• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:11:53
Алматы
+35°

12 Қазан, 2016 NEWS

Анасы миссионерлік жолға түскен баланың әңгімесі

Кiтапханада отырғанмын. «Конничива» деген дауысқа жалт қарадым. Ақ жейде, көкшiл костюмдi ер бала тағы да «Конничива» дедi де, аса бiр...

Кiтапханада отырғанмын. «Конничива» деген дауысқа жалт қарадым. Ақ жейде, көкшiл костюмдi ер бала тағы да «Конничива» дедi де, аса бiр iзеттiлiкпен иiлдi. Мен де орнымнан тұрып, жапонша иiлiп амандастым. Жапониядан iс-сапармен келген отбасының бiр баласы болар деп ойладым да, «Анатава нихонджиндэска?» (Сен жапонсың ба?) деп едiм, ол «Можно дальше по руский, я японский не знаю» дедi, орысшалап. Содан соң Жапония тарихындағы Мэйдзи дәуiрi туралы деректердi қайдан табуға болатынын сұрады. 

— Жапонша амандасқаныңа қарап жапон оқушысы ма деп ойладым. Атың кiм?

— Айбек.

— Тегiң?

— Мацухито.

— Жапонсың ба?

— Да, но полуказах, полуараб.

Ол өзi туралы шешiле сөйледi.

— Мамам Алматыда туған. Бiрақ туысқандары Қызылордада тұрады. Папам Жапонияда. Ажырасып кеткен.

— Анаң кiм болып iстейдi?

— Миссионер.

Селк ете түстiм. Айбек менiң сұрағымды күтпестен сөзiн жалғай бердi.

— Мамама оның әжесi айтыпты, қожа деген тайпа Йорданиядағы протестант арабтардан шыққан деп. Сондықтан мен полужапон, мамам жағынан полукахаз, полуараб.

Ол мұңды көзбен маған бiр қарап алды да, өзi туралы әңгiмесiн әрi қарай сабақтады.

— Мамамның мамандығы суретшi. Бақта сурет салады екен. Бiрде бақта сурет салып отырғанда Мацухито деген жапонмен танысыпты.

Ол күрсiндi.

— Екеуi үйленiп, басында өте жақсы тұрған. Мен үшке келгенде ажырасып кеткен. Неге айырылысқанын мамам айтқысы келмейдi. Қазiр он бестемiн. Әкемнiң бейнесi емiс-емiс есiмде.

Ол маған жәудiрей қарады.

— Iнi-қарындастарың бар ма?

— Бiр әке, бөлек шешеден, және бiр шеше бөлек әкелерден туған бауыр-қарындастарым бар.

Ол әкесi ажырасқан соң Жапонияға кеткенiн, жапон қызына үйленгенiн, екi баласы барын айтты.

— Қазiр мамамның бiрнеше күйеуi бар.

Ол тағы да күрсiндi.

— Қазақ кiсiден туған екi қызы Шамалғандағы әжесiнiң қолында. Мамам кейде барып тұрады. Иссус туралы ертегi кiтаптарын апарып бередi.

— Өзiң қай дiндесiң?

— Үш жасымда әке-шешем ажырасты. Одан соң бес жыл өткенде мамам протестанттар қатарына қосылды. Менi де шоқындырды.

— Неге протестант болды?

— Өйткенi, мамама оның әжесiнiң айтуынша, қожалар Йорданиялық протестант арабтардан шыққан. Сондықтан Иссусқа мәнажат етуге мiндеттi екенбiз.

— Бөлек әкеден туған iнi-қарындастарыңды анаң неге өзi бақпайды?

— Айттым ғой, миссионер деп. Бұрын республиканың облыстарын жиi аралайтын. Балалар үйлерiне, мұқтаж адамдарға азық-түлiк апарып беретiн. Қазiр шет мемлекеттерге көбiрек шығатын болды. Мамамның табысы өте жақсы.

— Қазақша бiлесiң бе?

— Бесiншi сыныпқа дейiн қазақ мектебiнде оқыдым. Одан соң орыс мектебiне ауыстым.

— Бiреу қай ұлтсың деп сұраса не деп жауап бересiң?

— Полужапон, полуказах, полуараб.

— Үйде қай тiлде сөйлесесiңдер?

— Орысша. Мен қазақша сөйлей аламын, бiрақ мамам түсiнбейдi.

— Үйде қандай тағамды тұтынасыңдар?

— Шығыс тағамдарын, бешбармақ, суши, бәрiн жеймiз. Батыс елдерiнен мамамның миссионер жолдастары бiздiң үйге жиi келедi. Олар қазы-қартаны жақсы көредi.

— Сабақтан соң немен айналысасың?

— Француз тiлiн үйренiп жүрмiн. Жапонияның тарихы, салт-дәстүрi жайында жазылған ағылшын, испан тiлiндегi кiтаптарды оқимын.

— Неге Жапонияның?

Өйткенi, менiң әкем жапон ғой. Мағынасын түсiнбесем де иероглифтердi жазумен айналысамын. Маған қазақ пен жапон халқында ұқсастықтар көп сияқты көрiнедi. Тiптi қоғамдық көлiктiң iшiнде қазақтар дабырласып сөйлескен кезде маған жапон сөздерi болып естiледi.

Жапон тiлiн оқымасаң да, жапондармен қарым-қатынаста болмасаң да, бұл тiлдiң саған ыстық болуының себебi неде?

— Санамның бiр түкпiрiнде әкемнен қалған белгi шығар.

— Мацухито деген тектi ру ғой.

— Бiлемiн, дәлiрек айтсам сеземiн. Мамам екеумiздiң араласатын кiсiлерiмiз көп. Бiрақ менде туыс жоқ. Қызылордаға барғанда нағашыларым «немене, қытай ма, әлде кәрiс пе өзi?» деп, менi шетқақпай қылады. Бұл ортада мен түсiнбейтiн нәрселер көп. Мектептi бiтiрiп, тезiрек Жапонияға кетсем деймiн. Әкемдi iздеп, тауып, туыстарыммен қауышқым келедi. Туысқан деген жақсы ғой.

— Сен ересек адам сияқты сөйлейдi екенсiң.

— Қазiр менiң қатарым тұрмақ, жетi-сегiз жасар балалардың өзi үлкен кiсiлерше сөйлейдi. Соларға қарап отырып, өзiм де таң қаламын.

— Араб протестанттар деген кiмдер?

— Қожаның және Мацухито руының арғы тегi. Яғни бiздiң аталарымыз.

— Бұны саған кiм айтты?

— Мамам. Оған Иссус аян берген.

— Анаңның туыстары сенi неге шетқақпай қылады?

— Өйткенi, мен әкеме тартқанмын.

Ол мырс еттi, де «Бұл ортада тәртiп жоқ» дедi.

— Түсiнбеймiн, мамамды өсiрген ортаны...

Шарафат Жылқыбаева

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір