• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 17:24:09
Алматы
+35°

01.04.

Бір күнім мұң мен нала, бір күнім қысқа тәтті түс. Біз менмендікпен, көңілшектікпен күресіп күн көрудеміз. Не өзімді, не оны, не мына кеудедегі жүректі түсінбеймін. Мен сүюден шаршап барамын...

07.04.

Түні бойы көз іле алмадым. Көз алдыма әр түрлі бейнелер келді. Оларды қанша қусам да бой бермеді, жеткізбеді. Әйел адамның жүрегін не бұлай жаратты екен жаралы етіп?!

10.04.

Ол маған күлімсіреп қарады. Бәрін ұмытқандай болдым. Құшағына алды, еркелім келіп кетті. «Жаным» деді, жүрегімде жаз орнады. Ешқайда бармай, ешкімге тіл қатпай, менің қасымда қала бергенін қаладым. Ол оны бірақ түсінбеді.

15.04.

Мен бар жүрегіммен бір адамды сүйемін, ол да маған ынтызар. Бірақ осы бір нәзік сезім ғашықтарға неліктен тек қана қуаныш пен шаттық сыйлай алмайды?! Ұсақ- түйекке бола дауласып, тіл табыспай үнсіз қалудан мезі боламын. Ондай жағдайда мына кеуде бір мезетте өрт құшағына айналады. Не бір ауыр сөздер айтқым-ақ келеді. Бір-бірімізге шыдай алмай айтамыз да. Көңілге қаяу түсіріп алып, сосын бармақ түстейміз.

19.04.

Біз саябақатарды аралап, көше кезіп, жаяу жүре бердік. Адамның жанына тыныштық сыйлаған кеш бітпесе ғой деп армандадым. Кешегі реніш, кешегі мазалы ой есте жоқ. Сезіп келе жатқаным тек оның ыстық алақаны, салалы саусақтары. Бақыттымын.

25.04.

Дәл қазір ол нені ойлап жатыр екен?  Ол мені мен оны сүйгендей сүйе ме? Аталмыш сұрақ миымды тесіп жіберердей. Мен қызғануды, қорқуды қашан қоямын?!

29.04.

Өз жазғандарымды өзім оқып, оқырманнан қысылып отырмын. Сезімнің ығына жығылуға дайын тұратын, көңілшек, көңілсіз қызбын. Мен өзімді жете түсіне алмасам, өзге жан қайтіп түсінсін?!

05.05.

Ол сүюді, сағынуды, еркелеуді, бағалауды үйретті. Жыласам да, жындансам да жанымнан әркез табылды. Астанадан келген қызға Алматыны тарту етті. Сонысымен жүректе қалып қойды. Махаббат күнделігі мұнымен бітпейді. Бәрі әлі алда. Ренжуге емес, риза болуға үйренемін. Кінә іздеуге емес, кешіруге асығамын. Бірақ қызғана бермекпін...

Жалғасы бар...

(с) Тобылдың толқыны

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір