• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 08:31:38
Алматы
+35°

10 Қазан, 2016 Ғылым-білім

Неге бізде халықаралық журналистер жоқ?

  Соңғы бірнеше жыл ішінде қазақстандық БАҚ Орталық Азия Республикаларында  ішкі өзіндік саяси түсіндірмеге ие болды.  Тәуелсіздіктің жиырма...

  Соңғы бірнеше жыл ішінде қазақстандық БАҚ Орталық Азия Республикаларында  ішкі өзіндік саяси түсіндірмеге ие болды.  Тәуелсіздіктің жиырма жылдан асқан көлеміндегі халықаралық ақпарат тарату құрылымы мен еліміздегі бірізділікке түсуі зерттеуді қажет етеді.

Бұрындары біздің елде халықаралық жаңалықтарға аса мән беріле бермейтін, бүгінгі таңдағы технократтық қоғам сұранысы «жаһан жаңалықтарынан» хабардар болғысы  келеді. Адамзат еш уақытта өмірде, планетамызда болып жаткан оқиғалардан, жаңалықтардан құр қалмауы тиіс. Бұл өмір тудырып отырған қажеттілік. Сондықтан әлемде осы ғасырдың басында хабар жанрларының берілуі екі есе өспек. Ал спутниктік және кабельдік телевидение арқылы хабар жанрын беру енді 5-6 жылдың ішінде 30 есе ұлғаяды деп есептеледі.

  Бүгінгі «жаһанданған»  қоғамда болып жатқан үлкен өзгерістер журналистика да заманауи көзқарас, жаңаша ой  мен әлемдік аренаға шығу деңгейін ойлауға мәжбүрлейді. Осы тұста Қазақстан әлемдік ақпарат нарығына ілесе алып жатыр дейтін болсақ, осы 17 млн тұрғыны бар Қазақстаннан тәуелсіздікке дейін де, тәуелсіздіктен кейін де «халықаралық» аренаға танымал болып жүрген    қазақ тілді бір кәсіби «Халықаралық» журналистің шыға алмауы неде?

Бізде саясаттанушы, халықаралық-журналист, телекомментаторлардың кадр «аштығына» ұшырауы салдарынан аудитория қазақ тілінде «халықаралық» жаңалықтарды алудың шектелген «ваккумында» өмір сүреді. 

Осы ракурста қазақстандық БАҚ жағдайын алар болсақ, жанамалы түрде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан,  Моңғолия БАҚ-тарының сипатына тура келеміз.  Мәселе неде? –  Жедел түрде мемлекет бюджетінің қаражатын квалификацияланған халықаралық –журналистерді дайындауға бөлдіру керек  пе? Немесе бұрынғы одақтас мемлекеттердің  Сыртқы Істер Министрлігі ақпарат көздерін қолжетімді етуі тиіс пе?   Мәселенің мәнісі, үкімет шенеуніктерінің  журналист материалдарынан қауіптенуі немесе «халықаралық» деңгейдегі ақпараттарды аудиторияның қажет етпеуі болуы  да мүмкін..

 Осы мәселеге бүгінгі журналистиканың ішінде жүрген, бір –екі жас журналистің  пікірін сұраған едік, оның бірі халықаралық  «Азаттық» радиосының журналисі Руслан Меделбек.

      –   Қалай ойлайсыз, неге бізде халықаралық журналистер өте аз, оның себебі неде ?

Халықаралық журналист  деп Орта Азия мен Қазақстан арасында істейтін немесе шет елдермен байланысып жүрген журналистерді айтуға болады. Мен үшін ағылшын тілін білетін журналистің бәрі халықаралық болып есептеледі.  Қазақ тілділерден Ғалым Боқашты айтпасам, нақты қазір ешкім жоқ. Енді «Болашақпен» бітіріп келген жастар арасында шықпаса. Бізде халықаралық журналистер стандарты жоқ.  Ол үшін халықаралық мамандарды дайындайтын мамандар  тәжірбиелі, үлкен саммиттер мен халықаралық жиындарда, олимпиадаларда  жұмыс істеген, тәжірбиелі  болуы керек.  Сонда ғана біз халықаралық журналистердің жұмыс істеу әдісін үйренуімізге болады.

– Сіздің ше, бұл  мәселені қалай шешуге болады?

 Бізде халықаралық журналистиканың дамымауының бір себебі біз кеңестік стандарттан шыға алмай келеміз, екінші редактура жоқ, рейтинг қуып кетеді, сараптамалық, оқиғаны баяндайтын журналистика да жоқтың қасы, бізде өзінің ойын қыстыру, сенсация қуу, дауға айналдыру басым.   Шет елде нақтылық бар, оларда отбасымен оқитын газеті «  New York Times» болса, ұсақ- түйек метрода оқитын газеттері бөлек. Бізде халықаралық журналистерді дайындау енді-енді қолға алынып жатыр,  ақпараттың көбі ресейдің көзқарасымен келеді. Отандық журналистикада мәселе көп, мамандыққа түсетіндердің өзі ақын, жазушы, шығармашылық адамдары  болып келеді, журналистикада басты міндет – ақпарат тарату. Осы екі нәрсені шатастырмау керек. 

 Ырыс Аманкелді  журналист, Ұлыбританияның Шеффилда университетінде «Болашақ» бағдарламасымен оқыған журналист

– Неге бізде әлі күнге дейін әлемге танымал  халықаралық журналист маман жоқ?

Ең алдымен, "әлемдік аренада танымал журналист” тіркесінің субъективті ұғым екендігін ескерген абзал, яғни журналистика сферасында төрткүл дүниеге есімі аян тұлғалар кім деген сауалға тура жауап беру мүмкін емес. Опра Уинфри ең алдымен, журналист емес, ток-шоу жүргізушісі, Арианна Хафингтон ең алдымен журналист емес, онлайн медиа-агрегаторының негізін қалаушы, немесе Джулиан Ассанждың есімі ең алдымен журналист емес, құпия мәлімет көзін таратушы халықаралық ұйымның құрылтайшысы ретінде дүйім жұртқа таныс. Әлемде саясаткер де, саудагер де, инвестор да, тіпті журналист те  “Пулитцер сыйлығының“ мәртебесін жете түсінгенімен, оның әр жылда нақты қай жанға табысталғанынан көп жағдайда біле бермейді. Яғни, бүгінгі күннің калибрлеуіне салсақ, "әлемдік аренада танымал журналист” ол –заңгер, ол – экономист, ол – кәсіпкер, кез-келген сала өкілі, қатардағы қарапайым тілшіден бір табан биік тұрғызар өзге салада табысты, өзіндік бірегей қырлы тұлға.                                                                                                                                                                                                  

 Қазақстанда әлемнің әлемнің әр түкпірінен, “Ақ үйдің баспасөз залынан” немесе “Даунинг стриттен” тікелей хабар таратқан, ұтқыр лайв-репортаждар әзірлеген отандық тілшілер бар. Бұл факт аздық етсе, бүгінде БҰҰ мінберінен сөз алған қазақстандық студент те бар, яғни халықаралық стандартта хабар беруде қазақстандық меди-мамандар ешкімнен кем түспейді.  Ал, әлемдік танылу ұғымына келетін болсақ, менің жеке пікірімше, елімізде BBC, CNN сынды шетелдік алпауыт БАҚ-тың елімізде жеке өкілдігі ашылған уақытта отандық журналистер әлемнің назарына ілігеді. Бұған Прагадағы американдық БАҚ – “Азаттық” радиосының қазақстандық корреспонденттік пункті, немесе жуырда елімізде ашылған National Geogrpahic журналы мысал бола алады, соңғысы әлі еліміздегі бірқатар талантты фотожурналистердің есімін әлем жұртшылығына танытады деп ойлаймын.        

 Бүгінгі жағдайға келсек, дағдарыстың әсерінен маңызды нүктелер - Нью-Йорк, Лондон және бірқатар елдердегі Қазақстан ақпарат құралдарының өкілдігі жабылып жатыр, бұл әрине, отандық халықаралық журналистика үшін – кері перспектива. Дегенмен, әлемдік аренада хабар таратуда қазақстандық журналистердің үлесі жоқтың қасы дегенге келіспеймін.

–Халықаралық журналистерді дайындауда біздің отандық мамандар нені ескермей жатады, жалпы кемшілігіміз неде?

Халықаралық журналист кадрын даярлауға келсек, ең маңызды тұс - болашақ кәсіби маман осы салада өз мақсаттарын айқындап алуы шарт. Яғни, оқу орнынан алған білімінен гөрі, журналистикада білім алушының жеке қабілеттері мен өз кәсібіне деген сүйіспеншілігі – шешуші фактор болып табылады.

Шетелдегі журналистика мектебінде оқу процесінде аңғарғаным – халықаралық журналистиканы “елтану” немесе белгілі бір БАҚ-тың “тарихы” сабағы ретінде оқи беруге болады. Біздегі шетелдік журналистиканы оқыту осы түсініктің шеңберінен аспайды... Сондай-ақ, мысалы Ұлыбританияда өзім білім алған, хабар таратудағы халықаралық стандарттарды практикалық сипаттағы деңгейде игеруге де мүмкіндік бар. Осы мақсатта радио немесе броадкастингті таңдасаңыз, ағылшын тілі деңгейі жергілікті халықпен пара-пар, өте жоғары болуы шарт, алайда құнды практикалық тәжірибе жинақтайтыныңыз сөзсіз.   

   Ал, Халықаралық журналист кадрлерін даярлайтын отандық оқу орындары келесідегідей ұсыныстарды ескеру тиіс деп пайымдаймын:     

 Біріншіден, Қазақстанда шетелдік журналистиканың негіздері, оның ішінде кіріспе, тарихы әр елдердегі ерекшелігі туралы ақпарат беретін оқу құралдары бар. Алайда, әлемдік стандартта хабар берудің өзіндік ережелері (оның ішінде батыстық), шарттарымен таныстыратын, қазіргі заман талабына сай, шетелдік журналистиканың практикалық сипаттарына баулитын оқу материалдары жоқтың қасы. Осы кемшілік түзелуі шарт. 

 Екіншіден, халықаралық журналистика – ол әлемдік тіл игеру, әлем жұртының ортақ тілінде сөйлеу, яғни, бұл тақырыптағы дәрісті де әр тілде білім алу тек пайдасын әкелмек. Тіл білгеніңіз, өзге тілдегі кітаптардан, ақпарат көздерінен білім алуға, жаңа тенденцияларға жол ашады.

Үшіншіден, шетелдік журналистика мектептерінің тағы бір ерек тұсы – ол “нетворкинг”, яғни практик мамандардың университет қабырғасында шеберлік сыныптары ұдайы орын алады, бұл – студенттер үшін жай ғана кеңес алу емес, сол маманмен байланыс орнатып, жұмысқа орналасудың таптырмас мүмкіндігі.    

                  

Ішкі, сыртқы саяси ақпараттарды беруі үшін журналист аймақтық жағдайды жақсы білетін,  процесс тарихымен тереңінен таныс,  фундаменталды білімді маман болмаса, жүрдім-бардым қарап, материал жаза салу тіл білетін адам атқара беретін қызмет емес. Осы тұста отандық БАҚ-тағы халықаралық журналистің болмау себебі айқын көрінеді.  Біздің отандық журналистика да халықаралық ақпараттардың үстіртін берілуінен бөлек, халықаралық деңгейде сауатты ақпарат жазатын қазақ тілді журналистің жоққа теңдігін байқадық. Зерттеу барысында отандық халықаралық журналистикадағы кемшіліктерді іздеуге тырыстым, олардың ең маңыздысы мыналар:

Маман тапшылығы. Елімізде журналистерді дайындайтын ресми 18 құрылымды (Еліміздің ЖОО-ларындағы журналистика факультеттері мен кафедраларын) қосқанда, жыл сайын  2000 маман даярланады, бірақ еліміздегі редакциялардың көпшілігі халықаралық журналистке келгенде «кадрлық аштыққа» ұшыраған. Бұл орыс тілді және қазақ тілді БАҚ-тарға, оның ішінде республикалық және аймақтық баспасөзге де қатысты мәселе. Бұл саладағы білім беру жүйесі нарық сұранысына дайын емес, оқу бағдарламасы жаңартылмаған  (тіпті курс атаулары құжат түрінде сұранысқа сай болғанмен, олардың ішіндегі ақпараты сын көтермейді). Салдарынан жыл сайынғы журналистерге деген сұранысты (3000—5000) білім беру жүйесі толықтай қанағаттандыра алмайды. Тәжірибелік тұрғыдан барлық БАҚ саласында бітірушілердің деңгейі төмен.

Дау трансформациясы. Халықаралық тақырыпты медиадағы топик ретінде қарастырсақ, бірнеше маңызды тенденциялардың қатарын атап өтуге болады. Біздегі трансформация келбеті орыс пен қазақтың, немесе қазақ пен ұйғырдың, түріктің арасындағы ұлтаралық латентті даумен шектеліп қалып жатады. Осы арқылы БАҚ өзінің сайттарына рейтинг жинайды, аудиторияның сұранысы да осы.

Халықаралық жаңалықтарды беретін еліміздегі қазақ тілді БАҚ-тарға шолу жасап шықтық, солардың ішінде кәсібилік, жеделділік, нақтылық пен бейтараптылық талаптары тұрғысынан сауатты жаңалық беретін нөмірі бірінші сайт «Азаттық радиосына» тиесілі екеніне көз жеткіздік. Себебі, мұнда отандық басқа арналардағыдай күнделікті жаңалықтар ішіне халықаралық жаңалықтар ретінде бір-екі сюжетті немесе жарты бет материалды тоғыта салу жоқ.  Арнайы айдрлар мен бағдарламалар бар. Мәселен, «Жаһан жаңалықтары» мен «Еуразия Одағынан» өзіңізге керек жер жүзі жаңалықтарын қазақ тілінде, сауатты оқи аласыз.

Екінші орында  «24.kz»  арнасының «Шет елдік Бақ: шолу және талдау» бағдарламасы. Бағдарлама эфирге күн сайын  шығады, уақыты  5 минут, аты айтып тұрғандай шет елдік БАҚ агенттіктерінде жарияланып жатқан метариалдардың өзектісін қазақ тіліне аударып, шағын шолу жасайды, бір шолуда кемінде екі-үш тақырып талданады.  Бұл арна «Zero» рейтинг көрсеткішінде бір айлық көрсеткіште 50-ші болып орналасып тұр, сайттағы оқырмандар саны осы бағдарламаға орта есеппен күніне 150 адамды құрайды. 

Ұлттық арнаға келер болсақ, онда шетел жаңалықтарына арналған нақты айдар немесе бағдарлама жоқ, «Апта.kz» сараптамалық бағдарламасында жаһанда апта ішінде болған жаңалықтарға тоқталып, кемінде бір сюжет беріледі.  «Хабар», «КТК», «31 арналарда» жаңалықтар ішінде әлем жаңалықтары жайлы табиғи ірі апаттар, саяси оқиғалар жайлы ғана сюжеттер желісін кездестіруге болады, «Еуразия бірінші арнасында» журналист Аймира Шаукентаеваның жүргізуімен «Аналитика» бағдарламасы орыс тілінде жүргізіледі, онда елімізде және әлемде болған соңғы жаңалықтарға журналистің жеке көзқарасымен баға беріледі.

«Таң» телеарнасында халықаралық жаңалықтарға  күніне кемінде бір сюжет арналады. Онда әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан саяси  оқиғаларды  «BBC», «CNN», «Синьхуа» сынды ірі агенттіктерге сілтеме жасай отырып, халықаралық журналист Зарина Файзуллина қазақ және орыс тілдеріне аударып беріп отырады.   Баспасөзден қазақ сайттарының ішінде көшбасында тұрған «Нұр.кз», «Bag.kz», «Shyn.kz», «Қамшы порталы», «Абай.кз», «Ұлт.кз», «Намыс.кз», «Егемен Қазақстан», «Zaman», «Алаш айнасы», «Айқын», «Жас Алаш», «Заман Қазақстан», «Болашақ», «Заң» газеті, «Ана тілі», «Түркістан» сынды kz доменіндегі сайттар мен порталдар, республикалық  газет-журналдар да халықаралық жаңалықтары «Әлем жаңалықтары» деген айдармен беріледі.

Газет-порталдар да, баспасөз де әлемде болып жатқан доллар бағамына қатысты, Украинадағы «Майдан», «Қарабақ» соғысы, «Араб көктемі» Сирия мен Ауғанстан, «Париж терактісі» сынды жер жүзінде соңғы жылдары болған оқиғаларға қатысты материалдарды жиі кездестіруге болады. Бірақ,  осы жаңалықтардың баршасы дерлік жіктеліп, жүйелі түрде талданып, оқиға орнынан  фото суреттер беріліп,  телеарналарда репортаждар жүргізілген толыққанды материал емес. Демек, Қазақстан әлем жаңалықтарын сілтемелер және Ресей мен Батыс журналистерінің көзқарасында беріп отыр.

 Белгілі журналист Қасым Аманжолұлы - Украинадағы жағдайды өз көзімен көріп, тәуелсіз ақпарат жинауға тырысып қайтқан қазақ тілді екі журналистің бірі, екіншісі «Трибуна» газетінің редакторы - Жанболат Мамай.   

 "Qazaq News Апта" сараптамалық бағдарламасының Украинаға арналған шығарылымын журналист былай деп бастайды: «Өкінішке орай, біз «дайын асқа тік қасық» болып үйрендік. Әлемде қаншама қым-қуыт оқиғалар болып жатыр. Азаттық үшін, азаматтық құқық үшін, жер үшін, су үшін, діни наным-сенім үшін дүние дүрбелеңге түсіп, күресіп жанталасуда. Ал, біз сол күрестердің барлығын дерлік өзге елдердің ұсынуымен, өзге елдердің қорытып, сараптауымен қабылдап жатырмыз. Мұның мемлекет үшін, ұлттық қауіпсіздігіміз үшін төндірер қатері зор. Сол себепті де өз тарапымыздан үн қату мақсатымен Украинаға бардық, көрдік, түсірдік!».

Бір ескеретін жайт, өз тарапынан  билік  халықаралық мәселелер туралы ақпараттарын  отандық БАҚ-та дербес таратуды қолға алып, оларды тиісті ақпараттармен  қамтамасыз етуі тиіс. Оларды дайындау үшін  жүйелі жұмыс құрылымы керек,  Сыртқы істер және Ақпарат министрлігінің қызығушылығы маңызды рөл атқарады. Мұнда – экономика Институты, шығыстану, тарих пен этнология факультеттері мамандарының білімділігі де рөл ойнайды. Респуликалық ТВ « Халықаралық панорама» сияқты жоғары рейтингті, сапалы бағдарлама ашуды қолға алуы  керек.

 Себебі,  оқырман аудиториясы  саясаткер мен депуттатың сұхбаты, 3-4 бетік РФ сайттарынан аударылған ақпараттарға қанағаттанып отырған кезде  халықаралық журналистің кадр тапшылығын шешу оңай мәселе болмайды. 

   Әзірбайжандағы Хадиджа Исмайлова,  Ресейден Владимир Познер, Юлия Савченко, Өзбекстандық Мұхаммед Бекжан сынды журналистер арамыздан шықпай жатса, онда кінә тікелей билікте болар.  Кеңестік кезеңде көршілес түркі елдерімен телехабар алмасулар болып тұратын. Қазір ондай алмасулар жоқ. Ортақ телеарна қажет. Түркі тілдес журналистердің халықаралық орталығы болса, біздегі медиа әлемдік ақпаратты қазақ тілінде сауатты бере алатын деңгейге жетер еді.

   Салалық журналистиканың қолға алынбай жатқандығының бір кемшін тұсы осындайда байқалады. Біздегі «дилетант»  қоғамда журналистика халықаралық арена тұрмақ, өз ішімізде әнші мен әзілкештің деңгейінен аспай тұр.   

     Ішкі саясат векторының ауысуы посткеңестік елдер үшін әлемдік тенденциядағы  ақпараттық дефицит, дикторлардың қос тілділігі, аудитория сұранысының сапасыздығына  алып келді.   БАҚ құралдарындағы анализдік контент пен оның  концентрациясының азаюы  ғылыми-зерттеу орталықтарында ғана кері зардабын білдіреді. Әлеумет болса ішкі және аймақтық, әлемдік саясатты талқылаудан жасанды түрде айырылып барады.  

   Мәжбүрлі түрде пайда болып отырған ақпараттық ваккумнан шығу үшін сыртқы – экономика мүмкіндіктері мен мемлекет отандық оқулықтар мен ғалымдарға сенім білдіріп, олардың жалпы тарих, мәдениетттану, экономика, саясаттану, құқықтану,  журналистика саласында сапалы кадр шығаруына мән беруінде болмақ.   Халықаралық ғылыми форумдар активизациясы, ішкі саясат жағдай үйлесімділігі, шет елдік әріптестермен тәжірбие алмасу, ірі ақпараттық агенттіктерге журналистер қаражатын көтеріп, тәжірбие –курсына жіберу  басты назарда болуы керек.

 БАҚ халықтың саяси ойлауын қалыптастыратын  бірден –бір құрал.  Қазақ тілді қоғам сауатты, өз ана тілінде сұрыпталған ғана емес, зерттелген, бейтарап, шынайы ақпарат пен оны жеткізетін сауатты халықаралық мамандар кадрына зәру.

Қазақстан қоғамында орын алған цензура өз ішіміздегі көп саяси оқиғаларды ашық айтқызбайды, көпшілікке толық жеткізуге мүмкіндік бермейді.  Ал, халықаралық деңгейдегі ақпаратты сауатты, дұрыс жеткізуге айтарлықтай кедергі жоқ. Осы тұрғыда қазақ тілді журналистердің халықаралық оқиғаларға нақты көзқарасы, тұжырымы, өзіндік  ұстанымдары болуы тиіс. Журналистер халық пен биліктің арасындағы көпір іспеттіміз, демек ол қызметімізді адал атқару мамандыққа деген құрметтің белгісі.

 Айжан Бақдәулет 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір