• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 14:55:02
Алматы
+35°

10 Қазан, 2016 NEWS

СҰРАМАСАҚ СӨЗ БОСТАНДЫҒЫН КІМ БЕРЕДІ?

Соңғы уақытта қызу талқыланып жатқан тақырыптардың бірі – бұқаралық ақпарат құралдары саласына қатысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен...

Соңғы уақытта қызу талқыланып жатқан тақырыптардың бірі – бұқаралық ақпарат құралдары саласына қатысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайы. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі арнайы порталға «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасына қатысты тұжырымдама жобасын әзірлеп, орналастырды. Тұжырымдама бастан-аяқ іске алғысыз деуге келмейді. Мәселен, БАҚ-тың, журналистің бірқатар еркіндігіне қол жеткізуге, ақпарат құралдарын қудалауға негіз болатын тыйымдар мен кейбір жазаларды жеңілдетуге бағытталған ұсыныстар бар. Атап айтқанда, БАҚ жарияланымдары бойынша дау-дамайды сотқа жеткізбей шешу мүмкіндіктерін қарастыру, балалардың денсаулығы мен психикасына кері әсер ететін жарияланымдарды шектеу, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «Телегазета» қызметі және/немесе мерзімді баспа басылымдардың электронды нұсқасын Ұлттық телерадио хабарларын тарату операторының желісіне беру абонеттерге ақпаратты тікелей теледидар экранынан, оқуға ыңғайлы форматта, жаңалықтары мерзімді басылым шығатын күні жаңарған түрде алуына мүмкіндік беретін бастаманы неге атап өтпеске?

Қаншама газет пен журналдың, ақпараттық сайттардың жабылуына алып келген жазалау нормаларын да қайта қарастыру ұсынылған екен. Министрлік азын-аулақ бұзушылықтар бойынша жауапкершілік шараларын қайта қарастыруды көздеп отыр.

Талқылауға ұсынылған құжатта журналистер қауымдастығы келісе қоймайтын да тармақ бар екен. Атап айтсақ, «Журналистік қызметті регламенттеу» деп аталатын тармақ көп сұрақ туғызады. Бұл тармақ «Бүгінгі таңда БАҚ саласындағы қолданыстағы заңнамамен мемлекеттік органдардың ресми хабарламаларын тарату реттеледі. Алайда квазимемлекеттік сектор мекемелерінің және басқа да мекемелердің  ақпараттық хабарламалары заңнамада көрсетілмеген. Осылай бола тұра, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға сәйкес жоғарыда көрсетілген мекемелер ақпаратты таратушы болып саналады және оның қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндетті.  Сондай-ақ, қолданыстағы заңнама барлық меншік түріне жататын мекемелерден БАҚ-тың ауызша және жазбаша сұраным арқылы ақпарат алуындағы қоғамдық қатынастарды реттемейді. «Ақпараттық хабарлама» және «міндетті хабарлама» ұғымдарын енгізіп, сондай-ақ БАҚ-тың ауызша және жазбаша сұранымдарына ақпарат ұсыну процестеріне қойылатын талаптарды заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады.

Бұл ретте, журналистік қызметке қажетті ақпаратты алудың жеделдігін қамтамасыз ету үшін ақпаратты сұрату өтініміне міндетті түрде бас редактордың қолы қойылуы жөніндегі талапты  алып тастау ұсынылады» деген көкейде жүрген мәселелермен басталғанымен артынша «Бұдан бөлек, журналистердің шынайы ақпаратқа жүгініп, ақпаратты тексеруі міндеттеледі. Тұлғаның жеке өмірі мен жеке басына қатысты ақпаратты алу үшін, журналист міндетті түрде тұлғадан жазбаша рұқсат алуы тиіс» деген де талап қояды. Міне, қалам ұстаған әріптестерді де, саясат сахнасындағы белсенді  азаматтарды да толғандырып отырғаны осы соңғы талап. 

Алайда, бірқатар БАҚ пен жекелеген тұлғалардың жаңа құжаттағы кейбір келеңсіз тармақтарға қатысты сыни пікір білдіргені болмаса, қоғам талқысына ұсынылған тұжырымдамаға нақты ұсыныстар берушілер жоқтың қасы. Оны министр Д. Абаевтың өзі де айтып отыр. Ол бұл туралы өзінің Фейсбуктегі жеке парақшасында жазды.

«Екі апта бұрын «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталына «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасына қатысты Тұжырымдаманы орналастырғанымызды білесіздер.(...) Бұл осы саланы дамытудың көкейкесті мәселелері бойынша өзара пікір, идея алмасу үшін жасалған қадам болатын. Әрине, жан-жақты диалог аталған заң жобасы нақты механизмдерімен назарларыңызға ұсынылған кезде басталады. Дегенмен, көріп отырғанымыздай, осы алғашқы кезеңнің өзінде қоғам мен медиа қауымдастықты алаңдататын негізгі мәселелер белгілі болуда», - деген министр қоғам мүшелерін аталған мәселелер бойынша белсенділік танытып, арнайы порталға өз ұсыныстарын қалдыруды сұрайды.

«Әрине, тұжырымдамаға қатысты қоғамдық пікірталастың жандануы уәкілетті орган ретінде бізді тек қуантады. Министрлік сындарлы ұсыныстарды, оның ішінде сыни пікірлерді де ескеретін болады. Бүгінгі күнге дейін «АНҚА» порталына нақты ұсыныстар мен идеялардың түспеуі медиа қауымдастық өз болашағына бей-жай қарайды деген сөз емес деп ойлаймын. Баршамызға ортақ мәселеге қатысты ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді күтеміз», - дейді министр.

Шынымен де БАҚ туралы заңнамаларға енетін өзгерістер қоғамда қызу талқыланып жатқанымен оның нақты нәтижеге жету мақсаты қандай? Бірінші кезекте осы өзгерістерге мұрындық болған министрлік тұжырымдаманы орналастырған сайтқа кіріп, ұсыныстар қалдыру керек емес пе? Әзірге ол сайтта тек екі азаматтың ғана пікір қалдырғанын көріп отырмыз. Журналисті жекелеген тұлғалар туралы материал дайындау үшін сол тұлғаның жазбаша рұқсатын алуға міндеттейтін норманы тек біреуге мін тағып, айқайлап қалу үшін ғана сынап жатырмыз ба? Неге мәселені оң шешуге ықпал ететін қадамдарға бармаймыз? Сөз бостандығының, пікір білдіру еркіндігінің қамтамасыз етілуі сөзсіз қоғамды алға сүйрейтін фактор. Алайда, ол үшін де күресу керек емес пе? Бар мүмкіндікті неге пайдаланбаймыз? Әлде мына тұжырымдамада көрсетілген талаптар бірі қалмай тиісті заңдарға еніп кеткенін күтіп отырмыз ба? Қазақтың "Жыламаған балаға емшек жоқ" дейтіні осындайда емес пе?

Жомарт Абдоллаұлы

Darkhan Muqantegi

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір