• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 17:17:17
Алматы
+35°

14 Қазан, 2016 Әлеумет

Тіл тазалығы кірленбесін

Қазақ тілі әлемдегі ең бай да әдемі тілдердің бірі. Оны тек қазақ қана емес, тілімізді зерттеген әлем ғалымдары да мойындап кеткен. Атап айтар болсақ неміс...

Қазақ тілі әлемдегі ең бай да әдемі тілдердің бірі. Оны тек қазақ қана емес, тілімізді зерттеген әлем ғалымдары да мойындап кеткен. Атап айтар болсақ неміс жерінде туып, бар өмірін Ресейде өткізген шығыстанушы В.Радлов: -Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды. Қазақтардың кез келгені тіпті сауатсыздарының өзі, ана тілінде Еуропада байқап жүргеніміздей тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлейді,-десе, тағы бір батыстық ғалым П. Милиоранский: -  Қазақ тілін зерттеушілердің барлығы да бір ауыздан ең бай, ең таза түркі тілдердің бірі етіп таниды,-деп тілімізге деген таңданысын жасырмаған. Ал, қазір өз алдымызға мемлекет боп, етек жеңімізді түзеп жатырған заманда тілімізді ұлықтап, сөзімізді дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Бір кездері елімізге келген зерттеушілердің барлығын таң қалдырған сөз саптауымыз бен шешендігіміз қай деңгейде? Әлде 70 жыл бойы орыс тіліне бой ұруымыз тілімізге әсерін тигізді ме? Иә, біраз кірме сөз енді.Ол енді тілдің өзіндік заңдылығы. Дегенмен қазір тілімізге қате айтылып жүрген сөздер мен сөз тіркестері еніп барады. Бір кездері «паразит» сөздермен арпалысатын тіл жанашырлары сол қате күйінде еніп бара жатырған сөздерге назар аударып жүр ме? Ол үрдісті қазір тоқтатпасақ, тіліміздің сұлулығынан айырылып қалуымыз мүмкін.

Енді сол тілімізге еніп бара жытырған қателер қандай? Бір тізіп өтсек. Алғашқысы «Үлкен рахмет». Кейде тіпті «Зор рахмет» деп те айтылып жүр. Бұ сөз БАҚ арқылы да насихатталып кеткені қынжылтады. Тіпті, тікелей эфирден де естідік. Боксшымыз Генадий Головкин кезекті жекпе-жегінен соң «Көп рахмет» деп халқымызға ризашылығын білдірген. «Орыс қой, әйтеуір қазақша айтты» деп Генаны жақтап алуға да болады. Бірақ, өз қазағымыз да осы «Үлкен рахметті» жиі пайдаланатын боп жүр.  Алып қарасақ, бұл орыс тіліндегі «Большое спасибо»- нің тікелей аудармасы. Оны сол күйінде қолданудың қаншалықты керегі бар? Ризашылығын қатты білдіргісі кеп бара жатса, «Көп рахмет» десе де болады негізі. Дегенмен, рахметің үлкен-кішісі болмайды. Сондықтан «Рахмет» сөзіне «Үлкен» я болмаса, «Зор» сөзін тіркеудің қажеттілігі жоқ.

Келісі сөз қолданысындағы қателік көптік жалғауларды орынсыз пайдалану. Мұндай әбестік БАҚ-та көп қолданылмайды. Бірақ, кей жиындарға жол түсе қалса амалсыз естиміз. Бірде қала маңындағы кентте үлкен шара өткен-ді. Сол шараға жиылған елді құттықтауға шыққан ағамыз «Құрметті халықТАР» деп бір састырып еді. Кеше ғана шыққан «Қазақ елі» атты тамаша мултьфильмде «ӘскерЛЕР жиылсын» дегенді тағы  естіп, жағамызды ұстадық. Қарап отырсақ, халық та әскер де көптік мағына беріп тұрған сөздер оған жалғау мүлде жалғанбауы керек. Ол тіліміздің заңдылығы. «Әскер» сөзі өңіріміздің кей аудандарында онсыз да «көп» дегенді білдіреді. Бұдан бөлек той-томалақты басқарып жүрген асабалардың ауызынан «ағайынДАР» деген қате сөз түспейді. «Ағайын» сөзі де көптік мағынада пайдаланылады. Ең сорақысы бұл сөздерге көптік жалғауды жалғай салу әдетке айналды.

«Мен ойлаймын» тағы бір тікелей аударма күйінде пайдаланып жүрген сөз тіркесі. Бұл сөзге үйреніп кеткеніміз соншама мән беруді де қойдық. Орыс тілінің  «Я думаю» -ын тікелей аудара салған күйі қолданысымызға еніп кеткен бұл сөз тіркесінің дұрысы «Менің ойымша» болуы керек.

Күнделікті қолданысқа ғана емес, құжатымызға да еніп кеткен сөз «АСПАЗШЫ». Бұл сөзді тілшілер де жай халық та қолданады. Тіпті газетке келген жарнамаларда да «осындай бір мекемеге «АСПАЗШЫ» қажет» деп жазып жіберіп жатады. Көргенімізді түзейміз. Түзелмей жатқаны әлі көп. Мәселен, аудан орталығына кіре берістегі жарнамаға да осы бір қате сөзді бадырайтып жазып қойдық. Ол қашан түзеледі?  Бұл сұрақпен сол қате жазуға жауапты Переметныйдағы колледжге хабарласқанымызда олар мемлекеттік стандарт бойынша «АспазШЫ» сөзі дұрыс екендігін айтты. Колледж директоры орынбасарының айтуынша «АспазШЫ» тамақ пісіретін адам да, ал «аспаз» мүлдем басқа мамандық екен. Түк түсіне алмадық.

Шынын айту керек аспаз сөзіне - шы жұрнағын несіне жалғанғанын ешкім түсінбейтін секілді. Талдау жасап қарасақ, сөздің түбірі АС оған - ПАЗ жұрнағын жалғап, ас пісіруші дегенді  тудырамыз. Онсыз да мағына беріп тұрған сөзге есім тудырушы –шы жұрнағын жалғау кімге керек? Сонда АСПАЗ сөзі ас пісіретін адамды білдірсе, аспазШЫ сол аспазды пісіретін адам ба? Әлде қойШЫ дегендегідей аспаздарды бағатын адам ба? Ең сорақысы бұл сөз бастауыш сынып кітаптарына да еніп кетті. Құтыла аламыз ба? Әлде осы күйі қала ма? Сөзден жаңылғанды ар көретін қазақ өзін өзі жаңылдырып жүруіне жол болсын. Қалай десек те тілімізге еніп кетті. Енді құтылуымыз керек.

Татар елінің ғалымы А. Саади «Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек» деген екен. Ендеше өз тілімізді өзіміз несіне бұзып жатырмыз? Қай кезде де өзінің тазалығы мен басқа сөзбен былғанбайтын саф алтындай тіліміздің ертеңгі ұрпақ осылай шұбарланған күй қолданып кетуіне жол бермейік.

Түгелбай Бисен

Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір