• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:55:25
Алматы
+35°

«Қамшы» порталы  бүгін қазақтың дәстүрлі әндерін дәріптеп, Алтай әндері мен Жетісу әуендерін екі ел арасында насихаттап, қытай қазақтары мен осы жақтың әндерін таратуда дәнекер болып  жүрген ерлі-зайыпты әншілер Ырғынбек Меденұлы және Бақытнұр Қызырбайқызымен сұхбаттасып, жақында шыққан  Жұмабек Әлімханұлының «Көршілер» әнін алғашқылардың бірі болып тыңдау бақытына ие болды және жаңа әуенді қалың оқырманға ұсынбақ.  

—  Ырғынбек, Бақытнұр өздеріңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіздер?

—  Ырғынбек: Мен арғы беттегі, Алтай аймағы, Көктоғай ауылында, Ертістің бойында туып өскенмін. Сол жақта мектепті бітіріп, Алматыға 2003 жылы келіп, Т.Жүргенов атындағы  Өнер Академиясына 2004 жылы түсіп, сол жердің «Эстрада және театр өнері» деген мамандығын тәмамдадық. Жұбайым екеуміз осы жақта таныстық.

Бақытнұр: Мен Алтай қаласы, Балбағай ауылында дүниеге келгенмін. Бұрынғы Сарысүмбе деп аталады. Әкем дәрігер, анам үйде іс тігіп, бізді өнерге баулыған жан. Мектепті сол жақта аяқтап, арман қуып Алматыға 2004 жылы күз айында келдім. Оқуға тапсыруға уақыт өтіп кеткеннен кейін, Қазақ Мемлекеттік Қыздар атындағы Педагогикалық Университетіне  оқуға түстім. 2005 жылдың көктемінде «Ана тілі - Аруы» байқауына қатысып, сол жерде бас жүлдені иелендім. Қазақстанға келгенде алғаш қатысқан байқауым сол болып, республиканың алтын тәжін киіп, ҚызПУ грантын ұтып алдым.  Сол жерде оқып жүріп, 2007 жылдары Уинверситеттің атынан студент жастарға арналған театр құрылып, мен бір қойылымда Қыз Жібек рөлін сомдадым.  Біздің оқу орнында жігіт жоқ, сонымен бізге жігіт керек болып, Ырғынды шақыртып, мен Қыз Жібекті, ол Төлегенді ойнады. Кейіннен ол қойылымымызды «Хабар» арнасынан « Мәдениет» деген бағдарламадан көрсетіп, елдің ықыласына бөлендік. Осылай екеуміз  Университет бітіретін соңғы 2009 жылда отбасын құрып, дуэт болып ән айтып, өз еңбектерімізді шығарып жүрміз.

—  Бақытнұр: Ырғын кей әндерінің сөзін де, әнін де өзі жазады. Алтай әндерін елге жеткізу мақсатында сол жақтың әндерін орындаймыз. Өзімнің жазған бірнеше әндерім бар.

 —  Ырғынбек: Мен негізі бұрын өлең жазатынмын.  «Болмасаң да ұсқап бақ» дейді ғой Абай атамыз, солай өлең жазып еліктеп өсітк қой.

— Негізі қай жанрдағы әндерді айтасыздар?

—  Ырғынбек: Бала күнімізде домбырамен  ән айтып бастадық қой. Таныстығымызда сахнада басталған, үлкен сахналарда бірге шықтық. Заман талабына сай эстрадалық әндерді де орындаймыз. Халықтық стильдегі әндеріміз де бар.  Бақытнұрдың «Ауылға кетіп барамын» деген әнін Алтынбек Қоразбаев  бір кеште тыңдап, халық әнін айттыңдар ғой деп қызығушылығын білдірген. Біз оның халық әні емес, Бақытнұрдың өз әні екенін айттық. Халық та бұл әнді өте жылы қабылдап, сол ән арқылы танылдық.

 — Қазір қайда қызмет етіп жүрсіздер?

Ырғынбек:Қазір екеумізде Қазақ Мемлекеттік Қыздар атындағы Педагогикалық Университетте қызмет етеміз.  Ол жердегі кештер мен концерттерді бірге ұйымдастырып, қатысып, әнімізді айтып, іс-шараларға барынша ат салысамыз.

—  Репертуарларыңызда неше ән бар?

Бақытнұр: Өңделіп, көңілге қонарлығын қосқанда онға жуық ән бар. Одан бөлек дәстүрлі әндерімізде бар.  Біз  бала күнімізден Алтайдың әндерін естіп өстік. Бізде Арқаның әні, Батыстың әні деп бөлінбейді.  Кімнен қай әнді жаттап аламыз, соны естіп, айтып жүретінбіз.  Өз еліміз деп келген соң, осында тұрып қалуға тырыстық. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп болашақ үшін осы елге келгенбіз.   Жыл сайын дүркіретіп көп ән жазып кетпесек те, сөзіне, мағынасына қатты мән береміз. Ойлы, салмақты ән болса ғана ел-жұртқа таныстырып, ол жақтың композиторларының әндерін де осы жаққа жеткізіп дәнекер болып жүрміз.

— Арғы бет деп айтып жатырмыз, қытайдағы қандай бауырлардың әні мен әуенінен біз өзге бір ерекшелікті байқап жатамыз. Қытай қазақтарының әндерін естісек, ол жақтың әні екені білініп, байқалып тұрады. Сіздерде осы жақтың әндерінен  сосындай ерекшелікті байқайсыздар ма?

—  Ырғынбек: Біз Іле-Тарбағатай Алтай дейді ғой, ол жақтың табиғаты көркем, асқақ әндер шырқалатын қазақтың, түбі түріктің ана жұрты. Ол жерде кең диапазонды кең шырқалатын әндер бар болса, бұл жақта түрлі мектеп бар. Батыс, Арқа, Сыр өңірі, ал біздің әндер Жетісу әндеріне ұсқас. Барлығы қазақтың әні, қазақтың өнері.

 — Бақытнұр: Біздегі кейінгі туған  әндердің өзінде бір сарын бар,  сағыныш бар. Оны кейбіреулер байқамауы да мүмкін. Ол жақтағы әндерде елге деген сағыныш сарыны тұрады.  Неғұрлым көңілділік, салихалылыққа баса мән береді. Қытай қазақтарының әндерінде қимастық, әттегендік –ай бар, бабамыздан келе жатқан сағыныш бар сықылды. Ол да болсын атамекеннен алыс жүргендіктен болар. Мұндағы әншілер мен композиторлардың шығармаларында ойнақылық, еркіндік бар. Өз елінде, өз жерінде туып-өскендіктен де болар. Сағыныш әндерінің өзі көңілді, Университетке келгенде байқадық, алғаш естігенде көңіліміз желпініп, ата-жұртқа келгенімізді сезіндік. Мұндағы балалардың өзінде ой еркіндігі бар.

  

   Сағыныш деп жатырсыздар, бәлкім сіздер қытайдан бері келмесеңіздер осындай сағынышты әндер тумайтын ба еді?

 — Бақытнұр: Иә, менде өзі солай болды. 2005 жылы «Ана тілі Аруын» жеңіп алғаннан кейін жүрегім алқынып, елге барып қуанышымды жеткізгім келіп, өзіме ерекше бір қуаныш сыйлады. Сол конкурсқа өзім қытайдағы қазақтардың қолынан бір іс келетінін дәлелдеп, олардың да өнері бар екенін көрсету мақсатында қатысқанмын.  Ар жақтағы ел-жұрт менің артымнан қарап  «сен арқылы біздің бейнеміз көрінеді» деп айтып тұрғандай болды. Жеңісті қанжығама байлаған соң ауылға барғым келді, бірақ мұндағы кісілер «жеңіске жетіп жатсың, грантқа да түстің, енді ауылыңды сағынбайтын шығарсың» дегенде соларға жауап ретінде «Ауылға кетіп барамын» деген әнді шығарғам. Айналасы бір сағатқа жетпей бөлмемнің есігін кілттеп алып, терезенің алдында отырып жаздым. Әннің әуені бұрыннан құлағымда  бала күннен жүргендей болып, ел –жұрт, көшіп бара жатқан көш елестеп, көрнісін елестете отырып, сөзі мен әні бірдей түсіп жатты. Ал енді әнді жазып болып, кіммен бөлісерімді білмей, сол жақтан келген дос қыздарымды шақырып алып, бір-екі рет айтып бердім. Олар бәрі хор ғып айтқандай қосыла жаттап, бәріміз ата-анамызды, ауылымызды сағынып жылап сондай бір қызық күй кешкенбіз.

  Кейбір тапсырыспен ән жазатындарға таң қаламын. Ән деген жүректен шығуы керек қой. Нотаны нотаға жалғап, бір әнді кері оқып ән жазғандар да болыпты ғой. Бір ән жазсаң да, жүрекпен жазған жөн деп білемін.    

— Демеушілеріңіз бар ма?

—  Ырғынбек: Рухани демеу беретін достарымыз бар, ал қаржылай демеуші әзірше жоқ. Бар тапқанымызды осы өнерге салып жүрміз.

— Бұл жақтың жұртшылығы әндеріңізді қалай қабылдап жатыр?

—  Ырғынбек: Құдайға шүкір, жылы қабылдауда. Барған жерімізде Алтайдың әндерін айтсаңыздар деп қолқа салып жатады.  Әнімізді айтып жатсақ бірден біздің арғы беттен екенімізді байқап қояды. Әуені басқа, сөзі басқаша екен дейді.

   

— Қазіргі қазақ эстрадасына көңілдеріңіз тола ма?

Ырғынбек: Бір биеден ала да, құла да туады ғой. Бәріне дей алмаймыз, жақсысы да, жаманы да бар. Кейбір есті әндерді тыңдаймыз,  жеңіл-желпісін тыңдамауға тырысамыз.

Кімдерді үлгі тұтып, еліктейсіздер?

Бақытнұр: Роза Бағланова, Майра Ілиясова, Мақпал Жүнісова, Жанар Айжановаларға еліктеп, сол кісілердің әнін тыңдап өстік. Еліктеу демекші, осы жаққа келер кезде Күйтүң деген қала болған, сол жерде Сағи Қайратұлы деген ұстазымыз болды. Сол кісі Жанар Айжановаға, Майра Ілиясоваға ұқсағым келеді десем «Жоқ қызым, сенің өз жолың болуы керек. Олардан үлгі ал, бірақ өзіндің жолыңды сал» дейтін. Сондықтан барынша өз ерекшелігімізді сақтауға тырысамыз. Қазір Дәнеш Рақышевтің шәкірті Нұржан Жанпейісов деген ағамыз бар, сол кісіден сабақ алып, Аллаға шүкір Жетісудың әндерін домбырада орындап, бала күннен қалаған әншілігіме жұмыс жасап жатқан жайым бар.

 — Екеуіңізде өнер адамысыздар. Ән таңдауда  келіспеушіліктер болып қалмай ма?

 Ырғынбек: Әрине, бір ән туралы келіспей қалып жатсақ, ол ән кейін жарыққа шыққан соң бәрі де ұмытылып кетеді.

—  Кештерге, концерттерге қатысып тұрасыздар ма?

Ырғынбек: Бізді сырттан келген қандастарымыз деп құшақ басты ғой.  Тарихи іс-шаралар, қытайдан келген ақындар мен танымал адамдарға арналған кештерден бізді қалдырмайды. Университетте мерекелік іс-шаралардың басы-қасында жүреміз. Той-томалақтарға шақырады.

 —Жоспарларыңызда қытайдағы қандастарымызға барып концерт беру бар ма?

Ырғынбек: Иә, ол ойда жүрген нәрсе. Арман адамға қанат бітіреді ғой,  біз үшін бұл  үлкен бір мақсат.  Оған үлкен дайындық керек. Алла қаласа, алдағы уақытта ол арманымызда болып қалар.  

— Өнерлеріңіз өрге жүзсін! Әңгімелеріңізге алғыс білдіреміз! 

 

 

 Сұхбаттасқан: Айжан Қалиева  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір