• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Сәуір, 03:14:51
Алматы
+35°

Qamshy.kz порталына сұхбат берген Анжелика Ким есімді бойжеткен шет елде тұрмыс жақсы болса да Қазақстанды ешбір елге айырбастамайтынын жеткізді.

Кимпабты Алматының картоп бәлішіне айырбастамаймын

Алматыда туып-өскен ол он жеті жасында Сеулге оқуға аттанған. «Сеул бір көргеннен жүрегімді жаулап алды. Мінсіз таза көшелер, минут-минутымен уақытында жүретін қоғамдық көліктер, кішіпейіл әрі ұстамды адамдар, қызмет көрсетудің жоғары деңгейі — бұның барлығы қалай ұнамасын?

Бірақ мен Сеулге барған алғашқы күннен бастап Қазақстанды сағындым.  Кимпаб сияқты кәрістік тағам түрлерін мен Алматының картоп бәлішіне айырбастамас едім. Иә, мен ащы тағамдарды жақсы көремін. Кимчиді күнде жеуге дайынмын. Бірақ палау, манты және қазы-қартаның орны мен үшін бөлек. Тегім кәріс болса да қазақ халқының ұлттық тағамдары менің жаныма жақын.     

Мантының қамырын бөтелкемен жайдым

Қазақстанды сағынғаным сонша, ортақ тілде сөйлесетін адам іздедім. Кореяда барлығы кәріс тілінде сөйлейді. Мен де бұл тілді жетік меңгергенмін. Бірақ қазақ және орыс тілдерінде араласатын құрбы-құрдастарымды іштей іздей бастадым. Сөйтіп, Орта Азиядан шыққан, Кореяда тұратын орыс тілді  жастармен танысып, мерекелер ұйымдастырып, жиі-жиі басын қосып тұрдық.

Әлі есімде, екінші курста оқып жүргенде бәріміз бірігіп манты жасамақ болдық. Жусай салынып, күріш кеспе қосылған кәріс мантысы емес, өзіміздің қазақстандық, майлы ет, пияз, картоп, асқабақ қосылған манты. Кореяда оқтау қайдан болсын? Дүкендерден іздесек те таппадық. Содан маған идея келді. Қамырды илеген соң сусыннан босаған бөтелкені оқтау қылып, нанын жайдым. Манты піскенде бәріміз жабылып, қас-қағым сәтте жеп алдық.     

Кәріс достарымыз қазақ тағамдарына тамсанумен болды

Алматыдағы әке-шешем маған қазақстандық тағамдарды жіберіп тұрды. Елден сәлемдеме келгенде он-он бес досымды шақырып, бірге жейтінбіз. Жергілікті кәріс достарымызбен де бөлістік. Кәріс жастарына қазақстандық өнімдер қатты ұнады. Әсіресе, бал, шоколад, сыр, шұжық, нан мен жеміс-жидектерге дейін дәмді екендігін айтып мақтап жатты. Ол жақта бұндай табиғи тағамдар кездеспейді. Бәрінің дәмі біртүрлі жасанды сияқты.

Сондықтан дәмі тіл үйірер қазақ тағамдарына кәріс достарымыз тамсанды-ақ.

Оларға елден келген құрт-ірімшікке дейін үлестірдік. Кәріс достарымыз бәрінен де қазақтың құртына таң қалды. Олар үшін таңсық тағам ғой.  

Кәрістердің жан-дүниесі мен үшін жұмбақ күйінде қалды

«Кореяда сізді таң қалдырған не нәрсе?» деген сұрағымызға Анжелика былай деп жауап берді:  

Кәрістердің жан-дүниесі мен үшін жұмбақ күйінде қалды. Мен көпшіл болғандықтан достарым да көп. Сеулге алғаш барғанда  жаным құлазып, өзімді қоярға жер таппадым. Кәрістердің бір ерекшелігі кездескен адамнан бірден жасын сұрайды. Ал біздің тәрбиеміз басқаша ғой, қыздың жасын сұрамайды. Менен жасымды сұрағанда қысылып, іштей ренжіп қалдым. Кәрістердің адамның жасын нелдіктен сұрайтынын кейін білдім. Олар қалай сөйлесу керектігін анықтау үшін сұрайды екен адамның жасын.

Кореядағы кәрістердің менталитеті туралы айтсам, олар кәріс тілін меңгерген адамды бағалайды. Егер сіз «сәлеметсіз бе» және «рахмет» деген екі сөзді ғана білсеңіз, соған қуанады.   

Оңтүстік Корея тұрғындары үйіне қонақ шақырмайды

Кәрістер қонақжай халық. Кез-келген мейрамханада сіздің шет елдік екеніңізді білген иесі сізге салат пен кофені ұсынады. Сату үшін емес, жай  қонақжайлық белгісі ретінде. Кәріс жастары қонаққа келген шет ел азаматтарына көрікті жерлерді көрсетуге асығады. Бұл да өздерін танытуға ұмтылған бір ұлтжандылықтың белгісі болса керек.

Бірақ Қазақстан халқының қонақжайлығына ешбір ел тең келмейді, әрине. Тек қазақстандықтар ғана кең дастарханын жайып, үйіне қонақ шақыратын сияқты. Өйткені, мен білім алған Оңтүстік Корея тұрғындары үйіне қонақ шақырмайды. Үйлеріне кісі баруы сирек.

Қазақстан халқының тағы бір артықшылығы қонағына бар дәмдісін ұсынуы. Ыстық тағам, салаттың небір түрі, тәтті-дәмділермен дастарханды толтырады. Дастархан басында бір-біріне жақсы тілектер айтады. Ал кәрістерде олай емес. Мен бірде кәріс достарымды қазақтың үйлену тойына шақырған едім. Сол тойдан алған әсерлерін кәрістер көпке дейін ұмыта алмай жүрді. «Қазақтың тойына ешбір елдің мейрам-мерекесі жетпейді екен» деп таң қалған.

Сеулде өткен сегіз жыл жарқын сәттерге тола  болса да, мен Қазақстанда тұруға бел будым. Жолдасым кәріс азаматы, бір ұлымыз бар. Үйде де қазақтың ас мәзірлерін дастарханнан үзбейміз. Қазақстанды ешбір елге айырбастамаймын!

Жазып алған Дана Қамшыбек

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір