• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:36:08
Алматы
+35°

09 Наурыз, 2016 NEWS

Қытайдың Қазақстандағы елшісі: СІЗДЕР БІЗДІҢ КІМ ЕКЕНІМІЗДІ БІЛЕСІЗДЕР МЕ? (ВИДЕО)

Қытай халық республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхой Астанада БАҚ өкілдерімен кездесуде екі ел арасындағы визалық режим саясатына қатысты пікірін...

Қытай халық республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхой Астанада БАҚ өкілдерімен кездесуде екі ел арасындағы визалық режим саясатына қатысты пікірін білдіріп, қазақ билігінің әрекетін сынға алды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

Қытай тарабы қазақ билігінен виза рәсімдеудің тәртібін жеңілдетуді талап етуде. Астанада қазақстандық БАҚ өкілдерімен жүздескен ҚХР-дың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхой қытай дипломаттарының визаларын рәсімдеуге байланысты Қазақстан басшыларын сынға алды. Елшінің айтқан сөздері жазылған видео ғаламторда тарап жүр.

«Біз Қазақстанды өзіміздің адал досымыз, сенімді әріптесіміз, маңызды көршіміз деп санаймыз. Қазақстанның президентін біздің төрағаның досы деп білеміз. Оның ішкі, сыртқы саясатын қолдаймыз. Біз Қазақстан Үкіметін қолдаймыз, сіздің халықты қолдаймыз» деген елші Қытайдың экономикалық, басқа да әлеуетін алға тарта келе, виза рәсімдеу тәртібіне қатысты Қазақстан билігіне қоқан-лоққыға ұқсас сөздер айтқан.

«Олар (Қазақстан билігі – ред.) кіммен бетпе-бет келіп отырғандарын біле ме? Қытай – сіздердің көршілеріңіз, ол ешқашан қазақтар мен Қазақстанның мүдделеріне қол сұқпады, осы ұлттың, осы халықтың гүлденіп тұрған шағында да шабуыл жасамаған. Ол БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі. Ол – стратегиялық әріптес, қазір «өте маңызды» деген сөзді қоса айтып жүрміз. Ал, сіздер виза рәсімдеу мәселесінде қорлайтын әдістерге жүгініп отырсыздар», - дейді елші.

Қытай елшісі өз елінің дипломаттары Қазақстанға келу үшін ашылатын визаның тек үш ай мерзіммен шектелгеніне наразылық білдіріп, бұл елшілік қызметкерлерінің қызметі мен тұрмысына қолайсыздық туғызады деп отыр.

Ал, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында болған Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі үкіметі басшысының орынбасары Ши Даган 50 адамға дейінгі қытайлық туристер тобын Қазақстанға визасыз келу мүмкіндігін қарастыруды сұраған еді.

Видео ratel.kz сайтынан алынды.

 

 

Darkhan Muqantegi

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір