• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 18:14:44
Алматы
+35°

Біздің анықтама:

 Қуандық Шамахайұлы - ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымының кандидаты, әдебиеттану саласының доценті,  Мадридтегі халықаралық журналистер ұйымының мүшесі, халықаралық журналист. 

Қуандық аға,  Qamshy.kz сайтында жарияланған материалда неге бізде халықаралық журналистер жоқ деген сұраққа біраз жауап іздеген едік.  Халықаралық журналист ретінде сіздің әлеуметтік желі арқылы аталған мәселеге қатысты пікір білдіріп, ой айтып жатқаныңыз қуантады. Осы сәтті пайдаланып кәсіби маман ретінде өзіңіздің тәжірбиеңіз бен кеңестеріңізді, ұсыныстарыңызды білу үшін көкейде жүрген сұрақтарды қойып, пікір алмассақ деп едік. 

Халықаралық журналистика және ақпараттық соғыс

Қазір  халықаралық журналист деп қандай журналисті айта аламыз? Қалам ұстағандарды бұл топқа жатқызу үшін қандай талаптар қойылады?

Бұл сұраққа жауап табу өте оңай. Ол үшін Халықаралық журналистер одағының жалпы принциптерімен таныссаңыз жеткілікті. Онда былай делінеді: «Шындықты қастерлей отырып, оны білгісі келген жұртшылықтың ақпарат алу құқығын құрметтеу, қажет мәліметтің бәрін заңдылыққа сай жинап, әділ сынай білу, баспасөз еркіндігін әрдайым негізге алу; түпкілікті көзі анық деректерді ғана басшылыққа алып, шынайы ақпарат тарату; өзекті жаңалықты жасыруға, дерек-дәйектерді бұрмалауға жол бермеу» т.с.с.

Сондай-ақ, іс қызметінде тек адал тәсілдері ғана қолдануды, үкімет орны мен лауазымды тұлғалардың ықпалынан тыс болуды талап етеді. Әрине, халықаралық журналист болу үшін баспасөз бостандығын қамтамасыз етуге өз үлесін қосумен қатар әлем елдеріндегі әріптестерімен саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени ақпарат алмасатын, кәсіби біліктілігі мен жазу шеберлігі арқылы танылып, мойындалған болуға тиіс. Оның сыртында тағы бір маңызды фактор бар. Ең әуелі сіздің еліңіз әлемдегі негізгі екі ірі ұйымның біріне мүшелікке өткен болуы керек. Қазіргі таңда әлемде халықаралық журналистердің екі ұйымы бар. Бірі – Брюселдегі халықаралық журналистер одағы, екіншісі – Мадридтегі халықаралық журналистер ұйымы. Әлем елдерінің журналистер одақтары осы екеуінің біріне міндетті түрде мүшелікке өткен болуы тиіс. Сонда ғана сізді ұсынып, «халықаралық журналист» деген куәлік пен мәртебе беріледі.

Жалпы, журналистердің өзге де халықаралық ұйымдары баршылық. Мысалы, АҚШ-та Бас редакторлардың, Дубайда халықаралық баспасөз клубтарының дегендей халықаралық одақтар құрылып қызметтерін жүргізіп жатыр.

Әрине, университеттерде ашылған арнайы  классифактор бойынша  халықаралық журналистика мамандығын оқып шығуға болатын шығар. Бірақ, диплом алумен халықаралық журналист болып кетудің өзі екіталай. Қазіргі таңдағы біздің жоғары білімнің деңгейінің өзі қалай еді, тіпті, дипломдарымыздың өзін әлемнің қай елі мойындап жатыр?

Ең бастысы әлемдік стандартқа сай білікті, талантты әрі кәсіби мамандығына адал болуы керек қой.   

Біздің қазақ тілді БАҚ-тардың ішінде халықаралық жаңалықтарды  «Азаттық» сайтынан ғана оқып жатамыз. Қалған БАҚ-тың барлығы аударма мен көшірме десем артық айтпағандық болар. Жалпы, Қазақстанда халықаралық журналистика бар ма? Болса қай деңгейде?

Қазіргі күнгі «ақпараттық соғыс» әлем­нің астаң-кестеңін шығаруға қабілетті аса ұтқыр құралға айналды. Бұл өзі бүгін ғана аяқ астынан пайда болған дүние емес. ХХ ғасырдың екінші жартысында басталған  коммунистік тәртіпті ұстанғандар мен либералдық  көзқарасты негізге алған елдер болып екіге қақ жарылған жүйеаралық «қырғи-қабақ» соғыс 1991 жылы либералдықтардың жеңісімен аяқталған еді. 

 Оны салыс­тырамалы түрде ғана аяқталды дегеніміз болмаса, негізі, қазір де жалғасып жатыр. Социалистік лагерь 60 жылға жуық өмір сүргенде «СССР» тарабы өзін батыс әлеміне жағымды жағынан таныта алмады. Себебі, кеңестік-социалистік үгіт-насихат машинасының қызмет тәсілі тым қарабайыр әрі анайы еді. Олар көбінесе, өз азаматтарының «миын тазалауға» тырысып, бар өнерлерін соған салды. Соның салдарынан болса керек, фашизмді жеңуге Кеңес одағының басты рөл атқарғанын өздерінен өзге елдердің көбісіне айтарлықтай сендіре де алған жоқ.  

Айталық, англо-саксондық әлемде дүниежүзілік екінші соғыстың жеңімпазы ретінде АҚШ пен Ұлы Британия ғана танылады. Кеңес одағына бүйректері бұрған елдердің өзі социалистік насихатқа аса қатты иланғандары шамалы. Мысалы, АҚШ пен Еуропаның бірқатар елдерінде 1940-шы жылдардың соңында америкалық билік өрістеткен коммунизмге қарсы тегеурінді әрекеттерге Кеңес одағы іс жүзінде қарсы қоятындай ештеңесі болмай дәрменсіздік танытты. Оның сыртында Кеңес одағын жақтаушы болып келген Франция, Италия, Грекия үкіметі тарапынан да қолдау таба алмай социалистік лагерь оқшауланды. 

«Америка даусы», «Азат Еуропа» радиостанцияларының ақпараттарына тосқауыл қою үшін толқын ыдыратқыш құрылғылар орнатып, «хабар тұн­шықтыру» әрекеттері коммунистік әлемде ядролық қару тасымалдайтын зымыраннан да артық рөл атқарғандығы туралы әңгіме қазіргі күні тарихқа айналды. Ол тұста Кеңес одағы бастаған коммунистік жүйе баспасөзді идеологиялық үгіт-насихаттың басты құралына айналды­рып айрықша дамытуға күш салса, батыстықтар радиостанцияларын алға шығарды. Кеңес одағы бір ғана журнал­дың айлық таралымын 12 миллион данаға жеткізсе, Батыс әлемі оған қарсы радиостанциялар арқылы толассыз шабуылдап жатты.

Сол тұстағы телевизиялық «secam» жүйесі коммунистік әлемге, ал, «ntsecam» жүйесі батыстықтарға тиесілі болды. Осы себептен, Батыс елдерінен әкелінген теледидардың жүйесін ауыстырмаса немесе арнайы адаптры болмаса оны Қазақстанда немесе Болгарияда көру, тіпті де, мүмкін емес еді. Радионың қысқа толқындық «FM» түрі батыстық стандарт, орта және ұзын толқындағы «LM», «WM» — коммунистік жүйенікі болып қалыптасқан болатын.

Сіздердің ата-әжелеріңізге  мәлім «VEF» транзисторы қысқа толқынды ұстамайтын. Радионың толқындары, телевизияның жүйе­сіне дейін екі тарапқа бөлінуі – қырғи-қабақ соғыстың елеулі бір салдары болатын. Бұл нені көрсетеді?

Әрине, бұл екі түрлі әлемде аңдысумен өткен елдердің әрбірі өз азаматтарының санасын келесі жақтың ақпаратымен «уландырмау» үшін табиғат жаратқан толқынның өзін меншіктеп алудан туған тарихи шындық еді. Қысқасы, айналып келгенде, қырғи-қабақ соғыстың да ең басты құралы – ақпарат болды. Екі жүйе арасында ғана мұндай арпалыс өрбумен шектеле қойған жоқ. Бір жүйеде бола тұра көршілес елдердің өзі әрқайсы бір-бірінің мәдени ықпалының экспансиясынан азаматтарын, ұлтын қорғаудың қамымен жанталасты. Айталық, Франция өз азаматтарының әсіре  америкалануынан сақтанып, ұлттық телевизиясын «mesecam» жүйесіне ауыстырса,  Солтүстік Корея Жапонияның ақпараттық ықпалынан қорғану үшін «ntsc 4.43» деген тележүйені ішкі көрсетілімдеріне қолданған. Мақсаты, тек сырттан келетін ақпаратты жабуды ғана көздеді.

Жалпы, белгілі бір мемлекет ұлттық ерекшелігі мен болмысын, мүддесін, ішкі саясатын қорғау үшін ең алдымен ақпараттық сақтыққа көшетіндігін осыдан аңғаруға болады. Қарапайым түрде бейнелеп айтсақ, ақпараттан тұратын бұршақты жаңбырдың аңғал жұрттың тас төбесін ойып кетуінен қорғап, қалқан жасаған іспетті әрекет. Қазіргі таңда да біз талқылап отырған халықаралық журналистиканың да басты қару-жарағы – ақпарат .

Өз ықпалын арттырып, әлемді аузына қаратқысы келген кез келген империя ақпарат құралдарын пайдалана отырып, сыртқы насихатқа аса ден қояды. Шығыстағы көршіміз Қытай елі бұрын да, қазір де өздерінің «мәдениет арқылы достасу» саясатынан айныған жоқ, ақпараттық экспансиясымен айналасының үрейін ұшырумен келеді. Ежелден өздерін әлемнің орталығы («жүң-го ван-суй») санайтын оларда қазір Конфуцийдің орнын телевизия мен кино басқан.

Бүгінгі таңда Қытайдың орталық телевизиясы 13 арна арқылы ішкі ақпараттарын бірнеше тілде таратады. Олар Шыңжаңға арнаған 13-арнасын ұйғырша емес, тәулік бойы қазақ тілінде таратып отыр. Оның себебі не? Әрине, онысы, бір оқпен екі қоян атудың амалы. Орта Азиядағы түркі тілді ұлттармен бірге Қазақстанға осы телебағдарламаның таратылуына кең мүмкіндік  бар. Тағы бір жақын көршісі Монғолияға да  олар ақ­параттық ықпалын арттыруға барын салып жатыр.

Мұндай үрдістен Батыс Еуропа елдері де шет қалып жатқан жоқ. BBC – Ұлыбритания мемлекеті тарапынан қаржыландырылатын телекомпания. Сондықтан,  Британ елінің сыртқы насихаты мен ықпалын арттыруды көздейтін құралы екендігі айдан анық. Сол секілді «Дойче Велле» де Германияның сыртқы насихатының басты құралы. Ал, ішкі жағдайында олардың ешбірі шетел бағдарламаларымен өз көрермендерін бас-көзсіз төпелеп отырған жоқ.

Қазақ қоғамын елдегі жағдайдан гөрі мұхиттың арғы жағындағы цунами қатты «толғандырады»

-Осы орайда Қазақстанның ақпарат соғысындағы қам-қарекеті туралы да айта отырсаңыз.

Соңғы жылдардағы мәліметке жүгінсек, елімізде іс жүзінде 2697 БАҚ жұмысын жүргізіп отырған көрінеді. Ондағы қазақтілді БАҚ үлесі жалпы санының небары 19,1%-ын құрайды, орыстілді – 33,4%, қазақ және орыс тілдеріндегісі  35%, 12,5% – қазақ, орыс және басқа да тілдерде екен. Барлық 2427 баспадан 1619 газет есептеледі, оның ішінде мемлекеттік – 328, және 1291-і – мемлекеттік емес. Қазақ тілінде басылатын – 437 газет, орыс және басқа тілдерде – 587, қазақша және орысша – 479, қазақ, орыс және басқа тілдерде – 116. Журналдардың жалпы саны – 808, 172 журнал – мемлекеттік, 636 – мемлекеттік емес. Шығарылатын журналдардың жалпы саны орыс тілінде – 304, қазақ және орыс тілдерінде – 237, қазақ, орыс және басқа тілдерде – 162, қазақ тілінде – 105.    

Елде 259 электрондық БАҚ әрекет етеді, оның ішіндегі – 52 (мемлекеттік – 11, мем­лекеттік емес – 41, эфирге қазақ және орыс тілдерінде шығады), радиокомпаниялар – 49  (мемлекеттік – 5, мемлекеттік емес – 44,  эфирге қазақ  және орыс тілдерінде шығады), кабельді телевизия операторлары– 152, спутниктік хабар тарату операторлары – 6 (мемлекеттік – 1, мемлекеттік емес – 5). Ақпараттық агенттіктердің жалпы саны – 11, оның 10-ы мемлекеттік емес, біреуі мемлекеттік.

Қазіргі қазақ көрер­мендері мен тыңдармандардың тұ­тынып ақпараттарының көп бөлігі шетелдік көздерден алынып отыр. Олар ID TV кабельдік жүйесіне тапсырыс беріп, қалаған бағдарламасын көріп, жат мәдениет экспансиясын еш бөгетсіз қабылдай алады. Ақпарат құ­ралдарының өзге түрлеріне де бізде еш тосқауыл жасалмайды. Кабельдік телевизия жүйелеріне кімнің иелік ететіні, оған жасалатын бақылау бар ма, ол жағы әзірше беймәлім.

Әр отбасы ай сайын кімге не үшін төлемақы ұсынып отырғанын білуге толықтай қақылы. Бірақ, Қазақстанда көп жағдайда «ком­мерциялық құпия» деген желеумен ауызды жауып тастау  қатты етек жайған. Мұхиттың арғы жағындағы бір қала көшесінде болған жарылыс, Қытайдағы жер дүмпуі, арал маңындағы елдерде болған цунами өзіміз тұратын көшенің маңында болған жол көлік аптынан бетер бізді қатты дүрліктіреді.

Қазақстан азаматтары ел ішіндегі қоғам қайраткерлері мен саясаткерлерден гөрі көрші Ресейдегі саяси тұлғаларды бес қолдың саласындай жетік біледі. Сыртқы ақпараттың ықпалы бүгінгі күні ел азаматтарының санасын әбден тұмшалап алған. Ішінара улап та жатыр. Жастарымыздың алды Сирияға барып, соғысқа қатысып жүр­ген жайлары бар. Осылайша, біз аза­маттарымыздың санасын еш сүзгісіз қал­дырып, ақпараттық тасқын мен алапат дауылдың алдында еш қорғансыз қалдырдық.

Идеологиялық қырғи-қабақ соғыс аяқ­талғанда жеңіліс тауып, либерализмге мойынсынғандардың жуан ортасында біз де бармыз. Бірақ, одан сабақ алып, ақ­­параттық соғысқа төтеп беру үшін халықаралық журналистиканың қыры мен сырына қанығуға тырысып жатқанымыз шамалы.

Қырғи-қабақ соғыс аяқталғанымен айналамызда ақ­параттық экспансия, неоколонизм үшін тайталас толастамақ тұрмақ, барған сайын өршіп барады. Қазіргі таңда қазақтың санасын жаулап иелік етуге фашизм, либерализм, неокоммунизм, панисламизм бәрі мүдделі. Біз де өз кезегімізде жылт еткеннің бәрін шеттен іздейміз, «біреудің қаңсығын таңсық» көреміз. Шеттен ағылып келіп жатқан ақпараттық, жарнамалық насихатты ешбір сүзгісіз қабылдайтынымыз да сондықтан.

Сонымен қатар, баспасөз бостандығын өз мүддесіне лайықтауды көздейтін күштер БАҚ дербестігін барынша шектеп, оны олигархиялық топтарға, саяси-қаржылық компанияларға телміртіп қоюға ынталы.

Қазір Қазақстанда Ресей тарапынан ағылып жатқан медиа өнімдер ақпараттық танымнан бұрын ықпал ету үгіт-насихаттық сипаты басым болып жатыр.

Технологияның қарыштап дамуының нәтижесінде адамзат тарихында алмасқан барлық ақпаратқа тең келетін мәліметті соңғы бес жылдың ішінде алып үлгерген екенбіз. Егер, ақпарат кереғар мазмұндағы насихат сипаттағы қалпында «құлақтан кіріп, бойды алған»  болса, өзін­дік ойсыз, құндылықтан ада, көзқарасы тиянақсыз мәңгүрттікке айналдыруға осы­ның өзі-ақ молынан жетеді.

Ең алдымен, ақпарат саласындағы шетел инвес­тициясына бақылау жасаумен қатар, жат діни ағымдарды, түрлі азық-түлік өнімдерін насихаттайтын сан алуан жобалардың да астарына терең үңілуге тура келеді. Ресейлік, қытайлық, америкалық, өзбекстандық және өзге де кімдікі екені беймәлім телевизия арналарының таралуына, ағылшын, орыс, қытай, герман тілдерінде бағдарлама тарататын радио станцияларды да назардан тыс қалдыруға болмайды.

Бүгінгі күні олар хабарларын шеттен таратса, ертеңгі күні ел ішіне еніп те қызметін жүргізе бас­тауы ғажап емес.  Бұл – біріншіден. Ал, екіншіден, сыртқы ақпарат экспансиясы мен насихатынан тыс ішкі манипуляция, ақпараттық адастырушылық, жалған ақпарат тарату, азғана топтың мүддесіне қызмет ететін БАҚ атаулы болмауын, мей­лінше, көптің ортақ меншігі басымдық беретін нысан ретінде ұйымдастырылғаны абзал.

Ақпарат құралы қожайындікі болғанымен баспасөз еркіндігі әр­дайым халықтікі болып қала береді.  Аны­ғына келгенде, ақпарат таратуға қолданылатын техникалық құралдар, ғимарат, кеңселерді меншіктеуге болады, ал, ақпараттың дәл өзін және оның тарайтын әуе толқынына ешкім иелік етпеуі керек. Аталмыш ара жікті ажыратып, үйлестіру үшін елдегі барлық ақпараттық құралдар акционерлік қоғам түрінде ұйымдастырылғаны дұрыс болмақ.

Шетелдік насихат тұрпатындағы бағдарламалар мен жарияланымдардың ақпараттарына қойылатын бақылауды күшейткеніміз болмаса, ел ішінде тарайтын ақпараттарға мейлінше еркіндік берілгені жөн. 

Ал, жағдайымыз әлемдік стандарттың өлшемдеріне барлық жағынан толықтай сай келмей тұрған кезде біздегі  халықаралық журналистика туралы айтуға сәл ертерек секілді көрінеді.  

Қазақ журналистері кімді үлгі тұтуы тиіс?

«Қазақстанда халықаралық журналист жоқ» деген сыңайда материал жазған едік, оны оқырмандар әрқилы қабылдады. Халық білмей жатқан халықаралық журналистер кімдер, қазақ тілді ондай мамандарымыз бар болса, қазір қайда жүр?

Халықаралық журналистиканың талаптарына сай келетін жекелеген журналистердің барын жоққа шығаруға болмас. «Азаттық», ВСС (Дәулет Жұмаділ), «Америка даусы» (Бигелді Ғабдуллин)  радиоларының  қазақ бөліміндерінде жұмыс істеген санаулы журналистерді солардың қатарына жатқызуға болар, бәлкім. «Азаттықта» бұрын қызмет істеген, қазір де еңбек етіп жүрген шығармашылық ұжымды халықаралық журналистика талаптарына сай келеді деп санауға болатын шығар.

Ең бергісін айтқанда, ондағы журналистердің сыңаржақтыққа жол бермейтіндерін, оқиғаға мейлінше бейтарап қарап, ақпараттық түрлі көздерінен сілтеме жасап, пікіралуандығын ұстанатынын, субъективтік жеке көзқарасын мақалаларына тықпалай бермейтіндігін жазбаларынан аңғаруға болады. Осының өзі олардың халықаралық журналистикаға бейімделгенін көрсетеді.

Бұл тұрғыдан келгенде, қазақ баспасөзі тарихында тұңғыш халықаралық журналист ретінде Хасан Қалибекұлы Оралтайды ерекше атап өтуге тиіспіз. Ол кісі өзінің саналы өмірін большевизммен, коммунистік отарлықпен күреске арнады. Тек шындықты жазуды ғұмырлық мақсаты етіп алға қойды.

Бүгінгі күні 30 жылдығы аталып отырған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жайында бүкіләлемге алғаш рет дабыл қағып, қазақ жастарына жабылған ауыр да қасіретті саяси жалаға қасқайып қарсы тұрғын жалғыз тарихи тұлға да осы Хасан ағамыз болды.

Алдымен өзімен қызметтес журналистерін жинаған Хасан аға орыс коммунистері қазақ халқын негізсіз жәбірлеп қана қоймай әділдік үшін бейбіт түрде өркениетті күреске шығып, алаңға жиналған жастарға «маскүнемдер, нашақорлар, қарақшы-бұзақылар» деп жала жауып жатқанын мәлімдей келе әлемдік қауымдастыққа шынайы жағдайды түсіндіріп, нақты ақпарат беруге атсалысуларын өтінген.

Қазақтарға жасалған советтік озбырлықты әшкерелеуге, оған қарсылық танытып, алматылық қандастарға қолдау көрсету үшін әлемнің түрлі елдеріндегі қазақ диаспорасы өкілдері мен түркі текті бауырластардың ынтымақтаса отырып, әр ірі қаладағы совет елшіліктері алдында наразылық жиындарының ұйымдастырылуын қалады. Желтоқсандағы бас көтеруді Қазақ жерінде басталған жаңаша бетбұрыстың нышаны деп білген  Хасан Оралтай сол күні-ақ Батыс елдері радиолары мен телевизия арналарының басты жаңалықтарын Алматыдағы наразылық жиынына қарай бұрылуына ықпал ете алды. Совет елінің қолшоқпарына айналған кейбір күштердің қазақ жастарына күйе етіп жағылған, оқиғаның өңі айналдырылып, қасақана бұрмаланған мәскеулік жаланы бықсытуларына қарамастан батыстық ақпарат құралдары оқиғаның мән-жайынан жұртшылықты хабардар ете алды.

Цензура торлаған совет қоғамынан шынайы ақпараттың алынуы, оқиғаға дұрыс баға берілуі мүмкін еместігі мәлімделді, Алматыдағы алаңға шыққандардың әрекеттері заңды, талаптарының ақылға қонымды екендігі тұтастай болмаса да, әупірімдеп әлемге жетіп жатты. Хасан Оралтай желтоқсан оқиғасы жөнінде там-тұмдап алынған әрбір деректі шеберлікпен пайдаланып, мақала әзірлеп күн сайын радиоэфир арқылы өзі оқып, оны ағымдағы істің құрамдас бөлігіне айналдырды. Бірақ, мұнымен шектеліп қалған жоқ. Көптеген елдердегі әріптестеріне, журналистік ұйымдарға, ғалымдарға, зиялыларға хат жазды, Қазақстанда болған оқиғаның астарын әлем жұртшылығына дұрыс түсіндірілуін, советтік озбырлардың жапқан жаласының жалған екендігін ұқтырылуын сұрады.

Осылайша, Желтоқсан ақиқатын ашып, шындықты әлем халықтарына жеткізу үшін тынымсыз еңбек етіп, шырылдаған жан Мюнхенде жалғыз Хасан аға ғана болды. «Азаттық» редакциясында бірқатар қазақ журналистері қызмет ететін. Алайда, олардың ешбірі селт етпегені таңданыс тудырады. Сөйте тұра Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін «жау кеткен соң қылышын тасқа шапқандай» 1986 жылы желтоқсан көтеріліске үн қосып, көп іс тындырғандай түрлі естеліктер айтып жүрген.

Ал, Хасан ағамыз жұмысынан ақы-пұлсыз рұқсат алып, өз қаражатымен Түркияға барған. Ондағы мақсаты – қазақтар көп шоғырланған қалаларға барып, желтоқсан көтірілісіне қатысушыларды қаралаушыларға қарсылық білдіруге, совет елшіліктері мен өкілдіктері алдына барып наразылық жиындарын ұйымдастыруға ұйытқы болу еді. Сол арқылы әлем баспасөзінің назарын оқиғаға аудару, дүниежүзі халықтарының қазақ жастарын дұрыс түсінулеріне ықпал жасауды көздеді. Ыстанбұл, Ізмір қалаларындағы қазақ диаспорасының игі жақсыларын жинап, қазақ деген атпен түрлі қор құрып белсенділік танытып жүрген азаматтарға «тым болмаса, ұлттық киімдеріңді киіп, баспасөз редакцияларына, елшілік ғимараттарына барып», қазақ елінде болған желтоқсан оқиғасына алаңдаушылық білдірулерін сұрап, апта бойы жалынумен болса да нәтиже шықпаған. Олардың бір бөлігі  «біз саясатқа араласпаймыз» десе, ішінара «орыстың қазағы үшін басымызды бәлеге тіге алмаймыз» деп сандалғандардың кездескенін де Хасан Оралтай қынжыла жазды.

Міне, нағыз халықаралық журналистің кейінгі буынға көрсеткен үлгі-өнегесі. Біз осындай тарихи тұлғаларды «халықаралық журналист» деп мақтан тұтуымызға болады.

Ақпараттық саясатқа реформа керек

1993 жылы Мадридтегі Халықаралық журналистер ұйымына мүше болып,  БҰҰ мен Юнеско мойындаған халықаралық журналистің бірісіз. АҚШ мемлекеттік департаментінің шақыртуымен Вашингтонда, Рестонда, Арлингтонда, Нью-Орлеанда, Колумбия-Миссуриде, Атлантада, Нью-Йоркте болып, бірнеше жетекші университет мамандарымен тәжірибе алмасқан екенсіз. Батыспен салыстырар болсақ  біздің халықаралық журналистерді дайындаудағы басты кемшілігіміз неде?

Бізді Батыс өркениетімен салыстырар болсақ, дәл осы журналист мамандарын даярлау жағынан бір ғасырға артта қалып жүрміз. Ащы болса да шындық осы. Нью-Йорктағы Колумбия университетінің журнализм факультетіндегі  әріптестеріміздің ортасында болғанымызда бакалаврлық білім алуға келген студентке алғашқы сабақты қалай сұрақ қоюды үйретуден бастайтынын көргенбіз. Бұл кездейсоқтық емес. Әсіре қызыл сөзді емес өмірлік мәнді деректі пір тұтатын американ журнализмі сұрақ дұрыс қойылғанда ғана тілші ақпарат таба алады деген қағиданы қатаң ұстанады.

Университет ұстаздары мен ғалымдары ақпарат құралдарының өзекті проблемаларын «Колумбия университетінің журнализм шолуы» деп аталатын ай сайынғы журналда тұрақты талқылап, пікірлеседі.

Біздегіден өзгешелігі тіл туралы ғылымды ғана тәптіштеп оқыта бермейді. Керісінше, журналистиканың кәсіби пәндеріне ерекше ден қояды. Мысалы, ондай пәндер редакторлау ісі, жазу шеберлік, газет және электронды ақпарат құралдарына жаңалықтар әзірлеп жазу, редакторлау негіздері деген атауларға ие. Компьютермен жұмыс, интернет сайт, мульти медиа журналистика секілді бізде әлі қолға алынбаған, алынса да көзбояушылыққа айналған пәндер оларда ежелден келе жатқан дәстүрлі сабақтарға айналып үлгерген.

Колумбия университетінің профессоры Жоннет Абелестің «Студент оқуға түскен кезден бастап белгілі бір тақырыпты таңдап зерттейді. Бітірерде сол бойынша дипломдық жұмыс жазады», -дегені есімде. Бізде диплом жазу деген соңғы кезде «копировать, вставить» болып кеткені белгілі ғой.

Университеттің магистратура бөлімінің профессоры Анна Нильсонның «Журналист белгілі бір лауазым иесіне немесе қаржы топтарына қызмет етуге тиіс емес, қандай жағдайда да өз кәсіби этикасына адал болып қоғамға кызмет етуге міндеггі» дегенді ол ерекше атап айтқаны жадымда сақталыпты.

Ондағы бір ерекше атап айтар жайт, сабақ беретін оқытушылар мен профессорлардың жұмысына студенттер баға беріп отырады. Университет басшылары студенттердің пікірімен іс жүзінде санасады. Жалпы, америкалықтарда көзбояушылық, формализм деген атымен болмайды. Америкалықтардың әрбір жұмысқа деген мұқияттылықтарына еріксіз таңданасың.

Қазіргі таңда Қазақстанның журналистикасының тасы өрге домалап тұрмағаны белгілі жайт. Жас мамандарды әзірлеуде де олқы тұстарымыз жетерлік. Оқулықтар, оқу құралы, жабдықтар, техникалық материалдардың жетіспеуі салдарынан және ғылыми мамандардың жетіспеушілігінен мемлекеттік тапсырыспен студентгер қатарына қосылған грант иелері тарапынан әртүрлі алаңдаушылықтардың туындап отырғаны да рас. Олай болса, журналистика мамандығын  оқытудағы Батыс өркениетінің  дәстүрлі және жаңаша тың жолдарымен, әлемдік үрдіспен етене жақын танысудың маңызы айтарлықтай. Ол үшін ағылшын тілін жаппай меңгеруімізге тура келеді.

БАҚ пен үкімет арасындағы қарым-қатынастардың жалпы сипаты мен мемлекеттің баспасөз жөніндегі саясатына да шынайы реформа керек. Журналистерді    заңдық    тұрғыдан     қорғау    жолдарын да жетілдіре түссек, қанеки. Журналистердің кәсіби біліктіліктерін жетілдіру, қайта даярлау, практикадағы БАҚ қызметкерлерін оқыту ісі қолға алынып, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Батыс елдеріне жіберіп жатқаны көңілге үлкен үміт ұялатады.

Халықаралық журналист мамандығын саясаттану немесе халықаралық қатынастар факультетінде оқытқан дұрыс деп жүргендер бар. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?

Қазіргі студент дегеніміз үстелден бас көтермей отырып, кітап оқи беретін немесе ұстаздың оқыған дәрісінен белгілеп алған азын-аулақ мәліметті жаттап алып онысын семинар сабағында айна-қатесіз айтып беретін «советтік заманның» түлегі емес. Ол дәуір әлдеқашан келмеске кетті.   Айталық, бизнес, қаржы мамандығы бойынша білім алып жатқан студентті мысалға алайық. Ол әлде бір елде ақша саясаты өзгергені жайында ақпараттың телеарна арқылы хабарланғанын құлағы шалды делік. Толық ақпаратқа қол жеткізу үшін ол қандай әрекет жасайды?

1. Google, Wikipedia бойынша түрлі ақпарат көздерінің деректерімен танысады

2. Youtube-тен ақпаратқа қатысты Podcast-терді көріп тыңдайды. Онда кәсіби мамандар мен сала ғалымдарының сұхбаттары, бейне дәрістері де кездеседі.  

3. Twitter арқылы өз ұстаздарымен немесе әлемнің өзге іргелі оқу орындарының мамандарымен байланысқа шығып сұрақ қоюларына болады. Айталық, Гарвард, Оксфорд университеттері профессорларының бәрінің Twitter парақшалары бар. Студенттер өз салалары бойынша тіркеле алады.

4. Facebook немесе өзге форум сайттар арқылы арнайы тақырыпқа сай талқылау ұйымдастыра алады. Мұның пайдалы жағы көптің пікірімен танысып, олармен тікелей қарым-қатынас жасауға болатындығында.

 Сөз соңында айтарым, белгілі деңгейде жан-жақты ақпаратқа қанығып, түрлі мәлімет алған соң студент өз тұжырымы мен пайымын блогіне немесе парақшасына жазып, өз көзқарасын жалпақ жұртқа жеткізе алады. Сонымен қатар google group-ті пайдалана отырып, әркім өзімен мүдделес, пікірлес жандарды тауып біріге алады.

Олай болса, жаңа заман ойшылы Дэн Сяо Пин айтқандай «мысықтың түсі ақ па, қара ма бәрі бір, тек тышқан ауласа болды» демекші, қай факультетте болғанына қарамастан лайықты білім алып шықса болды.

Өңірлік басылымдарда қызмет еткен журналиссіз. Аймақтық журналистиканың қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз?

Қазіргі аймақтық журналистиканың халі мүшкіл. Мемлекеттік тапсырысқа, тендерге телмірген баспасөздің жайын айтып, қара бұлтты үйіре бергеннен не пайда? Жалпы, қоғамдық институттардың бәрі жаппай демократияланған, тәуелсіз жалпыұлттық баспасөз өмірге келген тұста ғана бұл жайында кең өрісті, салиқалы әңгіме құруға болады. Қазір ерте. «Мезгілсіз шақырған тауықтың басы шабылады» деген сөз бар. Сондықтан, әзірше, әліптің  артын баға тұрайық.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақпен араларыңызда келіспеушілік бар секілді. Оны кейбір жазбаларыңыздан аңғарып та қаламыз. Осы мәселеге қатысты жайттарды ашып айта аласыз ба?

Оныңыз рас. Жасыратын несі бар? Адами тұрғыдан аман-сәлеміміз түзу. Бірақ, келіспеушілік бар. Оның жасы менен кіші болғанымен көзқарасы, жұмыс істеу тәсілі тым дәстүршіл ме, қалай екенін білмеймін, өте көне әрі қарабайыр секілді көріне береді. Бәлкім, мен қателесетін де шығармын. Өзін Алаш публицистикасының зерттеушісі санайды. Бірақ, ісі алаштық құндылыққа сәйкес келмейді, тіпті кереғар.  

ЖОО атаулының бәрінде лауазымдық қызмет конкурстық негізде тағайындалатын арнайы заң бар. 2009 жылы Қайрат екеуіміз кафедра меңгерушілігіне бәсекелесіп конкурсқа түстік. Ол жеңді. Университет басшылығы оны менен артық білімді әрі ақылды деп таныған болуы керек. Оған да талас жоқ, мен өз еркіммен жұмыстан кеттім.

Өткен көктемде Еуразия университеті профессорлық және доценттік бос орындарға конкурс жариялады. Мен әдейі құжат тапсырдым. Ондағы мақсатым конкурстың қаншалықты әділ өтетіндігін білу еді. Сырт көзге ғана конкурс боп көрінетін керемет бір спектаклді тамаша ойнап шығады екен, әлгі комиссия дегендері.

Мен құжат тапсырған доценттік орынға журфактың ішінен бір әріптесіміз де түсті. Менде БҒМ ЖАК аттестациясынан өткен ғылыми атағым бар, ал, әлгі әріптесімде ол жоқ. Оның сыртында жариялатқан ғылыми еңбектер мен өзге де көрсеткіштер жағынан мен әлде қайда оза шауып тұрмын.

Бірақ, оған пысқырып та қарамайды екен. Ол жерде декан ретінде Қайрат Сақтың пікірі үстемдік етті. Қайрекең «Білім туралы» ҚР заңының 4-бабы 28-тармағын және Үкіметтің 2012 жылғы 17 ақпанындағы №230 Қаулысын өрескел түрде бұзып, ар-ұятты да белден басып, мені өткіздірмей тастады. Бірақ, әлгі жеңімпаз доценттің өзі оқу жылы бастала салысымен кафедрадағы қызметін тастап кетті.

Заңда көрсетілген ереже бойынша мен алдымен университет басшылығына мұндай сорақылықты хабарлап, шешім өзгермесе, оны сот арқылы мәжбүрлеуге толықтай құқым бар. Бірақ, ЕҰУ оқу ісі жөніндегі проректорі Ә. Молдажанова деген ханым мені қабылдауға әлі күнге дейін уақыт таппай қатты қиналып жүр. Дұрысы, деканының былығынан ұялып менің бетіме қараудан именетін шығар, не дегенмен қазақ қызы ғой, ар-ұяты молдау болса керек. Ал, әлгі ректор Ерлан Сыдықовқа кіру деген қол жетпес арман. Ол қабылдай қоймайды, қолы мүлде босамайды. Одан гөрі Елбасының қабылдауына жазылсаң, нәтижелі болуы әбден мүмкін.

Қайрат Сақтың қандай ғалым екеніне мен баға бергім жоқ, айтып ауыз ауыртқым да келмейді. Ал, ұстаз ретінде соншалықты данышпан дәріскер емес екендігін мына бір дерек айғақтайды:  Ана жолы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігінің (АРТА) сарапшылар тобы білім беру бағдарламаларын мамандандырылған аккредиттеу бойынша арнайы комиссия жұмыс істеген. Олар  университет студенттері арасында оқытушылардың сабақ беру әдістемесі, сабақ берудің инновациялық тәсілдерін меңгеруі секілді сауалдар бойынша жасырын анкета жүргізді. Осы жасырын анкетаның қорытындысы бойынша ең төменгі 10 балл алған оқытушылардың арасында декан басымен білдей профессор аты бар  Қайрат Өмірбайұлы Сақ тұр.

Бұл нені көрсетеді? Қайрат Сақты студенттер мойындамайды, оқытушы ретінде ол талапқа сай келмейді деген сөз. Ар-ұяты бар оқытушы мынадай көрсеткіштен кейін университетпен қош айтысуы керек қой. «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» демекші, өзі сабағын дұрыстап бере алмаса, өзгеге қалай ақыл үйретіп, әдістемелік кеңес беріп, басшылық жасайды?!

Қазірдің өзінде студенттерге лайықты дәріс беріп жүрген білікті мамандар журфактан кетіп жатыр. Сонда әлі күнге дейін қызмет етіп жатқан профессор әріптестердің көбісімен араласып тұрамын. Олар декандарының ісіне көңілдері толмайды, өкпелері қара қазандай. Ал, менің Қайрат Сақта «ұзында өшім, қысқада кегім жоқ». Ең бастысы, қай істе болсын, әділдіктің салтанат құрғаны ғана абзал.

-Аға, сұхбатыңызға көп рақмет. 

Сұхбаттасқан: Айжан Қалиева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір