• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 07:44:11
Алматы
+35°

«The Words»  сөз

Ол қаламмен дос. Өзін жазушымын деп санайды. Оның бар арманы (тіпті өмірінің мәні десек болады) – кітап шығару, кітабымен жазушы ретінде мойындалу.  Алайда авторлық туындысын баспалар қабылдамайды. Сөйтіп жүргенде ол біреудің қолжазбасын тауып алады. Оны өзінің кітабы, өзінің сөздері етіп шығарады. Таныла алмай жүрген жазушысымақ «бестселлер кітаптың авторы» атанады.

Conflict of the words – сөз дауы

Біреудің сөзін біреу ұрлады деген оқиға жастар ең көп отыратын «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жиі орын алады. Сондықтан да 300 000-дық тұрақты оқырманы бар, «ВКонтакте» желісінің ең үздік, таза қазақ тілді «Махаббат, қызық мол жылдар» тобының құрушысын істің мән-жайын түсіну үшін әңгіме тартқан едік. Ернар Алмабектің айтуы бойынша, ұрлықтың бұл түрі қазір жиі кездеседі. «Топқа оқырмандардан күніне жиырма-отыз (кейде одан да көп) өлең келеді. Шынайы авторы осы адам ба деп тексеріп отыратын уақыт та, мүмкіндік те жоқ. Біздің қағида – оқырманға сенім арту, оның ойын, сөзін халыққа танылуына сеп болу. Өкінішке орай, сол оқырман кейде сенімді ақтамайды. Алдайды. Біз (топ администраторлары) Мұқағали, Мұхтар Шаханов, Есенғали сынды ақындарды (поэзиясын) танимыз. Олардың өлеңін ұрлап біреу жаңалық жіберсе, бірден өшіреміз. Ал, енді біз білмейтін жас дарынды ақындар қаншама... Бірде ұсынылған жаңалықтардың ішінен бір өлеңге ерекше көзім түсті. Жаңа ғана бір жерден оқыған сияқтымын деген сезім пайда болды. Сөйтсем, бізге бір өлең екі адамның атынан келіпті.

Сабыржан Исмагулов: "Мұқағали ағамызға арнаған арнауды мен жазғам. Дəл туған күні жазғам жоқ. Осыдан біраз уакыт бұрын Шу қаласындағы Ілияс Бірімқұл деген əнші бауырым інім Мұқағали ағамыздың туған күніне орай қабырға газетін шығарды. Ілияс ақынға арнау жазып беруімді сұрады. Сол кезде осы өлеңді шығарған болатынмын. Менің  біреу шығарған өлеңді ұрлаған кезім жоқ. Ата-анам ондай тəрбие берген жоқ. Ілияс бауырымның өлең шығарып берші деп маған өтініш айтқан дыбыстық хабарламасы да бар.  Тіпті газетті көрсетуге бармын сенбейтіндерге. Ал Мирасқа келетін болсақ, жасы кіші ініміз екен ол қылығын қолдамаймын, бірақ соттасып та əуре болмаймын. Өзіне смс жазып едім, жауап келмеді..."

Мирас Жанайға мән-жайды анықтау үшін хабарласқан едім. ««Арнау» өлеңінің авторы ретінде өзіңізді көрсетіпсіз, шындығында сіздікі ме? Сабыржан Исмагулов деген «Махаббат, қызық мол жылдардың» оқырманы өлең менікі деп жазуда. Осыған қайтарар жауабыңыз қандай?» деген сұраққа жауап берместен өзінің қолы бос емес, театрда жүргенін, кешірек маған хат жазып, жолдайтынын айтып асығыс-үсігіс тұтқаны қоя салды. Содан бері Мирастан хабар жоқ...

Fight of the words – сөзге талас

Назерке Семей өзінің парақшасында былай депті: Құрметті топ мүшелері, оқырмандар! Есімім - Назерке. Поэзия әлеміне енді-енді қадам басып келемін. Өлеңдерімді "Махаббат, қызық мол жылдар", "Өмірлік мәні бар" сынды ауқымды парақшаларға жіберіп тұратынмын. Оқырмандарымның пайда болуы, сынның айтылуы әрі қарай дамуыма үлкен әсерін тигізді. Осындай мүмкіндік берген "Махаббат, қызық мол жылдар" тобының әкімшілігіне айтар алғысым шексіз! Дегенмен, қазақ жастары бір дертке шалынған сияқты... Ол - плагиат! Өзге жанның жүрегінің тұңғиығынан қымбат маржан болып шыққан өлең-жырды өз атынан жариялайтын жастар бар екен. Өзім мұндай сұмдыққа бармаған соң, өзгелердің де бұлай етеріне сенбеп ем... Бірақ... Бірақ... Оңай жолмен ақын болғысы келетіндер бар екен... Ұят! Қазаққа сын! Мұсылманға кінә! Кіршіксіз поэзия әлемін кірлетпейік! Адам болайық, адамдар!

Өлеңді ұрлағандардың бірі Айбек Қадірбектің ақталуы: Бipде «ВКонтакте» желісінде отырғанымда бiр тамаша өлеңді көзiм шалды. Мен оны көшiрiп алып, өз қабырғама (желідегі адамның парақшасы-редакция) қойғанмын. Қойғанымды қайтесiздер, авторын жазуды ұмытып кетiппiн. Бүгiн мiне ескерту алдым автордан. Ол – Назерке Семей!

Truth in the words – шындық сөз

Ернар Алмабек: Жақында ғана топқа Айко Амирханова деген  оқырманнан «Бір қағаз. Бір қалам. Бір өлең» атты туынды келді. Бұл өлеңді негізі мен білемін. Өзімнің әріптесім Марғұлан Ақанның өлеңі. Сол себепті оқырманға хат жаздым, бірақ ол тіл қатпады.

Марғұлан Ақан: Қазақ тумасынан ақын халық. Сол себепті әр қазақ ақын атанғысы келеді. Бірақ өлеңді сүю, оның мағынасын ұғу бір бөлек, жыр жазу, ақын болу бір бөлек дүние. Әдебиет ардың ісі екенін білесіздер. Біреудің өлеңін ұрлау – ауыр қылмыс. Өлеңмен бірге ұры ойланбастан өлеңнің ауыртпалығын, ақынның мұң-зарын, шаттық-қуанышын бірге ұрлайды. Бұл адамның жүрегін, бауырын, бүйрегін суырып алу, органын ұрлаумен тең. Бір өлең біреудің бағын ашады. Біреудің сорына айналады. Сөздің құдіреті мен энергетикасы мықты. Ұрлаған өлеңі ақынсымақтың ертең сорына айналмасына кім кепіл? Менің ұрланған өлеңім жайлы естіп, біліп отырмын. Негізі ұрылар өте көп. Бірақ мен олардың ізіне түспеймін, хат жазып, сөз таластырмаймын. Өздері білсін. Ар-ұяттары білсін деймін. «Бір қағаз. Бір қалам. Бір өлең» атты өлеңім маған ерекше ыстық еді. Айко Амирханова деген қыздың оны иемденіп, топқа салғанын Ернар маған айтып берді. Қызға бірнәрсе айтқым ақ келді (бірақ ондайда айтар сөз таба алмай қаламын), сөйтсем жасы кішкентай екен. Күліп қана қойдым.

Master of word`s – сөз шебері

Қараңғы. Тыныштық өңгерген.
Екеуміз үйіңде егеш.
Сен шықтың арғылау бөлмеден,
Бұл жолы киіммен емес…
Авторы Мұқағали емес

Марғұлан Ақан: ХХІ ғасыр жастарының кітапқа деген бейімін ақпараттық кеңістік жаулап алғалы қашан. Осы бір өлеңді іздеу үшін «Пәк қыз» деп жазып, кімдікі екенін аңғаруға «google»-ге кірсе, осындай жауап алады. Ішіне үңіліп, рас па, өтірік пе ол жағын білу маңызды емес. Тіпті, кей көзге көрініп жүрген сайттар да адасудың кебін киген. Мәселен, осы сілтеме арқылы сіз «Жарар.кз» сайтының ішіне еніп, «Қазақша өлең: Мұқағали Мақатаев (Пәк қыз)» дейтін тақырыпқа ап боласыз. Мұны көрген, көзін шел басқан жастар «Мұқағалидікі ғой, интернеттен қара, сенбесең!» — демей, не дейді. «Вконтакте» әлеуметтік желісінде осы жайында дау болған. Ол жердегі дау — Аслан Қаженов дейтін ақын жігіттің парақшасында өрбіген. Бір қарындасымыз «бұл — Мұқағалидікі» деп, ақиық ақынның аузынан естігендей қасарысып отырса, көкірегі ояу ағалары «Аслан Қаженовтікі» — деп, ақылдарын айтқан. Енді бұл өлеңнің аты қандай, авторы кім дейтін сұраққа нақты тоқталсақ. Мұқағали – пенде, періште емес. Ләззат пен құмарлықты да жазған адам. Ондай сарындағы өлеңдері жұрт аузында жүр де. Тек бұл өлең Мұқағалидың қаламынан тумаған, әрі өлеңнің аты да «Пәк қыз емес», «Алғаш барғанда». Авторы жас ақын – Аслан Қаженов.

Әлихан Жарар– zharar.kz сайтының құрушысы: Мұқағалидың бір топ өлеңдерін салған кезде «Пәк қыз» өлеңі де сайтымызға жарияланған болатын. Өлеңдердің бәрін ғаламтордан аламыз. Кейіннен оның шын авторы басқа адам екені анықталды. Біз бірден түзету енгіздік. Ондай-ондай қателер кетіп жатады. Оған енді жалпы ғаламтор қолданушылары кінәлі. Авторды көрсетпей өлең жариялаймыз. Басқа біреу шатасып, бөліскен адамдыкі ме деп ұрыны автор ретінде белгілейді. Бұл саналы түрде ұрлық болмаса да бейқамдық. Біз сайт болғанмен барлығын тексеріп отыра алмаймыз. Көбінесе авторлар өз өлеңдерін өздері жіберіп жатады. Сайтымызда «Ананың сүюі» және «Шешенің балаларын сүюі» деген екі өлең шыққан болатын. Екеуі де негізі бір өлең. Тек атауында өзгешелік бар. Мазмұны бірдей. Біреу М. Дулатовтікі десе, біреу Ы. Алтынсариндыкі деп жолдады. Енді шын мәнінде өлең кімдікі екенін біле алмай отырмыз. Ғаламторды ақтарған кезде де жауап таба алмадық. Дереккөздердің жартысында автор Мыржақып, жартысында Ыбырай деп көрсетіліп тұр.

Мақала жазу барысында Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы Дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына өлең авторын анықтау мақсатында қоңырау шалынды.  Жауабын күтеміз.

«The Words»  сөз

«Жазушының» бақыттан басы айналады. Бірақ бақыт ұзаққа созылмайды. Қолжазбаның шын авторымен саябақта бетпе-бет кездеседі. «Жазушысымақ» мойындағысы келмейді, жалтарады, ең соңында өз ұятты әрекеті үшін қысылады, қызарады, ар азабын шегеді. Өкінеді. Кешірілмес қателігін түзеткісі, ұрланған «сөзді» иесіне қайтарғысы келеді. «Сөздің» шын иесі мұндай «сыйлықты» қабылдамайды. Бар ауыртпалықты (кінә, өкініш, ар азап) көтеруге, сонымен өмір сүруге міндеттейді. Онымен өмір сүру «автор» өмірін тозаққа айналдырады.

P/S: «The Words»  – бұл «плагиат» мәселесін қозғайтын 2012 жылы Голливудта түсірілген фильм. Режиссерлері Брайан Клагман, Ли Стернтал. Фильм сценариі 11 жыл бұрын жазылған. 11 жылдан кейін Брэдли Купер режиссерлерге берген сөзінде тұрып киноға түсуге келіседі. 6 миллион жұмсалған фильм прокаттан 11 миллион жинады.

Жазира Байдалы

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір