• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 12:52:48
Алматы
+35°

12 Қазан, 2016 NEWS

Экологиялық аймақ тұрғындарының құқығы неге қорғалмайды?

БҰҰ-ның қоршаған ортаға жауапты мамандары еліміздегі экологиялық ахуалға зерттеу жүргізіп, нәтижесін жария етті. “Қазақстан Үкіметі қабылдап жатқан...

БҰҰ-ның қоршаған ортаға жауапты мамандары еліміздегі экологиялық ахуалға зерттеу жүргізіп, нәтижесін жария етті. “Қазақстан Үкіметі қабылдап жатқан шаралар көңіл қуантарлық болғанымен, өңірлерді аралаған кезімде тұрғындардың ауасы лас қалаларда, тау-тау боп үйілген зиянды қалдықтардың маңындағы шаңға бөккен үйлерде тұрып жатқандығын көрдім. Бұған қоса республикада радиоактивті қалдықтардың заңсыз көмілетіні туралы ақпарат алдым”, — дейді, Біріккен ұлттар ұйымының зиянды заттар мен қалдықтарды жою мен адам құқықтарына қатысты бас сарапшысы Башкут Тунчак.

БҰҰ маманы Қазақстан Үкіметін экологиясы нашар аймақ тұрғындарын қорғауда нақты шаралар қабылдауға шақырды. 

Республиканы аралап шыққан шет елдік маман зиянды заттар мен қалдықтардың адам құқығына тигізер кері әсерін зерттеген. Ғалым бұл бағытта бірқатар халықаралық адам құқығы және қоршаған ортаны қорғау жайындағы келісімшарттарға қол қойып, ұлттық заңнамалар мен бағдарламаларды қабылдаған Қазақстан Үкіметінің жасап жатқан оң іс-шараларын атап өтті.

Башкут Тунчак мұнай-газ өндірісі, метал өндіру мен өңдеу, уран және көмір шығару, өндірістік қалдықтар мен зиянды заттарды таратуға байланысты лас деп танылған бірнеше қалада болған. Қазақстанды екі апта бойы аралаған БҰҰ маманы өз баяндамасында «Мен күн сайын ластанған су мен азық-түлікті тұтынып отырған адамдармен кездестім. Олар өзінің де, отбасының да денсаулығына қатты алаңдаулы» деді. «Осындай аймақтардағы тұрғындардың өмір сүруге, баспаналы болуға және азық-түліккке деген құқықтары қауіпті ластанған орта әсерінен бұзылуда. Жапа шеккендердің көбісі шарасыз күйде қалуда. Таби таза ортада өмір сүруге деген үмітін біржолата үзгендер де бар. Ал енді бірі қауіпсіздеу жерге көшетін уақытты күтумен өмірін өткізуде» деген сарапшы бұл мәселелерді тиімді әрі уақытылы шешу қажеттігін де айтты.

Қазақстан Республикасы 2006 жылы ратификациялаған азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің 2 бабында құқықтық қорғаныстың тиімді құралдары туралы жазылған. Башкут Тунчак бұл құқықтарды құзыретті органдар сақтау керектігін ескертті. Республикада «Қоршаған ортаны қорғау туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар» жөніндегі, «Экологиялық экспертиза», «Радиациялық қауіпсіздік», «Атмосфералық ауаны қорғау» «Мұнай туралы» заңдар мен 2003 жылғы Орман шаруашылығы, Су және Жер кодекстері сияқты құжаттар жеткілікті. Алайда құжаттарда көрсетілген ережелердің көптеп бұзылып жатқанын еліміздегі нашарлап бара жатқан экологиялық ахуал көрсетуде.

БҰҰ сарапшысы адам құқықтарына қатысты халықаралық құжаттарды ратификациялағаны үшін Қазақстан Үкіметін қолдайтынын айта келе, атқарылатын істер әлі де көп екендігін мәлім етті. «Адам құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттің мәлім етілген міндеттері іс жүзінде жүзеге асуы керек. Мемлекет халықаралық құқық пен адам құқығы стандарттарына сәйкес тұрғындардың аталмыш бөлігін қорғауға көбірек күш салуы қажет» деді Тунчак мырза.

Жалпы, Қазақстандағы экологиялық ахуалдың нашарлауына өндіріс ошақтарының ескірген технологиямен жұмыс істеуі, адам құқын сақтауға арналған заң талаптарын жеткілікті дәрежеде орындамауы негіз болғаны көптен бері айтылуда. Қоршаған ортаға зиянды заттар бөліп шығаратын зауыт-фабрикалардың маңына халықтың көп шоғырлануы да ұлт денсаулығына орасан зор нұсқан келіп жатқанын аңғартады. 1990 жылдардың басында Қарағанды, Павлодар облыстарында бір тұрғынға 10,5 тонна токсиндік зат тиесілі болса, бұл көрсеткіш бүгінге дейін артпаса азайған жоқ. Тау-кен металлургия кешендерінің жұмысынан республика аумағында 20 миллиард тонна қалдық пен 230 тонна радиоактивті металдар жиналған. Бұның зшектен тыс зардабын көбінесе Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары көруде.

Башкут Тунчак — БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз сарапшылар тобының мүшесі. Бұл топ жекелеген мемлекеттердегі адам құқығына қатысты тәуелсіз зерттеулер жүргізіп, сараптамалар жасаумен айналысады. Аталмыш топқа кіретін сарапшылар ешқандай үкіметтік ұйымға тәуелді емес.

Шарафат Жылқыбаева

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір