• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 15:52:47
Алматы
+35°

«Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі».

Қазіргі қазақ әйеліне қандай теңеуді айтсаңызда жарасады.  Аяулы ана, сүйікті жар, инабатты да, ибалы келін, іскер жұмысшы, жұмыс пен үйді қатар алып, ұрпақ дүниеге әкеліп, ерінің қабағына, ас үйдің тамағына  қарап жүрген әмбебап жан. Қазақ әйелінің, қазақ анасының, қазақ қызының өзге ұлттың нәзік жандыларынан айырмашылығы да сол – қайсарлығы мен төзімділігінде, шыдамдылығында болар.

Ұлан-ғайыр даланың әр түкпірінде тұрмыс тауқыметіне қарамастан әр баланың өз ырысы, өз несібесі бар деп бес-алтыдан, он-оннан бала тәрбиелеп, Аллаға шүкіршілігін айтып отырған қазақтың қайсар да,  батыр қыздары кімге болсын үлгі болуға лайық! 

Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз де « Балалы үй базар», «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады», « Барым да, бақытым да балаларым» дейтін жүрегі мейірім мен махаббатқа толы,  қоңыр ғана тіршілік кешіп жүрген жандар. Оларға зәулім сарайлар мен қымбат көлік, атақ пен даңқ керек емес.  Бір ғана армандары – баспаналы болу.

Ыдыс жуып жұмыс істеп жүргеніне жеті жыл болған  

Айнұр  Арғынбаева  Алматы қаласы, Өжет ауылында пәтер жалдап тұрады. 10 баланың анасы.  Жолдасы Серікжан Арғынбеков  жол көлік апатына түсіп,  еңбекке жарамсыз болып қалған.  Қазір  III топтағы мүгедек.  Айнұрдың  Барахолка маңайындағы кафелердің бірінде ыдыс жуушы болып жұмыс істеп жүргеніне биыл жетінші жыл болған. Алатын айлығы шайлығынан артылмайтын отбасының өздеріне тиісті баспаналары да жоқ.   Он баланың ең үлкенінің жасы он тоғызда, ең кішкентайы сегіз айлық.

Өзім босанғанша жұмыс істеймін.Қырқынан шыққаннан кейін қайтадан жұмысқа шығамын.  Аралары екі жас. Қалай көтеремін 9 айға дейін жұмыс жасаймын. 9 айдан кейін балам қырқынан шыға салысымен, осылай жұмысқа шығып кетемін. Жұбайым инвалид. Жұмысқа жарамайды. Қиналасың. Қиналғанмен де өмір сүру керек. Балаларды жеткізу керек. Бір соларды асырау үшін қиналсақ та, қиналмасақ та өмір сүріп келе жатырмыз. Осы күніме тәубе! Үй кезегінде тұрғанымызға жеті жыл болды. Кезек  әлі жылжымай жатыр, біз  1584-ші болып  тұрмыз. Пәтер табу қиын.  Пәтерден шығарып жіберсе таба алмайсың. Қиналасың. Бірақ балларды көрген кезде ойлайсың. Мен болмасам бұлар қалай өмір сүреді, қайда барады деп... Солар үшін өмір сүресің,- дейді.

Айнұр түнгі жұмысқа кеткенде, жолдасы Серік балалардың тамағын дайындап, сабақтарын оқытып, он балаға қарайды.  Күндіз жұмыс істейін десе, он баланың кір-қоңы, тамағы бар, сонымен түнде жұмыс істеп, күндіз балаларға қарап жүрген Айнұрдың алаңсыз ұйқыны ұмытқанына жеті жыл болған.  Ең кішкентайы 8 айлық болса да, түнде әкесіне тастап кетіп, жұмысқа бару керек болады.

Бұл отбасы он баламыз бар, отағасы үшінші топтағы мүгедек деп әкімшілік есігін тоздырып, ешкімнен жалынып көмек сұрап көрмепті.  Пәтер жалдап қиналатынымыз болмаса, елдің алды да, арты да емеспіз, орташа өмір сүріп жүрміз,- дейді Серік Арғынбаев.

  Мүмкіндігі шектеулі бола тұра, алты бала асырап алған Падиша апа 

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының тұрғыны Падиша анамыз  жастайынан жетімдіктің тауқыметін көрген соң, жетімдер үйінен алты бала асырап алған.  Жұбайы Назырахмет Құсайынов  екеуінің туған екі балалары бар.  Дәрігерлер бір кездері бала көтеруге болмайды деп кесіп айтқанымен, жеке бастың мүддесін, аналық махаббат жеңіп, екі қыз баланы өмірге әкелген. Жастайынан өнер адамы болуды армандап, денсаулығына байланысты ол арманына жете алмаған  Падиша Бикешова Қазақ Ұлттық университетінің география факультетін бітірген. Асырап алған үлкен ұлдарын кейінгі бес қызға серік болсын, бізден кейін сол қарайлассын деп  Түркияға оқуға жіберген. Бұл қыздардың бәрін  біз туған қызымыз деп  қараймыз, бізді ешкім күштеген емес, қолымыздан келгенше осыларға көмектесіп, дұрыс жолға саламыз. Есейгенде біздің атамыз, анамыз бар деп жүрсе, біздің арманымыз жоқ - дейді Назарбек ата.

  Бала кездегі өз арманын орындай алмаған Падиша ана қыздарын мектеп те өнер үйірмелеріне жіберіп, ән айтқызып, өлең оқытуға баулуда.  Мектепте «Аяла» атты топ та құрған.   

Үкіметтен төрт баладан жоғары бала тәрбиелеп, бірге тұрып жатқан отбасына ай сайын  8824 теңге қаржы бөлінеді, бір балаға шаққанда айына 2100 теңгеден, «Алтын алқалы» аналарға айына 13675 теңге бөлінеді екен.  Он бала тұрмақ, бір адамның он үш мың теңгемен жан бағуы қиын болып тұрған заманда, бұл отбасылардың тұрмыс тауқыметіне жүдемей, шүкіршілік айтып, адал еңбектерімен нандарын тауып жүргендерінің өзі үлгі аларлық іс.  Бес бала үшін 8824 теңге алатын Падиша ананың ақша алу үшін емес, адал ниеттен бұл балаларға пана болып жүргенін аңғару қиын емес.

Мемлекет деген халық, ал үкімет үйлестіруші. Мемлекет қуатты болу үшін, халықтың жағдайы жақсы болуы тиіс. Осындай батыр аналарға жаппай үй беретін бағдарламалар болса, баспана қазіргідей 20-30 жыл кезек күттірмей, төрт баланы өмірге әкелген күннің ертесі-ақ берсе, шіркін-ай дерсіз!  Алдымызда 20 млиллионға жету керек деген жоспар тұр, бірақ анасын сыйлай алмаған ел қалай өседі?! Бұл перзент сүйсем дейтін анаға емес,  сол арманға пиғылдары тосқауыл болып отырған жоғарыдағы ағаларға қойылатын сұрақ...

Бейнесюжеттер  Алматы арнасында жақында ғана тұсауы кесілген «Тұмарым» бағдарламасынан алынды. Бағдарламаның толық нұсқасын мына сілтеме арқылы көре аласыздар.  Әр аптаның сенбісі, кешкі сағат 20:00-де  эфирге шығатын  "Тұмарым" бағдарламасында  тағдыры сан қилы адамдарды көріп, есімін ел  білмейтін тағдырлы кейіпкерлермен танысасыздар. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір