• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:52:32
Алматы
+35°

12 Қазан, 2016 Сұхбат

Мұғалім болғысы келетіндер іріктеуден өтуі керек

Біз кездесуді түскі сағат он екіге белгіледік. Ару қала Алматыға көшіп келгеніме біраз болса да, қаланы әлі де біліңкіре қоймаймын. Сол себепті уәделескен...

Біз кездесуді түскі сағат он екіге белгіледік. Ару қала Алматыға көшіп келгеніме біраз болса да, қаланы әлі де біліңкіре қоймаймын. Сол себепті уәделескен жерге жету үшін үйден бір жарым сағат бұрын шықтым. Сөйтіп әупірімдеп, анадан-мынадан бағыт-бағдар сұрап Ғ. Мұстафин мен С. Торайғыров көшелеренің қиылысына он екіге он минут қалғанда келіппін. Көп қабатты үйдің жанына жетіп, домофонды бастым. Жауап жоқ. «Әлде мен дұрыс баспай тұрмын ба?» деп ойланып тұрғанда ту сыртымнан қолында дорбалары бар орта жастағы жүзі жылы әйел адамды байқадым. Сөйтсем мен іздеген ұлағатты ұстаз Жанымқан Баратқызының өзі екен. Үйге кірдік...

Ана бақыты

Педагогтардың мойындарына артқан жүгі қаншалықты ауыр екендігі жайлы әңгіме қозғап жатырмын. Ендеше аталмыш саланы неге таңдадыңыз деген заңды сұрақ туындар. Өзімнің балаларыма деген махаббат мені ұстаздыққа әкелді деп жауап қайтара аламын. Балам балабақшаға барғанда, мен ол жерге тәрбиеші, ал, бастауыш мектепке ауысқанда мұғалім болып бардым. Өз балама жеткілікті тәрбие мен білім беремін деп жұрттың баласына да бердім. Бүгін де келіп жатқан кішкентай бүлдіршіндерге «немерем ғой» деп қараймын. Мен екі баланың анасымын: ұлым Дәурен Мәскеуде жұмыс жасаса, қызым Роза шетелге докторантураға түсті. Одан бөлек  қаншама балаларым бар, содан болар мен өзімді бақытты едім, бүгін де бақыттымын деп толықтай сеніммен айта аламын. Менен кезінде тәлім алған кей оқушылардың атa-аналарымен әлі де дос екенімді, кездесіп, арқа-жарқа болып әңгімелесетіндігімізді ерекше атап өткенім жөн.

        Айта кетерлігі, бәріміздің де жұмыстан шаршап, көңіліміз құлазып келетін сәттеріміз болады. Ол кезде қазақтың күмбірлеген күйін, әсем сазын тыңдағанды ұнатамын. Сонымен қатар ақын-жазушылардың шығармашылық кештеріне барсам, бір жадырап қаламын. Қиын жағдайға тап болып, салым суға кеткенде Мұқаңның өлең жырлары бойыма күш-қуат дарытады. Оқыған сайын жүрек кірінен тазарып, бір рахат күй кешемін. Әсіресе, «Шеше, сен бақыттысың» дегені ерекше ыстық. Көзіме жас үйіріліп, он екі баласын аяққа тұрғызып, адам қылған өз анам жайлы ойға шомамын. Ол кісі шынымен де бақытты. Анамның қажыр-қайратына таң қала отырып (қимылы әлі де ширақ), өзім қуаттанамын. Мұны неге айтып отыр дейтін шығарсыздар. Бұл  менің жан айқайымды, ішкі әлемімді, қандай ұстаздан бұрын қандай адам екенімді оқырман ұғынса деген қарапайым тілек.

Жанын жүдеткен бар бағынан айрылар

Менің жұмыс өтіліме отыз жыл. Балабақшада тәрбиеші, бастауыш мектепте мұғалім де болдым. Өзін-өзі тану пәнін беріп жүргеніме биыл тура он жыл. Бірақ біздің қоғамымызда «Бұл пән бізге қаншалықты керек?» деп оның балаға берер пайдасына күмәнмен қарайтын жандар әлі де аз емес. Ал, мен болсам он жыл бойы алдыма келген бала бастапқы білімнен бөлек рухани азық алып шықса деп қызмет етемін. Маған салса, біз білімсіздерден емес тамырынан ажыраған, рухани азғындаған тексіздерден қорқуымыз қажет. Бүгінгі таңдағы өзін-өзі тану пәнінің алдына қойған мақсаты балаға «ар, намыс, рух, адамгершілік» қағидаларымен қатар ұлттық бітім-болмыс пен таным-түсінікті ұғындыру, саналарына құю. Әңгіменің ашығын айтсақ,  қазіргі балалар мені көп алаңдатады. Олардың ойлайтындары да, көретіндері де, құмартатындары да компьютер (осы орайдағы компьютер деген сөздің мағынасына жалпы электронды заманауи техника кіреді). Содан болар ұшқалақ, айтқаның бір құлақтан кіріп, екіншісінен шығады. Баяғыдай мұғалімнен сескенетін де ешкім жоқ. Сондықтан діттеген мақсатыңа жету үшін бірде қатал болып қабақ шытып, бірде жұмсақ болып езу тартып барынша көңіл аулап, актрисалық шеберлік танытасың. Бірақ мұның барлығы мәселенің бер жағы ғана. Баланы мектепке берсем болды, тәрбиелеу, адам қылу солардың мойнында деп оғаш ойлайтын ата-аналар жеткілікті. Бір жағынан тіл алмайтын бала, бір жағынан бала тәрбиесіне салақ қарайтын әке-шешенің қыспағында қалатын бізбіз – мұғалімдер қауымы. Осының барлығын есепке алатын болсақ, біз өзгелерді, өзіңді тани отырып толық адам болып қалыптасу жолында әңгіме-дүкен құру, ой бөлісу, сырласуға мұқтажбыз.  Демек өзін-өзі тану пәнінің өз миссиясы бар.

Мұғалімнің жолы

Ақ халат киген дәрігер атты абзал жандар ғана ант береді дейсіздер ме? Жоқ. Педагогтардың да өз Гиппократ анты бар. Ұстаздық жолын таңдаған адам болашақ алдындағы жауапкершілікті жақсы сезіне отырып, үлгі-өнеге көрсете алу, обал жасамау деген уәдесінде тұруы керек. Мұғалімнің залалсыз өтірік айтып, жат қылық танытуы түгілі жүріс-тұрысына,  мектепке киіп баратын киіміне шейін жіті мән беруі лазым. Әрине, ол үшін мұғалімнің де жаны тыныш болуы шартты. Әгәрәки оның басында жайлы баспана болмай, айлығы шайлығына жетпей, қым-қуыт тіршілік деген уайым мен мұңның қамытынан арылмай, жаны қалай тыныштық таппақ?! Балаға жөн-жосықсыз ұрсатын, іштегі ызасын оқушыдан алатын педагогтар бәлкім мектепке көңіл-күйі түсіп келетін, мазалы жандардан шығатын шығар. Дегенмен мұғалім осының барлығына шыдап төзуге міндетті. Мұғалімдікке шыдамай, нәпақасын басқа жерден табуға бел шешкендер қаншама. Олардың дені жас кадрлер. Мен өз кезегімде оларды сынай алмаймын. Сыныпқа жадырап күліп кіре алмасаң, білім ордасында жұмыс істеудің қажеті жоқ. Өйткені обал болады. «Сенен ешнәрсе шықпайды» деп шәкіртіне тіл қатқан ұстаздар жайлы естігенмін. Бұл енді жүйкесі жұқарған жаннан гөрі кәсіби сауатсыз маманның былығы дер едім. Ауыр сөз айтқан мұғалімсымақ барлығын өзі түсініп, мұғалімдік жолынан кеткені абзал.

Әңгімелескен Жазира Байдалы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір