• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 15:48:02
Алматы
+35°

18 Қазан, 2016 Әдебиет

Сөз туралы сөз

Атақты Бұқар жыраудың «Қол бастау қиын емес, сөз бастау қиын» деген ұлағатты сөзі бар. Бұл – көптің алдында сөз сөйлеуге, ойын ортаға салуға...

Атақты Бұқар жыраудың «Қол бастау қиын емес, сөз бастау қиын» деген ұлағатты сөзі бар. Бұл – көптің алдында сөз сөйлеуге, ойын ортаға салуға бекінген адамға зор жауапкершілік жүктелетінін білдірсе керек. Себебі, шындап келгенде, сөз – қару. Ол біріктіретін берекеге де, әзәзілдей ірітетін әрекетке де жол ашады. Тек қаруды қалай жұмсайсың, соған байланысты. Яғни, адамды бұзатын да, түзейтін де сөз.

Сөз туралы сөз болғанда ойға, бірінші кезекте, қоғамда маңызды орынға ие ақпарат құралдары келері анық. Өткен ғасырдың басында Алаштың аяулы азаматы Міржақып Дулатұлы: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деп ескертуі кездейсоқ емес. Ал, ақпараттық кеңістікті бір сәтке болса да бос қалдыру келеңсіз жағдайларға ұрындыратындығы тарихтан белгілі. Сондықтан, ақпарат кеңістігін еркін меңгеріп, өркениетті қоғамға сай ақпараттармен қамтамасыз ету, ел мүддесіне дөп келетін бағыт-бағдарымызды шеберлікпен жеткізе білуіміз керек.

Бұл тұрғыда біздің тәуелсіз мемлекетіміз өзінің негізгі Ата заңының 20 - бабында «Сөз және шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тиым салынады» деп жазды. «Баспасөз және басқа ақпарат құралдары туралы» заң Егемен еліміздің ең алғашқы заңдарының бірі болды және оған 1999, 2001, 2007 және 2009 жылдары толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, ақпараттық кеңістіктің құрылымы түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Егер тәуелсіздіктің алғашқы жылдары республикалық 10 мемлекеттік және 21 мемлекеттік емес басылымдар болса, 2016 жылдың 1-ші наурызындағы мәліметтерге сәйкес еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының жалпы саны 2797-ге жетіп, оның 2485-і баспасөз басылымдары, 266-ы электронды ақпарат құралдары, 46-ы ақпарат агенттіктері болып отыр. Олардың 73 пайызы мемлекеттік емес болып табылады. Интернетті қолдану деңгейі 35 пайызға жетсе, әлеуметтік желінің пайдаланылу үлесі 26 пайызды құрайды.

Нәтижесінде, бейнелеп айтсақ, қазір біздің адамдар ақпарат айдынының жағасында қолдарындағы қармақтарымен өздеріне қажетті деген кез келген ақпаратты іліп алу мүмкіндігіне ие. Бұл, еліміздің әр азаматы өзінің «ақпарат алу және ақпарат тарату» конституциялық құқын толық пайдалануда деген сөз. Осылайша, тәуелсіз ой айтуға, жағынбай, тура да тік пікірлерді білдіруге жол ашылып отыр. Осы ретте, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, атақты Сүйінбайдың сонау алты атасынан бері хандық үзілмеген, азуын айға білеген Тезек төрені ықтыруы асыл сөзінде, ақындық киесінде жатқанын, сондықтан елімізде зайырлы, құқықтық және әлеуметтік қоғам құру жолында салиқалы да саналы, сыни да сындарлы пікірлердің үстем болуы керектігі құпия емес. Мұндай үрдіс те баршылық. Бір ғана мысал. Кезінде Шерағаң мен Камал Смайыловтың «Егемен Қазақстан» газеті арқылы бір-біріне жазысқан хаттары халық арасында көп ой туғызды. Онда көтерілген мәселелер бүгінгі күннің қажетіне жарап қана қоймай, одан да асып, тарихи дүниеге айналды. Қазір де ауыз толтырып айтарлық өнегелі істеріміз баршылық.

Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарынан ел өмірінің оң өзгерістерін тұрақты оқып, көріп отырғандықтан, менің ертеңгі күнге деген сенімім берік. Тек қана бір нәрсеге көңілдің алаңдайтынын айтқым келеді. Өкініштісі сол, демократия берілді екен деп артық сөйлеп, ауыс-түйіс қадам жасап жатқан жағдайлар баршылық. Бұл кемшіліктерді көрме, ешкімді сынама деген сөз емес. Баяғыда біреу: «Отырсам опақ, тұрсам сопақ дейді; қатты жүрсем қу аяқ дейді, ақырын жүрсем шу аяқ дейді; сөйлесем, тақ-тақ дейді, сөйлемесем, ақымақ дейді; жоғары қарасам, шапыраш дейді, төмен қарасам, сүзбе көз дейді», деген екен. Сол айтқандай, еліміздегі қазіргі өзгерістерге тек жала жабушылар, болмашыға мін тағып, түймедей нәрсені түйедей етіп тырысуға, тәуелсіздікті тәлкек, елдікті келеке етуге құмарлығы үстем адамдар кездесіп қалуда. Қазақ халқының белі көтере алмайтын талаптарға үндейтіндер де бар. Әсіресе, әлеуметтік желілерде мемлекеттік тұтастық пен мемлекеттік тілге қатысты ұшқары ойлар жазатын, Қазақстанның солтүстік облыстары туралы күмәнді пікірлер айтатындар да жоқ емес. Жалпы, интернет жүйесінің өскелең ұрпақты теріс жаққа тәрбиелеу фактілері де жетіп артылады.

Ондайлардың: «Кісі айыбын айтпақтан оңай жоқ, өз айыбыңды өзің айтқаннан ауыр жоқ», - деген ақиқат сөзді қаперлеріне ілуге асықпайтындары да белгілі. Керісінше, олар өздеріне қарсы уәж айтыла қалса: «Менің құқығым тапталуда. Қазақстанда демократияға қастандық жасалынуда», - деп байбалам салуға дайын. Жалпы алғанда, демократияландыру тақырыбы біздің қоғамға ғана тән тақырып емес екендігін айтқан жөн. Үшінші мыңжылдықтың басында Біріккен Ұлттар Ұйымы арнайы қабылдаған Декларациясында «демократияны көтермелеу мен құқық тәртібін нығайту үшін» күш-жігер жұмсау қажеттігі ерекше атап көрсетілген. Яғни, БҰҰ тәрізді мәртебелі әлемдік қауымдастық тәртіп жоқ жерде шынайы демократия болмайтынын толық мойындап отыр деген сөз.

Сондықтан, демократияны дамыту заңдылықты және тәртіпті нығайтуға тікелей байланысты. Сондай-ақ, БАҚ-тың өзін-өзі реттеу тетігін қалыптастыру да аса маңызды. Осы ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылы 10-шы шілдедегі «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға бірдей еңбек қоғамына жиырма қадам» атты үлкен бағдарламалық мақаласы ойға оралады. Мақалада Президент билік өкілдеріне қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып журналистік этика кодексінің жобасын құрастыруға нұсқау берген болатын. Құжаттың басты мақсаты журналистердің өзінің кәсіби мамандығына аса бір жауапкершілікпен қарап, қоғамдағы келеңсіздіктердің алдын алу еді. Сөйтіп, көп ұзамай сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың шебер ұйымдастырушылығының нәтижесінде, Бас редакторлар клубы және Қазақстан Журналистер одағы халықаралық тәжірибе, ЕҚЫҰ сияқты және басқа да ұйымдардың материалдарын мұқият зерделей отырып әрі еліміздің журналистерімен кеңінен талқылай келе тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында тұңғыш рет "Журналистің этикалық кодексін" қабылдаған болатын. Сол тұста моральдық - этикалық бағыт ұстанған Кодекс отандық журналистикада жақсы және маңызды дәстүрлерді қалыптастыруға ықпал етеді, журналистердің кәсіби парызын, әлеуметтік-қоғамдық жауапкершілігін арттырады деген сенім білдірілгенді. Өкінішке орай, Кодексті іске қосудың тетіктері қарастырылмай, нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі болмай қалды. Сондықтан, Қазақстан Журналистер одағы жанынан Кодексті басшылыққа алып жұмыс істейтін "Этика жөніндегі комиссия" тез арада құрылғаны жөн деп санаймын. Сонда  біз Кодекс арқылы сөздің асыл екендігін, сөздің қару екендігін, сөзді мұқият пайдалану керектігін өзімізге басты меже, құндылық ретінде белгілей аламыз.

Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір