• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 07:34:12
Алматы
+35°

19 Қазан, 2016 Оқиғалар

Нан кудасай!

Ондаған жылдар бойы шет елде өмір сүрген жанның өз ұлтынан алыстай бастайтыны анық. Бірақ, ұлты үнді Джагмохан Чандрани өзге жұртқа сіңіп қана қоймай, туған...

Ондаған жылдар бойы шет елде өмір сүрген жанның өз ұлтынан алыстай бастайтыны анық. Бірақ, ұлты үнді Джагмохан Чандрани өзге жұртқа сіңіп қана қоймай, туған елінің мәдениеті мен тұрмыс салтын сақтап отыр екен.

Чандрани Жапонияда 1972 жылдан бері тұрады. Ол кезде Үндістандағы шай импорты жақсы жолға қойылған болатын. Үнді шайының тасымалдаушысы ретінде Күншығыс еліне бір рет келген Чандрани, осында мәңгілік тұрақтап қалуды ұйғарыпты. «Адамдары кішіпейіл, еңбекқор, қылмыс деген атымен жоқ бұл ел маған өте ұнағандықтан келіншегіммен бірге осында тұрғым келді» деген Чандрани өзінің ата дінін де, тілін де берік сақтаған.

Ниси Кансай өңірінде шай саудасымен айналысатын фирма ашқан үнді азаматының аты бүкіл Күншығыс еліне тарайды. Өйткені, Жапонияда түрлі салада оқу оқып, жұмыс істеп жүргендер Чандранидің маңына топтасады. Ол өзінің жұмыс орнынан жиырма пәтер жабдықтап, қандастарын орналастырған. Бірақ бұл өте аз болғандықтан, Чандрани Жапонияның тұрғын үй агенттігіне үндістерге арнайы үй салуға өтініш жасайды. Оның бұл ұсынысы қазір қаралып жатқан көрінеді. «Күншығыс елінде тұрғын үй табу өте қиын. Және бір қиналатынымыз тағам мәселесі. Үнділердің дені вегетариандар болғандықтан, балық, ет, сорпа дегендерді татып алмайды. Сондықтан жапон мейрамханасында үндіске арналған тағам болмағандықтан, асхана ашуға мәжбүр болдым» дейді ұлтжанды Чандрани.

 Чандранидің асханасы қазір үлкен мейрамханаға айналған. Атын өзінің туған жері Калькуттаның құрметіне «Калькутта мейрамханасы» деп атаған. Жапониядағы үнді мейрамханасындағы бағаның төмендігі және тағамның сапасының құндылығы үнділердің ғана емес жергілікті ұлттың да көңілінен шыққан. Содан  болуы керек, мейрамханаға келушілердің тең жартысы жапондар. Чандрани үндінің ұлтық мейрам-тойларын да жиі-жиі өткізіп тұрады және келушілерден көк тиын да алмайды екен. Бір қызығы үндінің ұлттық тағамдарының ішінде нанның «Нан» деп аталатын түрі бар екен.

 «Жапон бүлдіршіндерінің маған «Нан, кудасай!» ( нан беріңізші) дегені қандай сүйкімді. Сол кезде мен өзімді немерелеріне тәттілер үлестірген ата сезініп кетемін», — дейді Чандрани. Қос халықтың арасын кең жүректілігімен жалғап отырған үнді азаматы жапон тілін жетік меңгерген. «Барша адамды ұлтына, түріне, тіліне қарамастан біріктіріп тұрған бір ұқсастық бар. Әсіресе осынау қиын заманда Шығыс халықтарының арасын байланыстыруға азғантай үлес қоссам, сол менің бақытым», — дейді, үнді азаматы. Чандранидің арқасында оның компаниясы орналасқан Ниси Кансайдағы қалашықтың «Шағын Үндістан» деген екінші аты бар. Үндіс пен жапонның басын қосып отырған Чандранидің ісіне қалай сүйсінбессің?!

Біздің қазекең өз жерінде отырып, шетелдік компаниялардың ырқына көніп, өзге  мемлекетке бара қалса, соның тілінде сөйлеп, тағамын тұтынып, тұрмысына еліктеп кететіні неліктен? Шет елде қырық жыл тұрмақ төрт күнге барсақ, сол елдің салтына бой ұрып кететініміз әлсіздік пе, әлде қазақи  рухты биік ұстай алмауымыздан ба? Үнді аспаз жапон балаларын «нан» деген нанымен сүйсіндіруде. Ал қазақ бүлдіршіндері үшін хот-дог пен бутерброд «ұлттық нанға» айналып барады. Ұлттық мүдде үшін нақты әрі қарапайым мысал осы ғой деймін.

Шарафат Жылқыбаева

жапонтанушы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір