• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 01:29:00
Алматы
+35°

10 Қазан, 2016 NEWS

1       │    2

                   

Аманжол Күзембайұлы –т.ғ.д., профессор. 1945 жылдың 24 наурызында Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Ы. Алтынсарин атындағы қазақ мектеп-интернатының түлегі. 1969 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Тарих факультетін бітірген. 1989-1990 жылдары Қазақстан тарихын пән ретінде орта мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу жоспарларына енгізуге зор үлес қосты. Алғашқы оқу бағдарламасын жасады. 1990-1991 жылдары орта кәсіптік-техникалық оқу орындарының оқушыларына арналған «Менің Республикам» атты жаңа пәннің оқу бағдарламасын құрастырды. 300-ден аса ғылыми еңбектердің авторы. Оның  57-і монография, оқулық және оқу құралдары.

Әбіл Еркін Аманжолұлы – т.ғ.д., профессор. 1969 жылы дүниеге келген. 1992 жылы  Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды  мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. ІІМ ҚСР Қарағанды жоғары милиция мектебінде оқытушы, Қостанай Заң академиясында күндізгі бөлім факультетінің бастығы қызметтерін атқарған. Әділет полковнигі. 150-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 10-нан аса монографияның, оқулықтар мен оқу құралының авторы.       

«Анау тағаны, балам, ала жүр!» дейді әкесі. «Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын?» дейді баласы (Ы. Алтынсарин «Әке мен бала» әңгімесінен). Бөлек заман, бөлек көзқарас – әке мен бала бейнесінде. Әке мен бала – бұл таусылмайтын әңгіме, мәңгілік тақырып.  Олар өмірдің өзі. Өмірде бір-бірін үнсіз ыммен түсінетін, ескі мен жаңа заман болып бір терінің пұшпағын илеп жүрген әке мен балалар бар. Бүгінгі әңгіме солар жайында.  Әкесі де тарихшы, баласы да тарихшы. Жай тарихшы маман емес, білдей ғалым. Екеуі де Қостанай қаласындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында қызмет жасайды. Әкесі білім ошағында дәріс оқыса, баласы ғылым және шетелмен байланыс жөніндегі проректор.

                                  Кездейсоқтық емес...

Мұнтаздай киініп алған, сабырлы, жүріс-тұрысы ширақ, ойы жинақы, ісі тиянақты. Мұғалімдіктен асып түсетін мәртебелі мамандық жоқ. Барлық мақтау, мадақтау мұғалімге тиесілі. Ол ауылда осындай мұғалімдерден тәлім алды, оларға қарап алғашында «мұғалімдер осындай екен ғой» – деп ой түйді.  Олардың әрбір сөзін лезде қағып алып, көңілге түйіп отырды.  Не сұрасаңда байыппен жауап беретін, бәрін білетін ұстаздарына қарап мұғалім болуды армандады. Тарихқа деген құштарлығы тағы бар.

Ақырында ол қиындыққа мойымай, табандылық танытып дегеніне де жетті, бірақ енді онымен тоқтап қалғысы келмеді. І. Есенберлиннің «Көшпенділерімен» қаруланып қолын алысқа созды. Ғылым жолына бет алды. Талмай еңбектеніп, ғылым кандидаттығы, онан кейін докторлық диссертациясын қорғап шықты. Бабамыз қазақ «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп бекер айтпаған ғой. Оның өзіне өнеге етіп, ұстаз тұтқан адамдары бүкіл халықтың ұстаздарына айналған халқымыздың ірі тұлғалары. Ол бірінші курсты аяқтаған жлдың жазынан бастап үш жыл қатарынан Республикамыздағы Ғылым академиясының белгілі ғалымы, антрополог Оразақ Смағұлұлы бастаған антропология экспедициясының құрамында зерттеу жұмысына қатысты. Үш жылдағы тоғыз ой бойғы Оразақ Смағұлұлының ғылым жайындағы әңгімелері ол үшін үлкен университет болды. Сол студент кезінің өзінде-ақ Бүкілодақтық студенттердің ғылыми конференциясында «Әл-Фараби қыпшaқ даласының ұлы ғалымы» атты тақырыпта баяндама жасап, жүлделі орыннан көрініп, қола медаль иеленді.

Сондай ақ, оның нағыз тарихшы болып қалыптасуына әсер еткен белгілі ғалым Манаш Қозыбаев болды. Оның анасы Қозыбай әулетінің қызы болғандықтан Манаш нағашысымен өмір бойы жақын араласты, тарих ғылымының қыр-сырын меңгеруге терең бойлады. Ал, Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушылық қызмет атқарып жүрген кезінде сол жылдардағы университет ректоры халқымыздың кемеңгер ұлдарының бірі Евней Арыстанұлы Букетовтің ағалық қамқорлығының арқасында ғылыммен алаңсыз айналысты.

Ол балаларының да тарих саласын таңдағанын бар пейілімен қалады. Ата-ана тарапынан жасалатын мұндай қарекетті кейбіреулер байыбына бармай жатып, сөгіп жатады.  Әйтсе де, ол дәстүр жалғастығынан еш жамандық көрген жоқ. Себебі тарих ғылымы жайы белгісіз, ертеңі күмәнді емес, керісінше өзі білетін, болашағына сенетін сала еді. Балалары да әкесіне қарап ой түзеді. Бүгінгі таңда олар педагогика саласында да, басқа салада да еңбек етіп жүр. Дегенмен үлкен ұлының тарихқа, ғылымға деген қызығушылығы бәрінен зор болып шықты.


Ол зиялы отбасында дүниеге келді. Анасы да, әкесі ғалым. Үйдің іші болса, толған кітап. Әкесі оны тарихқа баулыды, тарихшы болсаңшы деп бағыт сілтеді. Ол қарсылық танытқан жоқ. Бар ынта-жігерімен тарихқа берілді. Том- том кітап тауысты. Ерінбеді, ізденді, табандылық танытты.

Қоғамымызда бір әулеттен шыққан кәсіп иелері, нақтырақ айтсақ ұстаздар әулеті аз емес. Өзі ұстаздар әулетінен шыққандардың талайын көрді. Олардың мамандығына деген бейжайлығын байқаған кезде сұрақтың астына алған кездері де болған.  Бар түйгені ата-анасының айтқанынан шыға алмай өзінің қалауы басқа болса да, амал жоқтан ұстаздыққа келгендер,  қайда түсерін білмей ата-анасы айтқан ұстаздыққа адасып келгендер де аз емес.

 Ол өзінің жолын адаспай таңдағанын біледі. Әкесімен бірлесіп ғылыми тұрғыдан алғанда өзекті тақырыптарға қалам тербеп,  кітап шығару кез келген баланың қолынан келмесі анық. Ол үшін құр әкенің баласы болу аздық етеді.

Жылтырағанның бәрі алтын емес

Ол қоғамымызда псевдоғалымдардың қатары көбейіп кеткенін мойындайды. Алайда оған жүйкесін жұқартып, қынжылмайды да. Псевдоғалымдармен күрес жүргізу мүмкін емес. Олардың бар болуы заңдылық, тіпті керек. Олар әлдекімнің санасын улап жатса да, жалпы тарихқа деген қызығушылықты арттырып жатыр. Шыңғыс ханды қазақ қылып шығарғандардың арқасында қазақ жастарының арасында тарихи тұлғамен жақынырақ танысқысы келетіндердің саны көбейді. Оның пікірі осындай. Басынан өткен кеткенді тәптіштеп жазып, мұрағатындағы фотосуреттерге шейін кітап бетіне жариялайтын естелік жазатындарға да айтар назы жоқ. Уақыт өте келе керексіз дүние ұмытылады, ал керек дүние кітап сөресінен табылады. Кезінде мені тарихты аңызға айналдырып жіберді деп сынағандар болған – дейді ол. Олар қазір мен ұстанған бағыттың дұрыс екендігіне көз жеткізіп, үнсіз қалды.


Мысалы Жазушылар Одағында тіркелмесең, сен жазушы емессің. Газетке шыққан шығармаларың бар, мейлі. Бастысы куәлік. Псевдоғалымдар осылай пайда болды. Бұл Кеңестік мәдени саясаттың «жемісі». Қазір біз олармен күрес жүргізе алмаймыз. Уақыттың еншісіне қалдырған дұрыс. Біз куәлікке қарап емес, нақты іс-әрекетке қарап жұмысқа алатын кезге келе жатырмыз.  Пікірін осылайша өрбіткен ол бұл туралы тарқатып әрі қарай әңгіме айтқысы келмеді.

Достоевский дейді

Өкінішке қарай жаңалықты қабылдай алмайтын ескі оймен қалып қойған әкелер де, әке жанын ұққысы келмейтін, ортақ келісімге келуге тырыспайтын балалар да бар.  Орыс жазушысының бұл шығармасы бекерден бекер классикаға айналған жоқ. Әйтсе де, ұлым екеумізде ондай қайшылық жоқ –деді ол. Керісінше біз біріміздікін біріміз қағып алатын, тандем жасай білген жандармыз. Ол білім болса, мен түйсікпін. Ол түйсік деп өзінің алысты болжай алатын, сезе алатын қасиетін алға тартса, баласының білімі деп осы замандағы әлемдік санаға негізделген жаңа көзқарастағы ғылыми ақпараттарды меңгергендігін айтып отыр. Екеуміз біріксек, біз мықты күшпіз – дейді.


Ф.Достоевскийдің «Әке мен баласы» бұл  екі заман өкілдері арасындағы мәңгілік көзқарас қайшылығы: бірі мақұл көрсе, екіншісі қарсылық танытады. Ол ғылымға ден қою, ғалым болу білімқұмарлықпен бірге даралықты қажет ететіндігін жақсы түсінеді. Сондықтан тарихи ой, көзқарастарымыз әкеммен сәйкес келмей қалатын кездер болады әлбетте. (күлді) Бірақ бұл Достоевскийдің шығармасындағыдай емес – деді ол.

Ол бұл үдерісті қайшылық емес, ғылымға тән пікірталас деп қабылдайды. Мұндай пікірталассыз алға жылжу жоқ. Екі нәрсені салыстырғанда ғана шындыққа қол жеткізуге болатын сияқты ол тарихқа да осы сынды әдіс-амалдар керек екендігін айтты. Бұл тарих ғылымына ғана қатысты емес. Жалпы балалар әке айтқанынан шықпаса, мына қоғам өзгеріссіз қалар еді.                                          

      Ресей кінәлі

Біздің көзбен көріп жүргеніміз қазақ зиялыларының балалары өзінің ана тіліне келгенде шорқақ. Оның айтуынша бұл әкенің де, баланың да кінәсі емес. Қоғамдық жұмыспен белсене араласқан сайын баланың тәрбиесіне бөлінетін уақыт азаятыны шындық. Балаға мұқият қарауға тырыссаң да оны орта, қоғам өз тәрбиесіне алады. Содан баланың тілі орысшаланып кете береді, орысша оқытатын мектепке барады. Әлі күнге дейін солай. Біз бүгін экономикалық, саяси тәуелсіздікке қол жеткізгенімізбен, рухани жағынан еркін емеспіз. Мен бірде ұлымды жаз айында қазақша сөйлеуді үйренсін деп әжесіне жібергенмін. Ауылда орысша сөйлейтін ешкім жоқ қой деп. Үш айдан кейін алып кетуге барсам, немересі әжесіне орыс тілін үйретіп үлгеріпті. Орыс тілі кез келген жерде қаулап өсе кететін арамшөп секілді. Онымен күресу үшін оның ырқына жығылмау керек – деп ағынан жарылды ол. Бүгінгі күні бір қазақ басылымына кем дегенде он орыстікі қасқайып қарсы тұрады. Ақпараттық билік орыс тілділерде. Бұл жағдай өзгермейінше, орыс тіліне деген ерекше құрмет пен ілтипат көрсету сезімдері өшпейді. 


Ол ауылда туғанмен, қалада өскен бала. Ауыл балаларына ғана арналған қазақ тілді жалғыз мектеп-интернатына қалалық болғандықтан іліне алмай, орыс мектебінде білім алды. Кітаптарын да бүгінде орыс тілінде жазады. Бірақ қазақша сайрап тұр, ұлтжандылығы өз алдына бөлек әңгіме. С. Мәуленовтің баласы, Ғ. Мүсіреповтің қызы қазақшаға судай емес. Кінә кімде ? – деген сұраққа ол зиялы қауым балаларының ана тілін білмеу мәселесі турасындағы кінәні ресми қазақтікі, биресми орыстікі болған қаладан көретіндігін айтты. Қызметінің өсуіне немесе басқа жағдайларға байланысты ауылдан қалаға көшіп келгендер орыс тілін білмесе күн көре алмайтына көз жеткізді. Бұл сол кездегі басты трагедия болатын. Қазақтың қаймағы жиналған қала Алматының өзінің қазақтанғаны бертінде ғана ғой –  деді ол.  

Еш айырмашылық жоқ

Педагогикалық институтқа бұрынғыдай алғырлар емес, бүгінгі таңда мемлекеттік грантқа бола түсетін болды деген пікірлерді құлағымыз шалады.  Мысалы, бізге жыл сайын төрт жүз грант бөлінеді екен. Аталмыш грантты иемденгендердің сексен пайызы тегін оқуды көздеп келсе, қалған жиырма пайызы сүйіп келеді. Сексен пайыздың бірте-бірте мамандығына деген махаббаттары оянады. Ал, тұтастай алсақ, талапкерлердің көбісі ауылдан келген қыз-жігіттер. Ауылда сұранысқа ие бірінші мамандық ол – мұғалімдік.  Бүкіл мәселе осында жатыр –дейді ол.  


Ол жаңа ғасыр студенттері мен өткен ғасыр студенттерінің арасы жер мен көктей: ілімге деген құштарлық бұрынғыдай емес дейтіндермен келіспейді. Педагогикалық институтқа түсіп жатқан студенттердің талпынысына риза. Грантқа түскісі келсе, онда тұрған дәнеңе жоқ. Ата-анасын қуантып, тегін білім алғысы келетін жастардың, сондай-ақ оқу процесіне деген қызығушылығы, құштарлығы мол екендігіне айрықша тоқталды.                    Мәселе көп

Көп ұзамай он екі жылдық білім беру жүйесіне түбегейлі түрде ауысамыз. Ал, заң бойынша оларға тек магистрлер сабақ берулері тиісті. Бізде көбісі магистратурада оқығысы келеді, бірақ оқи алмайды. Себебі білім ордамыздың оларды дайындауға заң бойынша құқы жоқ. Ондай пәрмен берілмеген. Сонда күні ертең жаңа жүйеге көшкенде оқытатын мамандарды қайдан алмақ мектеп? Ғылым магистрлерін, докторларын да дайындап шығу құзырын аймақтарға қайтарып беру қажет. Міне, бұл бірінші кезектегі мәселе –дейді. Ол сонымен қатар аймақтану, дінтанудай керек емес пәндердің енгізілетіне нала.


Ол педагогикалық институттарға ғылым магистрлерін дайындауға құзыр беретін заңға енгізілмекші болып жатқан өзгерістер жайлы соңғы жаңалықтан хабардар. Ендігі мәселе доктарантура, аспирантура – дейді. Оның айтуынша Қостанай қаласында бірден барлық мамандықтан докторлар шығаратын ғылыми база жоқ. Ал, тарих саласы бойынша бар – деп жауап қайырды.  

Сұхбаттасқан: Жазира Байдалы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір