• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 10:51:25
Алматы
+35°

13 Қазан, 2016 Экономика

Банкноттар не үшін ауысып жатады?

Ұлттық валютамызға қатысты жаңалық бола қалса, жұртшылықтың ә дегеннен үрке қарайтын әдеті бар. Жуырда Ұлттық банктің кейбір ескірген номиналдарды төлем құралы...

Ұлттық валютамызға қатысты жаңалық бола қалса, жұртшылықтың ә дегеннен үрке қарайтын әдеті бар. Жуырда Ұлттық банктің кейбір ескірген номиналдарды төлем құралы ретінде айналымнан шығару туралы хабарламасын да біздің халық солай қабылдағаны соған бір мысал. Алайда, бажайлап қарасақ, бұл жаңалыққа үрке қараудың реті жоқ екенін байқар едік.

Жалпы, купюраларды жаңадан шығару, ескісін айналымнан алып тастау біздің төл валютамызға ғана тән құбылыс емес. Халықаралық валюта қорының резервтік себетіндегі доллар, еуро, фунт, юань сияқты валюталардың банкноттары да жиі болмағанымен, ара-тұра өзгеріп тұрады.

Банкноттарды не үшін өзгертеді? Соған тоқталайық. Оны өзгертудегі негізгі мақсат – қауіпсіздік. Бұл жалған ақша жасаушылардың «жұмысын» қиындатып, жолын кесудің бір тәсілі деуге болады. Мәселен, әлемдегі жалған ақша жасаушылардың «сүйікті» банкноты саналатын 100 долларды алсақ, 2013 жылы Американың Орталық банкі жаңа 100 долларлық банкнотты айналымға шығарды. Ескі ақшадан айтарлықтай ерекшеленетін ақша белгісінің дизайнын жасауға 10 жылға жуық уақыт кетіпті. Сөйтіп, бұрын ел аузында «жасыл ақша» аталып келген валютаның бояуына енді көк түс қосылды, бұрын болмаған басқа да элементтер енді.

Әрине, банкнот ауысқасын, оны басып шығару шығыны да көбеймек. Айталық, дәл осы 100 долларды әзірлеу құны бұрынғысынан 4,8 центке көтеріліпті. Бұл өте аз шығын саналады. Есесіне, жалған купюраларды жасау да қымбатқа түседі. Жалған ақшаны басу қыруар шығынды қажет ететін болса, онда оны шығаруға деген құлшыныстың азайып кеткені айтпаса да түсінікті. Біз АҚШ валютасына қатысты соңғы жылдары болған бір ғана мысалды келтірдік. Бір ғасырдан астам тарихында бұл валюта көп өзгерісті бастан кешкен.

Еуроаймақ елдерінің ресми валютасы болып табылатын еуроның да кейбір банкнотты өзгерген, қайта басылған, айналымнан алынған. Оған әсер еткен себептер де әртүрлі. Соның біреуін айта кетейік. 2007 жылы Еуропалық одаққа қосылған Болгария ортақ валютадағы еуроның атауы кириллицамен жазылуын талап етіп, қиғылық салды. Еуропа орталық банкі алғашында болгарлардың талабынан бас тартқанымен, көп ұзамай келісім берген-ді. Сөйтіп, 320 миллион халықтың ортақ валютасының дизайны халық саны 7 миллионнан сәл асатын Болгарияның талабымен өзгеріп, ескі банкноттардың орнын жаңасы алмастырды.

Қытай Халық Республикасының ақша бірлігі юанның кейбір купюралары 2005 жылы бір рет өзгерген-ді. Содан бергі аралықта жалған ақша жасаушылар оның көшірмесін жасауды шебер меңгеріп алыпты. Жоғары сапалы баспаханалардың көбейіп кеткені соншалық, 2015 жылы тек тәркіленген жалған юанның көлемі 532 миллионды құраған. Яғни, үш жыл ішінде жалған ақша жасау үрдісі біржарым еседен астамға көбейіп кеткен. Сол себепті, Қытай Ұлттық банкі өткен жылдың қараша айында ең жиі қолданылатын, ең жиі көшірілетін 100 юань номиналын қайта басып шығару туралы шешімге келді. Бұл 100 юаннің 1999 жылдан бері төртінші мәрте өзгеріске түсуі екен.

Қытай Ұлттық банкі жоспарлау бөлімінің бастығы Шан Чжиюдің түсіндіруінше, қылмыскерлер юанның көшірмесін жасаудың түрлі әдістемесін жасап шығарған екен, сөйтіп елдің ұлттық валютасы мен қаржылық ахуалына кәдімгідей қауіп төнсе керек. Сол себепті, технология дамыған сайын купюралардың қорғаныс деңгейін де жетілдіре берген жөн деген шешімге келіпті. Сөйтіп, 100 юаньдық купюраның дизайны өзгеріп, сапасы жақсарып, жаңадан шығарылды. Банкнотқа қай қырынан қарағаныңа байланысты түсі түрліше көрінетін ерекше бояу, графикалық элементтер пайдаланылған. Ал ескі ақша біртіндеп айналымнан алынды. Жаңа ақшаны жалған ақшадан жай көзбен ажырату үшін 5 секунд жеткілікті көрінеді.

Яғни, төл теңгеміздің кейбір купюраларының өзгеруі әлемдік валюталардың көпшілігіне тән қалыпты құбылыстардың бірі деуге болады. Мәселен, 1993 жылы жаңа валютаман танысқан кезімізде, қалтамызда қағаз нұсқадағы тиындардың болғанын ел ұмыта қоймаған шығар. Одан кейін 1997 жылы 10, 20, 50 теңгелік монеталар жаңа дизайнмен шыға бастапты. Ал ұлттық валютамыз айналымға енгізілгеннен кейін арада 13 жыл өткенде болған ең үлкен өзгерісті ел жақсы біледі. 1 теңгедегі әл-Фарабидің, 3 теңгедегі Сүйінбайдың, 5 теңгедегі Құрманғазының, 10 теңгедегі Шоқанның, 20 теңгедегі Абайдың, 50 теңгедегі Әбілхайыр ханның бейнелеріне үйреніп қалған ел дизайны өзгерген купюраларды жатырқап қабалдағанды. Дегенмен, көп уақыт өтпей-ақ жұрт жаңа дизайнның да жақсы жақтары бар екенін байқады, тез үйренді.

Қазақстанда жалған ақша жасау қылмысы өршіп тұр деп айтуға болмас.  Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ деген аксиоманы алға тарта отырып, купюралардың жаңарғанына сеніммен қараған жөн. 2011 жылдан бері Ұлттық банк теңгенің 2006 жылғы шыққан ірі номиналдарын алмастыруды біртіндеп жүргізіп келеді. «Самұрық» деп аталатын жаңа серияның ерекшелігі – банкноттың беткі жағында «Қазақ елі» монументінің бейнесі бар.

Жаңа сериялы банкноттар халыққа ешқандай ыңғайсыздық тудырмай, жоспарлы түрде енгізілуде. Сөйтіп, биылғы жылдың 4 қазанынан бастап 2000, 5000 және 10 000 номиналды банкноттар айналымнан ысырыла бастады. Мұндай купюраларды келесі жылдың қазанына дейін Ұлттық банк филиалдарында, Қазпоштада және кез келген екінші деңгейлі банктерде алмастырып алуға болады.

– Қазіргі мониторинг бойынша халық арасында айналымда жүрген ескі банкноттардың көп емес екені анықталды. Ескі ақша айналымына қатысты арыз-шағымдардың бар екенін білеміз. Кейбір банктер ол купюраларды әлі қолданып келеді. Қараша айының 3 жұлдызынан кейін ондай әрекеттің болмауын қатаң қадағалаймыз, – дейді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

2008 жылы төл теңгеміздің 15 жылдық мерейтойына орай шыққан 5 мыңдық купюра, 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен Азия ойындарының құрметіне арналған 2 мыңдық купюра сынды мерекелік естелік банкноттар да есімізде. Самғаған қыран құстың бейнесі салынған, трамплиннен секіруші бейнеленген бұл банкноттардың төлем құралы ретіндегі заңды күші жойылмайды. Яғни, оны естелік ретінде сақтап қойсаңыз да, жұмсасаңыз да өз еркіңіз.

Арнұр Асқар

Дереккөз: egemen.kz

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір