• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

10 Қазан, 21:25:48
Алматы
+8°

 

Жігіттер қазіргі таңда талғаммен киім киеді, жиі киім ауыстырады, таза жүреді, үстерінен әдемі иіс шығады. Мұның бәрі құптарлық. Жақында тойға бардым. Дастархан басында менімен отырған үш жігіт қолдарына ұялы телефондарын алып жеке-жеке, сосын бірлесіп, қайта-қайта фотоға түсті. Оларға қарап мен ыңғайсызданып кеттім. Естелікке топ болып бір рет камераға түссе де жеткілікті ғой деп ойладым. Күліп, майысып, инстаграмға жарысып сурет салып жатқандарына жыным келді. «Біздің ер адамдарға не болған?» деген сұрақ онсыз да мазалаушы еді. Соңғы жайт отқа май құйғандай болды. Сұлулық сөзі негізі әйел адамға қатысты. Ер азаматқа қатысты сымбатты деген анықтаманы қолданамыз. Сұлулық пен сымбаттылықтың ара-жігі осындай болатын. Күні бүгінге шейін. Бүгін ер адам «сұлу» болғысы келеді. Сұраныс жоғары болғандықтан Алматыда «сұлулық қызметтерін» ұсынушылар көбеюде. «Ерлер ажарлық салоны» деген жазуы бар ғимаратты көргенде аузым ашылып қалды.

«Восточный экспресс» деп аталатын салон Алматыда 11 жыл бұрын ашылыпты (Мен болсам оны енді байқадым). Директоры Ләззат Ашакова. Phd ғылыми атағы, 20 жылдық тәжірибесі бар медицина саласының бұрынғы қызметкері Ләззат Мұңсызбайқызы менің таңданысыма түсіністікпен қарады. Мұндай реакцияға үйреніп қалғанын жеткізді.

Ләззат ханымның айтуы бойынша, бір Алматының өзінде 4000-ға жуық әйелдерге арналған сұлулық салондары бар. Бұл – әйел қызметкерлерден басқа ешқандай нәзік жанды бас сұға алмайтын, ерлер қысылмай, ұялмай өз-өзіне күтім жасатқызатын Қазақстандағы №1 салон.

Қызмет түрлері мынандай:

Ер адам үнемі сыртта жүреді. Өзінің эмоциясын сыртқа шығара алмайды. Сол себепті де стресске жиі ұшырайды. Ер адамдар бізге сұлу болу үшін келмейді. Қате қабылдамаңыздар. Ер азаматқа да күтім керектігін жоғарыда айттық. Біз сол күтім бойынша қызмет көрсететін жерміз. Бар болғаны сол ғана. Еркектің мінезіне, табиғатына сай бәрі қарапайым. Қара-қызыл түсті. Тырнақ боямаймыз, шашқа гель жақпаймыз, лак сеппейміз. Бір клиентпен бір қызметкер жұмыс жасайды. Кәдімгі салондардағыдай бірнеше клиент бір жерде отырып, бір-біріне кедергі жасап, әңгіме-дүкен құрмайды. Қайталап айтайын, ер адам артық әңгіме, у-шу, өсек-аяң ұнатпайтындықтан әр клиентке жеке бөлме ұсынылады. Кірмес бұрын киіміңізді шешіп, үй тәпішкесі мен халатын киесіз. Мұның барлығы адам өзін еркін, жайлы сезінуі үшін қажет.  Бағаларымыз да қолжетімді. Сапалық, тазалық, жайлылық, уақытылық – біздің басты ережеміз. Ал, ұранымыз мақсатымызға сай «табысты еркек – өз-өзіне күтім жамсайтын еркек».

««11 жылда «еркекке сұлулық қажет емес», «еркекке күтім жасайтын салон қажет емес» деген сынды естідім, қатты сынға ұшырадым. Мен орысша сөйлегенмен қазақтың жайын ойлайтын адаммын. Қазақтың азаматы өзін жай ғана күтсе одан кім зиян шегеді?! Біздің салонға келетіндер «көгілдірлер» емес, бизнесмендер, банкирлер, депуттаттар. Олардың аты-жөндері құпия мәлімет болғандықтан ашып айта алмаймын. Алайда салонға баратын еркектен шошудың қажеті жоқ. Монша, сауна одан әлдеқайда шошынарлық. Саунаға түсу дегеніміз сыра ішу, әңгіме айту, оның арты неге ұласатынын ішіңіз сезген болар... «Восточный экспрессте» ондай жоқ. 8 қызметкеріміз сізді жылы жүзбен қарсы алады, өз қызметін сапалы, уақытылы жасайды. Болды!» дейді Ләззат ханым.

«Ерлер ажарлық салонының» мән-жайы маған түсінікті болды. Шын айтайын, өз көзіммен көріп «біртүрлі» ештеңе таппағандықтан жеңілдеп қалдым. Ендігі әңгіме Алматыда  ер адамдардың ғана шашын алатын барбершоптар жайында. «Барбершоп» дегеніміз сақал алатын шаштараз деген мағына береді. 1960  жылы Лос-Анджелесте Baxter Finley деген ерлер шаштаразы ашылған болатын. Негізі барбершоптың тарихы одан бұрын басталады. Нақты қашан, нақты қай жерде пайда болғанын дөп басу айту қазір мүмкін емес. «Брадобрей», «Barbershop», «Mr.Barber Barbershop», «Chop-chop» деген шаштараздар соның ізін жалғаушылар. Ер адамның шашын ер адам ғана алатын бұл «Барбершоп» шаштараздардың саны күн санап өсуде.

Олардың ең басты ерекшелігі – аура, орта. Шашыңызды алып жатқанда футбол көресіз, виски не сыра ішесіз (ішімдік сатылмайды, тек ақысыз негізде құйылып беріледі), қасыңыздағылармен әңгімелесесіз. «Mr.Barber» барбершопының негізін қалаушы Георгий Цулукадзе болашақта Алматы қаласынан бөлек республиканың басқа өңірлерінде де барбершоп ашу ойда бар екенін жасырмады. «Chop-chop» барбершопының директоры Андрей Пластун өздерінің салауатты өмір салтын насихаттайтындықтарын айтты. 1 рет кермеге тартылған еркекке 1% жеңілдік. Алайда оларда да «welcome drink». Сырасыз, вискисіз барбершоп «барбершоп» бола алмайды екен.

«Ерлер ажарлық салоны» да, «Барбершоптар» да ер адамдарды «сұлу» етуді мақсат тұтпайды екен. Ендеше инстаграмға майысып тұрған фотосын салатын, сауда-саттық орталықтарында қыдырып жүруден шаршамайтын ерлер қайдан шығуда? Әлеуметтік сауалнама жүргізу барысында қыздардың ер азаматтың сымбатына мән беретінін білдік. Олар үшін еркектің таза жүруі, әдемі, жарасымды киім киюі маңызды. «Сымбатты еркектің ойлағаны шүберек, қыдырыс, қысқасы шошаңдаған еркек болып шықпаса болды» дейді қыздар. Ал, шошаңдау мәселесі тәлім-тәрбиеге келіп тірелетіні түсінікті. Әкесіз өскен бала шошақай, майысқақ, «сұлулыққа құмар» жігіт болып өсуі әбден мүмкін.

Жазира Байдалы

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір