқ қой. Шынын айтқанда, бұл – аса жоғары деңгейде ұйымдасқан қылмыстық топ пен оған қарсы күресетін полиция қызметкерлерінің нағыз айқасы еді» деп еске алады әлгі полковник.

Оқиғаға қайта оралайық, Мухлисов бастапқыдағы түсінігінде инкассаторларға тиесілі «ПП-90» тапанша-автоматын Алма-Арасан шатқалына лақтырдым деген еді. Ол қару бірақ шатқалдан емес, қарақшы топтың құпия қоймасынан табылды. Қылмыскерлердың жиған қару жарағы талайды көрген тергеушілердің өзін естен тандырғандай: 3 «Калашников» автоматы, 3 «ТТ» тапаншасы, 1 дыбыс шығармайтын қондырғысы бар «ПСМ» тапаншасы, «Муха» граната атқышы, 7 РГД-5 гранатасы, 16-калибрлі 1 шолақ мылтық, «Сайга» мылтығы және көптеген оқ-дәрілер мен байланыс құралдары, жалған құжаттар мен құқық қорғау және салық полициясының киім формалары тәркіленді. 

Сот үкім кесті. Эдуард Давлетбакиевты 16 жылға, Юрий Поликарповты 18 жылға, ал Модан Мухлисовты 24 жылға бас бостандығынан айырды.

Ең қызығы, қарулы шабуыл кезінде қолды болған қомақты ақшаның бір бөлігі сол күйі табылмай кетті. Оның қанша екенін туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен мұрағатта сақталған жедел түсірілім кезіндегі бейнематериалдарға зер салсаңыз, тергеушілердің үстелдің бетіне жайып қойып, уыс-уыс ақша санап отырғанын байқайсыз. Демек кемінде тоналған қаражаттың жартысы қайтқан болуы мүмкін. Одан көп болуы да ғажап емес. Ал қайтарылмаған ақша қайда кетті? Бізге бір адвокат мынаны айтты: «200 мың доллар ақшаны Мухлисов Алатаудың бір жеріне жасырған. Оның қай жерде екенін басқа түгілі, қасындағы Поликарпов та білмейді. Тек өзі біледі. Тыққан жерінің картасын да жасаған. Осы карта тергеушілердің қолына түсті. Оны тергеушілер альпинистерге көрсетіп, көмек сұраған. Алайда альпинистер жәрдем жасай алмады. «Бұл тек бағдар ғана, мұндай картамен тауда тығылған дүниені табу мүмкін емес» деді олар».

Осыны айтқан адвокаттың сөзіне қарағанда, полиция өкілдері жоғалған ақшаны қайтару үшін көптеген айла-шарғыға барып, Мухлисовпен келіссөз жүргізуге күш салыпты. Бірақ ешқайсысы нәтиже бермеген.

  • Әуре болмаңдар, ол ақша мен түрмеден шыққанша тауда жатады, – депті Мухлисов.

Сансызбай Нұрбаба

Sansyzbai Nurbaba

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір