• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
24 Қазан, 00:49:15
Назарбаев: "Нұр Отан" халықты мазалайтын мәселелерге араласпайды

19 Қазан, 2016 Әдебиет

Қылмыскер (Жапонияның Хиросима префектурасының аңызы)

Тоуджоу қаласында Чюдзаэмон деген қарақшы болыпты. Арақ iшiп, құмар ойын ойнап, ұрлық жасап, елдi тонап күнелтiптi.

Тоуджоу қаласында Чюдзаэмон деген қарақшы болыпты. Арақ iшiп, құмар ойын ойнап, ұрлық жасап, елдi тонап күнелтiптi.

Чюдзаэмонның қорлығын көрген ел оны алыстан көрсе болды, безе қашады екен. Чюдзаэмонның қарақшылығы күннен-күнге күшейiп кеткен соң жұрт қазыға шағымданыпты. Қазы көп қылмыс жасаған Чюдзаэмонды дарға асу туралы қатал үкiм шығарады. Қарақшыдан құтылатын болдық деп қуанады ел.

Жаза жүзеге асатын күнi таңер­теңнен ызғырық соғып, ауа райы да бiр ерекше оқиғаның боларынан хабар берiп тұрғандай. Чюдзаэмонды атқа отырғызып, аяқ-қолын байлап, ауыл­дың әр көшесiмен жүргiзедi. Жұрт қыл­мыскерге тас лақтырып, балағаттап жатса да Чюдзаэмон мiз бақпапты.

Бiр кезде топ iшiнен бiр кемпiр шығып: – Саған осы жаза лайық, — деп ауыр сөздердi төгiп-төгiп жiберiптi. Чюд­заэмон бұл кемпiрдiң қызын өлтiрген едi.

Ат үстiндегi аяқ-қолы байлаулы Чюдзаэмон күлiмсiреген қалпынан танбайды.

Дар ағашы Сэндагавара алаңына қойылады. Қылмыскердiң қалай өлетiнiн көру үшiн жиналған халықтың санында шек болмайды. Чюдзаэмон аттан түсiрiлiп, дар ағашына жақын әкелiнедi. Сол сәтте ол қазының алдына тiзерлеп былай дептi:

– Халайық, менiң соңғы тiлегiмдi айтуға рұқсат етiңiздер!

– Жә, немене, қашып құтылғың келе ме?

– Өкiнбестей болу үшiн соңғы рет анаммен жүздессем деймiн. Шешеммен қоштасуым керек.

– Болмайды.

Чюдзаэмон қазының аяғына бас ұрып, анасымен кездестiруiн өтiнiп, кемсеңдеп жылаған соң қазы:

– Анасы осында келсiн, — дептi.

Қарт ана тәлтiректей басып, дар ағашына жақындайды.

– Шеше, емшегiңнен соңғы рет емiзшi.

Кемпiр солған емшегiн баласының аузына тосады. Содан соң жан даусы шыға шыңғырған күйi шалқалап барып құлап түседi. Чюдзаэмон қаны сорғалаған емшектiң ұшын жерге түкiрiп тастайды да, былай дейдi:

– Мен анамның арқасында қылмыскер болдым.

Жиналған жұрт тым-тырыс.

– Уа, халайық, тыңдаңыздар! Мен тыпырлап жүре бастаған бала кезiмде көршi үйдiң гэтасын (ағаштан жасалатын аяқ киiм – Ш.Ж.) шешеме әкелiп бердiм. Менiң қылмыскерлiк жолым содан басталды. Кейiн ауыр қылмыстар жасауға бейiмделдiм. Сонда бiреудiң дүниесiн тонап әкелгенде «шешем ұрсатын шығар» деп ойлайтын­мын. Бiрақ шешем маған «балам, бұның дұрыс емес қой» деп те айтқан емес. Қайта, менiң жасаған әр қылмысымды құптап, дем берiп отырды. Шеше, сен неге мен алғаш ұрлық жасағанда ұрыспадың? Неге қой деп айтпадың? — дедi де, Чюдзаэмон еңкiлдеп қоя бердi.

Демiн iшiне тартып, өңi қашқан кiсiлер Чюдзаэмон мен оның анасына кезек-кезек қарады. Ызғырық жел Чюдзаэмонның ақ кимоносының етегiн желпiп өттi.

Қазы үкiмдi орындауға бұйрық еттi. Қылмыскер өлген соң, оның анасының омырауынан қан тоқтамай жантәсiлiм еттi.

Бiр жыл өтiп, көктем келдi. Сэндага­вара алаңында шөптiң басы қылтиғанда екi басты жылан пайда болыпты дейдi. «Чюдзаэмон мен оның анасының күнә­һар рухтары жыланға айналды» деп жориды жұрт. Екi басты мақұлықты Чюдзаэмон жыланы деп атайтын болыпты. Сол жыланның тұқымы ма екен, Хиросимадағы көк майсалы шалғында екi басты жылан қазiр де қылаң берiп қалады.

Жапон тiлiнен аударған

Шарафат Жылқыбаева

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір