• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 06:28:31
Алматы
+35°

Qamshy.kz журналисі қазіргі таңда ата-аналардың көбінің қызығушылығын тудырып отырған ментальді арифметика туралы зерттеу жасады.

Тарихына шолу

Бірнеше мың жыл бұрын қытайлықтар «абакус» есепшотын ойлап тапқан болатын. Бұл құрал арифметика саласына көп өзгеріс әкелді. ХVI ғасырда «абакусты» жапондықтар қолдана бастады. Содан бері 400 жыл өтіпті. 400 жылда «абакусқа» негізделген сан түрлі есепшоттар пайда болды (оның ішінде аталарымыз қолданған  «советский» есепшот та бар). Аталмыш есепшоттың ерекшелігі, мәні кез келген есепті ойша тез шығаруға үйретеді. Бүгінгінің калькуляторы уақыт жағынан одан қалыс қалып қояды. «Абакус» бүгінде АҚШ-та, Кореяда, Оңтүстік Азияда кең танымал. Ендігі кезек бізде...

Байыбына бару

Ментальді арифметика дегенді естіген шығарсыз. Ол тез есептей отырып, мидың оң және сол жақ шарларының жұмысын жақсартуды, жалпы адамның есте сақтау, көңіл бөлу қабілетін арттыруды көздейді. Басында сізге «абакусты» береді. Бірнеше ай бойы қолыңызды жаттықтырып, сонымен есеп шығарасыз. Бірте-бірте ойша санауды үйрене бастайсыз. Қарапайым сандарды тез бағындырсаңыз, келесі деңгейге өтесіз. Жалпы 11 дан бар. 1  данға орташа есеппен 3-4 ай кетеді. Жетісіне 2-3 рет барасыз. Сабақтың ұзақтығы әр орталықта әрқалай. Шағын топта немесе жекелей дайындала аласыз. Бағасы да тікелей соған байланысты.

Денис Петровичке шалынған қоңырау

Алматы қаласының Абай көшесінің бойында «Ментальді арифметикаға бала жинаймыз» деген жарнамаға көзім түсіп қалды. Жұмысқа жақын орналысқандықтан кеңселеріне қоңырау шалдым. Содан соң барып қайттым. Отырған ғимараттарына, жалпы жағдайларына қарап, арифметиканың бұл түрін оқу үлкен сұранысқа ие екендігін түсіндім. Балалар кіріп жатыр, шығып жатыр... Директоры Денис Петрович есімді кәріс азаматы. Ашылғандарына екі жыл. Фирманың аты «Жаңа жол». 3 жастан 15 жасқа дейінгі аралықтағы балаларды қабылдайды екен. Бір айға 36000 тг. көлемінде төлем алынады. Ментальді арифметиканы оқытудың кең таралған екі түрлі методикасы бар. Біріншісі – малайзиялық, екіншісі – оңтүстік кореялық. «Жаңа жолдықтар» екінші әдісті таңдапты.

36 жаста мұғалім атану

Орталықтың мұғалімі Бахтынур Баудиновамен таныстым. Сабақ беріп жүргеніне көп болмапты. Ең қызығы, ол мамандығы бойынша психотерапевт. Бірақ өз саласы бойынша жұмыс істеп көрмепті. Ментальді арифметикаға келуін Бахтынур былай баяндады: «Кішкентай балам бар. Сол ментальді арифметикаға барғысы келген. Алайда сабақтың ақшасы мен үшін қымбат болып шықты. Ментальді арифметиканы үйрететін орталыққа барғанда оларға мұғалімдер керек екенін білдім. Сосын өзім үйреніп алып, баламды да үйретемін деген ой келді». Қазір өз балама да, өзгенің баласына да сабақ берудемін.

Google.kz-тің жауабын білу

Ғаламторға кірсем «Ментальді арифметикадан сабақ беретін мұғалім керек!» деген хабарландырулар өте көп екен. Ескеретін бір жайт, ешкім сізден жұмыс тәжірибесін сұрамайды, күтпейді де. «Компания есебінен үйретеміз, бұл көп уақыт алмайды» дейді жұмыс берушілер. Соған қарағанда ментальді арифметикадан сабақ беру алып бара жатқан қиын шаруа емес. Тағы бір таң қалғаным – айлық көлемі. 150000-200000 теңге. Кім не десе де еліміздегі орташа айлық көлемі мұндай сома емес. 150000 тг. газеттің бас редакторы алады шамамен. Осындан-ақ қай еңбектің қалай бағаланатынын бағамдай беріңіз.

Математиктердің ой-пікірін есту

Академик Асқар Жұма­ділдаев «Abai.kz»-ке шыққан сұх­­ба­тында: «Математика ғылымы – теңіз. Ментальді арифметика сол те­ңіз­дің бір тамшысы ғана. Мұны игер­­ген адам сандарды тез кө­бейту­ді бі­леді. Одан өзге артық­шылығы жоқ. Бір есепті біреу 5 секундта, екін­­­­ші біреу 1 минутта шығаруы мүм­­­­кін. Меніңше, нәтиже дұрыс бол­­­са, болды» депті.

Асқар есімді алматылық математик мұғалім: «Мен жоғары сыныптарға математикадан сабақ беремін. Ал, ментальді арифметика бастауыш сыныптың деңгейі. Жалпы, оның жұмыс істеу тәсілін шамамен ғана білемін. Немерелерімді де курсқа берген емеспін. Сол себепті курсқа барған бүлдіршіндердің оқу үлгерімі өзгере ме деген сұраққа мен жауап бере алмаймын. Бар білетінім  – ментальді арифметика ғылым емес. Ол тез есептеудің жолы. Бала тез есептеп берсе, ересектер қол шапалақтап мәз болады. Ал, ол баланың математикасы нашар болуы әбден мүмкін. Тез есеп шығару математиканы жақсы білу дегенді білдірмейді. Мысалы, бізге баяғыда Шымкенттен тез есептейтін танымал бала мектепке келген. Аудан, қала, облыс газеттеріне шығып жүрген бала біздің математикалық есептерімізді шығара алмай сұрыптаудан өтпей қалды. Сөйтіп мектебімізге түспеді. Өкінішке қарай».

Үздігін анықтау

«ISMA-Kazakhstan» мектебі Алматыда 2013 жылы құрылған. 2014 ж. бастап республика бойынша өз бөлімшелерін аша бастады. Бүгін таңда 128 франшиздік мекемесі (қарабайыр тілмен айтқанда ізін жалғастырушылары) бар, жекеменшік 7 мекемесі бар. Сабақ қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өтеді. Ментальді арифметика бойынша екі рет өткен республикалық олимпиаданың ұйымдастырушылары осы. Биылғы олимпиадаға Қырғызстаннан да арнайы келіпті. Келер жылы Ресей, Болгария қатысады деп жоспарлануда. Демек олимпиада республикалық емес халықаралық деңгейге көтеріледі.

Мақсат – олимпиадаға бару

Бішкек қаласымен байланысқа түскенімізде тұтқаны Татьяна Бегель есімді инструктор көтерді. Татьяна Алматыда өткен республикалық олимпиадаға Бішкектен 50 адам қатысқанын растады. «Бізде ментальді арифметика бойынша мектепаралық, қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалар өткізіледі. Қырғызстанда да арифметиканың бұл түріне қызығушылық жоғары деңгейде. Бірақ Алматыға бару, сіздер өткізген олимпиадаға қатысу біз үшін үлкен мәртебе, ерекше оқиға. Балалар мәз болып барып, мәз болып қайтты. Нәтижеміз де жаман емес. 2 гран-при, 1 үшінші орын ұтып алдық»,-деді.

Есеп сұрау

Ментальді арифметикаға бала 2,5-3 жыл баруы керек. Бұл шама-шарқынына қарай ең негізгі деген деңгейлерді бағындыруға кететін уақыт. Курс ақысын төлеймін деп кассаға барғанда алдын-ала дайын болыңыз, себебі: 1 ай = 14000  теңге (4 рет барады 2 сағаттан), 12 ай = 192 000 теңге, 2 жыл =384 000, 3 жыл = 576 000 теңге («ISMА» мектебінің бағасы бойынша).

Ақ-қарасын ажырату

Астана қаласындағы №83 мектеп-гимназиясының психологы Назгүл Әбілқасымова: Ментальді арифметика барған баланың психологиялық жай-күйі өзгере ме, өзгермей ме айту қиын. Себебі оны бақылау қажет. Мен арнайы түрде бақылау жүргізбедім. Өз қызымның курсқа барып жүргеніне бір ай болды. Нәтиже жайлы айту әлі ерте. Жалпы, өз басым калькулятордан қарағанда есепшотпен есептегенді құптаймын. Бұл жерде әңгіме «абакус» жайлы. «Абакус» шотымен есептегенде концентрация керек. Калькулятор сияқты дайын дүние ұсынбайды. Сол жағынан алғанда ментальді арифметика жақсы дүние ме деп ойлаймын. Бірақ курсқа барған баладан керемет жаңалық, өзгеріс күту дұрыс емес. Бұл жай ғана қосымша курс. Домбыра сабағына барғандардың бәрі домбырашы, күйші болып кетпейтіні сияқты. Бала бос жүргенше ментальді арифметикаға барсын. Әрине, жас мөлшері шектеуін есепке алған абзал. Балақайды емес бозбаланы ментальді арифметикаға апарғаннан дым шықпайды. Айтпақшы, біздің мектепте бір мұғалім ақысыз түрде аптасына бір рет кішкентай балаларға ментальді арифметикадан сабақ беріп жүр (аты-жөні еске түспей тұрғаны).

Астана қаласындағы №83 мектеп-гимназиясының ментальді арифметиканың тренер мұғалімі Гүлжан Төлегенқызы: Негізі мамандығым бойынша орыс мектептерінде қазақ тілі пәнінің мұғалімімін. 20 жылдық еңбек өтілім бар.  Мұғалімдер квалификациясын көтеру үшін Кэмбриджік курсқа қатысатынын білетін шығарсыздар. Мен сол курсқа қатыстым. Содан кейін стресс алдым. Инсультке ұшырадым. Нейрохирургтар маған шұғыл арада жұмыс орнын, саламды өзгертуді кеңес берді. Балам ғаламтордан ментальді арифметика жайлы оқып отырғанын көзім шалып қалған. Қызығып мен де қарадым. Қытайға барып ментальді арифметиканы оқып шықтым. Нәтижесінде ағаштай болып жұмыс істемей, икемсіз қалған қолым жазылды. Өзімді жақсы сезіне бастадым. Өмірге қайта келіп, өз-өзімді табуыма ментальді арифметика қатты көмектесті. Жалпы, ментальді арифметика ҚХР-да сал аурынан ем ретінде қолданылады екен. Себебі қолмен есептейсің, көзге елестетесің, санайсың, сөйлейсің. №83 мектеп-гимназиясының  директоры Сәуле Ермұханқызының алдына келіп бастан өткергенімді, жағдайымды баяндадым. Ол кісі ментальді арифметиканы мектеп бағдарламасының міндетті 45 минуттық сағатына енгізуді ұсынды. Сәуле Ермұханқызының ментальді арифметика жайлы білетіні көп екен. Ұсынысты қабыл алуына да сол әсер етті. Шетелге олимпиадаларға шыққанда ментальді арифметика курсына барған балалалар көбірек жүлделі орынға ие болатынын байқаған директор маған 12 сағат бөлді. Біздің мектепте 26 бірінші сынып бар. Солардың бәріне аптасына бір рет орыс, қазақ тілінде сабақ беремін. Ата-ана ол жеткіліксіз десе, ақылы түрде қосымша курсқа жаздыра алады. Бір байқағаным жарты жылдан соң прогресс көзге көріне бастайды. Адам алдыңғы миымен ойлауға үйреніп қалған. Ментальді арифметика мидың оң жақ бөлігін қимылдатып, ойлатуға әсер етеді. Қайталап айтамын, оған тек балалар ғана емес ересектер де барса болады.

Диана Снегина, танымал радиожүргізуші: 2 балам да ментальді арифметикаға барған. Жарты жыл көлемінде. Қазір үзіліс жасап, бармай жүрміз. Бірі ол кезде12 жаста, бірі 10 жаста болатын. Сабақ үлгеріміне нақты әсер етпесе де өз басым балаларымның бойынан жинақылықты байқадым. Бір сағат компьютер ойындарын ойнағанша бала ментальді арифметикаға барғаны дұрыс. Мен балаларыммен бірге алғашында курстарына барып тұрдым. Әр сабақ қызық болып өтеді. Іш пысты, ұйқым келді деген әңгіме жоқ. Уақыттың қалай зырғып өткенін байқамай қалдық. Маған салса, ментальді арифметиканы шетелдегідей міндетті мектеп бағдарламасына енгізер едім. Одан пайда көрмесек, зиян шекпейміз. Бос уақытым көбірек болғанда өзім де ментальді арифметикаға жазылар едім.

Қарақат Әбілдина, танымал әнші, көп балалы ана: Мен негізі мектепті емес, мұғаліміне қарап мектеп таңдайтын ата-анамын. Әлия Әбуқызы – 37 жылдық еңбек өтілі бар ерекше құрмет тұтатын, сыйлайтын адамым, ұстазым. Ол кісі №66 мектепте сабақ бергендіктен балаларымды да сол оқу ошағына апардым. Ментальді арифметикаға басында қызыққаным рас. Балаларымды курсқа бермес бұрын бастауыш мұғаліммен ақылдасуды жөн көрдім. Ол түпкілікті қарсы болды.  Әлия апайдың айтуы бойынша ментальді арифметика баланы «робот» қылады. Себебі бала цифрларды қосады, шешімін ауызша айтады, бірақ шешілу жолдарын түсіндіріп бере алмайды. Түсіндіріп бере алмаса, одан не пайда, не мән бар? Әлия Әбуқызының айтқанының жаны бар. Келіспеске болмайды. Балаларымның жалпы бос уақыты аз. Қазіргі мектеп бағдарламасы да оңай емес. Қосымша ретінде балаларымды шахматқа, спорттық гимнастикаға, домбыра үйірмелеріне жіберемін. Ментальді арифметикаға сөйтіп бармаймыз.

Әлия Әбуқызы, Астана қ. №66 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі, білім беру ісінің үздігі: Сыныбымда басында 2 бала ментальді арифметикаға баратын. Мен олардың ондай курсқа баратынын білмедім. Байқағаным тез есептейді. Бірақ ол қалай шықты дегенде үндемей тұрады. Мәтінді есеп, логикалық сұрақтар болғанда бала абдырап қалады. Сөйтсем олар ментальді арифметика курсына барады екен. Сосын ата-аналарына звондап, курсқа баруды уақытша тоқтатуды өтіндім. Қанша дегенмен 37 жылдық тәжірибем бар. Өзімді қателестім деп ойламаймын. Ментальді арифметиканы мектептің міндетті бағдарламасына енгізгісі келсе, оған бөлек мұғалім алу керек сияқты. Мұғалім өзі жақсы білетін нәрсесін ғана басқаға үйрете алады.

Журналистік қорытындылау

Балаңызды ментальді арифметикаға бересіз бе, бермейсіз бе өзіңіз шешіңіз. Қаржыға қараңыз, неге бейім екенін анықтаңыз. Бұл, меніңше, ең дұрыс қорытынды. Бірақ жан-жақты ақпаратпен қаруланып алғаныңыз жөн.

Жазира Байдалы

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір