• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 00:04:24
Алматы
+35°

10 Қазан, 2016 Сұхбат

Дәулет Серікбай: Фейсбуктің арқасында досқа да, дұшпанға да кенде емеспін

Дәулет Серікбай – Торғай өңірінің тумасы. Фейсбук желісінің белсенді қолданушысы. Желіде 5000 (Фейсбук ережесі бойынша одан артық оқырманмен &laquo...

Дәулет Серікбай – Торғай өңірінің тумасы. Фейсбук желісінің белсенді қолданушысы. Желіде 5000 (Фейсбук ережесі бойынша одан артық оқырманмен «достаса» алмайды) тұрақты оқырманы бар. 3 жылдың ішінде 3000 жазба жазған қарапайым қазақ. Желіде жариялаған әр жазбасы кем дегенде 150-200 лайк жинайды. Сол әлеуметтік желі белсендісімен аз-маз сұхбат құрудың сәті түсті.

 –  Дәулет, сізді фейсбук парақшасы арқылы танимыз.  5000-нан аса оқырман-достарыңыз бар. Жазған дүниелеріңіз қоғамдық талқыға түсуде, назарға ілігуде. Өзіңіздің соншалықты танымал екеніңізді білесіз бе?

Жоқ. Сіз айтқандай танымал емеспін. Жалпы, мұндай сұранысқа ие боламын, сұхбат беремін деп ойламаппын (күлді). Бұл – өмірімдегі алғашқы сұхбат. Ойымды дұрыс жеткізе аламын ба деп уайымдап тұрмын.

–  Автобусқа мінгенде кондуктор жігіт сізді танып, билет үшін ақша алмапты. Демек сіз танымалсыз! Бұл танымалдылық сізге тек қуаныш сыйлап жүр ме?

«Сен Дәулет емессің бе?» деп танып қалып, ақша алмағаны шындық. Тегін жүретін шал-кемпірлердің қатарына қосылып тегін келдім. Енді тиын алып шықпай-ақ қойсам да болады екен ғой. Қарын ашқанда дүкеннің сатушысы тани кетіп, китайский лапша, нан, май берсе ғой, иә? (Қалжың ғой) Тегін нәрсе керек емес маған. Фейсбукте отырады екен деп тегін отырғызуға болмайды. Бір рет травмотология бөлімшесіне барғанда іштегі дәрігер менің жазбаларымды оқитын оқырман болып шықты. Қатты таң қалдым. Жұмыс істейтін жерімде де бірнеше жігіт фейсбукте, соның ішінде менің парақшамның жаңалықтарын оқып отырады екен. Бірақ Торғай жайлы жазамын деп бәлеге де қалдым. Звондап, ауыр сөздер айтатындар да бар. Олардың ойынша мен Торғайлық болғандықтан Торғайды жамандамауым қажет. Достың жылатып айтатындығынан олар шамасы бейхабар. Мен Торғай даласы жайлы мейлінше көп адам біліп, көмек қолдарын созса деп ойлаймын. Маған шынтуайтында танымалдылық емес, Торғай халқының еңсе көтергені қажет.

–  Торғай сіздің туып-өскен жеріңіз. Қолға қалам алудағы басты себеп. Қозғаушы күш.  Білгіміз келетіні – Торғай аман-есен бе? Торғайдың жаңалықтарын айта отырсаңыз.

Торғайымның жағдайы нашар. Қазақстан дамып-өркендеп жатса, Торғай өз алдына, жеке автономия сияқты күн кешуде. Не су жоқ (құдықтан су тасиды), не жұмыс жоқ (вакансия өте аз, бар болса, айлығы шайлығына жетпейді), не рух (халқы әлжуаз болып барады) жоқ. «...Торғайдың өзінен-өзі туралы аңызы өсіп кеткен өлке, даңқы озып дала» деп Ғафу Қайырбеков бекер айтпаған. Қарт Торғайда қаншама ментума талант дүниеге келді десеңізші. Бұрынғы Торғай мен бүгінгі Торғайдың арасы жер мен көктей. Шешілмеген мәселесі көп. Бастарына қара бұлт үйірілген.

–  Қысқа қайырмай, толығырақ айтсаңыз.

Ауылды дамыту жоспары

«Жол ережесі» туралы заңды қайта-қайта өзгертті ғой, біресе жарықты жағасың деді, біресе жақпайсың дейді, біресе "автокресло" аласыңдар деді, біресе алмайсыңдар деді. Құдайға шүкір, қазір ауылдарда да көлік көбейіп келеді. Бірақ ауылға заң жүрмейді. Заң бәріне бірдей болғасын ауылдарда да заң орындалуы керек. Мысалы, ауылдағы кейбір машиналарда құжат жоқ. «Автокресло» тұрмақ кейбіреуінде орындық та жоқ, жарығы күндіз жанбақ түгілі түнде де жанбайтын машиналар бар. Оларды ешкім қадағалап жатқан жоқ. Меніңше, бәрін ауылдан бастау керек, ауылда жол ережесі туралы естімеген балалар қалаға келіп машина айдайды, жол ережесін бұзатындар ауылдан қалаға келетін адамдар. Ауылдың көшелеріне де «светофор» орнатып, «пешоход» сызылуы керек, жол белгілерін де орнату керек. Бензин сататын Ауған Еркіннің үйінің тұсына «заправканың» белгісін, Әкиматтың, дүкеннің тұсына «көлік тұрағы» деген белгі орнату керек. Кейбір ауқатты қонақ күте алады-ау деген үйлердің тұсына «Қонақ үй» деген белгі орнату керек. Сонда сырттан келгендер сол үйге түсіп, шай ішіп, шайдың ақшасын төлеп, кіріс кірер еді. Көшеге «светофор» орнатылып, «пешоход» сызылса, жүргізушілер жол салынуын талап етеді, өйткені құмы бұрқырап жатқан көшеге пешоход сыза алмайсың. «Светофор» орнатылды деген сөз көшеге асфальт төселеді деген сөз.

Екіншіден, ауылдықтар қоқысты кез келген жерге тастайды. Қаладағыдай ауыл көшелеріне қоқыс контейлерін қою керек. Сонда ауылда да Коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер құрылып, ауылдың біраз адамдарына жұмыс табылар еді. Үшіншіден, ауылда да тәуелсіз ақпарат құралдары болуы керек. Әйтпесе әкімнің не бітіріп жатқанын білмейсің. Ауылдан газет-журнал шықса, ауылдағы біраз таланттардың бағы ашылар еді. Төртіншіден, ауылға банктерді апару керек. Ақша керек болғанда банктен жүгіріп барып 5000 теңге ала қоясың. Мал сатқанда ақшасын қайтарасың. Және кейбір еті тірі ауыл адамдары несие алып, жеке істерін ашар еді. Бесіншіден, университет ашу керек әр ауылдан. Сонда ауылдан қалаға барған қазақтар қара жұмысшы емес, жоғары білімді болып барады.

Ауыз су мәселесі

Осыдан 10 жыл бұрын біздің Ақшығанақ ауылына су тартылған болатын. Таза су ішетінімізге сенбеген едім. Өйткені суды өзеннен тарта салған болатын. Жерасты сулары зерттелген жоқ. Қыруар қаржы бөлінді. Жұмыс шала істелді. Қырық жылғы құбырды ауыстырған жоқ. Бір жыл ғана істеді. Қазір одан су түгілі сайтан да шықпайды. Естуімше, су тазартатын қондырғы өте қымбат тұратын, таптырмайтын дүние екен. Бағдарлама бойынша су тартылды, бітті. Қазір істеп тұр ма, жоқ па, онымен ешкімнің жұмысы жоқ. Әйтеуір үкіметтің тізімінде таза сумен қамтылған ауылдардың қатарында тұрмыз. Желге ұшқан қаржыға ешкім жауап бермейді.

Ауылға жағдай жасамай елдегі мәселелер шешімін таппайды. Ауыл халқы қалаға ағылады. Қаладағы онсыз да шешілмей жатқан мәселелерді одан сайын ушықтырады. Ауылдар қирап қалған қазір. Оларды күйретуге ауыл тұрғындары өзіміз үлес қостық. Сап-сау тұрған мәдениет үйлерін, кітапханаларды, мал базаларын бұзып үйімізге тасып алдық. Көшелерді қоқысқа толтырдық. Сөйте тұра «ауылың жаман» десе шырт ете қалатын патриот болғымыз келеді. Менің де патриот болғым келеді. Бірақ ауыл мақтан тұтатын жағдайда емес, жоқтайтын жағдайға жетті. Саусақ ұшын қимылдатып жатқан ешкім жоқ. Ешкімде кәсіп жоқ. Кәсіп істейді дегендер арақ сатып, ауыл тұрғындарын араққа салынуға итермелеуде. Ауыл үшін бірдеңе істемей, сынағанға ашулану дұрыс нәрсе емес. Ол жаққа барып, мектеп бітіргендеріңе 10 жылдық, 20 жылдықтарыңды тойлап, мұғалімдерге сыйлық беріп кеткеніңдеріңнен елді-мекен дамып кетпейді. Ең құрығанда ағаш екпейсіңдер, құр тойлап кетесіңдер. Сол тойға кеткен ақшаға неге бірігіп іс ашпасқа? Жетеді істің көзі. Жер бос жатыр, көкөніс неге екпеске?

Жалпы ауылдың мәселесі қазақтың мәселесі, ұлттың мәселесі. Ауыл жастары қалаға ағылып жатыр. Қалада өз орындарын тауып жатса, қуанар едім. Бірақ олай болмай жатыр. Ауыл жастарын кәсіпке үйрету керек. Оқыту керек. Ең құрығанда, жігіттері етікшілікті, қыздары аспазшылықты меңгеруі керек. Қаладағы қаптаған шаштараз, асханаларда істейтін ауыл жастары ғой деймін. Істеген тамақтары сапасыз, шашты да жөндеп қия алмайды. Стипендия төлейтін әрі тегін оқытатын тегін оқулар бар деп қайталап айтамын. Жастар сол оқу орындарында "техник","шаштараз","агроном" т.б. мамандықтарды оқып алса, өздеріне жақсы ғой. Кәсіби шебер атанып, табыстары да көбейеді. Әрі сол үйренгенімен ауылға барып іс ашып алуы да мүмкін.

Қазір фейсбуктың орнын ешбір газет-журнал, сайт баса алмайды

–  Осы айтқандарыңыз үшін сізге қырын көзбен қарап, тиісіп жүргендер бар екендігін жоғарыда айттыңыз. Оларға қалай төтеп беріп жүрсіз? Жалпы, олардың қандай нақты өкпесі бар?

Жалпы бәріміз де қазақпыз ғой. Болмысымыз қазақ. Интернетте неше түрлі жағымсыз жаңалықтар таралып жатады. Сын айтамыз. Мысалы, әншілер қазақылыққа жат небір пәлені ойлап тауып жатады. Біреуі іш киіммен түседі,біреуі тіпті жалаңбұт түседі. Соларға сын айтсақ, өсек айтқан сияқты боламыз. Әлгі Найнти ме, сайнти ме, қызтекелер сияқты киінген жігіттерді сынадық. Біреулер даттады, біреулер мақтады. Олардың ән айтып, ақша тапқандарына ешкім қарсы емес. Тек қазақтың еркектері сияқты ән айтып, нандар

– Әлеуметтік желі парақшаңыз арқылы Торғай әкімшілігіне ұсыныс жазғаныңызды оқығанмын. Сіз әкімдік сайтында өңір ахуалы туралы жазып тұрғыңыз келеді екен. Ұсыныс құр фейсбук жазбасының деңгейінде қалып қалды ма әлде қоңырау шалып, ұсынысты басшылыққа жеткіздіңіз бе? Жеткізсеңіз, олар не деп жауап қайтарды?

Әңгімемді әріден бастасам. Арқалықтан аз күнге алыстаған адам Арқалыққа қайта кетуге асығып тұрады. Ол жаққа бармағаныма 2 ай болды.  Арқалыққа қайта кеткім кеп жүр."Құс фабрикасында" жұмыс істеген кезді сағынамын. Арқалықта жүргенде қалтамда ақша болмайтын, ақшам жұмыртқа еді. Дүкеннен жұмыртқа әкеп берем деп қарызға сауда жасайтынмын. Қонаққа барсам да сыйлығым жұмыртқа еді.

Арқалықтың әкімдігіне ұсынысым әлі сол қалпында. Әлеуметтік желілер де болсын, сайттар да болсын, қаланың жаңалықтарын жазып отырайын. Бірақ ешкімге тәуелсіз болуым керек. Әкімді мақтап жаза алмаймын,басқа жазатын нәрселер көп. Мысалы, көмек керек жарымжан жандар бар шығар, соларға республика көлемінде көмек жинауға көмектессем. Қала тұрғындарының ұсыныс-тілектері бар шығар, соларды көтерсем. Қысқасы, қаланың түкпір-түкпірін аралап, барлық мәселелерді қамтуға тырысамын. Басында айтып кеткендей, тәуелсіз болуым керек. Қала үшін қолымнан келетін істей алатын жұмыс осы ғана.Ұсынысым осы.  Алайда әкімдікпен әлі ортақ бір шешімге келген жоқпыз.

– Айбек Қалиев жерлесіңізбен ара-қатынасыңыз қалай? Таныссыздар ма жалпы?

Фейсбук арқылы мені біледі екен. Қоңырау шалып,  өз жұмыс орнына шақырды. Әңгімелестік, ағалық ақыл-кеңестерімен бөлісті. Торғай жайлы жаза беруді өтінді.

– Дәулет, дәулеттісіз бе (шыныңызды айтыңызшы)? Қай жерде қызмет қыласыз? Мамандығыңыз кім?

Астанада пәтер жалдап, жұмыс істеп жатқаныма екі ай болды. Ағаммен бірге жиһаз жасаймыз. Жиһаз жасауды өзім үйреніп алдым. Өз басым тек мектеп бітіргенмін. Болашақта кәсіби білім алуды мақсат тұтып жүрмін. Алып жүрген бүгінгі нәпақам күн көрісіме жетеді. Соған шүкіршілік деймін.

–  Торғайдан жақсы қызмет ұсынса, Елорданы тастап кетесіз бе?

Мен ауылдың адамымын. Мен Торғайлықпын. Басқа еш жерге сыймаймын, басқа еш жер мені Торғайдай сағындырмайды. Сол себепті болашақта көкенісімді егіп, бау-бақшамды жайнатып, Торғайымда тыныш өмір сүргім келеді. 

–  Журналист бол, телевиденияға шық дейтіндер бар ма?

Бар. Бірақ бәрінен бас тартып жүрмін. Мен журналист те, шоумен де емеспін. Қарапайым адаммын. Тек фейсбукте отыратыным, жазатыным болмаса.

Фейсбук әлеуметтік желісі бүгінде тәуелсіз пікір алаңына айналып кетті. Қолыңда ұялы телефоның, ішінде ұялы дерегің мен айтарың бар болса, оқығысы келетін оқырман дайын. Бәрі тез. Бәрі ашық. Соған қарағанда халық шындыққа сусап қалғандай? Жылтырақ нәрседен шаршап, шынайы пікір оқып, шынайы болмыс көргісі келетін сияқты.

Дөп басып айттыңыз. Қазір фейсбуктың орнын ешбір газет-журнал, сайт баса алмайды. Менің сіз айтқан танымалдылығым, сіздерге сұхбат беруім, ең біріншіден, қоғамның өзгергендігінің, дайын ақпарға сене салмай, зерттеп, зерделегісі келетіндігінің дәлелі. Екіншіден, фейсбук желісінің күш-қуатты екендігінің айғағы.

Сұхбаттасқан: Жазира Байдалы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір