• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 00:56:22
Алматы
+35°

– Есіміңіздің сыры.

Өмірқұл – Сыр өңірінде кең таралған есімдердің бірі. Кезінде Нұртуған жыраудың шәкірті Дәріқұл есімді жыр жампозы өмірден өткен. Ал, Дәріқұлдың әкесінің аты Өмірқұл болатын. Біз болсақ, сол атақты Нұртуғанның үрім-бұтағымыз. Сол себепті шығар атам дүниеге шыр етіп келген маған осы есімді берді. Әрине, бұл жай ғана менің ойым. Нақты қалай болғандығынан бейхабармын. Жалпы, есімім жаман емес сияқты. Мағынасы бар, салмақты дерсің. Өмірқұл дегенді кәдімгі өмірдің құлы емес, осынау өмірді сыйлаған Алланың сүйікті құлы атану деп түсінген дұрыс шығар.

– Өмірге қаншалықты құштарсыз?

Өмірлік құштарлығы ерекше Өмірқұлмын. Біреулер сынға, сынаққа шыдай алмай, қайғыдан қан жұтып, күйзеліске ұшырап, тіпті өз басын қатерге тігіп жатады. Менде ондай жоқ. Мен позитивті ойлайтын, кез келген нәрседен қайыр күтетін адаммын. Өзімді жігерлімін деп айтсам қате болмас. Таңның атысынан күннің батысына дейін тырбаңдап жүргенді ұнатамын. Ең басты қасиеттерім бірі – рухани тұрғыдағы мықтылығым болса, бірі – еңбексүйгіштігім. Осы екі нәрсе мені құр өмір сүріп қана қоймай, өмірден өз еншімді алуға көмектесуде.

– Адамдық қасиетті тілге тиек еттіңіз. Менің байқауымша, мінезді адам сияқтысыз.

Сахнада басқаша, сахнадан тыс өзгеше кейіпте болатын әнші қатарынан емеспін. Маған екіжүзділік деген жат нәрсе. Жасыратыны жоқ, өзіндік ойым, ұстанымым, ережем бар. Егер сіз оны «мінезділікке» баласаңыз, мен демек мінезді кісімін (күлді). Мен және менің тыңдаушым деген екі арада сыйластық бар. Сәлем беріп, хал сұрасып, лебізін білдіріп жатады жұрт. Менен қолтаңба сұрап, әңгіме-дүкен құрайтын тыңдарман менің мінезімді жете біледі: даурықпайды, даңғара шу көтермейді.

– Өзіңіз салмақты болғандықтан өзгенің салмақты болғанын ұнататындығыңызды түсіндім. Сіз қабылдай алмайтын, түсіністік таныта алмайтын жайт бар ма?

Өтірік айтатындарды, әсерілеп сөйлейтіндерді су қаным сүймейді. Тура сөйлеп, шындықты бетке айтудан қаймықпайтындарды сыйлаймын. Қазақ «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деп бекер айтпаған. Одан бөлек өтірік деген мен үшін лас нәрсе. Оны аузынан шығарған адам өзінің организмін улағандай болады. Дос-жарандарға да қойылатын басты талап – қосып сөйлемеу, шыншыл болу. Бұл тұрғыда мені сөзсіз түсінетін, құдайға шүкір, Есенгелді, Саят, Ернат есімді cырлас, сыйлас достарым бар.

– Ақын үшін жыр жазу өмірді параққа түсірумен тең, суретші үшін суреті – көз көрсе де көңіл бөлмейтін тұстарды көрсету мүмкіндігі. Сіз болсаңыз күміс көмей әншісіз. Әнді орындағанда тұла бойыңызды қандай сезім билейді?

Мен өмірге ән салу үшін келгендеймін. Басқа еш нәрсеге деген алып бара жатқан қызығушылығым жоқ. Бар ойым, ниетім, арманым сахнамен ғана байланысты. Сондықтан әнді орындау деген мен үшін тыныс алу, өмір сүрумен пара-пар. Онсыз мен «мен» емеспін. Назарын маған аударып, әніме құлақ түрген кез келген жан мені бар болмысыммен көре алады. Мен өз кезегімде оларға рухани демалыс сыйлауды мақсат тұтамын. Кейде өзіме «Өмірқұл, сен өмірдің емес, өнердің құлысың» деймін (күліп). Бірақ мен ел аузында жүру үшін өзімнің табиғатыма келіңкіремейтін әндерді айтудан аулақпын. Маған ондай танымалдылық керек емес. Өз тыңдармандарым болса, соған тәуба дедім. Осы орайда бастан өткен бір қызық оқиғаны айтып берейін. Әнді орындап жатқан кезімді көрген бір орыс ұлтының өкілі (теледидардан көріп қалды ма, концерттен бе, білмедім) маған: «Билемейсіз, арнайы концерттік-шоу жасамайсыз, дегенмен көпшілікке бет-бейнеңізбен, жүріс-тұрысыңызбен әннің мазмұнын, тереңдігін дөп жеткізесіз. Бұл қалай?» деп таңырқай сұрақ қойған еді. Сұрақтың жаны бар, оның жауабы – орындауға таңдап алған әндерімнің табиғатыма, топырағыма жақын дүниелер екендігі.  Қасым айтпақша «өзге емес, өзім айтамын өз жайымда». Өйткені өзің жайлы өзіңнен артық кім біледі?!

– Әншілерді қоғам, әсіресе зиялы қауым сауатсыздарға балайды. Экранда жүргізуші болып жүрген әншілер журналистердің сынына ұшырауда. Әншілер болса, кәсіби журналистерде актерлік шеберлік, экран алдындағы ойын жетіспейді деп қарсы жауап қайтарған болатын. Осы даулы мәселе жайлы сіз не дейсіз?

Бізді көп сынайды. Мінезі жеңілдеу халық дейді. Сондай ой-пікірлерді естігенде көңілім жабырқайтыны рас. Сол сыншылардың алдына барып,  дәстүрлі өнердің концертіне келіңіз деп шақырсаң, келмейді. Айтпағым түсінікті болар... Жақында ғана қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова Қайрат Нұртасты әнші емес деп сұхбат беріпті. Меніңше, олай айтуға болмайды. Қайраттың даусы бар. Ән айтып жүргендердің барлығы Лучано Павароттидай болуы міндетті емес. Қазақ эстрадасында жүргендердің жасай алмағанын Қайрат жасады. Оның істеп жүргені оңай шаруа емес. Біздікілер ойды сараламай, көп сөйлеуге әуес. Әншілер ішінде де бір-бірін жамандайтыны бар. Көреалмаушылықтың, пендешіліктің кері ғой.

–Сізді көк жәшіктен көп көре бермейміз. Реалити-шоу, ток-шоулардың жиі қонағы емессіз.

Иә. Себебі мен жай әнші емеспін, дәстүрлі әндерді насихаттап жүрген өнер иесімін. Соның себебінен көрінген жерде жүре алмаймын. Менің алған бет алысым өзгешелеу. 

Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты болу қалай өзі?

Атақтан ешқандай пайда жоқ. Сөзіме сеніңіз. Концертке шығар кезде халықтың зор қошеметіне бөліну үшін ғана қажет-ау. Былайша айтқанда атақ тек овация туғызады.

– Жеке өміріңіз жайлы бірер ауыз сөз.

Әйелім Фарида екеуміз 15 жастан таныспыз. Биыл отау құрғанымызға 17 жыл. Нұртуған есімді ұлым бар.

–Бәріне қалай үлгересіз? Қашан, қалай демаласыз? Сұрасам, айып етпессіз, шын айтыңызшы, ұйқыңыз қана ма?

Адамның еті үйреніп кетеді екен. Мысалы мен алдыңғы күні түнде Талдықорғанға ат басын бұрдым. Кеше кешкісін Алматыға қарай жол тарттым, түнде бірақ қалаға жеттім. Кейін күні бойы темір тұлпарымды жөндеумен айналыстым. Жұбайым шаршамайтындығыма таң қалады (күледі). Менде қатып қалған графика жоқ. Үйде бір-екі сағат көз шырымын аламын, ұшақта қалғып ұйықтаймын, сөйтіп жүріп ұйқы қандырамын.

–Денсаулық сыр беріп жатқан жоқ па? Ұйқы қанбағандықтан организм әлсірейді емес пе?

Әлбетте. Әзірге сыр беріп жатқан жоқ. Бірақ бір күні сөзсіз шығады.

– Қолыңыз қалт еткенде немен шұғылданғанды ұнатасыз? Бәлкім, біз білмейтін хоббиіңіз бар шығар?

Ондай ештеңем жоқ ән айтқаннан басқа (күлді). Бір айта кетерлігі, бала күннен балықты ерекше жақсы көремін. Үйлі-жайлы болғаннан кейін балық асырай бастадым. Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева, Майра Ілиясова, Нағима Есқалиева есімді төрт балығым бар (еріксіз жымидым).

Жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.

Кеңсе, студия, орталықтан тұратын "Өмір" атты жеке өнер орталығым бар. Таланттарды жастарды іздеп тауып, жұлдызын жағу - жоспарым.

Өзіңізден жақсы жаңалық күтеміз. Ойларыңыз іске ассын деп тілейміз. Өнер орталығына байланысты сұрағым бар. Шәкірт атанғысы келгендер сіздермен байланысқа қалай шыға алады?

Орталыққа келсін. Бірақі, өкінішке орай, өте көп адамды тарта алмаймыз. Біздікі өнер мектебі емес, жеке өнер орталығы ғана.

Сұхбаттасқан: Жазира Байдалы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір