14 Қараша, 2017 Әлеумет
Жау алдында тізе бүкпеген қазақ жігітінің «тізерлеуі» сәнге айналды
Қазақтың жігіті кезінде «өлімнен ұят күшті» деген нақылды ұстанып, осы нақылға сай амал қылатын еді. Жау алдында өліп кетсе де бас имейтін, тізе бүкпейтін...
Қазақтың жігіті кезінде өлімнен ұятты, сезімнен намысты биік қойған. Жау алдында өліп кетсе де бас имейтін, тізе бүкпейтін, жауырынын жерге тигізбейтін. Сол себепті бұрынғы заманда әйелдер күйеуінің алдында көп сөйлеу тұрмақ қарсы пікірін жанамалап, астарлап түсіндірген, жерден алып, жерге салмаған. Сондықтан да сол заманда ер адамдар әйелдерден бір саты жоғары тұрып, қадірлі болған. Алтын басты қырық жандыдан бақыр басты қамшы ұстаған артығырақ, сөзі өтімдірек болды. Бұрынғы қазақ батыры әйеліне сөзін өткізе алған, алайда ақылын тыңдай да алған.
Менің пікірім, ойым нәзік жаратылыс иелеріне ұнамауы әбден мүмкін. Алайда жігіттің қыздың алдында тізерлеп тұрып, «Маған тұрмысқа шықшы», — деп өтініш жасауы қазақ жігітіне үлкен сын. Бұл пікірімнен қайтпақ емеспін. Мен қазақ қызы ретінде өзімнің болашақ жарымның елдің көзінше тізерлеп, маған ұсыныс жасап, өзінің деңгейін, намысын түсіргенін қабылдамас та, қаламас та едім. Мен дәл сол сәтте бас тартатын да шығармын. Себебі мен армандаған, мен қиялдаған жігіт маған сөзін өткізе алатын, мені өзінің айтқанымен «жүргізіп-тұрғызатын» болуы тиіс. Бұл сөзімді әркім әрқалай түсінер, алайда дұрысы – осы. Себебі ер адам әйел затынан қашан да бір саты жоғары тұрады, әйел адам ерінің айтқанын орындау керек деген дәстүрде де, шариғатта да бар. Шариғатта ер адамдарға «әйеліңе аманат ретінде қара», - деген бұйрық бар. Ал күйеуі мен әйелі бір-біріне мейіріммен қарауы, қалжыңдасып ойнауы сүннет амалға жатады. Қазақ та бұл сүннетті де ұстанған, амал еткен. Алайда көпшіліктің көзінше емес....
Ал қазір көшеде әйелінің не сүйіктісінің сөмкесін асынған жігіттер мен елдің көзінше сүйіктісіне тізерлеп тұрып ұсыныс жасайтын романтиксымақтарды жиі кездестіре аламыз. Мен ер адам өз сүйгеніне, жарына сыйлық жасамасын, сыпайылық көрсетпесін демеймін. Алайда әр дүниенің шеті, шегі деген болатынын естен шығармаған абзал. Шетелдің жігіттеріне не істесе де жарасады: шаш бояса да, қыз секілді боянса да, сырға тақса да, әйелінің сөмкесін асынса да, тіпті әйелін алақанына салып, көтеріп жүрсе де... Ал кезінде атқа мініп, жауға шапқан «Алаш» деп ұрандап, елі үшін өзінің қасық қанын қиған қазаққа бұл әрекеттер жараспақ емес. Ұсынысты тізерлемей-ақ та жасауға болады емес пе? Жоқ әлде қазақтың қыздарына тізерлеп тұрып ұсыныс жасамаса олар келісім бермейді ме? Шетелдің қыздары келісім бермеуі мүмкін, әрине. Себебі бұл үрдіс олардың менталитетіне сіңіп қалған.
Иә ұлттық идеологияға берілмей-ақ, сыртынан қарағанда «не деген сезім, не деген махаббат», - деп ойлайтының да рас. Алайда ұлттық идеологияны, ұлттық сананы шетке ысыра берсек ұлттық құндылығымыздан айырылатынымыз тағы бар. Біздің қазір ақсап тұрған жеріміз де осы емес пе? Шетелге еліктеуден алдымызға жан салмаймыз, өзіміздің дүниені жаңғыртуға келгенде аузымызды құмға толтырғандай үнсіз отырамыз. Шетелге еліктегелі қандай ел болдық, осыны ойландық па? Некесіз баланы да, қоқысқа тасталған шақалақты да, қызға айналған еркекті де, еркектен асып балағаттаған әйелді де, көшеде ішіп алып, төбелескен қазақ қызын да, соларды мазақ қылған қазақтың «намысқой» жігіттерін де көрдік. Біз көрмеген тағы не қалды? Жақын арады шетелге еліктеген қыздарымыз жігітке, ұлдарымыз қызға айналса да таңғалмайтын шығармыз. Себебі қазіргі қоғамды таңғалдыру қиын болып бара жатыр. Дәретханадан жаңа туылған сәби табылды десек «тағы да ма?» дейтін кезге жеттік. Ең сорақысы да – осы. Бұның бәрі жігіттердің тізерлеп ұсыныс жасауына қандай қатысы бар деп ойласаңыз тіптен қателесесіз. Себебі біз өз құндылығымызды шетелдің қоқыста жатқан ұсақ-түйегіне айырбастап жатырмыз. Оны өзіміз де байқамаймыз.
Болашақ жарына тізерлеп ұсыныс жасаған жігіт әйелінің сөзін сөйлейтін болып алады. Жарайды барлығы демей-ақ қояйын. Алайда қазіргі көп жігіттер анасына сыйламаған гүлді айдаладағы қызға сыйлап, анасының бетінен сүйіп, басын имеген жігіт өзге қыздың алдында тізерлеп, жалынып, жалбарынуы шектен шыққандық. Қазіргі отбасын неге әйелдер билейді? Еркектер неге әйелінің айтқанынан шыға алмай, айдауына көніп, төзіп отырады? Осы сұрақтардың жауабы біреу ғана. Ол қазақ жігітінің жігерсіздігі мен әйелдің алдында тізерлеуі. Әлі әйелі болмаған қыздың алдында тізе бүккен еркек отбасы болған соң тізе бүгіп, басын иіп жүре береді. Көнеді, төзеді, амалы жоқ... Себебі басынан-ақ жігіт қыздың алдында тізе бүкті, айтқанына көнді, басына шығарды. Бұл жағдайдан кейін барлығы мүмкін әйел адамға тікелей байланысты болатын шығар. Шығар емес солай болады. Данышпан әйел күйеуін хандай көріп, ханның әйелі болады, ақымақ әйел күйеуін жалшы қылып жалшының әйелі атанады. Түсінгенге бұл сөздің астында тағы бір үлкен көлемдегі мақала жатыр...
Әсел Болатқызы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір