• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 22:35:07
Алматы
+35°

14 Қазан, 2016 Сұхбат

Айгүл Орынбек: Мен билікке шықсам, тордағы тотықұстай тұншығып өлер ем

Айгүл Орынбек, Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер және заңгер. 

Айгүл Орынбек, Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер және заңгер. Facebook әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы. Жақында Айгүл Qamshy.kz порталына сұхбат берген болатын.

—  Айгүл ханым, сізді қазір көпшілік блогер ретінде таниды. Қазақ ұлтына қатысты кез-келген мәселеге  бей-жай қарамай, өткір ой айтып, ашық  пікір білдіріп жатасыз.  Бүгінде олай ашық сын айтып, тайсалмай талап ететін бөріктілеріміздің өзі аз.  Қоғамда қазіргідей белсенді болуыңызға не себеп болды?

—  Өмірдің өзі жақсы мен жаманнан, ақ пен қарадан тұрады емес пе?! Сынды айтамын деп айтпайды екенсің, соны айтуға мәжбүрлейді. Шындық жоғалған жерде сын мен халықтың мәселесін айқалап жеткізуге тура келеді. Өйткені бізде заңды белшесінен басып, заңды өздеріне тиімді жағынан пайдаланатын жандар көбейген. Қолында билігі болса да, халыққа пайдасынан гөрі зияны тиіп жатқан азаматтар көп. Олар былғары креслода отырғандарына көке-жәке болғанына мәз. Өз тілін білмей, халықтың мұңын түсінбей алдына келген адамды өтірік күліп шығарып салатын шенеуніктерді көргенде қоғамда белсенді болуға тура келеді екен.

   — Жоғарыда атап өткендей, біздің ерлер қауымына деген қыздардың көңілі толмаушылығын жиі еститін болып кеттік. Мүмкін Айгүл Орынбектің «шалбардағы Шаханов» болып жүруіне қазақ жігіттерінің осалдығы әсер еткен болар...?

— Қазақ жігіттері осал деп айтпас едім. Қазақтың мықты жігіттері түрмеде, билік үшін  сайрап жүргендері мінбеде отыр деп айтсам қателеспеймін. Билікте де жақсы азаматтарымыз отыр, бірақ олар көлеңкеде қалып қойып жүр. Көке-жәкесінің жоқтығынан өсе алмай, халыққа аз да болса пайдам тисін деп жүргендер аз емес. Ер азаматтарды сыйлап өскен қызбын ғой. Билікке шығар ер азаматтардың алдын орап өтемін деп айта алмаймын. Қарапайым халықтың ішінде жүріп, пайдам тиіп жатса мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ!

 — Айгүл ханым, сіз қолында билігі бар шенеунік болсаңыз, қазақ үшін  ең алдымен не істер едіңіз?

Қолымда билік дейсіз бе?! Мен билікке шықсам тордағы тотықұсқа айналып, ештеңе айта алмай тұншығып, өліп кетер едім. Өйткені дәл қазіргі таңдағы мемлекеттегі механизіммен менің билікте отыруым мүмкін емес.....

Және жоғарыда айтып өткендей ер азаматтарымыз тұрғанда билікке ұмытылмаймын. Бізде білікті, білімді ер азаматтар жетеді, соларға бердім жолымды! Жақсылық жасаймын деген адамға биліктің керегі жоқ.

Қолымда билік болмаса да қазақ үшін жасап жүрген еңбектерім көп. Бірақ оның  бәрін жарияға жар салып, мен қазақ үшін көп дүние жасап жүрмін деп айтудан аулақпын. Жасаған жақсы істердің бағасын халық береді ғой.  Жүректе мейірімділік, адамгершілік болса болғаны. Қазіргі ең басты мақсатым халықты саяси сауаттылығын аша отырып, өз құқығын талап етуді үйрету.

—  Қазіргі қазақтың қай харекеті қатты күйіндіреді?

Жақында бір ауылға барған ем, жиналыстың үстінен түстім. Бір бірінің үстінен арыз жазып, ру руға бөлініп, бір-бірін жамандап дауласып жатыр. Бір қызығы өзге ұлт өкілі жоқ. Бәрі қазақ. Жастарға үлгі болар қариялар өсек аяңнан қолдары тимейді. «Мешітке кім барып, намаз оқиды?» деп сұрақ қойғанымызда қол көтерген бір қария көрмедім. Ауылдағы ақсақалдарымыз осындай болса, жастардан не үміт күтеміз? Ақыл айтып, жөн сілтейтін қариялар сөз қуып, елдің ішінде бүлік шығарудан ары аспай жүр. Қазақтың осындай харакеті мені қатты күйіндіреді.

Алысқа бармай-ақ, осы әлеуметтік желідегі ұлтқа жан ашыр деп жүрген ағаларымыз Мұхтар Тайжан мен Геройхан Қыстаубаевты мысалыға алсақ та болады. Геройхан ағамның қазаққа шын жаны ашыса үш адамның жеке басының мәселесін емес, бүкіл бір ұлтқа қауіпті болып отырған жер мәселесін көтерер еді. Одан бөлек шын қазаққа жаны ашыр азамат болса ұлт үшін жүрген азаматты аяғынан шалмай, миллардтап жеп қашып жүрген шенеуніктерді неге дәл осылай артына түсіп қудаламады екен?! Сол баяғы көре алмаушылық аяқтан шалу ел қамы деп жүрген адамдарды. Мұхтар Тайжан ағамды да көп жерде қолдай бермеймін, дұрыс емес жерін өзіне айтқам. Елде бүлік шығару арқылы, мемлекетті түзей алмайсыз, қайта халықтың сауатын ашуымыз керек деп. Содан бері де Мұхтар ағаның ел үшін жасап жүрген істері заң аясында дұрыс деп ойлаймын.

— Бүгінгі арттан ерген қаракөз сіңлілеріңіз сән қуып, әнші мен актрисаларға еліктеп кеткен сияқты. Бір ғана Баян ханымның оқиғасы біраз қыз-келіншекке дүмпу болып жатыр. Шет елге тиіп жатқан қыздардың әңгімесі өз алдына бір бөлек.  Қазақ қыздары адасып кеткен жоқ па? Олардың кімді кумир санап, кімнен үлгі алғаны дұрыс?

Әкем Ауған соғысының ардагері болған соң үйде әскери киноларды көп көретінбіз. Ұлтымды тілімді сүю осы кинолардың арқасы деп ойлаймын. Көк жәшік бәрібір баланың санасына әсер етпей қоймайды екен. Әлия мен Мәншүкке ұқсап батыр қыз болу менің арманым болды. Бейбітшілік заманда өмірге келгеніме шүкіршілік айтамын. Соғысты көрген әкем біздің азаттықтың қадірін білмейтінімізді үнемі айтып отырады. Телеарналардың жас қыздарға өте қатты әсер ететіні өтірік емес. Арзан шоу, жасанды қуыршақ әншілер телеэкран бетінен түспегеннен кейін жастарға өкпелеудің қажеті жоқ. Жастар не көрсе, соған еліктеп өседі. «Не ексең соны орасың» дегендей, не көрсетсең соның нәтижесін көресің. Бұл нәрсе қазақ ұлтының трагедиясы. Телеарналар түрік, кәріс пен үнді сериалдары арқылы сол елдің мәдениетін, ер азаматтарын жақсы жағынан насихаттап, қазақ қыздарының басқа ұлт жігіттеріне тұрмысқа шығуына әкеп тірейді. Қыздар қауымы құлақпен сүйеді деген рас қой. Ал қазақ жігіттері күйем, сүйем деп айта бермейді. Біздің ата бабаларымыздың тәрбиесі басқа болған. Сүйемін ойбай, көпірден құлап өлем деп жылап тұрған  ер азаматтар маған ұнамайды. Жылаңқы еркек ертең қыздың ары түгілі отанды да сақтап қала алмайды. Ал біздің экрандар қазір сол қатынның етегінен аса алмай,  жылап отыратын еркетерді телесериалдар арқылы тәрбиелеп,  қазақ жігіттерін майдалап құртпақшы. Негізі айтатын дүние өте көп, бұл әңгіменің шегі жоқ...

— Қазақтың  басты трагедиясы не деп ойлайсыз?

Өз ана тілінде сөйлемеу мен ойламау, ұлтымның тілінің қор болуы мен үшін үлкен трагедия.  Елімнің жері мен ұрпағының өзге елге сатылғаны өз елімде қандастарымның шетел компаниясында істеп, мардымсыз айлыққа қолжаулық болғаны, 51 қытай компаниясының елге кіргелі отырған, менің елімде талтаңдап жүруі мен үшін үлкен трагедия.  Дәретханаға тасталынып жатқан сәбилер , ақша үшін өз тәнін сатып жүрген қазақ қыздары ұлт үшін үлкен трагедия. Шаштарын бояп, құлақтарына сырға тағып, жел тұрса желмен бірге ұшып кететін ши бұтты, қызға ұқсаған ер азаматтарымыз ұлт трагедиясы. Өзге ұлттарға ашық есік,   өз қандастарыма ашылмай  отырғаны, оралып келгендері азаматтық ала алмай тентіреп жүргені жаныма қатты батады.  

 —  Қазір қазақ жігіттері мал үшін арыстай азаматтарды өлтіріп, алты жасар қыздарын зорлап, әйелдерін пышақтаудан аспай жатыр. Олардың осылай жүруінде бүгінгі азаматтардың кінәсі бар деп ойлайсыз ба? Бәлкім, кешегі "Рыжий Алмаздай" бір қазақтың жігіті болса, біздің жігіттер бұлай жүрмес пе еді, қалай ойлайсыз?

— Бұл жерде заңның әлсіздігі дер едім,тәуелсіздік алғанымызға баққандай жиырма бес жыл болды конституциямыз әр шенеуніктің істеген қылмысына қарай өзгеріп отырады. Бізде ғана бар шығар ішіп алып көлік жүргізген министр, жемқорлықпен бес жыл сотталып басшы болу. Халықтың миллиардтаған ақшасын жеп шет елде талдаңдап жүрген шенеуніктер. Осыдан кейін қарапайым халыққа не үшін өкпелейміз? Ел басқарып отырған шенеуніктер  заңды белшесінен басып отырған соң  жәй халыққа өкпелеудің қажеті жоқ. Билігі қандай болса,халқы сондай елміз ғой!

"Рыжий Алмаз" жайлы әңгімелер өте көп, бірақ мен өз өңірімнің батырын халық жанашырын айтып кетсем. Өйткені біз сол кісінің халыққа жасаған жақсылығын естіп өстік.

Мейіржан ағаның (Космо) халыққа істеген жақсылығын көбі біле бермейді. Біраз жастарды спортқа шақырып соған жағдай жасап, үлкен дау дамайларды атыс шабыспен емес білекпен немесе сөзбен шешіп отырған. Тоқсаныншы жылдары қаншама қазақ саудагерлері Қытай, Қырғызстан асып тауарларынан айрылып жүргенде осы кісінің көп көмегі тиген. Сол жылдары қаншама қазақ әйелдері ала дорба арқалап кеткен еді ғой, сол кісілердің ар намысын қорғап тауарларын шекарадан ешкімге ұрлатпай алып шығуға жол ашып беріп отырған. Бұл кісі қазақ қыздарының намысын қатты қорғап жүретін еді, даяшы болып жұмыс істейтін қазақтың қызын көрсе, қазақтың қыздары бұлай кафе аралап даяшы болып келген кеткен адамдарға қызмет етпеу керек. Біз тұрғанда қазақ қыздары жуынды тасып жүрмейді деп айтқан сөздері жүрегімнің бір түбінде қалып қойыпты.

Қазақ қыздарын ешкімге қолжаулық қылғысы келмеген қазақ азаматтары қазір аз. Қайтсем бір қызығын көріп қалайық деп жүргендер де бар. Қарынның тоқтығы иманның жоқтығы қазіргі таңдағы жігіттерді босбелбеу қылып жіберген.Әйтпесе 90 жылдары жағдаймыз бұдан жаман еді ғой, сол қиыншылықтардан да қазақ қыздарының намысы тапталмай өтті ғой. Ал дәл қазіргі таңда қазақ қызының ары қызыл кітапқа еніп кеткелі отыр.

Қазіргі кейбір жігіттер қазақтың қызының арын қорғамақ түгілі май басқан қарнын көтере алмайды, керек десеңіздер өздерін қорғай алмайды. Спортпен шұғылдану түгілі диваннан жамбастарын көтермейді. Жатып алып жылап, өмірге қапалы. Басқалар үшін күресудің қажеті жоқ ең болмаса өздері үшін күрессе осал ер азаматтарымыз азаяр еді.

— Бұрын "зікіршілер" қауіпті дейтін еді, қазір "шүкіршілер" қоғамды шаршатып жүрген сияқты.  Сіздіңше,  қазаққа қайсысынан қауіп күшті? 

Бұл мен үшін ауыр тақырып десем де болады. "Зікіршілерден" гөрі "шүкіршілеріміз" қазаққа біраз қиянат жасап қойды ғой. Сирияға кеткен қазақтардан бөлек, елімізде жүрген миы уланған жастарымыз елге қатты қауіптірек. Білім алудың орнына жатып алып араб боламыз деп арабтың байлығын аңсап жатқан жатып ішерлер елдің болашағына үлкен қауіп алып келеді. Бұл жерде де заңға келіп тіреледі емес пе?! Егер құқық қорғау ұйымының қызметкерлеріне билік тапсырма берсе, түп тамырымен жойып жіберуге болады. Бірақ  сол заңның әлі бекітілмей созылып келе жатқаны өкінішті. Қаншама жазықсыз полиция қызметкерлері қаза болды, енді қаншамасы қаза болу керек?! Надан қоғамды басқару оңай, мүмкін билікке халықтың білімсіз надан болғаны тиімдірек шығар заң шығармай отырғандарына қарағанда. Әйтпесе қаншама рет болған терактіден кейін қатаң заң шығарар еді. Зікіршілер адам өлтіріпті, теракт жасапты дегенді естігендеріңіз бар ма? Бірақ оларды аяусыз қудалады, зікіршілерді де қолдамаймын ал дәл қазіргі таңда зікіршілер осы шүкіршілермен күресіп елге пайдасы тиер еді.

 — Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан: Айжан Қалиева 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір